ШЫҢҒЫС ХАН ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ
Мұхтар МАҒАУИН
Үшінші кітап
ТЫНЫМСЫЗ МАЙДАН
Бірінші бөлім
ШАПҚЫН
I тарау
ҰЛЫ ХОРЕЗМ
ХІІ ғасырдың екінші он жылдығында әбден кемеліне келген Хорезм империясы Орталық-Батыс Азиядағы ұлан-байтақ алқап – бүгінгі Иран мен Ауғанстан жерін түгелге жуық және Түркстан шегін тұтасымен қамтып жатқан еді. Мұсылман әлеміндегі алпауыт, әрі ең қуатты мемлекет болды. Ғасырлар бойғы, беріден санағанда мың жарым жылдық даму үрдісі мен ұтымды жағырапиялық орын және соңғы замандағы сәтті тарихи жағдай, ең бастысы – ел билеуші әулеттің ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан табанды күресі мен ұтымды саясатының нәтижесі.
Ордалы ұйытқы
Шығыстанушы ұлы ғалым Бартольдтың айтқаны бар: «Орта Азия орыс халқы христиан дінін қабылдардан әлдеқайда бұрын-ақ мәдени дамудың жоғарғы деңгейіне жеткен болатын», – деген. Бұл лепес ең алдымен – Ежелгі Хорезм өлкесіне қатысты.
Атаулы аймақ – Әму-дарияның (бұрнада, Батыс деректерінде – Окс, Шығыс деректерінде – Жейхұн) төменгі ағысында орналасқан. Ұйықты атырау. Топырағы құнарлы, суы мол, күні шуақты. Оң қанаты, солтүстік-шығыс – Қызыл-құм, сол қанат, оңтүстік-батыс – Қара-құм, терістігі Арал теңізіне тіреледі, терістік-батыс қаптал – Үстірт қыраты, ал дарияның бастауына қараған түстік-шығыс шекарасы – қазіргі Дарғаната, Гүгүртлі шамасында. Бүгінгі Қарақалпақ автономиясы және Түркменстанның біраз жері. Советтік отарлау заманындағы «табиғатты бағындыру» және жер-суды парықсыз қанау, жаппай ысырап нәтижесінде ұлы дариясы сарқылып, шалқыған теңізі тартылып, жергілікті тұрғындар үшін әдепкі тіршілік кешудің өзі мехнатқа айналған, суы – зәр, топырағы – қуаң, аспаны шаңыт, көгі де, көлі де жоқ, әлемдегі ең бір азып-тозған аймақ. Күні кеше ғана жер жаннаты болған. Ал бұдан мың, екі мың жыл бұрын, одан да арғы замандарда… адамзат алғаш жаратылмаса да, ежелгі қоныс, әлемдегі ұжмақ мекендердің бірі.
Өзгеше табиғаты және соған сай дарынды, еңбекшіл халқының арқасында Хорезм өлкесінде миләдиге дейінгі дәуірдің өзінде айтулы мәдениет, отырықшы, өзгеше өмір қалыптасады. Ұлы дариядан үлкенді-кішілі тоған тартқан ұтымды ирригация, соған орай әрқилы дақыл еккен мол өнімді диқаншылық айрықша дамиды. Тұрпат-бітімі күрделі, қорғанды қалалар салынады. Алыс-жақын төңірекпен аралас, сауда ісі жолға қойылады. Құл иеленуші, өзіндік құрылым орнығады.
Парсы Дарий шахиншахтың заманында (миләдиге дейінгі 522–486 жж.) Хорезм өлкесі Ахеменид патшалығының боданы болады. Осы ретпен, әйгілі Ксеркстің тұсында (м.д. 486–465) қалың әскер құрамында Грек–Парсы соғыстарына қатынасыпты. Ал Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский – м.д. 336–323) кезінде тәуелсіз, дербес ұлыс екен. Қашан және қандай жағдайда еркіндікке жеткені беймәлім. Әму-дарияның түстік тарабындағы Бактрия жихангердің ғұзырын мойындаған соң, Хорезм патшасы Фарасман Александрмен көріске барған екен (м.д. 328). Соңында 1500 жарақты, атты жасауылы болыпты. Бағыныш білдіру емес, танысу, елшілік сапар. Нәтижесінде екі арада бейбіт қатынас орнайды.
Бұл, миләдиге дейінгі және оған жалғас көне дәуірлер куәгері – біздің заманға тау болып үйілген қорым, аңсағай, аумақты, биік, әрі тағанды қабырғалар ретінде ғана жеткен қадым шаһарлар сілемі ХХ ғасырдағы қазба жұмыстар нәтижесінде бітім-болмысы айқындалған, кейінгі атауымен айтқанда, Жанбас-қала, Топырақ-қала, Аяз-қала, Аңқа-қала, Қой-Қырылған-қала және басқа да ежелгі мекендер орны – өз кезіндегі тұрлаулы, жоғары дәрежелі мәдениет пен елдік нұсқаның нақты, айғақты көрінісі болып табылады. Бұл заманда Хорезм әлменді, тәуелсіз мемлекет ретінде ғұмыр кешкен.
Миләди алғашқы ғасырларда Хорезм Құшан империясының, бұдан соң біршама заман Қаңғар (Қаңғүй, Қаңлы) ұлысының бодандығына түседі, алайда ел билігі жергілікті, тума әмірлер қолынан шықпаса керек. Жалғас дәуір – Ұлы Түрік қағанаты тұсында да осы жағдай – жартылай дербестік сақталып тұрады. Ал 304 жылы хорезмшах Африг жаңа бір әулеттің негізін салады. Осы тұқымнан таралып, ұзақ заман – 304–995 жылдар аралығында өкім құрған жиырма бір патшаның есім-жөндері сақталыпты. Бұл кезеңде жер өңдеген суармалы егіншілік одан әрмен көтеріледі, қала құрылысы өркендейді, көркемөнер, қолөнері дамиды. Алыс-жақын жұрттармен сауда қатынасы өрістейді, көшпенді далалық тайпалар, оның ішінде Сыр бойын жайлаған Қаңғар ұлысымен аралас, алыс-беріс – тұрақты жағдайға айналыпты.
VІІ–VІІІ ғасырлар шегінде тек Хорезм ғана емес, бүкіл Орта Азия тарихындағы жаңа кезең басталады. Ислам діні рухани қуат берген, күшіне серпім қосылып, тақау төңірегімен қоса тұтасып ұйысқан жауынгер араб жұртының алғашқы легі Хорасан мен Соғдыға келіп жеткен еді. Алғашқы барлау, келте жорықтардан соң, 712 жылы халифаттың осы өңірдегі бас қолбасшысы Құтейба ибн Мүслім бүкіл Хорезмді бағынышқа түсіреді. Әлбетте, қан төгілді, қалалар қирады, «мәжусилік сарқыны» есепті ежелгі мұралар жойылды, алайда көп ұзамай-ақ бүкіл Жейхұн бойы мұсылманшылыққа біржола бет бұрғанын көреміз. Көп ұзамай-ақ Хорезм ислам әлеміндегі, барлық жағынан бірдей дамыған өлкеге айналады. Өзінше шектеулі дербестігі бар ұйықты уәлаят ежелгі Афригид әулетінің билігінен шықпайды. Ел астанасы – дарияның оң қабағындағы Кят қаласы (кейінде Шаббаз, бүгінде Беруни) әкімшілік және рухани, мәдени орталыққа айналыпты. Сонымен қатар, керуен жолдарының айырығы, терістік тарапта тұрған Гургандж (арабта – Джурджания, түрікте Үргеніш) қаласының мән-маңызы да күн озған сайын арта түседі.
Тәрізі, ІХ–Х ғасырлар тоғысында Хорезмдегі екі үлкен орталық – дербес екі иеліктің ұйытқысына айналады. Әлбетте, араб-мұсылман өкімі және байырғы, тума әулеттің билігін тежеу, жерін қусыру нәтижесі. Ежелден біртұтас, шаруашылығы үйлес, әрі қоныс-өрісі шектеулі, халқы ортақ Хорезм мұндай екідай жағдайда қалмауға тиіс еді. Ақыры, 995 жылы Гургандж әмірі Мамұн ибн Мұхаммед (992–997) Кят шаһарын басып алып, елдің екі бөлігін біріктіреді және Афригид әулетін биліктен тайдырып, өзі жергілікті, дәстүрлі шах лауазымын иеленіпті. Осы кезеңнен бастап, Ежелгі Хорезмде қалыптасқан хорезмшах мәртебесі ел билеушілердің тұрақты атағы ретінде біржола бекиді.
Келесі хорезмшахтар Мамұн ұлдары Абу-л-Хасан Әли (997–1009) мен Әбу-л-Аббас (1009–1017) тұсында Хорезм мұсылман әлемінің құрамды бөлшегіне айналады және Батыс пен Шығыс ортасындағы Жібек Жолының түйінді межесі, әрі исламның терістік сақараны жайлаған көшпенді, жауынгер тайпалармен аралықтағы қалқан ретінде ерекше маңызға ие болады.
Көне замандағы Хорезмнің байырғы халқы – иран текті, ана тілі – парфян мен соғды аралығындағы фарси, кейінде ұмытылған өзіндік лұғат екен. Төл жазуы – арамей негізді, мұсылманшылық тұсында араб таңбасымен алмасады. Бұл тіл мен жазу ішінара ХІ ғасырға дейін сақталған көрінеді.
Араб халифаты біржола әлсіремесе де, ІХ ғасырдың өзінде қазіргі Терістік Иран мен Терістік Ауғанстан тарабындағы, қолайлы жағдайда күш ала бастаған жекелеген жауынгер тұлғалар үлкен өкімге жетіп, іс жүзінде тәуелсіз саясат жүргізе бастайды. Осы ретте ең алғаш дербестік тапқан – Ауғанстанның Балх уәлаятынан шығып, көп ұзамай-ақ бүкіл Хорасан мен Мәуреннахрды ғұзырына қаратқан Самани мемлекеті болды (819–1005). Бұл жалпақ өкімге Хорезм де мойын ұсынады. Бүкіл өлкені қайта біріктіріп, дәстүрлі хорезмшах мәртебесін иеленген Мамұн ибн Мұхаммед осы Самани патшалығының жергілікті өкіл-әкімі болатын. Мамұн әулеті Хорезмді тым ұзақ ұстап тұра алмайды. Х ғасырдың соңғы ширегінде Орталық-шығыс Ауғанстанның Ғазна шаһары мен уәлаятынан бастап серпілген түрік текті жаңа бір жауынгер әулет Орта Азиядағы Қарлұқ-Қарахан билеушілерімен одақтаса отырып, Самани мемлекетін күйретіп жеңеді де, бүкіл Хорасан, жарым Ауғанстан һәм Терістік-батыс Үндістанда қуатты Ғазнауи мемлекетін орнатады (977–1186). Енді Хорезм осы төтенше ұлыстың боданына айналыпты (1017–1041). Алпауыт екі империя да мұсылман дінді, парсы негізді ортақ мәдениет иесі, сондықтан Хорезм өлкесі ілкідегі дәстүр-салтынан, тіршілік кебінен айнымайды, тек жоғарыдан тағайындалатын әмірлері ғана өзгеріп тұрыпты. Бұл жергілікті билеушілер, әсіресе хорезмшах Алтұнташ (1017–1032), бұрнадан қалыптасқан жора бойынша, дербес, тәуелсіз саясат жүргізеді.
Ислам мәдениетін жатырқамай, тезінен қабылдаған және бір жағы Үндістан, Қытаймен жалғас, Иран тамырлас таным-білімі бар Хорезм Х–ХІ ғасырлардың өзінде мұсылман қауымында алдыңғы лектегі жұрт есебіне кіреді. Осы орайда, әлемдік ғылымның аса ірі тұлғалары санатындағы Мұхаммед Хорезми мен Әбу-Райхан Бируни және Әбу-Ғали ибн Сина есімдерін атап өтудің өзі жеткілікті. Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми (783–850 шамасы) – Хорезмнен шыққан, кейінгі ғұмырының басым бөлігін Халифат астанасы Бағдатта өткерген әйгілі математик, астроном, географ һәм классикалық алгебраның негізін бекіткен ұлы ғалым. Ол да Хорезмде, ел астанасы Кят шаһарында туып-өскен Әбу-Райхан әл-Бируни (973–1048) өрісі кең, өз заманындағы ғылым-білімнің барлық саласында атаулы белгі қалдырған, жан-жақты ғұлама болды; астроном, математик, фармаколог, географ, этнограф, философ, тарихшы… Алғаш рет жердің шар кейіпті бітімін және өз кіндігінен айнала отырып, Күнді орағыта қозғалуын дәлелдеген, аспандағы жұлдыз атаулының Күн тектес, бірақ тым алыс материялар екенін анықтаған. Ежелгі Хорезмге қатысты мағлұматтың біршамасы осы Бируни арқылы сақталыпты. Ал Еуропада Авиценна деген ныспымен даңққа жеткен Әбу-Ғали ибн Сина (980–1037) тек ғылыми медицинаның негізін салушы шипагер оқымысты ғана емес, математик, философ, психолог, табиғаттанушы, филолог әрі ақын болатын. Мәуреннахр, Бұхара түбінде туғанымен, жиырма екі жасында Үргенішке келеді, Ибн Синаның ғалым және азамат ретінде қалыптасуы осы, әлде он, әлде он бес жылдық Хорезм кезеңімен тікелей байланысты. Ибн Синаның есімін әлемге әйгілеген ең негізгі мұрасы – толымды бес томнан тұратын «Дәрігерлік ғылым тұрғылары» («Аль-Ганнун Фи ат-Тиб» – «Канон врачебной науки»). Бұдан соңғы бір өрелі еңбегі – «Шипа кітабы» («Китаб аш-Шифа» – «Книга исцеления») – сол замандағы ғылымның барлық саласын қамтыған энциклопедия есепті.
Әлемдік таным-білімнің дамуына, әсіресе, Орта ғасырлар шегінде қараңғылық түнегінде жатқан Еуропаның дүр сілкініп, тың өріс табуына себепкер болған, нәсіл-тегі орта-азиялық ғұламалардың есім саны айтылмыш үш алыппен шектелмейді. Осы орайда, жалғыз Әбу-Насыр әл-Фарабиді (870–950) еске алудың өзі бір ғанибет. Ұлыларға тетелес қаншама ірілер бар. Түгендеп шығу қажетсіз, әрі тақырыбымыздан тыс. Біз тек Хорезм өлкесіне тікелей қатысты ерен тұлғаларды ғана атадық. Ежелгі жұрттың осы мұсылманшылық кезеңдегі рухани һәм кісілік бет-бейнесі нақты аңдалуы үшін. Иә, айтпақшы, атаулы оқымыстылардың бәрі де өз тұсындағы ғылым тілі – араб пен парсы лұғатында жазғаны белгілі.
Бұл заманда Хорезм мұсылман әлеміндегі ең бай, жан-жақты дамыған өлке болып шыққан еді. Араб халифатының тақау төңіректегі Мәуреннахр, Хорасан, Мазандеран және басқа да уәлаяттарымен экономикалық және мәдени тығыз байланыс өз алдына, ежелден-ақ сырт елдермен халықаралық қатынас және сауда ісі берік қалыптасқан, керуен жолдарының тарамды түйісінде тұрған Хорезм Батыста Хазар мен Бұлғар, Қыпшақ, одан әрі Славян жұрты, Орталық Еуропаға еркін қатынайды, ал Шығыста Үнді мен Қытайға жол ашады. Сонымен қатар, бүгінгі Қазақ Даласын жайлаған көшпенді түрік қауымымен арадағы айырбас сауда мейлінше дамиды.
Жібек Жолының орталық, ең ұтымды бөлігінің толық қожасына айналған Хорезм Батыс пен Шығыс аралығындағы бас делдал болыпты. Және бұл заманда дәуірлеп тұрған Араб халифатының кең дүниеге жол ашқан алғы шебі есепті. Х ғасырдың екінші жарымында жасаған мұсылман тарихшысы, жиханкез саяхатшы Мақдиси Хорезм өлкесінен Халифаттың ішкі аймақтарына тартылатын сауда бұйымдарын тізбелеген, бұлардың ең құндылары – ұлпа елтірі: бұлғын, тиін, ақ кіс, кәмшат, құндыз, түлкі және қыран құстар – әлбетте, Хорезмнің өзіне Дәшті-Қыпшақ, Ібір-Сібірден келіп жатқан игілік. Тұстас тағы бір тарихшы Истахридің айтқаны бар: «Хорезм – топырағы құнарлы, жемісі мол, мәуелі өлке, жаңғақтан басқаның бәрі өседі; мұнда жүннен, мақтадан сан қилы бұйым жасалып, сырт елдерге өткізіледі. Бұл жұрт басқа халықтармен салыстырғанда [сауда жөнімен] көп саяхаттайды. Бұлардың жерінде алтын өндірісі, күміс кеніштері жоқ, асыл тастар шықпайды. Алайда, тұрғындары дәулетті және ерлікке бейім. Байлығының басты бөлігі – түріктермен саудадан түсіп жатады», – депті.
Кеңбайтақ Дәшті-Қыпшақты жайлаған түрік тайпалары төрт түлік аяқты малды Хорезмге мың-мыңдап өткізетін болған. Хорезмдік саудагерлер сақараға арнайы шығады, немесе көшпенділер шекаралық аймаққа өздері айдап әкеледі. Өткізілген көлік пен еттік мал есебіне әрқилы өндірістік, тұрмыстық мүкәмал, шаруашылық, қолөнер бұйымдарын, мата, киім алады.
Хорезмдік саудагерлер алыс, жақын өлкелерге барыс, келіспен ғана шектелмеген, шет жұрттардың көптеген қалаларында тұрақты кәсіппен айналысқан. Бір тарабы Бұлғар мен Хазарда, бір тарабы Тохарстан мен Хорасанда келімді-кетімді ғана емес, тұрақты сауда жөнімен орнығып отырған хорезмдік қауым өкілдері көптеп ұшырасады екен.
Бұл кезде Орта Азияда жігерлі түрік-селжүк қауымының бағы көтеріліп келе жатқан. Арада көп ұзамай-ақ қуатты ұлыс құрған Селжүк әулеті Мәуреннахр мен Хорезмді ғұзырына қаратады. Селжүк Тоғрыл сұлтан 1038 жылы Ғазналық сұлтан Махмұдтың қалың әскерін қиратып. Хорасанды жаулап алады, 1055 жылы Бағдат халифатын бағынышқа келтіреді. Ал Тоғрылдың ұлы Алып-Арслан Кіші Азияға бойлай еніп, 1071 жылы, Манцикерт шайқасында Византия империясын ауыр жеңіліске ұшыратады. Бұл – болашақтағы Ұлы Түрік мемлекетінің алғашқы, сонымен қатар шешуші қадамдары болатын.
Ежелгі, әрі жаңа патшалық
Хорезм үшін 1043 жылы басталған Селжүк үстемдігі жаңа бір, күш-қуатқа, салтанатқа һәм үлкен мемлекеттік құрылымға жол ашқан өзгеше дәуірдің басы болып шықты.
1
Селжүк ұлықтарының бірегейі, алпауыт әскербасы Білге-бек Ғарджистан, яғни Жоғарғы Мұрғаб өлкесінде әлдекімнен Ануш-тегін дейтін жасөспірім жігітті сатып алыпты. Құлдыққа деп жазады кейінгілер. Шын мәнісінде жеке жасағына, мәмлүк ретінде. Оғұз тайпасының Бекделі руынан екен. Есімге жалғас анықтамаға қарағанда, өз тұрғысындағы өкімді тұқымнан, ханзада, ұлықзада. Тәрізі, тумысынан құл емес, тұтқынға түскен кіріптар. Және гулям, яғни жарақты жауынгер. Бірден-ақ өзгеше сойы танылса керек. Ақылы артық, пайымы зор екен деп жазады Жувәйни. Көп ұзамай-ақ Селжүк сұлтаны Мәлік-шахтың (1072–1092) қызметіне беріледі. Ануш-тегін енді Мәлік-шахтың сеніміне кіріп, уақыт оза келе, сұлтанның дәргейіндегі мәртебелі ұлық дәрежесіне жетеді және сарай шаруашылығына Хорезм өлкесінен түсетін алым-салық қожасы шихна болып бекітіледі. Хорезмді тікелей билемесе де, белгілі мөлшерде қарауына алған Ануш-тегін келесі кезектегі Махмұд (1092–1094) және Берік-Ярұқ (1094–1104) сұлтандардың тұсында да мансабынан таймапты. Ақыры, 1097 жылы парасатты, іскер Ануш-тегін дүниеден өткенде оның ұлы Құтб-ад-Дин Мұхаммед Хорезм әмірі – уәли болып тағайындалады және елдің ескілікті дәстүрімен хорезмшах атағын иеленеді. Яғни, болашақ жаңа әулеттің қалыптасуына қажетті алғышарт жасалды деген сөз.
