Вашингтондағы Freedom House мемлекеттік емес ұйымының зерттеуіне қарағанда Қазақстан БАҚ тәуелсіздігі жоқ халықтар қатарына кіреді екен. Рейтинг бойынша біздің ел 175 -орында тұрған көрінеді. Зерттеуге барлығы 197 мемлекет қатысқанын ескерсек, еліміздегі ақпарат құралдарының халі мүшкіл екенін мойындамасқа лажың қалмайды. Ал еліміздегі «ПолиТон» тәуелсіз ақпарат агенттігінің көрсеткішіне сүйенсек, біздегі «Начнем с понедельника», «СолДат», «XXI век» газеттері билікті сынауға құштар басылымдар деп танылыпты. Ал «31 арна» мен «Азаттық» радиосы және «Панорама», «Деловая неделя», «Время ПО», «Время», «АиФ Казахстан» газеттері бейтарап ұстаныммен хабар таратады екен. Осылардан өзге БАҚ-тың барлығы дерлік биліктің сөзін сөйлейтін болып шығыпты. Еліміздегі БАҚ-тың ахуалын байқау үшін осы екі орталықтың ұсынған деректері де жеткілікті. Десек те, өзімізді мазалаған сауалдарымызды БАҚ өкілдеріне тағы да жолдап көрген едік.
– Бүгінгі қазақ БАҚ-ының таралу ауқымы мен сапасы көңіліңізден шыға ма? Қазақ БАҚ-ның әлемге танымалдығы қандай?
Рахат Мамырбек,
«Азаттық» радиосының редакторы:
– Бүгінгі қазақ тілді, қазақ тілді ғана емес, қазақстандық БАҚ туралы көбін біріктіріп, жалпылама айтуға болатын шығар. Өйткені, отырған кеңістігі, бұрынғы советтік «манипулятор» ролі өзгермеді. Қай-қайсысын алсаңыз да, әлдекімнің: жеке адамның, я мемлекеттің, жоқ дегенде журналистің оқырманкөрермен санасына бір пікірді «жоғарыдан төмен құйып» жатқанын байқаймын. Қазақстанда «аудиториясын» өзімен тең көретін БАҚ жоқ. Бейтараптық жетпей жатады, барды бардай, оқиғаны пікір қоспай, нақты суреттеу жоқ деуге болады. Қазақстандағы журналист «саясаткерге», үкімет өкіліне немесе оған қарсы белсендіге, «халықшыл тұлғаға» айналып кетіп жатады. Көбінше жағдайды өзінің шағын немесе қисық айнасымен көрсетеді, құрылтайшы «тапсырмасы» тағы бар. Ал қазақ тілді БАҚ-та тіл безеу көп, ақпараттық сюжетті квазиәдеби («қаз қайтқан қарашада қазақ үкіметінің қарқыны еселене түсті») деген сияқты сөйлемдермен жасауға болмайтынын елемейді. (Өзім де осы жолдан өттім).
Қанат Тілеухан,
тәуелсіз журналист:
– Бүгінгі қазақ БАҚ-ының өрісі мен өресі көңілімнен шықпайды. Ұлттық БАҚ-ты өрісті ететін өресі биік журналистер жоқ емес. Алайда, көп жағдайда біздің қоғамда ондай кәсіби мамандардың потенциалы пайдаланылмайды. Мысалы, қазақ телевидениясының тарихында «Анық Абай» арқылы қалып отырған Қасым Аманжолды қазір кім іздеп жүр? Мен өз басым, Республикалық эфирден «Қасым» деген бағдарлама көргім келеді. Тележүргізушіден елді сөзіне ұйытатын тұлғаға айналған азаматты қадірлей алдық па? Кеше кішкентай ғана қалалық телеарна «Алматы» қандай еді? «Тіл сақшысы», «Пікірлер пирамидасы» шыққанда ұлттық, республикалық арналардың алдын орап кетпеді ме? Қызылағаш қасіретін қалай айтты? Алайда, Серік Әбікенұлындай мемлекетшіл азамат кеткесін құлдырап кетті. Сондай-ақ, қазіргі билік жуас БАҚ-ты көруге мүдделі. Сол үшін барлық қарекетке барады. Барлық телеарна мен газеттер тек нұрланған Қазақстан жайлы айтудан жарысады. Ал, тәуелсіз БАҚ құрып бара жатқан Қазақстан жайлы айтады. Көрермен мен оқушыда таңдау жоқ. Қазір біздегі БАҚ-тың саны 2000 мыңнан асып жығылады. Алайда, соның ішінде халық ішінде аса танымал басылым бар ма? Әрине, жоқ деуге келмес. Әйтсе де, жұрт сүйіп жүріп оқитын, миллиондаған қазақтың махаббатына бөленген не телеарна не газет жоқ. Сондықтан отандық БАҚ-тың әлемдегі танымалдығы жайлы сөз қозғау артықтау.
– Бізде өзге елдер санасатын ықпалды ақпарат агенттіктері неге жоқ? Қашан болады?