Құтб-ад-Дин Мұхаммед (1097–1127) «жан-жақты дарынды, білімдар һәм ғаділ әмір болды; дін өкілдерін сыйлады, ғалым кісілерді құрмет тұтты, бодан жұртына жақын болды», – деп жазады Ибн әл-Асир. Селжүк сұлтандарымен тіл табысып, жеке билігін нығайтумен қатар, бүкіл Хорезм өлкесін көтере түседі. Өзіндік, дербес саясат жүргізе бастаған Құтб-ад-Дин әсіресе, 1118 жылы таққа отырған әйгілі Сәнжар сұлтанның тұсында үлкен құрметке жетеді, алмағайып кезеңде антынан айнымай, кеселді түйінді шешкен жағдайы да бар. Ақыры, тұтас отыз жыл бойы билік басында болған Құтб-ад-Дин дүниеден өткенде Сәнжар сұлтан ойланбастан оның орнына үлкен ұлы Атсызды хорезмшах мәртебесінде бекітеді.
2
Ала-ад-Дин Атсыз (1127–1156) Хорезм иелігін күш-қуатқа, біршама тәуелсіз жағдайға жеткізген епті саясаткер, батыл әскербасы һәм парасатты падишах болды. Билікке жиырма тоғыз жасында келген екен. Жалпыға ортақ әділдігімен, бодан жұртына мейірбандығы, әскер ісіндегі қолбасшылығымен қатар, жеке басының ерлігімен танымал атаққа шығады. Өз заманының білімдар тұлғаларының бірі, өнер мен ғылымды бағалаушы, әрі қамқор, парсы тілінде қасида, рубағи жазған. Өкімінің алғашқы кезеңінде Сәнжар сұлтанға адалдығынан таймайды, селжүктер құрамында, қалың әскердің Сол қанатының қолбасшысы ретінде әлденеше соғыстарға қатынасады, бірде сұлтанның өзін қапелім қастандықтан аман алып қалған екен. Сонымен қатар, күн озған сайын күш-қуат жинап, өз ұлысының бағымсыз еркіндігін бекіте береді. Дербестіктің айқын мысалы – мұсылман әлеміндегі рухани көсем саналатын, сонымен қатар, Селжүк патшалығына қайшы Бағдат халифасымен тікелей қатынас орнатуы деп саналады. Бұл – болашақ үлкен күреске дайындықтың төтенше тармағы болатын.
Ақыры, кезекті бір сыртқы жорық үсті, Ғазна шаһарына аял кезінде Атсыз Сәнжар сұлтаннан өз еліне қайтуға рұқсат сұрайды және ризашылық алады. Хорезмшах аттанып кеткеннен соң Сәнжар өзінің сарай ұлықтарына: «Енді Атсызды қайтып көрмейміз!» – депті. Яғни, біздің ғұзырымыздан біржола кетті деген сөз. Ұлықтары: «Онда неге босатып қоя бердіңіз?» – деп сұрағанда, сұлтан: «Бұған дейінгі риясыз, адал қызметімен бізге де орасан міндет артқан еді, қастандық жасасақ, кісілік мархаматымыз бен патшалық шапағатымызға көлеңке түспек», – деген екен.
Соңындағы әскерімен Үргенішке қайтып оралған, өзінің күш-қуатына сенген Атсыз үлкенді-кішілі ұлықтарын түгел жиынға келтіріп, «Сәнжар сұлтанға қызмет етуден бас тартпағын» мәлімдейді және барлық жағынан мақұл тауыпты.
Енді Атсыз Хорезм ұлысын нығайтумен қатар, оның өрісін кеңейтуді ойластырады. Осы мақсатта ең алдымен солтүстік тараптағы «мәжуси» түріктерге құрық салуға бекініпті. Бірінші кезекте Сейхұн – Сыр-дарияның төменгі ағысын қоныстанған, Селжүк сұлтанына бодан саналатын қыпшақ, қаңлыға қарсы аттанып, бүкіл төңірек-аймағымен қоса, Женд қаласын басып алады. Содан соң ол да Қыпшақ билігіндегі Маңғышлақ (Маңғыстау) өңірін ғұзырына қаратады. Бұл – Хорезм Селжүк патшалығының ырқынан шықты деген сөз еді. Осыған дейін Атсыздың бар әрекетін сырттай ғана бақылап отырған Сәнжар сұлтан 1138 жылы қара күзде Хорезмге қарсы үлкен жорық ұйымдастырады. Ел іші, Хазарасп шаһарының түбіндегі қантөгіс ұрыста он мың аламаны жер құшқан және үлкен ұлынан айрылған Атсыз астана байтағын тастап, қалған әскерімен әрең қашып құтылады. Алайда, бүкіл Хорезмді басқан, бұл өлкеге өзінің жаңа уәлиін тағайындаған Сәнжардың жеңісі баянсыз болып шығыпты. Селжүктің қалың қолы кері қайтысымен, Атсыз өзінің Хорезмдегі билігін қалпына келтіреді.
Атсыздың бұдан соңғы еркіндік күресі ауыр әрі алмағайып болды. Әуелде Сәнжардың өкімін мойындаған қалып танытып, тыныс алады. Бұдан соң қайыра күш топтап, 1139 жылы Хорасан уәлаятының (орта-ғасырлық Хорасан қазіргі Иранның терістік-шығысы мен Түркменстанның түстік бөлігін қамтыған) батыс шегіндегі Джурджан аймағының біраз жерін өзіне қаратады. Арада бірнеше ай өтпей, ол да Сәнжар сұлтанның ғұзырындағы Мәуреннахр шегіне басып кіріп, Бұхара қаласын жаулап алады, орталық қамалын талқандап, қаншама әскерімен қоса селжүк уәлиін өлімге бұйырады. Хорезм империясының қалыптасуы және құлауы ғылыми тұрғыда жан-жақты байыпталатын арнайы зерттеу жазған әзірбайжан білімпазы Зия Буниятов бұл жолғы төтенше жорық пен қатал жаза – Сәнжар сұлтанның ілкідегі Хорезм шапқыны және тұтқынға түскен мұрагер ұл Атлықтың орайсыз қазасына қарымта есепті болатын деп айтады. Ең қызығы, осыншама «басбұзар» әрекеттен соң Атсыз Сәнжар сұлтанға өкілетті елшілік жіберіп, сауғанд-нама, яғни бодандық серт бекітілген арнайы хат жолдайды (1141, мамыр). «Ғалам әміршісі Сәнжар ибн Мәлік-шахтың» дәргейінен шықпаймын, бар жарлығына бас ұрам, оның досымен – дос, жауымен – жау болам, қадарымша қызмет көрсетем… деген тұрғыда. Саясат па, мазақ па. Қайткенде тентек ойын.
Осымен қатар, бәлкім, бұдан бұрынырақ, дін-исламның орталық астанасы Бағдат шаһарына, тиесілі тарту-таралғымен, сенімді кісілерін жібереді. Мұхаммед пайғамбардың жер үстіндегі орнын басқан халифа әл-Мұқтафи өзінің пендесі хорезмшах Ала-ад-Дин Атсызды қарауындағы бүткіл Хорезм жұртымен қоса, мархаматты ғұзырында деп білсін; Селжүк Сәнжар ізгі, қасиетті Халифатқа қарсы қаншама үгіттегенімен, хорезмшах дін-ислам бірлігінен айнымады; бұрнада атамыз Ануш-тегін, әкеміз Құтб-ад-Дин Бағдат халифаларын құрмет тұтып өткен еді, Біз де хақ жолынан таймаймыз, деген тұрғыда. Осыншама құлдығына орай және көрсеткен һәм көрсетпек қызметін ескеріп, биік мәртебелі әл-Мұқтафи халифа хорезмшах Атсызды «жүмлә Хорезм уәлаятының шығыстан батысқа дейінгі тиесілі шегінде және алдағы уақытта Хорезмге қосып алынатын және өз еркімен қосылмақ елдер мен аймақ атаулының бірден-бір әміршісі ретінде бекіткен» жарлық жариялауы сұралады. Халифа хорезмшахтың бар тілегін қабыл, құп алыпты. Рәсім бойынша, қымбат киім, тиесілі тарту-таралғы жіберіп, қарауындағы барлық аймақтың толық ғұзырлы егесі саналған, сұлтан мәртебесі берілген жарлығын мәлімдейді. Атсыз бүкіл мұсылман әлемінің алдында заңды, өкімді патша дәрежесін иеленді, қарауындағы жұрты ресми түрде тәуелсіз танылды деген сөз. Осы 1141 жылдан бастап хорезмшах Атсыз сұлтан өз атынан алтын манат шығаратын болады. Құдіретті Селжүк империясы, әйгілі Сәнжар сұлтаннан біржола бөлініп кеткен еркіндік белгісі.
Атсыздың бар есебі түгел еді. Сәнжар сұлтанның қиыр ұйықтағы Хорезмге мойын бұруға шамасы жоқ. Жетісу, Талас, Шу бойында жаңа бір қуатты ұлыс бой көтерген.
Қиыр Шығыс, Терістік Қытайда осыдан небәрі он бес жыл бұрын өткерілген қырғын соғыс, мемлекеттік төңкеріс, патшалықтар алмасуы нәтижесінде, туған жұртын тастап шыққан қидан ханзадасы Елүй Дашы Татан Даласынан мейлінше қолдау тауып, тұтас бір түмен ерікті әскер алып, Тарбағатай, Еміл бойына орныққан соң, арттан жеткен тағы қаншама жұртты топтап, екпінді, жауынгер жасағымен Жетісу өңірін бағынышқа келтіргені, мұсылман тарихнамасында Қара-қытай аталатын жаңа патшалықты негіздеп, өзі хандардың ханы – гөрхан атанғаны туралы бұрнада айттық (Бірінші кітап, ІV тарау, Қидан). Әскерінің негізгі бөлігі керей мен найман және басқа да шығыс-түрік жұртынан құралған Елүй Дашы жарақты ұлысының іргесін бекемдеп, тақау төңіректегі көшпенді түрік тайпаларымен түсіністі, жақын қатынас орнатады.
Көп ұзамай, Селжүкке бодан Самарқанд ханынан жапа шеккен қарлұқ қорғаныш сұрапты. Жақсы сылтау тапқан Елүй Дашы 1137 жылы Мәуреннахр шегіне басып кіреді. Қарсы көтерілген Махмұд ханды Ходжент түбінде талқандап жеңеді. Махмұд Сәнжар сұлтанға шағыныпты. Ашуға мінген империя падишахы Сәнжар тікелей қарауындағы жұртымен қоса, бодандық жағдайдағы Ғазна, Гур, Сиджистан, Мазандеран және басқа да уәлаяттардан 100 мыңдық қалың қол құрап, хижраның 535 санаты, зу-л-хиджа айы, яғни 1141 жылы шілдеде Қара-қытай патшалығына қарсы шеру тартады. Мәуреннахр шегіне жетісімен, бірінші кезекте бүлікшіл қарлұқ жұртын тықсыра бастапты. Қарлұқтар бұл жолы да Елүй Дашыдан пана тілейді. Өз кезегінде Қара-қытай гөрханы Селжүк сұлтанынан араша сұрапты. Бірақ күшіне сенген, өркөкірек Сәнжар қатқыл, өте дөрекі жауап қайырады және «дінсіз» гөрханның тезінен мұсылман дінін қабылдауын талап етеді, әйтпесе, ислам сұлтанының қаһарына қалып, көзі құритынын ескерткен екен.
Қандай да бітім болуға мүмкін емес еді. Сәнжардың жүз мыңдық таңдама әскері мен Елүй дашының қарлұқтар қостаған, әлде жиырма, әлде отыз мың тастүйін жасағы Самарқанд шаһарының терістік тарабы, Кәтуан даласында кездесіпті. Хижраның 536 жылы, 5 сафар күні, кейінгі есепте – 9 қыркүйек, 1141.
Қарсы беттегі қаптай төгілген қалың қолды көргенде, одан төрт-бес есе кеміс жасағын ұрысқа сайлаған Елүй Дашы айтты дейді: «Мына, біздің қарсымызда тұрған жұрт соғыса білмейді екен, енді талқан қыламыз», – депті. Әлбетте, Селжүк империясының талай майданнан өткен жеңімпаз әскері қанды қасап жайын жақсы біледі, бірақ Шығыс атырап – Қидан, Шүржен мен Татан Даласында соғыс өнері айрықша биікке жеткен, соған орай, қосындар құрылымы, өлім қаруларын қолдану мен ұрыс тәсілдері де сан қилы және өлшеусіз артық.
Ақыры, Сәнжардың қисапсыз әскері ту-талақай болады, отыз мың аламаны қазаға ұшырап, сұлтанның өзі әрең қашып құтылады, соңғы сәтте қасында алты-ақ кісі қалған екен. Десе де, арттағы патшалық өз ғұзырында, бірақ ойсыраған жеңілістен соң тек Сәнжар сұлтанның ғана емес, бүкіл Селжүк империясының бағы қайтады, іріп, тозып, күн озған сайын күш-қуаты еселеп кеми береді.
Өткенде Сәнжар сұлтанның жаппай жорығынан тыс қалған, керісінше, көңілін қатер жайлап, гөрхан Елүй Дашының өзіне сөз салған Атсыз көктен түскен тиімді жағдайды ұтырлы, қапысыз пайдаланады. Арада ай өтпей Хорасанға шапқын жасапты. Империяның орталық шаһарын айналып өтіп, ту сырттағы Серахс қаласын соғыссыз басады. Содан соң бар күшін топтап, Селжүк астанасы Мервтің өзін жаулап алады. Қарсылық көрсеткен халықтың біразын қырғынға ұшыратыпты. Сәнжар сұлтанның атаулы ұлықтарының көбін өлтіріп жібереді. Сұлтанның сарайына кіріп, алтын тағына отырып көрді дейді, сонымен қатар, империяның бүкіл қазына-байлығын қолға түсіреді. Бұл ретте хорезмшах назар салған өзгеше нәсіп – Селжүк астанасына топталған әйгілі ғұлама оқымыстылар екен. Ерікті, еріксіз түрде бұлардың қаншамасын Хорезмге көшіреді. Әлбетте, өзінің астана шаһары Үргенішті ғылым-білім ордасына айналдыру талабы. Келесі көктемде Атсыз Хорасан жорығын одан әрмен жалғастырып, көптеген ұсақ кенттермен қатар, Нишапур қаласын алады. Және ғұзырына енген шаһар атаулының бәрінде хорезмшахтың атына құтба оқылуға тиіс екен.
Бар қуатынан айрылған Сәнжар сұлтанның бүлікшіл Атсызға сырттай қарап тұрғаннан басқа амалы қалмапты. Ақыры, таланған астана, тоналған алтын сарайына қайтып оралған соң да белсенді әрекет жасай алмайды. Бұл кезде Атсыз Елүй Дашының бодандығын қабылдап, жыл сайын қаражға ақшалай, немесе мал, дүние-мүлік түрінде отыз мың алтын динар төлеп тұруға міндеттеген. Соқа бастың амандығы ғана емес, бүкіл ұлыстың қауіпсіздік кепілі.
Әлбетте, жері байтақ, бодан жұрты қисапсыз Сәнжар сұлтан Кәтуан апатынан соң арада екі-үш жыл өтер-өтпесте жаңадан әскер топтайды және бірінші кезекте Хорезмді қайыра жаулауға әрекет жасайды. Бірақ айтарлықтай нәтижеге жете алмапты. Саясаты мол, қиямпұрыс ісінде де, тайғақ уәдесінде де байымсыз хорезмшах сөз жүзінде қайрылғанымен, бұрнағы бағдарынан айнымайды. Иіліп барып, қайтадан кері серпіледі. Бұл жағдай бір емес, екі мәрте қайталаныпты. Селжүк сұлтаны батыл, шешуші қимылдан тартынады, сөйтіп, Қара-қытайға арқа сүйеген Хорезм шын мәнісіндегі тәуелсіз мемлекетке айналады.
Қайыра бас көтерген, елеулі күш жинаған бұрынғы бодан уәлаяттармен арадағы бей-берекет ұрыстар нәтижесінде бар беделінен айрылған Сәнжар сұлтанның тағдыр кермесі – «Ғұз бүлігі» аталатын оқиға болып шығады. Селжүк империясының боданы саналатын көшпенді ғұз (уыз, оғұз) тайпалары Сәнжар сұлтанның дастарқаны үшін деп, жыл сайын 24 мың қой қараж береді екен. Ақыры, өздері көшіп жүрген Балх уәлаятының әмірі Құмач дегеннің шектен тыс зорлығына шыдамай, салық жинаушы өкілін өлтіріп жібереді. Қарауындағы 10 мың жасағымен бүлікшілерді жазалауға аттанған Құмачтың өзін талқан қылыпты. Енді Балх әмірі Сәнжар сұлтанға жүгінеді. Басқа да ұлықтармен қосыла үгіттеп, сұлтанды ғұздарға қарсы жорыққа көндіреді. Сәнжар хижраның 548 жылы, мұхаррам айында (1153, көкек) 100 мың әскермен аттанды дейді. Осыншама қалың қол қаптай төніп келгенде ғұз басшылары тіксініп, бітім сұрайды. Айып-анжыға 200 мың қой, 50 мың жылқы мен түйе және 200 мың алтын динар төлемек және алдағы заманда жыл сайынғы міндетті қаражын өтеп тұрмақ болады. Сәнжар иліккендей екен, Құмач бастаған ұлықтары тоқтамға көнбейді. Ғұздарға қарсы зор майдан ашыпты. Алайда, қара-құрым Селжүк әскері қирап жеңіледі, әмір Құмач және тағы қаншама ұлық қаза табады, Сәнжардың өзі тұтқынға түсіпті. Бұдан соң жауынгер ғұз тайпалары Хорасан өлкесінің бірталай жерін, оның ішінде Мерв пен Нишапур қалаларын шауып, талапай қылды дейді. Осыншама күшке жете тұрып, Сәнжар сұлтанды өлтірмейді. Керісінше, қызық жағдай – күндіз таққа отырғызып, құрмет, сияпат жасап, түнде темір торға қайтадан қамап тастайды екен.
Бұл заманда хорезмшах Атсыз өзінің билігін ғана емес, өрісін де кеңейту үшін белсенді әрекетке көшеді. Әуелі Сыр-дарияның төменгі бойына жорық жасап, ілкіде еркіндік тапқан Женд қаласын төңірек-аймағымен қоса бағынышқа түсіреді (1145). Бұдан соңғы кезеңде тағы да уыстан шығып, біршама уақыт Қара-қытай иелігіне көшкен Женд уәлаятын 1152 жылы қайтадан ғұзырына келтіреді. Бұрнада сырттай Селжүк жұртына қарасты, шалғай өлке саналған Женд, оған қоса Сыр-дарияның атырауы Хорезм патшалығының құрамына осылайша қосылды. Бұл – болашақ империяның қазіргі Қазақстан шегіндегі қаңлы және қыпшақ тайпаларын біржола баурау мақсатындағы батыл, әрі шешуші қадамы болатын.
Атсыз тек терістік қана емес, түстік және батыс алапта да жерін кеңейтуге, дүрбелең, бей-берекет жағдайды пайдаланып, Селжүк мұрасынан толымды енші алып қалуға тырысады. Алайда, осы орайдағы әлденеше дүркін шапқын ел талап, олжа түсірумен шектеліпті, жаңа бір өлкелер жауланбайды. Сонымен қатар, енді мейлінше күшейген оғұз тайпалары бүкіл Селжүк иелігі, оның ішінде Хорезм жағына да үлкен қатер төндіре бастаған. Алды-артын терең байыптайтын Атсыз, олар да біржола дербестене бастаған Мазандеран, Гур, Сиджистан өлкелерінің басшыларымен тығыз одақ құруға талап етеді.
Бұл кезде сұлтаны тұтқында жатқан Селжүк тағына Сәнжардың жиен бауыры, Қарахан әулетінен шыққан Махмұд ибн Боғра хан көтерілген еді. Атсызды барлық әскерімен өзіне келіп қосылуға шақырады. Атсыз үлкен ұлы Ел-Арсланмен бірге Хорасан өлкесіне шеру тартады. Алайда, басталып үлгермеген жалпы жорық қарсаңында, жаз ортасы, алпыс бір жасында дүниеден озыпты (1156).
Ұзақ жиырма тоғыз жыл тақта отырған, мұның соңғы бес жылында толық тәуелсіз жағдайда өкім құрған Атсыз болашақ Ұлы Хорезм империясының ірге тасын берік бекітіп кетті.
3
Атсыздың өлімінен соң үлкен ұлы Ел-Арслан (Ил-Арслан) ата тағына отырады (1156, тамыз). Ануш-тегін әулетінің үйреншікті саясатын одан әрмен жалғастырыпты. Бірден-ақ Махмұд Боғра ханның ғұзырын мойындайтынын мағлұм қылады.
Көп ұзамай, қара күзде бұрнағы Сәнжар сұлтан кездейсоқ сәтімен ғұз тұтқынынан босатылған екен. Ұзақ үш жарым жыл бойы кіріптар жағдайда жапа шеккен, басқа түгілі, өзінің ел-жұрты да ұмыта бастаған Селжүк сұлтаны қажып, түгесіліп шыққан. Қайтадан өз орнын алады. Атсыз кезегінше Сәнжар сұлтанға да ықылас танытыпты. Алайда, ендігі жағдай мүлде басқаша: хорезмшах әуелде Махмұд Боғра ханға, одан соң Сәнжар сұлтанның өзіне ресми жолдама хаттарында «пенде» емес, «мұхлис», яғни бағынышты бодан емес, «дос-жар», дербес әмірші ретінде қол қояды екен.
Сәнжар келесі жазға жетпей-ақ өмірден өтеді (1157). Дүниені дабылдатқан Ұлы Селжүк империясы құлады. Осы, Сәнжар өлген күні емес, одан біршама бұрын, айбынды сұлтан қажетсіз майданда ең соңғы жасағынан айрылып, әулет, тумысына етене, ағайын жұртқа қорлық тұтқынға түскен күні.
Империя шылпара болып ыдырады. Бұрнағы біртұтас Селжүк иелігінде астан-кестен заман туды. Дербес билікке жеткен уәлаят, аймақтар арасында тайталас басталды. Әскері жиын, тұрғысы бекем хорезмшах төңірегі түгел санасатын аса ықпалды тұлғаға айналыпты. Дербестік жолына, билікке талас әмір, ұлық атаулының бәрі де ығын табуға тырысады. Ел-Арслан бұлардың кейсіне қамқор ниетін танытады, кейсін тікелей қорғауына алады, қайткенде де әлдебірінің тамырланып, күшейіп кетпеуін ойластырады. Сонымен қатар, мүмкіндігінше, өз өрісін кеңейте бастапты. Осы ретте ең алдымен, әлейім жағдайды пайдаланып, Хорезм өкімінен құрық үзген Женд пен Маңғышлақты қайыра жаулайды. Содан соң былығып, қырқысып жатқан Хорасан тарабына назар аударады. Артық қиындықсыз Джурджан және Дихистан (бүгінгі Түркменнің солтүстік-батысы, Балқан) уәлаяттарын бодандыққа келтіріпті.
Енді Ел-Арслан шығыс беттегі алмағайып оқиғаларға да тікелей араласады. Бұл ретте жергілікті хандардан және Қара-қытай жағынан қысым көрген қарлұқ жұртының жоқшысы болып шығады. 1158 жылы жаз ортасында Мәуреннахр шегіне өтеді де, Зәрафшан өзенінің бойындағы үлкен ұрыста Қара-қытайдың қалың қолын ықтырып, жалғас келіссөз нәтижесінде қарлұққа кеңшілік алып береді. Әйткенмен, арада бес жыл озғанда гөрханның ғұзырындағы Бұхара мен Самарқанд хандары қарлұққа қарсы тұтқиыл жорық ұйымдастырып, қырғын салыпты; Мәуреннахр шегінен түріле ығысқан біраз жұрт Хорезмнен пана табады. Ел-Арсланның жауынгер жасағы байырғы, хорезмдік әскерге тың күш берген қаңлы, қыпшақтың үстіне, енді қарлұқ аламандары қосылып, саны көбейіп, қуаты арта түсті дейді.
Әр тараптағы әрқилы әмірлермен бақталас, тайталас біраз заманнан кейін, 1165 жылы Ел-Арслан ұлыс шекарасына жапсарлас Нәса қаласын жаулайды, осыдан соң, бұрнада сөз жүзіндегі бодан Дихистан шегіне кіреді және бүкіл уәлаятты Хорезм патшалығының құрамына тиесілі өлке деп жариялайды. 1166 жылы Әзірбайжан атабегі Ел-Деңіздің боданы Парсы-Ғирақ (Ғажами-Ғирақ) сұлтанатымен (қазіргі Иранның солтүстік-батысы) соғыста басым түседі, келесі 1167 жылдың көктемінде Бейхак, Савбазар, ең бастысы – базарлы Нишапур қаласын өкіміне қаратыпты. Енді Парсы-Ғирақты біржола талқандап, бар жерін өзіне қосып алуды ойластырады. Көлденең көмек те бар, сұлтанат шегіндегі кейбір қалалар тілектестік хабар білдірген.
Ел-Арслан батыс тарапқа үдере шеру тартып, Парсы-Ғираққа бойлап енеді, көмектес аймақтан өтіп, Саве қаласының түбінде болған зор майданда жеңіске жетеді. Бұдан соң Түстік Әзірбайжан шегіне басып кіріп, бірнеше үлкен шаһарды бағындырады, ақыры мыңғырған мал, қисапсыз олжамен Хорезмге оралыпты. Алайда, Ел-Арсланның сәтті жорығының ақыры баянды болмайды, келесі жылы Ел-Деңіз (Ил-Диниз) атабек, аралық аймақтағы алауыздықты пайдаланып, бар иелігін өзіне қайтарып алыпты. Әйткенмен, осы Парсы-Ғирақ оқиғасы ендігі Хорезмнің серпім, қуатын айқын танытқан.
Осыншама күш топтаған Ел-Арслан соңғы жылдарда өзі бодан саналатын Қара-қытай патшалығына тиесілі салығын төлемей қойған екен. Оның үстіне қарлұқ мәселесі қосылды. Қайтадан бас көтерген жауынгер, әрі саны мол қарлұқ жұртын біржола жаныштай алмаған гөрхан Бусуған-қатын бүлікшіл қауымның жарқа-бөлшектерін жазаға тарту және Ел-Арсланды тәубасына түсіру үшін 1171 жылы Хорезм шегіне ауыр әскер жібереді. Хорезмшах құлдық ұрып, кешу сұрау орнына, үлкен ұрысқа шешініпті. Бұл кезде сырқат екен, ұлыстың жоғары шегіндегі Әмүл шаһарына жеткенде төсек тартып жатып қалып, бар жасағын ілгері жібереді. Қарлұқ Аййар-бек бастаған Хорезм әскері жеңіліске ұшырапты. Әлбетте, бұдан соң Қара-қытай өктемдігі қайыра мойындалған. Тиесілі қаражбен қатар, қаншама айып-албан өз алдына. Сырқаты дендеген Ел-Арслан Үргенішке жетіп, көп ұзамай дүниеден өткен екен (1172, наурыз).
Ең соңғы мезетіндегі сәтсіздікке қарамастан, Ел-Арслан Хорезм патшалығын одан әрмен нығайтып, біржола орнықтырып кетті. Иеленіп алған мәртебелі ныспысы – «Түрік һәм Ғажам падишаһы» («Малик ат-турк уә-л-ғаджам») – тым көтеріңкі көрінгенімен, өз ортасы, өз тұсында шындықтан тым шалғай емес-ті. Ел-Арсланның кезінде аумағы ұлғайып, өз бетінше күн кешкен Хорезмде байырғы, иран текті халықпен қатар, түрік текті тайпалардың үлес салмағы да еселеп артқан. Алдағы заманда Хорезмнің біржола түріктенуі кері қайрылмас, заңды құбылысқа айналған еді.
4
Ел-Арсланның мезгілсіз өлімі – бүлік пен бұлғаққа ұласып, тұтас жиырма жылға созылған, елді күйзелтіп, Қара-қытай өктемдігін одан әрмен бекіте түскен тақ таласына жол ашады. Ұлыс қаққа жарылған екі хорезмшах заманы.
Ел-Арслан өз орнына кіші ұлы Сұлтан-шах Махмұдты белгілеп кеткен екен. Бұл кезде анасы бөлек үлкен ұл Текеш Женд аймағында уәли болып тұрған. Жаңа хорезмшахты мойындамайды, Үргенішке келмейді, таққа көтеру, ант беру рәсімінен бас тартады. Сұлтан-шах күшпен алдыру, орайлы, қатаң жазаға тарту үшін Женд тарабына әскер шығарыпты. Текеш Қара-қытай патшалығына қашады, гөрхан Бусуған-қатынның ғұзырына құлдық ұрып, адал бодандығын, бұл жолдан айнымасын мәлімдейді және үлкен ұл, заңды мұрагер ретінде өзіне тиесілі ата тағын алып беруді сұрайды. Бусуған-қатын жарты патша дәрежесіндегі күйеуі Фуманы Текешпен бірге, мол әскермен аттандырыпты.
Қара-қытайдың қалың қолы Хорезм шегіне жеткенде Сұлтан-шах бұрнада, Ел-Арсланның тұсында бодандыққа келген Солтүстік Хорасанға қашады. Және өзіндік есебі бар жергілікті әмірлер тарабынан қолдау табады. Текеш Қара-қытай көмегімен Хорасан әскерін тоздырып, бірнеше қаласын өзіне қаратқан соң, бас сауғалап үлгерген Сұлтан-шах одан арғы Гур өлкесінен пана сұрайды.
Енді Текештің билігі Хорезмде берік бекігендей болыпты. Алайда, көп ұзамай-ақ Қара-қытай жұртымен аралық бұзылады. Текешті таққа бекіткен үстем патшалық алым-салығын көбейте түседі, атаулы өкілдері ел ішіндегі дөкір, әрі астам қылығымен, тіпті, сыртқы сыпайылықты қойып, хорезмшахтың өзін басынған зодырлығымен шектен шығады. Ақыры Текеш Бусуған-қатынның артық талап, өктем мінезбен келген ұлық елшісін өз қолымен өлтіреді және салық жинаушы басқақ атаулыны түгел қырып салуға жарлық береді. Әлбетте, боданның бұл ісі қарымтасыз қалмауға тиіс еді.
Алмағайып жағдайды пайдаланған Сұлтан-шах тезінен Қара-қытай ұлысының астанасы Баласағұнға жетіпті. Бұрнағы хорезмшахты қолдаған гөрхан енді Хорезмге қарсы тағы да қалың әскер аттандырады.
Қорғанысқа көшкен Текеш бұрын да әлденеше рет пайдаға асқан ұтымды тәсіл – Жейхұн-дарияның тиесілі бөгендерін ашып, Үргеніш шаһарының алыс-жақын төңірегіне түгелдей су жайып жібереді. Астана да, Текеш те аман, бірақ шарасыздан кері қайрылған Қара-қытай әскерінің біршама бөлігі Сұлтан-шахқа көмекке қалыпты. Сұлтан-шах түстікке бет бұрып, әуелі Серахс шаһарын басады, содан соң Тус, Нәса және басқа да маңызды қалаларын алып, бүкіл Солтүстік Хорасанды бағынышқа келтіреді, өзінің дербес патшалығының астанасы ретінде байтақ Мерв (Мары) шаһарына орнығады. Әлбетте, бұдан соң да ағайынды екеуінің арасында тайталас тоқталмайды, қанды ұрыстар болады, бірақ айқын басымдық Текеш жағына көшкен еді.
Бақталас інісі Сұлтан-шахтың қарымы қайтып, қатері кеміген соң Текеш Хорезм мемлекетінің іргесін бекітіп, біржола нығайту, төңірегін кеңейтіп, үлкен күш-қуатқа жеткізу мақсатында атасы Атсыз жол ашып, әкесі Ел-Арслан сабақтаған ұтымды саясат, табанды күресті одан әрмен жалғастырады. Шекаралық аймақтағы бодан қыпшақтармен біржола жақындасып, алыс сақарадағы еркін қыпшақтармен берік одақтасып, кең өріс, тың қуат табады. Сөйтіп, 1180 жылдар мұғдарында біріккен хорезм-қыпшақ қосындары Қара-қытай патшалығын шапқындай бастайды. Әскердің алғы легі бойлай сұғынып, елдің ішкі аймақтарына дейін барып қайтыпты.
Ал 1182 жылы Текеш Мәуреннахрға әскер жауып, ауыр ұрыс, тынымсыз құрсаудан соң, қара күзде ордалы байтақ Бұхара шаһарын алады. Ұзақ қарсылық көрсеткен, тіпті, өзін соқыр итке шендестіріп (хорезмшахтың бір көзі кеміс екен) қорлап, мазақтаған қала халқына қаһар қылмады, осыншама үлкен табысқа мейірленіп, талау мен тонауға да жол бермеді дейді. Бұхараның бағыныш белгісі ретінде, бұдан былай құтба оқылғанда Бағдат халифасынан соң хорезмшах Текештің есімі аталуға тиіс болады.
Текеш Хорасан тарабында да епті саясат пен әскер күшін ұтымды пайдаланады. 1185 жылы Нишапур уәлаятын Хорезм құрамына енгізеді. Қуаты мол Гур сұлтаны Ғияс-ад-Динмен тепе-теңдік жағдайдағы бейбіт келісімге тоқтап, інісі Сұлтан-шахқа қарсы күресте күш алады, сонымен қатар, батыс беттегі Мазандеран, Гилян өлкелерін бодандыққа келтіреді.
Өкімі артып, қуаты толысқан Текеш енді Парсы-Ғираққа бар назарын аударады. Әуелде арғы беттегі Әзірбайжан атабектерімен қол жалғаса отырып, біраз ықтырған, ал бұдан соң, 1193 жылдың қыс айларында жекелеген қалаларын алып, Тоғрыл Үшінші сұлтанмен мәмлеге келген һәм бодандығын мойындатқан еді. Алайда, көп ұзамай, Әзірбайжан (ол замандағы Әзірбайжан намы – қазіргі Иран Әзірбайжанына ғана қатысты, бүгінгі Әзірбайжан республикасының шегіндегі өлке – Арран және Ширван атанған) дербес иеліктерге бөлініп, біршама әлсіреген кезде қайтадан күш жинаған, ең бастысы – дәп осы кезде Сұлтан-шахтың Хорезмге шабуылын медеу тұтқан Тоғрыл бітім және бодандық туралы келісім-шартты бұзып, қарсы қимылға көшеді. Бар есебі қате шығыпты. 1193 жылы түбегейлі жеңіліске ұшырап, пұшайман болған Сұлтан-шах күрт үзілген соң, бүкіл Солтүстік Хорасан ғұзырына өткен Текеш енді Тоғрыл сұлтанға қарсы кең майдан ашады. Әскер топтап, қарсы жүрген Тоғрыл шешуші ұрыс басталмай жатып, алғыншы жасақтағы кездейсоқ қақтығыс үстінде шәйіт болыпты (1194, наурыз). Бір замандағы айбынды Селжүк әулетінен қалған ең соңғы сұлтан екен.
Тоғрылдың қазасынан соң үлкен ұрыс болмайды, Текеш жаз ортасында ел астанасы Хамадан қаласына басып кіреді. Телімге түскен қазына-байлық өз алдына, бүкіл Парсы-Ғирақ (Ғажами-Ғирақ) патшалығы Хорезм құрамына қосылғаны жария болыпты.
Әлбетте, қат-қабат тарихы бар ежелгі өлке бұдан соң да, аумалы-төкпелі жағдайлар нәтижесінде қолдан қолға өтеді, талас-тартыс, қанды оқиғалар толастамайды, бірақ айналып келгенде Парсы-Ғирақ Хорезмнен тізгін үзіп кете алмайды. Осы орайда, Парсы-Ғирақты жаулаған Текеш пен іріген патшалықтан енші дәметкен халифа ән-Нәсір арасында алалық туындайды, қан майданға ұласқан бұл дүрбелең де ақырында жайма-шуақпен бітіпті. Бүкіл мұсылман әлемінің көсемі саналатын Бағдат халифасы Хорезмшах Текешті ата жұртымен қатар, Хорасан, Түркстан және Ғажами-Ғирақтың сұлтаны мәртебесінде бекіткен жарлығын мағлұм қылады (1198). Болып тұрған ақиқат жағдайды мойындау десек те, саяси мәні зор, көрнекі, ресми деректеме.
Енді тақау төңірек, алыс-жақын уәлаяттардың кейбірі Хорезмнің қанатының астына кіріп, сырттан қорғаныш, іштен тыныштық, береке тапқысы келетін сыңай байқатады. Осы орайда, қиыр түстіктегі Керман өлкесі Текештің ғұзырына сұраныпты. Алайда, көп ұзамай қайтадан өз еркіндігін табады. Сырт айналуы – хорезмшах тағайындаған уәлидің тасыр, қатаңдығынан болды, деп айғақтайды З.Буниятов.
Қайткенде де байтақ мемлекет құрып үлгерген Текеш жеткен жер, қолда бармен шектеліп қалуды ойламаған. Ғұмырының ақыр кезеңі – 1199–1200 жылдар жапсарында дінбұзар исмайылит қауымына соғыс ашады. Текеш сұлтанның мұсылман жұртындағы тәжді әмір атаулы, әкім, ұлық атаулы елесінің өзінен қорқатын асассин патшалығына қарсы тікелей майданға шығуы – көпе-көрнеу қатерге бас байлаған жанкешті ерлік болатын. Негізгі мақсат – жаңа жер жаулау, қазына-байлық емес, хақ діннің жауы саналған, бүкіл ислам әлемін, әйгілі басшы, жетекші тұлғаларды жойдасыз террор астында ұстап отырған өзгеше құрылымды біржола қиратып, жер бетінен аластау болғаны анық аңдалады. Ашық майданда табан тірей алмаған асассиндер өздерінің әйгілі тау қамалдарына бекінеді. Текеш төрт ай тынымсыз құрсаудан соң, шың-құздағы Аламут қамалына тетелес, екінші астана саналатын Арслан-гушай бекінісін алыпты. Бұдан соң қыран қалқыған биіктегі Аламуттың өзін қоршалайды. Бірақ қорғаушыларын қаншама шығынға ұшыратса да, тас-қиядан аса алмапты. Бәрібір үлкен жеңіс. Бұрнада ешкімнің ойына келмеген, қолы да жетпеген төтенше қимыл. Хақ дінді қауымда басбұзар, зодыр асассиндерге берілген алғашқы соққы. Көзеген мақсаты ақырына жетпесе де, үлкен абырой тапқан Текеш наурыздың соңында темір құрсауды ағытып, еліне қайтады.
Алайда, бар шаруа осымен тынбапты. Исмайылшы қауымның имамы Нұр-ад-Дин күтпеген жорыққа дем беріп, Текешті өздеріне қарсы бағыттаған – бас уәзір Масғұд деп шешеді де, арнайы жаналғыш фидайын жібереді. Хорезм ұлығы арада ай өтпей қазаға ұшырапты. Текеш сұлтан мейлінше ширығып, қатты ашуланды дейді. Қолма-қол жаңа жасақ аттандырады. Хорезм әскері Кухистан уәлаятындағы тағы бір берік бекініс – Туршиз қамалын шабуылдап, төрт ай тынымсыз құрсаудан соң, ауыр албанмен бітімге тоқтайды. (Арада жарым ғасыр өткенде Шыңғыс хан немересі Құлағу хан, әйгілі Иран жорығы кезінде Аламут және басқа да барлық қамалын қиратып, асассиндер қауымын бұрынғы күш-қуатынан айырғаны белгілі.)
Әлбетте, Текештің өзінің жеке басы да қауіптен тыс емес. Оған да жаннан кешкен фидайын жіберілген. Әлдебір күні, әлдеқалай ретін тауып, ұрымтал межесіне жетіпті дейді. Қастандық жасалар ең соңғы сәтінде Текеш үд аспабында ойнап, ән толғап отырған екен. Әсерлі әуен, тиесілі мәтін орайымен: «Мен сені танып-білдім. Алдымен өз жаныңды сақта! Қаш, жоғал!» – деген мезетте фидайын қорғалақтап, бөгеліп қалыпты. Ізінше жасауылдар ұстап алған екен. Шындық па, аңыз ба, тарихшы әл-Жаузи арқылы жеткен хикаят осындай (Буниятов бойынша).
Десе де, Текеш сұлтанның санаулы ғана күндері қалған екен. Халифат өкіміндегі Ғарабы-Ғирақты (Қос-өзен – Месопотамия алқабы, бүгінгі Ирақ шегі) және Бағдаттың өзін ғұзырына қаратуды ойлайды. Алайда, үлкен жорықтың бастапқы кезеңінде сырқаттанып, Үргеніш пен Нишапур аралығында, Шахристан кентінде дүние салыпты (1200, шілде).
Сүйегі Үргеніште, өзі негіздеген үлкен медресенің іргесінде жерленеді. Үстіне қыпшақ үлгісіндегі, шошақ төбелі, зәулім күмбез тұрғызылады. (Қым-қуыт сегіз ғасырдан өтіп, біздің заманға жеткен. Басында болдым, 1985 жыл еді. Алыстан көкшаңқан төбесі ғана көрінді. Тақаған сайын аумақтана түскенімен, еңсесі жазылмады. Бар тұрқымен жер астына шомып кеткен екен. Дәл іргесіне жеткенде, бұжыр, қыш қабырғалармен астас, үңірейген, терең қуысқа көз түсті. Төменге ұзын сатылар қойылған, көтергіш қауғалар орнатылған, қыбырлап жүрген оншақты кісі көрінді. Көне күмбезді бел ортасынан басып қалған құм мен топырақтан тазартып, дөңгелете аршып жатыр екен. Бұл қамау – замана тозаңы емес, Алтын Ордамен жаулас Ақсақ Темір Үргенішке кектенгені соншама, 1388 жылы, Хорезмге қарсы соңғы жорығы кезінде Әму-дарияның жоғарғы бөгенін түгел бұзып, шаһар үстінен топан қаптатқан шақта ағып жеткен қисапсыз лай тұнбаның әдепкі көрінісі. Бір замандағы алапат астана, Шыңғыс хан шапқынынан соңғы кезеңде Ибн Баттута сән-салтанатына қайран қалған ғажайып шаһар, арыдағы Хорезм, берідегі Ұлұғ Ұлыстың қаншама қазынасы, ең соңғы күндерде қаланы қорғап шәйіт болған мың сан өлік, тұтасымен осы 7–8, 10–15 метрлік құм-топырақ астында жатыр, үсті қылтанақ шықпаған жансыз, тып-типыл, шашылған қыш көзе, өрнек-әшекейлі ыдыс сынықтарынан басқа ешқандай белгі жоқ, кейбір тұстар ойқыш, кейбір жері өркеш-өркеш, ұлан-ғайыр қу мола; аумағы әйгілі Помпейден бес-алты есе үлкен болар… Бай-бағлан, барақат-берекелі заманнан жалғыз-ақ белгі қалыпты – ол да жансыз Көк күмбез, Текеш шахтың Түркен-қатын салғызған айдынды дүрбесі…)
Ортағасырлық жазбалардың айтуынша, Текеш сұлтан бодан жұртына ғаділ, ақылы кеніш, жан-жақты дарынды тұлға болған, деп жазады З.Буниятов. Даңғыл дипломат, шешімтал қолбасы, парасатты мемлекет қайраткері. Кісі тани білген, өнерге бейіл, тапқыр, шешен. Ұнамсыз мінез, орынсыз қаталдық атаулыдан жат болған. Өзінің табанды, жанқияр еңбегі арқылы аталар ісін сәтімен жалғастырған, барды сақтап, жоқты түгендеген.