Рахат Мамырбек:
– Меніңше, өзге елдер санасатын ақпарат агенттігінің бізге қажеті жоқ. Бізге халыққа қызмет ететін БАҚ керек. Өзім көрген дүниені айтайын: чех арналары су тасқыны болған кезде үш күн қатарынан тек осы оқиғаны көрсетті. Қазақстандағыдай «Астана көшелерін су басып қалды» деп, су кешіп жүрген көліктерді көрсетіп, бір жарым минуттық сюжетпен шектелген жоқ. Карта, графика, инфограмма сияқты дүниелердің бәрін пайдалана отырып, қай аумақта қауіп қандай, қай жол ашық, қайсысы жабылған, сел жағдайында қандай қауіпсіздік шараларын жасау керек, т.б. көптеген пайдалы ақпараттарды үзбей, сел басылғанша беріп тұрды. Басқа бағдарламаларын эфирден алып тастады. Бұл жерде БАҚ көрерменге қызмет көрсетіп тұр. Егер Еуропа телеарнасы халықтың санасына әсер етуге талпынып жатса, жұрт оны бірден байқайды деп ойлаймын. Батыста көп адам миын біреудің «шұқылауына» жол бермейді.
Қанат Тілеухан:
– Өйткені, бізде БАҚ тек сөз жүзінде ғана төртінші билік. Ал, шындығында үкіметтің бір ведомствосына айналып кеткен. Қашан болады? Әр адам шынайы әрі жан-жақты ақпарат алуға шын ынталы болғанда. Соны талап еткенде. Журналистиканың қоғамдық бір институт екенін түсініп, оның қол-аяғын шандып байламағанда. Дамуына барынша жағдай жасағанда.
– Біз неге әлемдегі түрлі оқиғалармен өзге елдің ақпарат көздері арқылы, әсіресе, ресейлік БАҚ арқылы танысамыз. Олардың әр нәрсеге өзіндік ұстаныммен баға беретінін ескерсек, бұл қазақ үшін қаншалықты зиян?
Рахат Мамырбек:
– Шынында да Ресей ақпарат құралдарының көбі ақпаратты ресейлік көзқараспен береді. Қазір ресейлік бірде-бір телеарнаны көрмеймін, ресейлік газет-журнал оқымаймын. Өзіңнің «әсер ету объектісі» екеніңді, «төбеңнен» біреулердің сәл де болса манипуляция жасап отырғанын сезесің. Орыс тілді адамдар, әсіресе, ресейліктердің көбі оған үйреніп кеткен деп ойлаймын. Бірақ Қазақстандағы ақпарат кеңістігі адамды ақымақ санау жағынан (дөрекілеу айтқаныма кешірім өтінемін) ресейлік ақпарат құралдарынан қалысып отырған жоқ. Әрине, бұдан адам бойында қорлану сезімі туады. Өзіңді манипуляция құрбаны сезінесің. Ал көпшілікке шынайы ақпарат ала алмаудың өзі – үлкен зиян.
Қанат Тілеухан:
– Оған өзіміз кінәліміз. Ресейдің телеарналары, радиостанциялары мен газеттерін тайраңдатып қойдық. Қайбір жылы Президент ақпараттық қауіпсіздік жөнінде айтқан. Алайда, ол сөз айтылған жерде қалды. Зияны шаш-етектен. Қазақ әлемде болып жатқан саяси ситуацияларға орыс көзімен қарауы, әрине, қорқынышты. Орыс экспансиясы әлі де жүріп жатыр. Оған біз мән бермейміз. Қайрат Нұртастың әнін тыңдап, «Айтуға оңайды» көреміз. Түрік, кәріс, орыс сериалындағы оқиғаларға бас қатырамыз. Біз, журналистер де өз ісімізге жауапсызбыз. Тіл үйренуге, ізденуге келгенде жалқаумыз. Сол орыс тіліндегі ақпаратты аударып отырамыз. Журналистика емес, аудармашы қызметін көнбіс мінезбен атқарып жүргенде сіз қойған салмақты сұрақтарға жауап қайдан болсын.
– Әлемде ақпараттық соғыс жүріп жатқанын біле тұра, есік-тереземізді ашып тастап, еркін жатқанымыздың салдары қандай болмақ?
Рахат Мамырбек:
– Жабық елге айналудан Құдай сақтасын. Тек кабельді және интернет желісімен келетін түрлі «TV» операторлары Ресей телеарналарын мәжбүрлі түрде қаптата қосып қоятыны жаман. Әр адам өзінің «пакетін» жасап алатындай мүмкіндік болса деймін.
Жоғарыдағы сұрақтар төңірегінде көп дүние айта беруге болады. Бір оймен аяқтайын: Қазақстанда болған оқиғаны сол қалпы көрерменге жеткізуге тырысатын қоғамдық телеарна ашылса. Ақпараттық кеңістіктегі жағдай қазірдің өзінде – ұят, бірақ ХХІ ғасырда қазақстандықтар тым құрығанда, басқару кеңесіне азаматтық белсенділер де кіретін қоғамдық телеарна көрсе деймін. Әрбір салық төлеуші оған лайық.
Жоғарыда айтылған кемшіліктердің барлығына журналистер кінәлі емес. Осы ақпараттық режимді жасаған биліктің үлесі көптеу.
Қанат Тілеухан:
– Ол жайлы айтқым келмейді. Оны ойласам жүрегім сыздап кетеді.
Дайындаған Айнара Ашан.