Осылайша, бұрынғы шағын ғана уәлаяттан тамыр тартып, небәрі жүз жыл ішінде өркендеп, өсіп шыққан Хорезм ХІІ ғасырдың ақырында мұсылман әлеміндегі қуатты, әрі байтақ, ұлы империя ретінде бой көтеруге бет алды.
Хорезм және Қыпшақ
Текеш сұлтанның аталарынан асып, үлкен әлуетке жетуі, ел іргесін бекітіп қана қоймай, шағын ұлысының аумағын ұлғайтып, байтақ патшалыққа айналдыруы – ең алдымен тепе-тең одақтастық, құда-андалы туыстық нәтижесінде қарымын арттырып, тың тыныс әкелген қыпшақ қылышының арқасы болатын.
VІІІ ғасырдан бастап өзіндік, қыпшақ есімімен мағлұм жауынгер түрік тайпасы әуелде Ертіс бойындағы Қимақ ұлысының құрамында көрінеді. Уақыт оза келе өсіп-өніп, батыс атырапқа қанат жаяды. ІХ ғасырдың орта тұсында Орал тауының етегі, Жайыққа жеткен екен. Х–ХІ ғасырлар тоғысында Сыр-дарияның орта және төменгі ағысын жайлаған Оғұз ұлысын қиратқаннан соң, қазіргі Қазақ Даласының көпшілік бөлігіне ие болыпты. Шығыста – Ертістің оң жағалығынан, батыста – Жайық, Маңғыстауға дейін, солтүстікте – Сібір тайғасы, Орал тауының құламасы Мұғажжардан, оңтүстікте – Шу мен Талас өзендерінің жайылмасы, Сыр-дарияның орта және төменгі ағысына дейінгі ұланғайыр қонысқа ие болған Қыпшақ, екпінін тоқтата алмай, ХІ ғасырдың басында Жайықтан өтеді, айналасы отыз-қырық жылда Еділдің етегі, Таң (Дон), Үзе (Днепр) дарияларының ұзына бойын, Торлы (Днестр) өзеніне шейін алып, бір жағы Терістік Қапқаз жотасы, Қара теңіз жағасы, бір жағы Орыс орманына ұласатын, оты мол, суы мол байтақ алапқа орнығады. Мұсылман тарихнамасында Дәшті-Қыпшақ, яғни «Қыпшақ Даласы» атанған бүткіл Орталық Еуразия.
Ел иесі, жер иесі «Қыпшақ» ретінде танылғанымен, бұл – осы атыраптағы туыстас түрік ру-тайпаларының, дәл осы кезеңде бағы көтерілген қыпшақ қауымы бастаған өзіндік құрылымы болатын. Нақтылап айтқанда, Қыпшақ бірлестігі. Одақтас тайпалар ұжымының, кейде алыс-жақын, аралас жұрттың, тіпті, тұтас ұлыстың, жетекші, немесе ең күшті, мәшһүр тайпа есімімен аталуы – көшпенділер қауымында ежелден келе жатқан дәстүр. Сол заманда бүкіл шығыс-түрік жұртының татар атанғаны сияқты. Кейінгі қазақта – Орта жүз – арғын, Ұлы жүз – үйсін, Кіші жүз – алшын дегені тәрізді.
Қыпшақ бірлестігінің құрамы туралы араб деректері (ан-Нувайри, Ибн Халдун), жинақтап келгенде, он төрт ру, тайпа атауын келтіреді. Санамалап айтсақ: анджоғлы, бурджоғлы, бурлы, джерсан, джузан, дурут, елбури, йета, котян, кунун, қалабаалы, қанғуоғлы (қанғароғлы, қаанарлы), қарабароғлы (қарабирикли), тоқсоба… Бұл тайпалардың кейбірі әлденеше рудың құрамасы екені байқалады, мәселен, тоқсоба – тоғызоба, яғни тоғыз ру, тоғыз ата, йета (орыс жылнамаларында йетоба) – жеті ру, дурут – төрт [ру]; бұлардың ішінара бөлінісі белгісіз. Осы түзімдегі қарабароғлы (қарабирикли) – орыс жылнамаларында ұшырасатын «черные клобуки» – кейінгі қарақалпақтың арғы атасы саналады, шындығында, қарабөрік (кейінгі албан қазақтағы қызылбөрік, қоңырбөрік кейіпті) аталған, басқа бір ру, ал бурдж (оғлы) – беріш, қаңғуоғлы (қаңғароғлы, қаанарлы) – қаңлы, жалпы түрік қауымына мағлұм этноним. Басқа да араб таңбалы атауларды түрки негізіне жақындатсақ: бурли, елбури – бөрлі, елбөрі, есім атаудың түбірі «бөрі», ежелгі тотем негізінде; бұдан соңғылары: анжыоғлы, жерсан, жусан, күтен, құнан; күтен – Қыпшақ қана емес, Татан тарабында да жиі кездесетін есім, яғни мұндай ныспылы рудың болуы да табиғи; құнан – арғы Ғұн заманынан белгілі ру, жусан – қазақ керей шежіресіндегі арғы бір ата, ал жерсан – осы жусанның басқашарақ таңбаланған нұсқасы деп шамалар едік; анжыоғлы есімінің түбір тегі анжы этимологиялық тұрғыда әрқилы талдануы мүмкін, жорамал жасамай-ақ қояйық, анығы – сондай бір ру болыпты.
Атап айтарлық жағдай, бұл ру, тайпалардың барлығы да Батыс Қыпшаққа қатысты. Ал Шығыс Дәштідегі қауым құрамы туралы дәйекті мағлұмат жоқ. Тек Хорезм тарихы және кейінгі Сартауыл соғысына байланысты ескерткіштерде ара-тұра жекелеген рулар есімі ұшырасып қалатыны бар. Мәселен, жалпылама қыпшақ атымен қоса, қаңлы, йемек, баяуыт, ұран дегендей. Әлбетте, Алтын Орда заманы, одан кейінгі қазақ және башқұрт, қарақалпақ, ноғай, өзбек халықтарының этникалық құрамын бұрнағы, Татан Даласынан өрбіген ру, тайпалар қатарымен салыстыра келе, Шығыс Дәштінің тума жұртының негізгі тармақтарын нақты айғақтауға болар еді, бірақ одан ештеңе өзгермесе керек, ең бастысы, бұл замандағы Қыпшақ – осы, аттас тайпа бастаған түрік руларының жиынтық көрініс, ортақ атауы екендігі.
Бұл күрделі құрылым ішіндегі, нақты қыпшақ тайпасынан соңғы ең үлкен ру – қаңлы болған сияқты. Егер қаңлы – бұрнағы тарихи әдебиеттегі кангюй-қаңғардың жалғас бір бұтағы деп білсек, ІХ ғасырдың орта шенінде Оғұз ұлысынан жеңіліп, Сыр-дария бойынан айрылғаннан кейін солтүстік-батысқа қарай ығысып, Арал теңізінің терістігінен Жайыққа дейінгі аралықта жаңа қоныс тапқан болады. Әлбетте, оғұз бодандығын қабылдауға тиіс. (Қаңғардың тағы бір, басы асау бұтағы бешенектер Еділден өтіп, Оңтүстік-Шығыс Еуропаға жеткені белгілі.) Бұдан соңғы кезеңде қаңлының Оғұз ұлысын қиратқан Қыпшақ бірлестігінің құрамына енуі – табиғи жағдай. Сонымен қатар, ескілікті тарихи жазбаларда Хорезммен іргелес қыпшақ пен қаңлының ара жігі анық ажыратылмайды. Ендігі қаңлы – қыпшақ есебінде, баз-базында ғана дараланып аталады. Соған орай, кейінгі байыпты зерттеулердің өзінде, мәселен, Бартольдтың «Түркстан моңғол шапқыншылығы дәуірінде» атты классикалық, түбегейлі еңбегінде қаңлы және қыпшақ этнонимдері өзара синоним ретінде қолданылған. Тағы бір ескеретін жағдай, бұрнада дербес, әлі де елеулі тайпа қатарындағы қаңлының өзінің құрамы да әр текті; туыстас түрік руларының біразы қыпшақ ішіндегі қаңлы атымен жүреді.
Еуразияның Алтайдан Карпатқа дейінгі бүкіл далалық, кеңбайтақ алқабын қамтып жатқан ұланғайыр Қыпшақ жұртының бірегей, немесе, жер ыңғайына қарай, әлденеше, белгілі дәрежеде ортақ ұйысқан, мемлекеттік құрылымы болмады. Бірақ бей-берекет деген сөз емес. Бірлік те бар, ұжым да бар. Тек атаулы ұлыс жоқ. Соған қарамастан, Қыпшақ жұрты төрт ғасырға жуық ұзақ заман бойы салтанат құрыпты.
Қыпшақ Жайыққа жетіп, Еділден асып төгілген, яғни күш-қуаты кемеліне келген ХІ ғасыр ғана емес, одан көп бұрын Оңтүстік тарапқа бет бұрса керек еді. Алайда, Оғұз ұлысын қиратқаннан кейін Сыр-дарияның орта және төменгі ағысын игерумен шектеледі. Шығыс қапталда – Шу мен Таластың етегі, батыс қапталда – Маңғыстау. Іркіліс себебі Түстіктегі Мәуреннахр мен Хорезмнің, бірі – Қарахан иелігінде тұрған, бірі – Араб халифаты, Самани, Ғазнауи, Селжүк империяларының боданы саналған қарулы, қуатты жағдайына ғана байланысты емес. Хорезм де, Мәуреннахр да суы мол, егіншілікке қолайлы өлкелер болғанымен, оты кеміс, күні ыстық, мал шаруашылығы үшін онша тиімді емес. Сондықтан да, Батыс бағдардағы сияқты тегеурінді, жаппай серпіліс болмайды. Бірақ олжа іздеген, байлық қуған шапқыннан тыс қалмапты.
Осы ретте тарих таңбасына түскен әуелгі бір үлкен жорық – Мамұн әулетінен соң, Ғазнауи заманындағы уәли Алтұнташ хорезмшахтың (1017–1032) тұсында болыпты. Қыпшақ және онымен одақтасқан түркмен Хорезмге Үстірт арқылы шапса керек. Алтұнташ, сыңайына қарағанда, үлкен алым-албан төлеп құтылады және бейбіт келісімнен соң Хорезм әскерінің құрамына жалдамалы шарт негізінде, аз ба, көп пе, қыпшақ жасақтары қосылады. Тетелес екі ғасыр бойғы қарулас бірліктің әуелгі көрінісі.
Арада үш-төрт мүшел өткенде, хижраның 458, миләди 1065 жылы атақты Алып-Арслан Маңғыстаудағы қыпшақ жұртына қарсы жорық жасап, «Маңғышлақ қамалын» қоршалап, бірақ басып ала алмай, тәрізі, бодандық туралы босаң келісімге тоқтап, кері қайтады. Осы ХІ ғасырдың соңғы үшегінде Маңғыстау қыпшақтары үлкен күш-қуатқа жетіпті. Ибн әл-Асир Маңғыстау ханын әскері мол, абадан әмірші ретінде сыпаттайды. 1096 жылы Хорезмге басып кірген екен. Хорезмшах Құтб-ад-Дин Мұхаммед өз күшімен тойтаруға шамасы жетпей, әміршісі Сәнжар сұлтаннан шұғыл көмек сұрайды. Селжүк әскері әрең дегенде қыпшақтарды Хорезм шегінен ығыстырып, Үстірттен асырып тастаған екен. Бұдан соңғы заманда үлкен шапқын болмаса да, қыпшақ қаупі толастамайды, әйткенмен хорезмшах сәтімен қорғанып, шекарасын берік ұстапты.
Әкесі Құтб-ад-Диннің орнын алған Атсыз біршама күш-қуатқа жеткен соң, қорғаныстан шабуылға көшеді. Қатерден алдынала сақтану ғана емес, өрісін ұзарту, мүмкін жағдайда шекаралық, тақау аймақты бағынышқа түсіру. Хорезмшахтың бұл реттегі алғашқы, шамамен 1136–1137 жылдар межесінде өткерілген және сәтімен аяқталған Женд, Маңғыстау жорықтары баянды болмайды, керісінше «бодан жұрты» шабылған Сәнжар сұлтанның қаһарына қалғаны, үлкен ұрыста жеңіліске ұшырап, тәубасына келгені туралы айттық. Алайда, көп ұзамай-ақ Селжүк өкімінен біржола қол үзген Атсыз Сыр-дария бойындағы қыпшақ жұртының орталығы саналатын Женд қаласына екінші мәрте, бұл жолы бұрынғыдан ауқымды, кең көлемді жорық ұйымдастырады және тақау төңірегімен қоса басып алады.
Өзінің «дінсіз» көшпенділерді боданға түсірген жеңіс салтанатына орай алыс пен жақынға жолдаған фатх-нама мәлімдемесінде: «Женд – ислам жұртының шегіндегі аса маңызды аймақ еді..» – деп атап көрсетеді. «540 жыл санаты, рәби-әл-әһир айының (1145, қазан, – М.М.) бас кезінде Хорезмнен аттанып, шөлді басып, қиын-қыстау жолмен теңіз жағасына жеттік. Әскеріміз бен көлігіміз аз-маз тыным тапқан соң, түн жамыла аттанып, таң сәріде Женд шаһарының қарасынын көрдік. Үлкен ұрыс бастап, мемлекетіміздің жеңіс туын тіктік…» – депті. «Өзін хан деп атаған бағымсыз бүлікші бас сауғалап қашып кетті, қалған ұлықтары мен әскербасының көпшілігі биік өкімге құлдық ұрды, Женд уәлаяты алыс аймақтармен қоса азат болып, біздің қолымызға өтті… Алдағы заманда Хорезм мен Женд бір мемлекет болып, бақытты тыныштықта ғұмыр кешпек», – дейді.
Бір мемлекет құрамындағы бақытты тыныштықтың ауылы алыс екен. Бұдан соңғы кезеңде тағы да Хорезм өкімінен шығып кеткен Женд аймағын Атсыз 1152 жылы, осымен үшінші мәрте ғұзырына жығады. Өлкенің бар билігін үлкен ұлы Ел-Арсланға жүктейді.
Бұдан соңғы кезеңде Хорезммен шектес еркін қыпшақтардың негізгі орталығы Жендтен Сығнақ шаһарына ойысыпты. Әлбетте, жалпы ұғымдағы әкімшілік астана емес, жиынды, басты қала, негізгі тірек, көршілес Хорезммен қатынас, сауда орталығы.
Атсыздан соң тақ алмасқан өліара және Селжүк империясының ыдырауына сәйкес бұлғақ кезеңінде Маңғыстау мен Женд қайтадан «дінсіз» қыпшақтардың қолына өтеді. Алайда, билікке берік бекіген Ел-Арслан көп ұзамай-ақ екі өлкені де кейін қайырыпты. Және артық қаталдықтан бас тартып, жергілікті жұртпен тіл табысуға тырысқаны байқалады. Қайткенде де қосымша өріс іздемей, барын берік ұстайды. Ел-Арслан «қыпшақ ханымен одақтастық келісім жасауға мәжбүр болды», сөйтіп, хал-қадарынша шекарасын қауіпсіз қылды, деп жазған Жүзжани. Женд аймағына уәли қылып үлкен ұлы Текешті отырғызған екен.
Жалғас замандағы Текеш шахтың тұсында Хорезм мен Қыпшақ арасындағы қатынас мүлде жаңа, басқа бір арнаға түседі. Шығыс тараптағы керуен жолдарының үлкен қақпасы есепті Женд шаһарын біржола баураған Текеш Сейхұн – Сыр-дарияның қыпшақ иелігіндегі оң қабағына кеңінен қанат жаюға тырысады. 1180 жыл шамасында Шахркент (Янгикент, Жанкент), Баршынлығ-кент және Рибат-Тоған дейтін қалаларды ғұзырына қаратыпты. Сондай-ақ, терістік сақараны жайлаған бұла қыпшақтармен тіл табысыпты. Дария бойындағы Сығнақ қаласы да Текешпен одақтасады.
Текештің Қыпшақ тарабындағы басты бағдары – жауластық емес, бейбіт келісім, одақтас татулық болғанын көреміз. Екі жаққа да тиімді сауда қатынасы одан әрмен өрістейді. Барыс-келіс, аралас ұлғая түскен. Бұл ретте Текештің негізгі қаруы – көшпенділерді исламға тарту саясаты анық аңдалады. Қыпшақ хандары мен бектері мұсылман дінін қабылдай бастаған. Әрине, ендігі жерде бұрынғы жат жұрт – жау емес, «дін-қарындас», жақын ағайын саналмақ. Ең бастысы – Текеш жекелеген қыпшақ әмірлерін қарулы жасақтарымен қоса, одақтастық, бауырластық қызметке тартады, нәтижесінде қыпшақтың үлкенді-кішілі қосын, құрамалары Хорезмнің сырт жауларына қарсы жорықтарға кеңінен тартылады.
Осы орайда, Сыр-дария бойындағы, қонысы тақау қыпшақ жұрты ғана емес, алыс, терістік сақарадағы еркін, «мәжуси» қыпшақтар да Хорезм ұлысымен жақындасуға мүдделі болғанын көреміз. 1181 жылдың қыс айларында далалық қыпшақтардың ханы Алып-Қара Ұран қалың әскерімен Женд уәлаятының шегіне келеді. Арнайы, бейбіт сапар екен. Текеш шахтың уәли болып отырған үлкен ұлы Нәдір-әд-Динмен келіссөзден соң хорезмшахқа елші қылып үлкен ұлы Қыранды жіберіпті. Нәтижесінде далалық қыпшақтар мен Хорезм арасында одақтастық мәмле жасалады. Берік келісімнің алғашқы бір көрінісі – Алып-Қара ханның Қыраннан туған немере қызы хорезмшах Текешке ұзатылады. Болашақ хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхаммедтің анасы, Хорезм империясының тарихында әйгілі Түркен-қатын. Әлбетте, әуелгі бір дәнекер деп қарастырылған. Ең бастысы – жауынгер қыпшақ қосындары лек-легімен Хорезм әскерінің қатарына құйылады.
Қыпшақ қаруының салмағы алғаш рет сол, құдалық, одақтастық мәселесі шешілген жылы жазда анық аңдалады. Біріккен хорезм-қыпшақ әскері Қара-қытай патшалығына қарсы аттанып, жолындағыны жапыра күйретіп, Тараздың түбіне тақап барып қайтыпты. Үнемі өктем болып келген қара-қытаймен арадағы ең алғашқы, үлкен жеңіс. Қыпшақ қосындары Текештің бұдан соңғы замандағы Мәуреннахр, Хорасан, Парсы-Ғирақ және басқа да жорықтары, үлкенді-кішілі соғыстарының бәріне қатысуы, сонымен қатар, ең басты күш болуы күмән тудырмайды.
Әуелде үлкен жасақ құрамында, сырт елдерге қарсы аттанған қыпшақтар ортақ жеңістен соң артынып-тартынып өз қоныстарына қайтып отырса, уақыт оза келе Хорезмнің ішкі аймағында тұрақтап қала бастайды. Қолбасы бектерімен, үй-үйелменімен. Сырттай қарағанда, тікелей бағынышқа түскен тәрізді. Шын мәнісінде одақтас, бірлес қыпшақтар Хорезмнің құқұғы кем боданы саналмаған, қашанда өз ықтиярымен, еркін жүргенін көреміз. Қажет болса, қарсы шығудан тайынбаған.
Бұл жағдай Текеш шахтың 1195 жылы «дінсіз» көшпенділерге қарсы жорығы кезінде айқын аңдалады. Сығнақ пен Женд әмірі, бағыныштан шығып кеткен Қадыр-Бүкү ханмен бетпе-бет шайқас үстінде Хорезм құрамындағы қыпшақтардың өзі қандас туыстарының жағына өтіп кетеді. Нәтижесінде Текеш шах қирап жеңіліп, тоз-тоз болған жасағының қалдығымен, он сегіз күн дегенде Үргенішке әрең жетіпті.
Алайда, көп ұзамай-ақ сақара жұртымен қайтадан тіл табысқанын көреміз. Әлбетте, қаншама тарту-таралғы, сый-сияпат, жомарт уәдеден соң. Тезінен оңалып, жыл уағы толар-толмаста, хижраның 592, миләди 1196 жылы жаз айларында Парсы-Ғирақ тарабына аттанады. Исфаһан, Рей, Хамадан қалаларын басып, бүкіл солтүстік-батыс Иранды Хорезм құрамына қосып алады. Бұдан соңғы табандасқан зор майданда халифа ән-Нәсірдің қалың қолын қиратып жеңіпті. Ізінше Бағдаттан бітімге келген мәртебелі елшіге айтқан екен: «Біздің 170 мың атты жауынгеріміз бар…» – депті. Сондықтан да ешқандай шегініс болмасын, жауланған патшалық Хорезмнің ғұзырында қалатынын нықтап айтады. Өсіріп көрсеткеннің өзінде Текештің қарулы күштерінің ұзын саны жүз мыңнан асып жатуы анық. Әлбетте, аяқ астынан көбейген осыншама әскердің кем дегенде тең жарымын қыпшақтар құраса керек.
Әйткенмен, арда, асау жұртқа сенім жоқ еді. Текеш қандай жолмен болса да, сақара қыпшақтарын мейлінше әлсіретуге тырысады. Осы ретте көп ұзамай-ақ, қыпшақ қауымының өз ішіндегі билікке талас алауыздықты ұтымды пайдаланыпты. Бас имеген қалпы бұла кеткен Қадыр-Бүкү ханның ініден туған бауыры Алып-Дерекке қолдау жасайды. Алып-Дерек Хорезм әскерінің көмегімен жеңіп шығады (1198). Тұтқынға түскен, Текештің алдына келтірілген Қадыр-Бүкү хан жансауға кешірім алыпты. Ағасын сатып билікке жеткен Алып-Дерек Текешке де опа бермейді, өзін мүлде дербес сезініп, келер жылы Хорезм шегіне шапқын жасай бастайды. Енді Текеш жақын ғұзырында, құрметті тұтқында отырған Қадыр-Бүкү ханды атқа қондырады. Әлбетте, тиесілі көмегімен. Ақыры, үлкен ханның Алып-Деректі біржола жеңгені туралы хабар келді дейді.
Осыдан соң Қыпшақ-Хорезм шекарасында бейбіт тыныштық орнайды. Сыр-дарияның төменгі ағысы, Аралдың атырауына дейін Хорезм иелігіне көшеді. Ал бір орталыққа бағынбаған далалық қыпшақтар өз бетінше ғұмыр кешкенімен, бұрынғыдай үлкен қатер болудан қалады. Сонымен қатар, жекелеген жауынгер топтарының Хорезм шегіне жетіп, Текештің қызметіне кіруі де тоқталмаса керек. Өткенге жаңасы қосыла келе, күн озған сайын Хорезм шегіндегі қыпшақтар іштей ұйысқан, үлкен қауым ретінде ордалана түседі. Соған орай, қыпшақ негізді әскердің саны да өлшеусіз өсіп, империя шегіндегі ең елеулі күшке айналыпты.
Алдағы заманда қыпшақ бектері одақтас әскери міндетімен шектелмей, сарай төңірегіндегі мәртебелі ұлық дәрежесін, жекелеген шаһар басшылары лауазымын алады, ақыр түбінде мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатында айрықша ықпалға жетеді. Бұл жағдай – дала жұртының Хорезмге күш берген айбынымен қатар, Текеш шахтың нақсүйері, қыпшақ ханының қызы Түркен-қатынның парасаты мен саясатының нәтижесі болатын.
Хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхаммед
Текеш сұлтаннан соң тура отыз күнде таққа отырған Ала-ад-Дин Мұхаммед – Хорезм тарихындағы ең сорақы тұлға ретінде танылған. Өзгеше атағы – Шыңғыс ханнан масқара жеңілісіне байланысты. Әлемдік тарихнамада ақылсыз, дарынсыз, тауансыз, жасқаншақ, қорқақ бейшара ретінде сыпатталады. Жалпы жұрт санасында да осы кейіпте орныққан. Шын мәнісінде бәрі басқаша. Қайткенде де дәп солай емес. Ал, Шыңғыс ханнан жеңіліпті. Ұлы жихангерден кім жеңілмеген. Татар-моғұл жұртының қанды жебесі мен қайқы қылышына қарсы тұра алған кім бар екен? Бұрнада Қытай императоры мен Таңғұт патшасы. Кейінде Қыпшақ хандары мен Орыс кнәздары. Одан соң Батыс Еуропаның мұз құрсанған корольдері мен барон, магистрлері. Хорезмшах Ала-ад-Дин солардың ішіндегі ең сорлысы емес еді. Керек десеңіз, Ұлы Хорезм империясын кемеліне келтірген алымды қолбасы, айтулы саясаткер, құдіретті әмір. Бар бақытсыздығы – Шыңғыс ханмен тайталастан шыққан.
Тума есімі – Құтб-ад-Дин. Таққа отырғаннан соң атасы Атсыздың есімін иеленген – Ала-ад-Дин – Дін-Кемел. Хорезм тағына әуелден мұрагер емес екен. Текештің төртінші ұлы. Ізбасар ретінде бекітілген ағасы Нәдір-әд-Дин мезгілсіз өлгеннен соң (1197) хорезмшахтың сүйікті жұбайы Түркен-қатыннан туған Құтб-ад-Дин бірінші кезекке шығады. Әкесі барда көзге түсіпті. Бағдат халифасы ән-Нәсір Хорезм патшалығына ықылас білдіргенде, сұлтаннан соң оның мұрагер ұлын атап, тиесілі марапат жасайды (1198). Текештің исмайылит қауымына қарсы екінші кезек соғысында (1200) Хорезм әскерін осы Құтб-ад-Дин бастапты және үлкен абыроймен оралыпты.
Құтб-ад-Диннің ғұмыр жасына қатысты нақты дерек жоқ. Егер болашақ хорезмшахтың анасы Түркен-қатын, тарихшы Жүзжани айтқандай, шынымен-ақ Қыпшақ ханы Алып-Қара Ұранның қызы болса, оның Текеш шахпен қосылуы – 1181 жылдың екінші тоқсанында. Мұндай жағдайда, Ала-ад-Дин, ары дегенде 1181–1182 жылдар жапсарында туған. Таққа отырған шағында он сегіз-он тоғыз жаста. Осыған қосымша екінші бір дәйек – 1217 жылы жазда Хорезмге келген Бағдат елшісі ас-Сухраварди Ала-ад-Дин сұлтанды сақал жіберген жас жігіт деп сыпаттайды. Алдыңғы қисынға салса, бұл кезде отыз бес, отыз алты жаста болады.
Жаңа хорезмшах алғашқы күндерден бастап-ақ үлкен қиындыққа ұшырасады. Тақ алмасу кезеңінде болатын әдепкі жағдай – кейбір уәлаяттар орталық биліктен бас тартады, бақас патшалықтар жаулық жолын қалайды. Бұл ретте Мазандеран Хорезмнен бөлініп шығыпты, ал қуатты Гур патшалығы тікелей соғыс қимылдарына кірісіпті. Ғазнадан аттанған Гур сұлтаны Ғияс-ад-Дин ауыр әскермен Хорасан шегіне жетеді, Хорезмнің шекаралық қолбасылары қарсы ұрыс салғанымен, саны басым жауды тоқтата алмайды, ең қиыны – ұрыстың шешуші кезеңінде гур әскері бұл жақта бұрын естілмеген жойқын күш – соғыс пілдерін шабуылға шығарады екен, бес-он емес, тура тоқсан піл, тапап, жаныштап, қандай шепті болмасын бұзып өтеді. Осы ретпен Ғияс-ад-Дин Мерв, Тус, Нишапур, тағы қаншама шаһарымен бүкіл Солтүстік Хорасанды басып алады.
Бұл кезде тағын бекемдеп, астана Үргеніште толық өкімге жеткен Ала-ад-Дин сұлтан әскер топтап, күш жинай бастады дейді. Әуелі Ғияс-ад-Диннің атына ашулы хат жолдапты: «Сен маған әке орнына қамқор болып, дінсіз Қара-қытайға қарсы күресте көмектесер деп ойлап едім. Сен қол созу орнына, менің жұртымды басып алып жатырсың. Бәрін тезінен қайтаруыңды күтемін. Әйтпеген жағдайда, мен Қара-қытайды және басқа да түріктерді көмекке шақырып, талқаныңды шығарам. Мен әкемнің дүниеден өтуіне байланысты қам-қарекет, ел-жұртымды жөнге келтіру қамында жүріп, саған тосқауыл жасай алмадым. Міне, қазір бар күшіме ендім, сенің бүкіл патшалығыңды және басқа да алыс-жақын аймақтарды ғұзырыма келтіруге жетерлік қуатым бар. Сенің заманың өтті, жасың ұлғайды, менімен тайталасуға ғұмырың жетпейді!» – депті.
Бар әскерін сайлап, жорық жолына түседі (1201, шілде). Ең алдымен Ғират қаласына шабуыл жасапты. Бірақ қырық күн құрсаса да, қамал берілмейді. Ақыры үлкен сауға алып, кері қайтыпты. Бұдан соңғы, кең даладағы, көп қан төгілген кезекті ұрыс тепе-тең жағдайда аяқталады. Хорезмшах сол бетінше кері қайрылған жолында Нишапурды қамайды, екі ай бойғы қатаң шайқастан соң өз өкіміне келтіреді. Тетелес кезеңде Гур сұлтанының қандай да бір мәмле, бітім туралы ұсыныстарын қабылдамайды. Тепе-тең жағдайдағы, аумалы-төкпелі ұрыс қимылдары одан әрі жалғаса беріпті.
Ақыры, 1203 жылы қаңтарда Гур сұлтаны, қарт Ғияс-ад-Диннің өлімі туралы хабар келгенде, хорезмшах бөгелместен, бар әскерімен үдере шеру тартып, Хорасанға жетеді. Мерв түбінде болған үлкен ұрыста ұлұғ әмір Жар-бек бастаған қалың қолды қиратып жеңіпті. Айналасы он бес күн өткенде шаһардың өзін алады. Қаншама әскер қырылады, қаншамасы қаруын тастайды. Қолға түскен Гур ұлықтарының көпшілігі өлімге кесіледі, оның ішінде Жар-бектің басын жеңіс куәлігі ретінде Хорезмге жіберіпті.
Жорық жолынан таймаған Ала-ад-Дин келесі, 1204 жылдың басында мейлінше жабдықталған жауынгер жасағымен Ғират қаласын құрсауға алады. Тұтас бір ай бойы серіппе (манджаник – катапульта) арқылы атқылап, қамал қабырғасын талқандайды, іштегі қаншама ғимарат, үй-жай, қора-қопсыны қиратады, ақыры байтақ шаһарды бағынышқа келтіріпті. Әйткенмен, қала халқына зәбір жасамайды, тиесілі салғырт, айып-алымнан да бас тартыпты.
Бұл кезде Гур патшалығы өткендегі Ғияс-ад-Диннің інісі Шихаб-ад-Диннің билігіне көшкен. Жаңа сұлтан мейлінше қаһарланып, Хорезмге тура аттанады. Астанаға тақау Қара-су дейтін тоған бойында болған табанды ұрыста (1204, қыркүйек) екі жақ та ауыр шығынға ұшырады дейді, әйткенмен, Гур жағы басымырақ шығыпты. Шихаб-ад-Дин тұтқынға түскен хорезмдік жауынгер атаулыны түгелдей өлімге кеседі де, Үргеніштің өзін қоршауға дайындалады.
Түгелдей қырылып кету қаупіндегі астана жұрты тайлы-таяғы қалмай, тік тұрды дейді. «Дін тұғыры» атанған имам әл-Хиваки жалпы жұртқа рух беріп, өзінің бар байлығын қорғаныс қажетіне салыпты. Хорезмшахтың анасы Түркен-қатын арнайы жарлығымен еркек кіндікті азамат атаулыны түгел көтеріп, 70 мыңдық жасақ құрды дейді.
Гур шапқыны басталған кезде Ала-ад-Дин сұлтан Хорезмге қарасты шеткері аймақтардың бәріне жаушы аттандырып, әскер сұратқан екен. Ең бастысы – Қара-қытай гөрханы Жұлқұға мән-жайды хабарлап, тезінен көмек беруді өтінген. Міне, Гур әскері Үргеніш қамалына тікелей шабуылға кірісер тұста, Қара-қытай патшалығының қалың қолы келіп жетеді. Әскерді бастаған – Самарқанд әмірі, Қарахан әулетінен шыққан Осман сұлтан, Тараз әмірі, қара-қытай Тайаңгу және Османның немере інісі, Отырар әмірі Тәж-әд-Дин Білге хан екен.
Қызыл қырғын, алапат майданда Гур әскері ту-талақай болып жеңіледі. Қара-қытай қосындары жан сауғалап қашқан жұртты екі күн бойы қудалап, түгін қалдырмады дейді. Қаза тапқандардың саны 20 мыңнан асады. Әлденеше мыңы қолбасы, ұлықтарымен бірге тұтқынға түседі. Әлдеқалай аман құтылғандары шөл мен құмға лағып кетті дейді. Иә, айтпақшы, жолындағының бәрін жапырып, ұрыс тағдырын шешетін жарақты пілдің төртеуі өліп, екеуі қолға түсіпті. Осындай ұлан-ғайыр жеңістен хорезмшах Ала-ад-Диннің өзі де шет қалмаған; әлбетте, арғы беттен қара-қытай шапқанда, бар әскерімен қамалдан шығып, өз тарабынан жаңа майдан ашқан. Ал әскері қираған Шихаб-ад-Дин әл-Гури сол қашқаннан Андхуд деген қамалға барып тығылады. Толық қоршауға түскен, қайткенде де тұтқынға алынуға және жеңіс салтанатының көркі, кіріптар патша ретінде гөрханның алдына жеткізілуге тиіс сұлтанды Самарқанд ханы Осман құтқарып қалыпты. Мұсылман әмірі дінсіз гөрханның ғұзырына құламауға тиіс екен. Осындай ішкі сезім жетегімен араға түсіп, бейбіт бітімге келтіреді. Келісім бойынша, Хорасанның ілкіде Ала-ад-Диннің қолына өткен біршама бөлігі Хорезмге қайтарылады. Сонымен қатар, Гур сұлтандарының қаншама мал-мүлкі, қазына байлығы Қара-қытай патшалығына олжаға кетеді. Шихаб-ад-Дин қорлық тұтқын ғана емес, төніп келген көпе-көрнеу ажалдан құтылды. Гур сұлтаны ғана емес, хорезмшахтың өзі де. Шындығында, Қара-қытайдың қалың қолы жетпесе, Ала-ад-Диннің басы да найзаға шанышылуы анық еді. Және бар кесапат хорезмшахтың қазасымен тынбайтын. Бүкіл Хорезм патшалығы бардан жоққа айналар еді. Күмәнсіз жағдай.
Енді тағдырдың мазағын қараңыз. Арада жеті-сегіз жыл өтеді. Хорезмді біржола күйреуден, хорезмшахты анық, ақиқат ажалдан алып қалған үш серек – Самарқанд ханы, сұлтандардың сұлтаны мәртебесіндегі Осман, оның немере інісі, Отырар ханы Тәж-әд-Дин Білге және Тараз әмірі, Қара-қытай ұлысының бас қолбасшысы Тайаңгу – үшеуі де хорезмшах Ала-ад-Дин ибн Текештің қолынан, қысасты қазаға ұшыраған екен. Ретті кезегінде бар хикаясын баяндаймыз.
Өзгеше талай
Текеш дүниеден өткен, Ала-ад-Дин таққа жеткен алмағайып заман – ХІІ–ХІІІ ғасырлар тоғысында бүкіл Орталық Азиядағы ең қуатты мемлекет – Қара-қытай ұлысы болатын. Шығыста Қашғар мен Тұрпаннан тартып, түстік-батыста Мәуреннахрмен шектелетін, байтақ держава. Ұйықты ордасы – Жетісу, Талас пен Шу бойы; арғы-бергі алыс-жақын өлкелер бодан саналады, мөлшерлі салық төлейді, қажетті кезінде әскер береді, немесе, гөрханның нұсқауымен жеке-дара шапқынға шығады. Қара-қытай империясы ХІІ ғасырдың 20-30 жылдарында қалыптасты, 40-жылдарда күш-қуатының шегіне жетті дедік (Бірінші, Екінші кітаптар). Осы уақыттан бастап Хорезм ұлысының өзі Қара-қытайға сырттай тәуелді болды.
Қара-қытай гөрханы, жауынгер Елүй-Дашы 1141 жылы Кәтуан ұрысында атақты Сәнжар сұлтанды қиратып жеңгеннен соң Селжүк империясының қуат-қарымы күрт кемиді, міне, осы кезде бас көтерген, дербестікке ұмтылған өлкелердің ішінде қазіргі Ауғанстанның орталық бөлігін қамтитын Гур аймағының жергілікті әкімі Гур әулеті айрықша белсенділік танытыпты. Әуелде Ғазна шаһарын бүкіл аудан-аймағымен басып алады. Содан соң, Сәнжар сұлтан өліп, Селжүк империясы ыдыраған кезеңде мүлде күшейіп, қанатын кеңге жаяды. Орталық шаһары Ғиратпен қоса Бадғыс аймағын, Заминдавар, Ғарджистан, Бадахшан өлкелерін толайымен қарауына түсіреді. Гур патшалығы әсіресе Ғияс-ад-Дин сұлтанның тұсында (1163–1203) өзінің күш-қуатының шарықтау шегіне жетіпті. Шығыс тарапқа айрықша назар салып, қазіргі Пәкстан мен Үндістан шегіндегі Лахор, Пешавар уәлаяттарын жаулайды, ал ХІІ ғасырдың соңына таман Кашмир мен Пенджабты бағындырып, Делиді өкіміне қаратыпты.
Әлбетте, Орталық Азиядағы екі алып – Қара-қытай мен Гур үнемі тайталас, бірақ әрқайсының өзіндік өрісі бар. Белгілі бір мүдделер сыйыспаған кезде үлкен соғыстар да болған. Алмағайып, көбіне-көп тепе-тең жағдай. Ал Қара-қытай боданы саналатын Ануш-тегін әулеті екі аралықтағы епті саясат нәтижесінде іс жүзіндегі дербестігін сақтап тұрды. Бірақ қажетті кезінде Қара-қытайға сес көрсетуден де, Гурмен майданға түсуден де тартынбаған. Десе де, кералаң жағдайда Қара-қытайға арқа сүйеп отырғанын көреміз. Гөрхан алыстан иелік етумен шектелсе, тиесілі қараж салығын қанағат етсе, Гур сұлтандары Хорезмді біржола жаныштауды, елдігінен айырып, жерін иеленіп, халқын басыбайлы қылуды ғана ойлайды. Ақыр түбі, екі империяның жүз жылдық тайталасында Қара-қытай басым түсіпті. Бірақ пайда емес, зиян шегіпті, анық ұтыс тапқан – Хорезм болып шықты.
Гур сұлтаны, кәрі арыстан Ғияс-ад-Диннің өлімі – табиғи ахуал десек те, хорезамшахқа үлкен жеңілдік әкелген жағдай болды. Келесі сұлтан, Ғияс-ад-Диннің інісі, Үндістан тарабындағы әмірші Шихаб-ад-Дин бар билікті қолына алып, ата тағына берік орныққанша, хорезмшах та ес жиып, әуелгі бей-берекет шаруасын реттеп, жаңаша тыныс алған. Ақыры қайыр болды, Қара-қытайдың қалың әскері шапқынға шыққан Гур патшалығының негізгі күштерін қиратып берді. Алайда, саяси һәм әскери борыш-міндетін мұсылманшылық санасы басып кеткен Самарқанд ханы Осман жаулас жұртты біржола талқандауға бөгесін болып, Шихаб-ад-Диннің жанын сақтап қалды. Яғни, Гур, ерте ме, кеш пе, Хорезмге және, сөз жоқ, Қара-қытайға да қарсы күресін одан әрмен жалғастырады деген сөз.
Жеңілген жақпен арадағы тиімді, кеңшілік бітім ұзаққа бармайды. Келесі көктемде соғыс қимылдары қайтадан басталады. Хорезм халқын, бұрынғыдай болмағанымен, ауыр күрес күтіп тұрған. Ұзақ жазға созылған ұрыс-қағыстың бет алысы тәуір. Бірақ бұл – үлкен майданның бастауы ғана. Жалпы жағдай өте күрделі болатын. Міне, дәп осы кезде Шихаб-ад-Дин сұлтанның көлденең қазасы туралы хабар жетеді. Үндістан шегінде, күтпеген жағдайда, әлде үнді жанкештілері, әлде исмайылит фидайындарының қолынан қаза тауыпты (1206, наурыз). Жувәйни айтқандай, хорезмшах үшін көктен түскен бақыт.
Байтақ Гур мипериясы бірден-ақ әлденеше иелікке бөлініп кетеді. Шығыс тарап – Дели, Лахор, Мултан – әрқайсысы өз алдына. Түпкі уәлаятта тағы да дербес әмірлер. Ендігі жағдай мүлде басқаша. Ала-ад-Дин сұлтан көп ұзамай-ақ әскер аттандырып, бірін ерікті түрде, екіншісін күшпен иіп, Ғират пен Балх, Термез бен Фирузкух – бүкіл Хорасан – күні кешегі Гур патшалығының батыс бөлігін түгелімен Хорезмнің құрамына қосып алады. Әлбетте, бәрі де оңай, жып-жылмағай болмаған. Кейбір қала, уәлаяттар қайта көтеріледі, қолдан қолға өтеді, бірақ ақыр түбінде басым күшке мойын ұсынады. Арада екі жыл өткенде хорезмшах Гур әулетінің ең соңғы тұяғы Махмұд сұлтанды тұтқындап, өлімге кеседі. Бір замандағы байтақ, әрі қуатты Гур патшалығы із-түзсіз, біржола жойылды.
Мейманасы тасып, күш-қуатына сенген хорезмшах енді Қара-қытаймен белдесуге шешінеді. Оның үстіне, Мәуреннахр шегіндегі мұсылман қауымының көмегіне сенімді болатын. Самарқанд ханы Осман арнайы сөз салып, хорезмшахты Қара-қытайға қарсы жорық ашуға, сөйтіп, бұл тараптағы хақ дінді жұртты дінсіз кәпірдің езгісінен құтқаруға шақырады. «Әкбар алланың рахматы түскен құдіретті Ала-ад-Дин сұлтан» ғазауатқа шықса, біз де жанымызды аямаймыз, бірге шабамыз және алдағы уақытта барымызды түгел береміз, депті. Яғни, рәсімі бөлек Қара-қытайдан құтқарса, діні бір Хорезмнің бодандығын қабылдамақ. Бір Самарқанд емес, бүкіл Мәуреннахр Хорезм көмегін күтіп отырғандай.
Ала-ад-Дин бар жағдайды қолайлы санап, тәуекел жасайды. 1207 жылы көктемде қалың әскермен Мәуреннахр шегіне басып кіріпті. Ең алдымен Бұхара шаһарына жетеді. Билікке талас екі топтың тынымсыз күресінен запы болған қаланы артық қиындықсыз бағынышқа келтіреді. Содан соң сән-салтанатпен Самарқандқа келіп түседі. «Сұлтандардың сұлтаны» Османмен тіл табысқан келісім бойынша, көп ұзамай-ақ Қара-қытайға қарсы аттанады.
Қай жерде және нақты қай айда болғаны белгісіз қан майдан үлкен апатқа ұласыпты. Әлі де күшінде тұрған Қара-қытай әскері Хорезм мен Самарқандтың біріккен жасағын ту-талақай қылып жеңеді. Қаншама жан қаза табады, қаншама жан тұтқынға түседі. Қалған әскер қашып, босып кетеді. Хорезмшах Ала-ад-Диннің өзі мүлде хабарсыз жоғалыпты.
Бірнеше айдан соң мағлұм болғандай, қазаға ұшырамаған, Фулан ибн Масғұд деген әмір ұлығымен бірге ол да дұшпан қолына түскен екен.
Ала-ад-Диннің төтенше бір сақтық әрекеті – ұрыс-қағыс кезінде сән-салтанатты қару-жарағын тастап, қатардағы жауынгердің кебінде көрінеді екен. Ибн әл-Асирдің айтуынша, хорезмшах пен оның ұлығын қабатынан тұтқан қара-қытай жауынгері кімнің кім екенін білмейді, қымбат жарақты ұлықты үлкен тұлға, ел қарапайым кейіптегі сұлтанды оның қызметшісі деп ойлайды. Бұлардың өздері де осындай жағдайда көрініпті. Ақыры, Фулан ұлық жеке басын сатып алу үшін елдегі туыстарына хабар айтуға қасындағы «қызметшісін» жібермек болып, өктем қара-қытаймен мәмлеге келіпті. «Қызметші» хорезмшах «қожайын» ұлығының хатын алып, аман-есен Үргенішке жеткен екен. Сөйтіп, қым-қуыт ұрыста хабарсыз кеткен, барша жұрт өлдіге санаған сұлтан меншікті тағына қайтадан отырады. Әлбетте, өзін тұтқыннан құтқарған ұлық әмірді, тиесілі пұлын жіберіп, босатып алса керек, сонымен қатар, тым ұзақ емес, төрт-бес ай жоғалған кезінде әрқилы мінез көрсеткен кісілерін түгел жазаға тартады, оның ішінде туған ағасы, әуелгі сәтінде бас сауғаласа да, ақыры қолға түскен Тәж-әд-Дин Әли-шахтың да басы кеткен екен.
Қарахан әулетінің ақыры
Орта Азия, Жетісу шегіндегі Қарлұқ қағанатының билеуші табын бейбіт жолмен алмастырған (942) Қарахан – Елек-хандар әулетінің нақты шығу тегі туралы ешқандай дәйекті дерек жоқ. Қайткенде де, бұрынғы Қарлұқ қағандарының тікелей жалғасы. Ресми хаттамада өздерін түрік деп қана көрсетеді екен, Афрасиаб әулеті ретінде әйгілеген, әлбетте, парсы тарихнамасы мен әдебиетінің әсері, өзіміздің тілге көшірсек, Ежелгі Тұран патшаларының тұқымынан.
1030 жылдар шамасында екіге бөлінген байтақ ұлыстың Шығыс қағаны қарлұқтың шығыл табынан, ал Батыс қағаны – яғма табынан деп шамаланады. Шартты түрде Шығыс қағаны – жоғары саналады. Алайда, көп ұзамай-ақ бұл шартты бірліктің өзі жоққа саяды. Және екі тарапта да шектеулі тұтастықтың өзі ада болып, жекелеген қала-кент, атаулы аймақтар өзара дербес хандардың қарауына көшіпті. ХІ ғасырдың соңында бүкіл Қарахан ұлысы шын мәнісіндегі тәуелсіздіктен айрылып, Селжүк империясының бодандығына түседі. Ал ХІІ ғасырдың 40-жылдары Селжүк билігін Қара-қытай өкімі алмастырады.
Бұрнағы Елек-хандар иелігінен байтақ Баласағұн қаласы мен бүкіл Талас, Шу бойын бауырына басқан Қара-қытай гөрханы Орта Азия шегіндегі жұрттың ішкі ісіне араласпай, тиесілі қараж салығын алумен ғана шектеледі. Енді, ұзын-арқан жағдайдағы Қарахан әулетінің шығыс тармағы ХІІ ғасырдың екінші жарымында қайтадан күш жинап, Ферғана мен Сыр-дарияның орта ағысы, Мәуреннахрдың көпшілік бөлігін ғұзырына қаратыпты. Бұрынғыдай біртұтас, берік ұлыс емес, әрбір аймақ, атаулы қалаларда шын мәнісінде дербес әміршілер бекіген. Әйткенмен, сыртқы бірлік толайымен мансұқ болмаған. Самарқанд ханы «сұлтандардың сұлтаны», яғни бүкіл әулеттің ағасы танылып, Самарқанд шаһары орталық астана саналады. Хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхаммедті сырттай соншама жақын тұтқан Осман ибн Ибрахим – ежелгі Қарахан әулетінің соңғы бір жұрнағы болатын. Қара-қытай ұлысына тәуелді, сонымен қатар, астана шаһар мен тиесілі аймағында өзіндік билігі, қалған бауырлас жұртта үлкен беделі бар. Бұл кезде Османның немере інісі, ол да Қара-қытай боданы Тәж-әд-Дин Білге хан керуен жолдарының бойындағы дәулетті, сәулетті Отырар қаласын ұстап тұрған. Сондай-ақ, Сырдың ұзына бойындағы үлкен-кішілі қала, кенттер мен Ферғанада тағы да ескілікті Елек-хандар әулеті өкім құрып отыр.
Османның діні жат Қара-қытай бодандығын мұсылман Хорезм өкіміне алмастырмақ әуелгі талабы сәтсіз аяқталды. Ала-ад-Динмен тізе қосқан майданда жеңіліске ұшырады. Осыдан соң көп ұзамай-ақ гөрхан Жұлқұ әскер аттандырып, Самарқанд шаһарын басып алады. Әйткенмен, қаланы қиратпайды, жалпы жұртқа да артықша зәбір жасамапты, ал Осман сұлтанға кешу жариялайды. Оның үстіне, өткендегі реніш пен алшақтаудың бір себебі, қанша сұратса да қимаған қызын беріп, қатардағы бодан емес, құрметті күйеу дәрежесіне көтереді. Бұрнағы тәртіп орнында – Самарқанд шаһары бүкіл аудан-аймағымен Қара-қытай ғұзырын мойындады, бағыныш үстіне әр отбасыдан бір алтын теңге – тиесілі салығын төлеп отыруға тиіс. Бартольд Самарқандты Жұлқұның қайыра бағындыруы – 1210 жылдың бірінші жарымы болса керек деп шамалайды, егер Османның Қара-қытайды тәрік етіп, хорезмшахпен бірлескен сәтсіз соғысы 1207 жылы өткерілді десек, гөрханның қажетті шапқыннан үш жыл бойы тартынып отыруы қисынға келмейді, тәрізі, жеңісті майданнан соң бірден аттанған.
Ауыр кінәсіне қарамай, мархаматқа жеткен Осман бәрібір жібімепті. Сырттай бағыныш білдіріп, қажетті сәтін ғана күтеді. Сыңайы, хорезмшахпен жең ұшынан жалғасып, алдағы іс қимылдары туралы хабарласып, келісіп отырса керек.
Бүкіл Хорасанды қолына қаратып, төңірегін түгел тыныштыққа келтірген, бар жағдайы берік бекіген Ала-ад-Дин енді Қара-қытаймен жаңа соғысқа сайланады. Әуелде жыл сайынғы міндетті салығын төлемей қойыпты. Гөрханның қатаң талаппен Үргенішке келген елшісін, барлық қосшыларымен қоса, бұтарлап шауып өлтіруге бұйырады. Содан соң Жұлқұның қарсы әрекетін күтпей-ақ, қалың қол құрап, үдере аттаныпты. Бүкіл Мәуреннахр халқы мұсылман әміршісін азаткер есебінде, үлкен қуанышпен қарсылады дейді. Тиесілі әскерімен Осман қосылады. Әлбетте, Мәуреннахрдың қарулы жұрты тек Самарқанд жасағымен ғана шектелмесе керек.
Хорезмшах қалың қолмен, жаппай шеру тартып, сол бетінде Сыр-дариядан өтті дейді. Талас өзеніне жақын Иламыш дейтін жазықта Қара-қытай ұлысының жоғарғы қолбасшысы Тайаңгу бастаған қарақұрым әскермен бетпе-бет келеді (1210, қыркүйек).
Қантөгіс ұрыс күн ұзаққа созылып, тепе-тең жағдайда, кешке қарай ғана тоқталса керек. Ары қарай жалғаспайды. Хорезм жағының ең үлкен табысы – астындағы аты өліп, тәрізі, жеңіл жараланып, қоршауда қалған қолбасы Тайаңгу тұтқынға түседі. Осыған орай Ала-ад-Дин өзінің толық жеңіске жеткенін жариялапты. Кейінгі бір зерттеушілер, мәселен З.Буниятов, Қара-қытай әскері қирап жеңілді деп көрсетеді. Ал Бартольд таразы басы ауған жоқ деп кесіп айтқан. Хорезмшах кері шегінген қара-қытай жасағын одан әрмен қудалауға батпады, майдан даласында анық басым түскен жағдайда, сол бетімен тақау тұрған Баласағұнға шабуға тиіс еді, депті. Шынында да, шегіністің негізгі себебі – өлдіге саналған, бұдан арғы ұрысты ұйымдастыратын бас қолбасыдан айрылу деп білсек керек. Және дәп осы кезде Найман Күшлік ханның бүлігі шыққан, майдан үстінде арттан ауыр хабар, бар әскердің тезінен орталыққа қайтуы туралы гөрхан жарлығы жетуі мүмкін.
Десе де, Қара-қытай ұлысының сағы сынды, бағы қайтты. Хорезмшах өзінің ұлы жеңісі туралы бүкіл мұсылман әлеміне жар салады. Және бұл оқиға барлық жерде исламның ғайри дінді қиратқан салтанаты ретінде қабылданыпты. Ал Үргеніште масаттық, шаттыққа толы, дабырлы жағдайда жеңіс мерекесі тойланады. Хорезмшах Ала-ад-Диннің атына қаншама мадақ айтылып, жер-әлемде теңдесі жоқ жиһангер деп жарияланады. Той үстінде тұтқындағы Тайаңгуді дарияға батырып өлтірген екен.
Қайткенде де, Қара-қытай кері шегінді. Енді Ала-ад-Дин сұлтан Мәуреннахрға қоса, Сыр-дарияның ұзына бойын Хорезмнің ғұзырына келтіріпті. Осы қатарда өзіндік өкімі бар шағын патшалық есепті Отырарды да дербестігінен айырып, Тәж-әд-Дин Білге ханды бағынышқа түсіреді. Ал Білге ханның немере ағасы Османды мейлінше жарылқапты. Османның өзі тілегендей, сұлу Самарқанд шаһары бүкіл аймағымен байтақ мұсылман патшалығының бір бөлігі ретінде, Хорезмнің қарауына көшеді. Бодандық туыстықты біржола бекемдеу үшін хорезмшах Ала-ад-Дин Самарқанд әмірі Османға өзінің туған қызы Хан-Сұлтанды ұзататын болады.
Осман қожайыны әрі қайын-атасы Ала-ад-Диннің қосшысы ретінде Үргенішке келіп, жеңіс мерекесіне қатынасады, қалыңдығымен табысып, құрметті күйеу мәртебесіне жетеді. Той тарқаған соң… еліне қайтуға рұқсат берілмейді. Тәрізі, дәп осы арада ойдан шығарылған «көне түрік дәстүрі» бойынша, тұтас бір жыл қайын жұртында тұруы шарт екен. Амал жоқ, Үргеніште бөгеліп қалады. Ал бұл кезде хорезмшах Самарқандқа отырғызып кеткен шихна, яғни салық жинаушы, іс басқарушы Дөрт-аба деген басқақ бодан жұртқа қысастың неше атасын көрсетіп, ойына келген зорлығын жасап жатқан.
Көктемде Ала-ад-Дин Қара-қытайға қарсы екінші мәрте жорыққа аттаныпты. Самарқанд шегіне жеткенде қала халқы әскер ішінде өз хандарының жоғын біліп, қатты дүрлігеді. Наразылық, тіпті, жаулық ниет танытыпты. Қозғалып, көтерілуге айналады. Хорезмшах амалсыздан арнайы кісілерін жіберіп, Османды өзінің қызымен бірге еліне қайтаруға бұйырған екен.
Бұл реткі Қара-қытай жорығы туралы дәйекті мағлұмат сақталмаған. Жувәйни әлденендей соғыс қимылдары туралы ештеңе айтпайды. Тек Жүзжани ғана 400 мың әскермен келген хорезмшах үлкен жеңіске жетті деген ақпар беріпті. Егжей-тегжейсіз, жадағай ақпар. Шындығында, мұндай үлкен оқиға замандас тарихшылар үшін мүлде елеусіз қалмаса керек еді. Соған қарағанда, хорезмшах Қара-қытай ұлысының ішкі аймақтарына бойлап енбеген, атаулы ұрыс та болмаған. Ала-ад-Дин өткен жылғы жеңіс нәтижесін бекемдеп, Сыр-дарияның оң қабағындағы қалаларды біржола баурап қайтса керек. Осы орайда, бұрнағы дербестігіне ұмтылған Отырар әмірі Тәж-әд-Дин Білге ханның көтерілісін басып, өзін тұтқынға алады; әлбетте, қала халқы қаншама қырғынға ұшырайды, мал-мүлкі талауға түседі. Енді Отырарға Сафи-ад-Дин әл-Акра деген хорезмдік уәли тағайындалады, ал Білге хан ішкі аймақ – Нәса қаласына айдалады. Құрметті тұтқын. Осман сұлтанның немере інісі болғандықтан әуелгі жазадан тыс қалған. Нәсауидың айтуынша, Білге хан байлаусыз кіріптар жағдайда бір жыл тұрыпты, соған қарағанда, көтеріліс және тұтқын, кейбір деректе айтылатындай, 1210 жылы емес, келер жазда болған.
Еліне оралған Осман өзі дін-қарындас ретінде жалғастырған Хорезм ұлысының әкімдері, әскер мен салық жинаушылары Самарқанд пен оның төңірегінде қаншама бейбастақ іс жасағанын көзімен көреді, зорлық-зомбылық, мазақ пен қорлау шектен асқан екен. Қара-қытай кезінде де мұндай зобалаң болмаған. Самарқанд жұртының бас еркі өзінде, тек сырттай бодан танылып, алым-салығын төлеп қана отырған. Ашуға мінген Осман хорезмшахтың атаулы өкілдерін түгел өлімге кеседі, осыдан соң қала жұрты көтеріліп, базардағы, көшедегі хорезмдік атаулыны жаппай қырғынға ұшыратады, ыза мен өшпенділіктің өлшеусізі сондай, мәйіттерді бұтарлап шауып, дене мүшелерін көшелер мен базарда ілгекке асып, көрмеге қойыпты, ал кесілген бастар сырыққа шаншылған екен. Әкесіне деген наразылық нәтижесі ме, әлде өзінің астам, сүйкімсіз мінезі ме, Осман хорезмшах қызы Хан-Сұлтанды мүлде талақ етіп, бұдан бұрынғы мәртебелі қатын – Қара-қытай гөрханының қызына күтуші қылып беріпті. Алайда, бұл жағдай тым ұзаққа созылмайды, Хан-Сұлтан өзінің жеке жасауылдарымен бірге ішкі қамалға бекініп алыпты дейді. Тәрізі, бастапқы бір әрекет. Хорезмшахтың қызы санаулы ғана жасауылымен, байтақ шаһардың қақ ортасында, бірнеше ай бойы қорғанып отыра алмаса керек. Осман некелі жұбайына рақым жасады деген де дерек бар. Қызметші жазасы – бұдан кейінгі жағдай.
Хорезммен аралықты шорт кескен Осман сұлтан Қара-қытай жұртына хабар салған екен. Гөрхан Жұлкұның ғұзырын қайыра мойындап, шұғыл әскери көмек сұраған. Бұл кезде гөрханның өз басынан бақ тайған, осыдан біршама бұрын Шыңғыс ханнан жеңіліп, пана сұрап келген, үлкен сенімге кіріп, құрметті күйеу дәрежесіне жеткен Найман Күшлік хан Қара-қытай ұлысының бар билігін қолына алған еді (Екінші кітап). Енді мәртебелі тұтқынға айналған Жұлқұның қолында ештеңе жоқ. Османның өтініш, тілегі жауапсыз қалады.
Бұл екі ортада Самарқанд жанжалы туралы хабар Үргенішке жетеді. Ашуға мінген хорезмшах Ала-ад-Дин асығыс аттаныпты. Жанталас ұрыстан соң шаһарға басып кіреді. Аяусыз, жаппай қырғын. Осман сұлтанды тірідей қолға түсіреді. Жувәйнидің айтуынша, Осман бір қолына қылыш алып, бір қолына кездеме ақ мата ұстап, хорезмшахтың алдына келген екен, міне қылыш, міне кебін, не қылсаң да ықтиярмын, деген сөз. Ибн әл-Асирдің айтуынша, Хорезм әскері шаһар шегіне енген соң Осман ішкі қамалға бекініп, бар шарасы таусылғанда ғана беріледі. Тәрізі, қылыш пен кебін ишараты – осыдан кейін. Ала-ад-Дин Османға кеңшілік жасауға бейіл екен. Бірақ Хан-Сұлтан күйеуін кешіре алмапты. Атар таңға жетпей, Османның басы алынады.
Самарқанд үш күн бойы аяусыз талауға түседі. Басқыншы мұсылмандардың қолынан жергілікті 200 мың мұсылман шәйіт болды дейді. Бұл – көбіне-көп асырып, әсірелеп айтатын Ибн әл-Асир дерегі. Жувәйни қаза болған жұрттың жалпы санын 10 мыңмен шектейді. Бұдан әлдеқайда көп болуға тиіс екен, хорезмшах алдына құлдық ұрып келген, қалған қауымға рақымшылық сұраған сейіт, имам, пірадар ғұламалардың тілегін қабыл алып, қызыл қырғынға шектеу салды дейді. Қайткенде де, әуелден-ақ өзіндік бет-бейнесі, ескіліктен қалыптасқан тұрғын халқы бар Самарқандтың ауыр шығынға ұшырауы анық. Сондай-ақ, билеуші қауымнан қаза тапқан жалғыз Осман сұлтан ғана болмапты. Қала шегіндегі, тақау төңірек, шалғай кент атаулыда өкім құрып отырған Қарахан нәсілі, еркек кіндікті бала-шағасына дейін, түгелдей өлімге кесіледі. Осыдан соң Хорезм әскері Ферғанаға басып кіреді, Османның туған інісі, Ферғана ханы Қадырдың басы шабылады. Сөйтіп, екі жүз жетпіс жылдық тарихы бар, бір замандағы даңқты Қарахан әулеті түп-тұяғымен, тақи-таза жойылды. Әзірше жалғыз-ақ жан қалған: күні кешегі шағын Отырар патшалығының ең соңғы әмірі Тәж-әд-Дин Білге хан. Оның да ажал сағаты тақау екен.
Тарихшы Нәсауи Білге ханның қысасты өлімін хорезмшах Ала-ад-Диннің ең бір зұлым істерінің қатарында атайды. Қазіргі Ашхабадтан оншақты шақырым жерде болған Нәса қаласы Нәсауидың өзінің де туған жері, Білге ханның тұтқын кезеңі және соңғы күні туралы егжей-тегжейлі әңгімені көзкөрген куәлардан естіп, нақпа-нақ қағазға түсірген екен.
Тәж-әд-Дин Білге хан – хорезмшах Ала-ад-Динге қаншама қызмет көрсеткен және соған сенген, үлкен үміт артқан адам еді, дейді. Жарлық бойынша, Нәса шаһарына келіп тұрды. Мәуреннахрдан аударып, осыншама шалғайға жіберген себебі – бұл жердің ауа райы өте нашар, ауру-сырқаулы, соған орай көлденең өлім-жітім де көп, [сақарада өскен] түрік Нәсада тым ұзақ шыдай алмайды, сол аз күннің өзі ғазапқа айналар еді, депті. Тәж-әд-Дин Білге хан – қараңғы түнді жарық күнге айналдыратындай, ғажайып көрікті жігіт екен. Ақылды, жұғымды, әрі жомарт, кеңбейіл. Бір жылдан астам кіріптарлық кезінде ешқандай реніш танытпады, тағдырына мойын ұсынып, бар қиындықты көтерді, керісінше, күн озған сайын ізгі мінезі мен дарқан көңілі айқынырақ танылды, жалпы жұртқа жақты, көп кісімен достасып, белгілі тұлғалармен қатар, бұқара халық арасында құрмет тауып, сүйіспеншілікке бөленді, дейді.
Бұдан соң Нәсауи бар сұмдыққа тікелей куәгер болған жақын бір досының әңгімесін баяндайды. Біз хорезмшахтың Нәса қаласындағы уәзірі Захир-ад-Дин әш-Шашидың сарайында отыр едік, депті. Сырттан кірген бір адамы көп кісімен Жахан Пахлаван келді деп айтты. Бұл Жахан Пахлаван – сұлтанның ең сенімді ұлықтарының бірі, жеке өзіне қарасты 10 мың әскері бар, негізгі жұмысы – бас кесу, жазаға тарту. Енді арнайы жасақпен тұп-тура осында келіп отыр. Уәзірдің иманы қасым болды дейді. Өзінің жанын алуға келді деп ойлады. Демі бітіп, өңі қашып, бар еркінен айрылып, дәрменсіз, қимылсыз халге түсті. Сол мезетінде жеткен хабаршы Жахан Пахлаванның хорезмшахқа арналған сарайға түскенін және Захир-ад-Дин өзі бастап, барлық ұлық кісілермен тезінен сол арада болуы керегін айтты. Уәзір атына зорға мінді, өлі мен тірінің арасында, тізгінін әрең ұстап отырды, қалғанымыз соңынан еріп, сұлтан сарайына жеттік, дейді. Біз алдына келген соң Жахан Пахлаван уәзірдің қолына мәртебелі тәуки – хорезмшахтың жарлығын ұстатты… Жарлықты оқып болған соң екеуі азғана ақылдасып, Тәж-әд-Дин Білге ханды осында шақыртуға шешті, сұлтанның дәргейінен түскен жарлықтағы аса маңызды бір мәселені айқындау үшін кеңеске қатысуы керек екен. Мәлік Білге хан өзінің нөкерлерімен келді дейді. Ішке [жалғыз өзі] кірген соң, оны төменгі бөлікке алып жөнелді. Көп уақыт өтпеді, кенет жендеттерінің бірі қолына Білге ханның басын ұстап шыға келді. Жахан Пахлаван кесік басты қапқа салып алып, бөгелместен кейін қайтты, дейді.
Тәж-әд-Дин Білге ханның басын хорезмшахтың алдына апарыпты. Қарахан әулетінің ең соңғы тұяғы, Отырар ханының өліміне анық көзі жетуі үшін. Және өзінің күш-қуатына масаттанып, мейірі қану үшін.
Білге ханның теңдесі жоқ, ғажайып асыл тастардан жинақталған баға жетпес байлығы сұлтанның қазынасына құйылды, деп тәмамдайды Нәсауи бұл реткі хикаясын. Әйткенмен, хорезмшахтың қолына өткен ең үлкен дәулет – базарлы, байтақ Отырар қаласы болатын. Ақыр түбінде бүкіл Хорезм империясының түбіне жеткен Отырар.
Екінші Ескендір. Шындық және лақап
Орталық-Батыс Азиядағы өзара тайталас, қуатты қос империяның бірі – Гур жоққа айналып, екіншісі – Қара-қытайдың беті қайтқан және ішкі қайшылықтар нәтижесінде мүлде әлсіреген соң, тиянағы бекіп, өкімі артқан Ала-ад-Дин еркін қимылға көшіпті. Діні ортақ, мәдениеті қанаттас, дәстүр-салты үйлес Мәуреннахр – Егіз-дария аралығын біржола баурап, үлкен ұлыстың орталық, құрамды бөлігіне айналдырады. Осыдан кейін Мазандеранды бейбіт жолмен, Парсы-Ғирақты тікелей соғыспен иліктіріп, соған жалғас Арран мен Әзірбайжанды және қосып алады. Осы 1215 жылы қиыр түстіктегі Керман уәлаятын бағынышқа келтірген соң, Хорезм қосындары шығыс тарапқа бет түзеп, Белуджистан мен Мекран өлкелерін басады, нәтижесінде Үнді мұхитының жағасына шығыпты. Араб теңізін қайыра жиектеп, Ормұз бұғазына жетеді, аттас Ормұз уәлаяты да хорезмшахтың ғұзырына бас ұрады, тіпті, арғы беттегі Оман Ала-ад-Диннің құдіретін мойындап, мүбәрак есімін құтпа уағызына қосқан екен.
Ежелгі, әрі байтақ өңірді бір ту астына қаратқан, бүкіл мұсылман әлемінде жетекші орынға шыққан Хорезм – жері ұлан-ғайыр, халқы мол, байлығы зор, әскері қисапсыз, алып мемлекетке айналды. Хижраның 614, миләди 1217 жыл қарсаңында жаңа империяның шығыс қанаты Үндістан – Синд (Инд) өзеніне, батыс қапталы Қапқаз жотасы, Гүржістан шегіне жетіп, түстікте Үнді мұхиты, Парсы шығанағына тірелсе, терістікте Сейхұн – Сыр-дариядан асып, Қыпшақ Даласына сұғынады. Қазіргі заманға көшірсек, бүгінгі Ауғанстан тұтасымен, Иран түгелге жуық, Пәкстанның біршама бөлігі, бұдан соң Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан толайымен және Қазақстанның Сыр-дариядан тартып, Аралдан өтіп, Маңғыстауға дейінгі тағы қаншама жері. Алып қана емес, айдынды, қуатты, өзгеше ұлыс. Мұсылман әлеміндегі ең зор және ең әлуетті патшалық. Тарихи қолайлы жағдай өз алдына, замана лебін айқын аңдап, бастапқы, ұйытқы ұлыстың әскери күшін берік ұйыстырумен қатар, жапсарлас сақарадағы қыпшақ қауымын орайымен бауырға тарта білген хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхаммедтің ұтымды саясаты мен қолбасылық қарымы, жүйелі жоспар, табанды күресінің нәтижесі. Әлбетте, нәсілі иран және түрік текті, тілі түрки мен фарси, туыстас қауымының өзінің дәстүр-салты әрқилы, қаншама халықтан құралған конгломерат. Тұтастық арқауы – ислам діні болатын. Ал басты кепіл – орталық шах өкіметінің берік билігі ғана екен. Десе де, тақау төңірек, тіпті, шалғай аймақтардың өзінде Хорезм империясымен бақ таластыратын, шеніне келетін ешқандай ойпыл күш жоқ еді. Тым арыдан сұрап, тілеп, шақырып алмаса.
Алып империяның тежеусіз әмірі, бірден-бір заңды қожасына айналған хорезмшах Ала-ад-Дин енді бүкіл жер-әлемді жаулап алуды армандай бастайды. Өзінің кемеңгер қолбасылығы мен данагөй білігіне сенім және өзгеше тумысына, айрықша талайына наным. Бұл жағдайға бүкіл бодан жұрты қалтқысыз бас ұрып, өзгеше талайын алыс-жақын патшалықтар түгел мойындауға тиіс екен. Хорезмшах кейінгі зор өкімге жетер-жетпестен, 1210 жылғы Қара-қытай жорығынан соң, өзін әлемде теңдесі жоқ қолбасы Ескендір-Сани – баяғы Александр Македонский – Ескендір Зұлқарнайынның ізбасары, Екінші Ескендір деп жариялайды. Осы ретте шах Сарайында «Ескендір Зұлқарнайынға науба» аталатын көрініс қатарға қосылады. Бұл, айрықша сән-салтанатты рәсім Сарай алаңында, жалпы жұрт көзінде, айдан-ай, жылдан-жыл бойы, тәулігіне екі мәрте – күн шыға және күн бата орындалып отыруға тиіс болады. Ұзын саны жиырма жеті кісі – жеңіліп тұтқынға түскен әрқилы әмір, билеушілер мен бодан патшалық, уәлаяттардан аманатқа келген ханзада, бекзадалар, арнайы жасалған алтын шыңдарын қағып, салауат айтады. Осымен қатар, сырнай-керней тартылып, ақыр аяғында тиесілі дұға оқылса керек. Ал жергілікті уәлаяттар орталығы, үлкен кенттерде науба бес намазбен жалғаса, тәулігіне бес рет атқарылып отырады.
«Ескендір Зұлқарнайынға науба» рәсімінің негізгі мақсаты – хорезмшах Ала-ад-Динді мейлінше ұлықтау, жер-әлемде теңдесі жоқ Екінші Ескендір ретінде танытып, оның ғажайып болмысын жалпы жұртқа әйгілеу, ұлылығы мен сән-салтанатын дәріптеу екен. Әлбетте, мадақ пен ұлықтау осы ресми көрініспен ғана шектеліп қалмайды. Бүкіл империя көлеміндегі барлық шаһар, үлкенді-кішілі кент атаулыда күнделікті құтпа уағызы өз алдына, Екінші Ескендір есімін, оның әзиз, ардақты, ғаламат тұлғасын ақындар өлең-жырға, сазгерлер ән мен күйге қосады. Алып мемлекет шегіндегі бүкіл тіршілік, адам атаулының бары мен бақыты осы Екінші Ескендірдің арқасы! Мың жасасын, қарауындағы халқын жарылқай берсін, қарсы тұрған дұшпан атаулыны жер жұтсын! Дәріп пен мадақтың жалпы сарыны осы тұрғыда болса керек.
Көп ұзамай-ақ хорезмшахқа осы Екінші Ескендір мәртебесінің өзі жеткіліксіз көрінеді. Арнайы жарлық бойынша, «Сәнжар сұлтан» есімін иеленіпті. Қырық жыл патшалық құрған, жарым дүниені дабылдатқан Селжүк Сәнжар! Оған да толық қанағат қылмай, Ескендір-Сани, Сұлтан Сәнжар атына қоса, арнайы «тұғра» – «Алланың жер бетіндегі көлеңкесі» («Зилл Аллаһ фи-л-ард») деген айқындама лепес алады, барлық атаулы хат-қағаз, мөр бетінде дәп осылай жазылуға тиіс екен.
Бүкіл Орталық және Түстік-Батыс Азияда бұрын-соңды болмаған байтақ мемлекет құрған Ала-ад-Дин Сәнжар сұлтан енді әуелгі Ескендір Зұлқарнайынның жолымен жер-дүниенің мағлұм аймағын түгелдей жаулап алу, сөйтіп, күн астында, арғы, бергі тарихта теңдесі жоқ, әлемдік империя орнатуға ниет қылыпты. Бастапқыда Шығыс тарап – байлығы қисапсыз Қытай – ертегілік Шын-Машынға жорық жайын ойластырған екен. Бірақ 612, кейінгіше миләди 1215 жылы төтенше хабар жетеді – шалқыған Қытайды жабайы сақарадан шыққан Шыңғыс хан деген мәжуси жаулап алып қойыпты. Әзірше алды-артын байыптап, іркіле тұруды жөн көреді. Әуелі Батыс тараптағы алыс және тақау төңірек мәселесін шешіп алу керек екен.
Парсы-Ғирақты жаулап, Арран мен Әзірбайжанды қаратқан соң, хорезмшах Грузияға басып кіру үшін 50 мың атты әскер дайындайды. Болашақ соғыстың сылтауы ретінде, Әзірбайжан шегіне жортуыл жасаған Гүржі патшасына қатаң мазмұнды хатпен арнайы елші жіберіпті. Бұл, бастапқы жоспар бойынша, Гүржістанды жеңіп алғаннан кейін Хорезмнің қалың қолы Кіші Азия мен Сирияны жаулауға, ақыр түбінде Египет-Мысыр патшалығына басып кіруге тиіс екен. Көп ұзамай-ақ, Ала-ад-Дин бұл түпкі мақсатынан айнымаса да, шапқын бағдарын өзгертеді. Кіші Азия мен Сириядағы түрік, араб иеліктеріне, одан арғы Мысырға жол ашу үшін ең алдымен Ғарабы-Ғирақ, яғни Бағдат халифатын бағындыру тиімді көрініпті. Ең кереметі – осы Ғарабы-Ғирақты еңсеріп, халифа ән-Нәсірді ғұзырына қаратса, Бағдатта өз атына құтпа оқылса, Ала-ад-Дин Мұхаммед бүкіл мұсылман әлемінің билігін қолына алған ерен тұлға, ислам сұлтаны атағында танылмақ. Және бұл – қисынсыз қиял емес. Бұрнағы Селжүк сұлтандары дәп осындай дәрежеге жеткен. Ендігі хорезмшахтың күш-қуаты олардан артық болмаса, кем емес.
Кеудесі зор Хорезм мен дін-исламның орталығы Бағдат арасындағы қайшылық Текеш сұлтанның заманында басталған болатын. Арты үлкен соғысқа ұласқан араздық Парсы-Ғирақ мәселесінен туындап еді. Текеш жаңадан жауланған ұлан-ғайыр өлкеден Бағдат үлесіне ұлтарақтай жер бермейді. Және жалғас майданда халифа ән-Нәсірдің қалың әскерін қирата жеңіп, қолға түскен бас уәзірді өлтіріп жіберген. Бұдан соңғы кезеңде Текеш Ғарабы-Ғирақтың өзіне тура шабатын жорық ұйымдастырды. Алайда, шерудің бастапқы кезеңінде, жол үстінде дүниеден өткен. Енді әкесі Текеш шахтың әлденеше есе күшті Ала-ад-Дин бар түйінді біржола шешуге байлам қылыпты.
Әуелі біршама заманнан бері бейбіт жағдайдағы және тұрақты елшілік алмасып отырған Бағдатқа салмағы зор, жаңа бір елшілік жіберіпті. Қатқыл жолдауында тұпа-турасына көшеді: «Екеуіміздің арамыздағы қалыпты қатынас – Бағдат халифаларының бұрнадағы Алып-Арслан мен Мәлік-шах, кейінгі Сәнжар сұлтанмен аралық жағдайындай болуға тиіс. Бағдаттағы және бүкіл Ғарабы-Ғирақтағы барлық билік менің қолыма көшуі шарт, ал сен [менің атыма] құтпа оқып отырсаң да жетіп жатыр!» – депті.
Бүкіл мұсылман әлемінің рухани көсемі ғана емес, қарауында қалың әскері, байтақ жері бар дербес патша есебіндегі ән-Нәсір мұндай сорақы әрі сотқар ұсынысты қабылдамасы анық. Хорезмшах Ала-ад-Дин көпе-көрнеу соғысқа сұранып отырған. Халифа ашуға мініп, жосықсыз талаптың жөні жоғын айтыпты.
Қара-қытайды ықтырып, Парсы-Ғирақты жаулап, басқа да қаншама өлкені ғұзырына қаратып, үлкен атаққа жеткеннен соң хорезмшах екі аралықтағы тұрақты елшісі, қади Мүджир-әд-Дин Омарды бұрнағы талабымен қайыра аттандырады. «Бағдат Ала-ад-Дин Мұхаммед Сәнжар сұлтанның өкімі мен жарлығына бас ұрсын!» – депті. Халифа ән-Нәсір тағы да: хорезмшахтың билігі мойындалмайды, құтпа оқылмайды, «қарауындағы жеріне қанағат қылсын, Бағдатта бітпей жатқан шаруасы жоқ!» – деген қатқыл жауап қайтарады.
Әйтсе де, басбұзар шахты теріс пиғылынан айныту және оң жолға бұру үшін Хорезм елшілігімен бірге, өкілетті тұлға ретінде Шихаб-ад-Дин ас-Сухраварди дейтін дінбасы, сопы шейхты жібереді. Хорезмшах атақты ғұламаны құрметпен қабылдады дейді. Ас-Сухраварди тыныштыққа, бітімге шақырған әңгімесінің орайында, ізгі, әспетті Аббас әулетіне қарсы шығу үлкен күнә болатыны туралы хадис келтіріпті. Сонда хорезмшах айтқан екен: «Мен түрікпін, араб тіліне шалағаймын, бірақ сөзіңнің мағнасын түсіндім. Мен Аббас әулетіне зәредей қиянат жасап көргем жоқ, ал халифаның зындан қапасында Аббас әулетінің кейбір кісілері жапа шегіп жатқанын білемін. Егер мәртебелі шейх осы хадисін әмір әл-мүслім ән-Нәсірдің өзіне айтса, әлдеқайда ұтымды, әрі пайдалы болар еді», – депті.
Ала-ад-Дин сұлтан бұрнада, 609 (1212) жылдың өзінде Хорезм жұртындағы имам, үлем атаулыны жиынға келтіріп, Аббас әулетін Бағдат тағынан тайдыру, қазіргі ән-Нәсірдің орнына Әли ибн Әбу-Тәлиб (Хазіреті Ғали) ұрпағы Ала-әл-Мүлік әт-Термези сейітті тағайындау туралы пәтуа жасауға мәжбүрлеген болатын. Енді ашық кетеді. Аббас әулеті Әли ұрпақтарына тиесілі халифат билігін озбырлықпен басып алған, ақиқат әділдік қалпына келуі қажет. Осыған орай, заңсыз халифа ән-Нәсірге және бүкіл Аббас әулетіне қарсы қасиетті соғыс – жихад жариялануға тиіс! – депті. Әлбетте, бұл бағдар бүкіл мұсылман қауымына, оның ішінде ықпалды дін иелеріне мүлде ұнамайды. Ашық қарсылық айтылады. Осы ретте, хорезмшахты иманнан безген күнәкар деп айыптаған, Хорезмдегі жалпы жұрт алдында айрықша беделді, ғұлама шейх Мәжд-әд-Дин Бағдади зынданға салынып, көп ұзамай өлімге кесіледі. Хорезмшах әйгілі дінбасыны өлтіре сала өкініпті дейді. Бірақ болар іс болып кеткен. Наразылық пен өшпенділік көп жұрттың көкірегінде тұныпты.
Хорезмнің тікелей соғыс дайындығына кіріскенін естіген соң халифа ән-Нәсір ас-Сухраварди шейхты қайыра жібереді. Бағдат елшісі хорезмшахпен жорық жолында, Хамаданда кездесіпті. Өткендегідей құрмет көрсетпеді, тіпті, тізе бүгіп отыруға ишарат жасамады дейді. Ас-Сухраварди тағы да Аббас әулетінің қасиеті, бүгінгі халифаның әспеті мен ізгілігі жөнінде айта бастапты. Хорезмшах елшінің сөзін ақырына дейін тыңдамастан, кесіп тастады дейді: «Сен сыпаттап отырған ізгі, қасиетті кісінің елесі де жоқ Бағдатта. Сол орынға мен барып отырам, сендер сонда ғана ізгілік пен қасиеттің кімге қонғанын көздеріңмен көресіңдер!» – депті. Хорезмшах Ала-ад-Дин осы сөзімен халифа ән-Нәсірге соғыс жариялады деп білсек керек. Сөйтіп, халифаның машайыққа сенім артқан екінші елшілігі де нәтижесіз аяқталады. Хорезмшах алған бетінен таймапты. 1217 жыл, қара күз екен.
Бағдатқа қарсы аттанған әскердің қарақұрым көптігі сондай, ой мен қыр, шөл мен құм, кең далаға сыймай кетті, деп сыпаттайды Нәсауи. Ортағасырлық тарихшы әл-Жаузи әскердің ұзын саны 400 мыңның үстінде, бәлкім, 600 мың депті (З.Буниятов бойынша). Ал Нәсауи 400 мың деп нақты көрсеткен. Кейінгі замандағы Мирхонд пен Хондемир 300 мыңмен шектеледі. Қайткенде де, қисапсыз, қалың қол.
Хорезмшах жорықтың ақырғы нәтижесінде сенімді болған. Шынында, ықтимал емес, анық жағдай – Ғарабы-Ғирақ мұншама күшке төтеп бере алмай, пұшайман болмақ, Халифа ән-Нәсір баяғы Селжүк заманындағы жорамен ендігі қарымды империя Хорезмнің сөзсіз үстемдігін мойындауға тиіс еді. Алайда, әлде жазмыш, әлде тағдырдың кездейсоқ мазағы – бәрі басқаша шешіледі.
Қалың әскер Қос-өзен бойына түсер ұрымтал тұс – Асадабад асуына жеткен кезде кенеттен күн суытып, қар жауады, боран соғып, аяз ұрады. Тынымсыз қарлы боран үш күн, үш түн бойы толастамайды. Қыр мен сай – қара жердің бетін қаптай басқан ақ қар үсті қайтадан қап-қара болды, бұл – суықтан қырылған қисапсыз әскердің жансыз мүрделері болатын, деп жазады Нәсауи. Тірі қалған жұрттың өне бойын үсік шалған, қаншамасы қолынан, қаншамасы аяғынан айрылған. Мініс көлігі түгелдей өлген. Хорезмшах қалған әскерімен кері шегінуге мәжбүр болады. Бірақ бұл да азап пен ажалдың ақыры емес екен. Еңсесі түсіп, жаяу-жалпы, берекесіз шұбырған, көбі жарадар, түгелдей аш-арық әскер енді олжа қуған жауынгер көшпенділер – арабтың бану парчам, күрдтің бану хаккар тайпаларының шабуылына ұшырайды. Кеше ғана жер қайысып аттанған қалың қолдың азып-тозған, селдіреген азғана бөлігі ғана аман оралыпты. Бірақ ең басты апат – адам шығыны емес, рухани күйреу және жаппай түңіліс екен. Жалпы жұрт – Хорезмнің басына түскен көлденең апатты ізгілікті Аббас әулетінің қасиетінен, ең бастысы – дін-исламның ұйытқысы Бағдатқа қарсы қылыш суырған хорезмшахқа Алланың қаһары, лайықты жаза деп санайды.
Хорезмшах Ала-ад-Дин ғаламат шығын, одан да зор рухани апат әкелген Асадабад асуында тәубасына түсті дейді. Үрейі мен өкініші бірдей екен. Аттанған әскер күшіне, одан соңғы жеңіс салтанатына тікелей куәгер болсын деп, бірге алып жүрген Бағдат елшісі ас-Сухраварди шейхты еліне қайтарады және өзінің Аббас әулетіне қарсы қастандық ойлаған осыншама күнәкар, ғапыл ісі үшін халифа ән-Нәсірден кешу сұрапты. Бірақ бұл да тек сыртқы көрініс екен. Хорезмшах ел шегіне жеткен соң, ән-Нәсір дүниеден өтіпті деген қауесет таратып, қарауындағы барлық жерде құтпа уағызында халифаның есімі аталуына тиым салғызады. Тек Самарқанд пен Ғиратта, таң қаларлығы, Ежелгі Хорезм шегінде ғана бұл жарлық қаперге алынбапты. Құтпа уағызында бұрынғыша ән-Нәсір есімі аталып, тиесілі мадақ айтылып тұрады. Хорезмшахтың анасы, билігі шектеусіз Түркен-қатынның нұсқауы бойынша, деп айғақтайды кейінгі тарихшылар.
Империя шегіндегі мұсылман қауымының көңіліне кірне түсті. Қасиетті Бағдат, ізгі Аббас әулеті, пайғамбардың көзі тірі, әулие ізбасары саналған халифаның өзіне қарсы шабу – жай ғана есерлік емес, дінсіз кәпірлік саналған. Хорезмшах Ала-ад-Диннің беделіне нұқсан келіп, Алланың құдіретіне сенім, Аббас әулетінің өзгеше талайына құрмет арта түскен. Ел ішінде, тіпті, ескілікті Хорезм шегінде Ала-ад-Дин сұлтанға қарсы үгіт, оны әшкерелеген, құдайсыз, имансыз күнәкар ретінде әйгілеген үгіт-насихат мейлінше белең алыпты. Түптеп келгенде, империяның тұтастығына, ең негізгі рухани бірлігі мен сеніміне жарықшақ түсті. Ислам дінінің тұрғы, тұғыры болып отырған руханият өкілдері мен шах өкіметінің арасында сына қағылды, дін мен мемлекет арасында жаттық пайда болды. Хорезмшах Ала-ад-Дин, өзі жалпы жұртқа жариялағандай, «Алланың жер бетіндегі көлеңкесі» дәрежесінен тыс екен, керек десеңіз, «Ескендір-Сани, Сұлтан Сәнжар» да емес, қарапайым пенде, қарапайым ғана емес, кісәпір пенде болып шықты.
Хорезмшах Бағдат жорығынан соңғы өзінің бар жағдайын кәміл таныды, бірақ Алланың кәрі дегенге қалтқысыз сене қоймағаны байқалады, кездейсоқ сәтсіздік нәтижесі деп білген. Көп ұзамай-ақ бәрі де орнына келуге тиіс. Патшалығы байтақ, әскері қисапсыз, күш-қуаты кенеусіз. Екінші Ескендір жер-әлемді жаулаудың жаңа бір қисынын ойластыра бастаған. Соған орай, бар шаруасын қайта құрмақ.
Ауыр, әрі абыройсыз жорықтан соң Үргенішке соқпай, бірден Мәуреннахрға тартады. Осы жолы Ғарабы-Ғирақты сәтімен жаулап алса, ел астанасы қасиетті Бағдат шаһарына көшуге тиіс еді. Енді уақа емес. Ат басын Самарқандқа тірейді.
Сөйтіп, хижраның 614, миләди 1218 жылдың көктемінде Ұлы Хорезм мемлекетінің бас қаласы – мәңгіден келе жатқан сәулетті Самарқанд болсын деген жарлық шығады.
Түркен-қатын
Текеш шахтың нақсүйері, Ала-ад-Дин Мұхаммед сұлтанның туған анасы Түркен-қатын (Тұрқан-қатын, Теркен-қатын) – жаңа замандағы зерттеушілер бірауыздан ұнамсыз бағалаған, өзгеше тұлға. Бүгінгі тарихшылар, тіпті, ұланғайыр, еңселі мемлекеттің Шыңғыс ханнан қирап жеңілуінің ең басты себебін осы Түркен-қатынға тірейді. Біз керісінше айтар едік. Текеш шахтың заманында Хорезмнің айрықша күш-қуатқа жетіп, қанатын кеңге жаюы, оған жалғас Ала ад-Дин сұлтанның кезінде әлемдік империяға айналуы – ең алдымен осы Түркен-қатынның арқасы болатын. Ал жеңіліс және күйреу себебі – Түркен-қатынға тікелей қатыссыз, сан салалы, әрі күрделі жағдаят. Ең негізгі сор – хорезмшах тілеп алған ғаламат соғыс – Еке Моғұл Ұлысының кенеусіз қарым-қуаты және Шыңғыс ханның ақылман саясаты мен қолбасылық даналығының салдары деп қана байыптауға тиіспіз.
Түркен-қатын – Дәшті-Қыпшақ хандарының әулеті, киіз үйде туып, ат үстінде, еркін өскен сақара қызы болатын. Алып-Қара деген ханның немересі, өз әкесінің аты – Қыран. Далалық көшпенділер мен отырықшы Хорезм арасындағы достық, одақтастық қатынастың дәнекері ретінде, Текеш шахқа ұзатылған. Елдің ескі салты бойынша, кәмелетке толған, он жеті-он сегіз жасында деп шамаласақ керек. Айттық, 1181 жылдың алғашқы жарымында. Жүзжани бойынша, қыстың соңы, ерте көктем деп, нақтырақ байыптауға болады. Бұл арада қате жоқ. Текеш шах пен Алып-Қара ханның арасындағы одақтастық, достық шарты осы 1181 жылдың қыс айларында жасалғаны туралы, Жүзжанидан тыс тағы бір тарихи дерек сақталған. Осыған тоқтасақ, болашақ хорезмшах Ала-ад-Дин ары дегенде 1181-1182 жылдар жапсарында туған болады. Әке тағына отырған кезде он сегіз-он тоғыз жаста. 1217 жылы күзге салым Хорезмге келген Бағдат елшісі ас-Сухраварди Ала-ад-Дин шахты жас жігіт ретінде сыпаттайды дедік. Бәрі дұрыс. Күмәнді кілтипан – осы жас жігіт, бұдан да бұрын, 1210 жылы Хан-Сұлтан деген қызын Самарқанд әмірі Османға ұзатады. Бұл кезде жиырма сегіз-жиырма тоғыз жаста. Сонда, ұзатылған қызы нешеде болады? Күмән тууы заңды. Бірақ мүлде қисынсыз кеп емес. Отырықшы жұртта, ыстық жақта ұл мен қыздың бәлиғатқа толуы ертерек болмақ. Тіпті, ол заманда барлық жерде. Егер Ала-ад-Дин он төрт-он алты жасында бала көрді десек, осы тұңғыш қызы Осман сұлтанға ұзатылған шағында он төрт-он бес жасқа толады. Тіпті, он үште болсын. Табиғи жағдай. Бәрі орнына келді дейік.
Енді, осы орайдағы тағы бір кілтипан – хорезмшахтар әулетінің жай-жапсарын жақсы білген Нәсауи жазбаларында Түркен-қатынның әкесі ретінде мүлде басқа бір есім – Жанкісі (Джанкиши) хан аталады. Бұл арада Нәсауи жаңылысып кетті, немесе, анық қисыны – Жанкісі дегеніміз Қыран ханның тума есімі деп байыптасақ керек. Қайткенде де, Түркен-қатын сақара хандарының әулетінен екен. Барлық жұртта қалыптасқан салт бойынша, әмірші шахтың ұлы әмірші хан қызына үйленді деп атап көрсетеді Нәсауи.
Түркен-қатынның Дәшті-Қыпшақты жайлаған қай рудан шыққаны турасында да, сырттай қарағанда мүлде қарама-қайшы деректер бар. Нәсауи – баят руынан, бұл – йемек тайпасының бір тармағы, дейді. Жүзжани – қыпшақ деген. Ал Жувәйни – қаңлы деп атап жазады. Текеш шахтың хижраның 577 жылы, мұхаррам айында (1181, мамыр) Гүр сұлтаны Ғияс-ад-Динге жазған мәлімдемесінде Алып-Қара хан ұран руынан деп көрсетілген. Ибн әл-Асир мен Рәшид-әд-Дин Түркен-қатынның тума ағайындары ретінде осы ұран руын атайды. Бұл таңбалы деректердің өзара қайшылығы жоқ, қатесі де жоқ, бірін бірі айқындап, толықтыра түссе керек. Енді, көшпенді Дала рәсімі мен сол кезеңдегі тарихи ахуалды ескере отырып, барлық мағлұматты бір жүйеге түсірейік. Түркен-қатын даңқты Қыпшақ жұртынан болады. Осы заманда үлкен қыпшақ құрамына қосылған қаңлы. Қаңлы ішіне кіріккен йемек. Йемектің баят тармағы. Баяттың ұран руы.
Түркен-қатын Текеш шахтың бірінші әйелі емес. Алайда, көп ұзамай-ақ бірінші орынға шыққан. Ақылды, сұлу, тәкаппар. Дала қызы болғандықтан, өркеуде, әрі еркін. Тентектігі мен еркелігі астас. Осы орайда Жүзжани келтірген өзгеше дерек бар. Бірде Текеш шах қызметші қыздармен бірге монша хауызында суға түсіп жатыр екен. Қызғаныш буған, ашулы Түркен-қатын бұлардың барлығын сыртынан бекітіп қойыпты. Текеш ыстық буға тұншыға бастады дейді. Ақыры, сарай ұлығы есікті ашып, шахты азаптан құтқарып қалған екен. Әлбетте, жас, ерке қатын ешқандай жапа шекпейді, керісінше, қадірі артып, билігі күшейе түссе керек.
Түркен-қатынның, оның төркін жұрты қыпшақ-қаңлының айбар, қуаты арқасында Текеш шах кең өріс, тың тыныс табады. Қыпшақ қосындары Хорезм әскерінің ең жауынгер, екпінді тобына айналады. Елдің еңсесі көтеріліп, жаңа бір өлкелерді жаулауы, ақыры Текеш әмірінің соңғы кезеңінде жері байтақ, қуаты зор, үлкен патшалыққа айналуы – көбіне-көп қыпшақ қаруының арқасы, отырықшы және көшпенді жұрт арасындағы, Түркен-қатын дәнекер болған ұтымды бірліктің нәтижесі деуге тиіспіз. Айттық, Текеш шах–Түркен-қатынның заманында Хорезм мен тақау Қыпшақ етене жақындасты, енді қыпшақ бектері тиесілі жасақ, қарулы әскерімен Хорезм шегіне тұрақты қоныс аудара бастады. Осыншама сүйеніші бар және шах күйеуіне ықпалды Түркен-қатын сол заманның өзінде үлкен беделге жетіп, мемлекет істеріне қадарынша араласып отырды деп шамалауға болады. Ал Текеш шахтың жоқ кезеңдерінде, қажетіне қарай, тікелей билік құрған жағдайлары да бар. Мәселен, Гур сұлтаны Шихаб-ад-Дин Қарасу ұрысында жеңіске жетіп, Үргенішке тікелей шабуылға дайындалған кезде бүкіл қорғаныс жұмыстарын Түркен-қатын басқарады. Астана шаһарда жарақты әскер жоққа жақын екен. Түркен-қатын еркек кіндікті қара жұртқа түгел қару үслестіреді, ұзын етек әйелдерге дейін көтеріп, барлық жұртқа қатырма-қағаздан жасалған, дулыға кейіпті баскиім кигізіп, жиыны жетпіс мың кісі – қалың қолдың қарасынын көрсетті дейді. Гур сұлтаны мұншама қорғаушысы бар қалаға тікелей шабуыл жасауға батпай, бөгеліп қалыпты. Бұл екі ортада көмекке Қара-қытайдың көп әскері жетеді.
Туған ұлы Ала-ад-Дин таққа отырғаннан соңғы кезеңде Түркен-қатын бүкіл Хорезм ұлысының тең дәрежелі, екінші патшасы болды. Бәлкім, көп ретте бірінші. Өзінің дербес Сарайы бар, іс басқарушы уәзір, әкімшілік жұмыстарын атқаратын диуаны бар. Баз-базында жат жұрт елшілерін қабылдап, мемлекет атынан келіссөз жүргізе береді. Өкімі соншама зор. Хорезмшахтың анасы болғандықтан ғана емес. Мемлекеттің әскери ұстыны – қыпшақ қауымының, қыпшақ текті әскербасылар мен ұлықтар, ел тұтқасын ұстап отырған, бірге туған, немесе жамағайын бауырларының айдыны арқасында.
«Асқақ еді, ақылды болатын, – деп жазады Нәсауи өзінің «Жәлел-әд-Дин сұлтанның ғұмырбаяны» атты әйгілі еңбегінде. – Алдына келген істі риясыз және әділ шешетін. Шағым түскен жағдайда әдетте жапа шегуші жақты қостайтын. Ел үшін атқарған игілікті істері өте көп, тізбелей бастасақ, санап тауыса алмас едік», – дейді. Сонымен қатар, бірбеткей, рақымсыз мінезін де айтқан. Бұл жағына Жувәйни айрықша назар аударыпты. «Мейірбандық, жанашырлық атаулы оның жүрегінен тыс екен; ол басып өткен қандай аймақ болмасын, талауға түсетін, қарашы жұрт берік қамал тасасында ғана жан сақтар еді», – дейді. Бұл сөз, әлбетте, кейінгі – Түркен-қатынның Шыңғыс хан шапқыны тұсындағы, төңірегінен түңілген босқын заманы турасында.
Өзінің жарлық-намасында «Дін мен береке қорғаны Ұлұғ-Түркен, екі әлемдегі әйел біткеннің әмірі» деп қол қояды екен. Мұндағы «екі әлем» – патшалық шегіндегі түрік және парсы қауымы, «әйел» атауын көлденең тартуы – ресми әмірші емес, бірақ «жарым патша», сырт көзге шах ұлын алға салу. Шын мәнісінде барлық өкім толық. Қандай да жарлығы бүкіл мемлекет шегінде қалтқысыз орындалған. Кейде бір мәселе турасында шешесі Түркен-қатын мен баласы Ала-ад-Дин тарабынан өзара қайшы, екі түрлі өкім шыға қалса, барлық жерде соның уақыт жөнінен кейінгісі орындалып отырған. Яғни, Түркен-қатын хорезмшахтың кез-келген жарлығын қарама-қайшы сыпатта өзгерте алады екен. Кейбір қатаң істеріне, мәселен, Осман сұлтанның көтерілісінен соң Хорезм шегіндегі Мәуреннахр кісілерін түгел қырып тастау ниетіне тоқтау салады. Әр кезде әрқилы ішінара келіспеу болса да, қасарысқан тайталас туралы дерек жоқ. Хорезмшах қайткенде де өктем анасының ықпалынан шыға алмайды, үнемі дерлік бар тілек, нұсқауын сөзсіз орындап отырады. Оның ішінде аса зор, мемлекет болашағына қатысты жағдаяттар да болған. Мәселен, Түркен-қатынның талабы бойынша, тақ мұрагері, үлкен ұл, түркмен қызынан туған Жәлел-әд-Динді шеттетіп, өзінің ізбасары ретінде анасымен туыстас қыпшақ қызынан туған, әлі кәмелетке толмаған Озлақ-шахты бекітеді. Жәлел-әд-Динді Гур-Ғазна өлкесіне жіберіп, Озлақ-шахтың еншісі ретінде империяның орталық бөлігі – Хорезм, Хорасан мен Мазандеран аймақтарын атапты. Есебі, жарым патшалық Түркен-қатынның тікелей билігіне көшті деген сөз. Ал сәтсіз Бағдат жорығынан соң хорезмшахтың өзі де ежелгі астана Үргеніштен жылысып, елдің ендігі байтағы ретінде Самарқанд қаласын таңдайды. Ел екіге бөлінбесе де, екі орталыққа, екі патшаға қарады.
Түркен-қатынның, ол көтермелеп, әрі сүйеніш қылып отырған қыпшақ әулетінің билігі бұрнада дербес болған, аталмыш үш өлкемен ғана шектелмейді. Ғиратта Түркен-қатынның туған бауыры Әмин әл-Мүлік отыр. Тағы бір інілері: Үргеніште Құмар-тегін, Самарқандта әуелде Бұртана, кейінде Тоғай хан билеуші тұлғалар қатарында, ал Отырарда, жарты патша дәрежесінде Түркен-қатынның ағадан, әлде ініден туған бауыры Инал хан (Иналшық, Қайыр хан) өкім құрып жатыр. Бұл – тарих таңбасына түскен елеулі, белгілі ұлықтар ғана. Шындығында, Түркен-қатынның жақын тумалары мен қыпшақ текті, әрқилы дәрежедегі әкімдер мен әскербасы әмірлер байтақ мемлекеттің барлық аймағында, барлық деңгейде, әрқилы билік тетігін ұстап келеді. Ең бастысы, айнымас тірек – соғыс қабілеті жоғары, жиын саны он-он бес түменге жететін қыпшақ әскері болатын.
Ішкі құрылым. Әскер
Хорезм империясында қалыптасқан билік жүйесі диархия кейіпті болды деп жазады З.Буниятов. Яғни дуумвират, екі жақты өкім. Ресми әмір хорезмшах Ала-ад-Диннің қолында болғанымен, мемлекет істерінде оның анасы Түркен-қатынның ғұзыры тепе-теңдей дәрежеде жүзеге асып отырды деген сөз. Шын мәнісінде бұл екі-жақтылық – ішкі істерге ғана қатысты, онда да елдің ұйықты ордасы Ежелгі Хорезм мен оған басқа аймақтардан бұрынырақ қосылған және тұрмыс-салты, тұрғын жұрты туыстас Хорасан мен Мазандеран турасында ғана толық ақиқатқа сияр еді. Ал әйдік елдің басқа тарабы – Мәуреннахр мен Парсы-Ғирақ, Гур-Ғазна мен Ғират уәлаяттарына Түркен-қатынның ықпалы болса да, ғұзыры жүрмеген. Мемлекеттің бүткіл қарулы күштері, сырт елдермен соғыс, немесе бейбіт келісім жөні, қандай да әскери жорықтар басшылығы тікелей хорезмшахтың қолында болды. Әлбетте, бұл тарапта да Түркен-қатынның салмағы бар, тек төтелей емес, өзі көтерген және сүйеніш қылып отырған қыпшақ әскербасылары арқылы. Хорезмшах үлкен істе де, ұсақ-түйекте де ешқашан Түркен-қатынға қарсы, қайшы келмеді, оған екі түрлі себеп бар еді, деп жазады Нәсауи: «Мұның біріншісі – туған анаға деген балалық махаббат және сыйлы құрмет, екіншісі – мемлекет шегіндегі ұлық әмірлердің көпшілігі осы анасының руынан болғандығы». Дей тұра, Ұлы Хорезмде қатарлас екі патша өкім құрды деп түйіп айтпас едік. Шынайы жағдай кейінірек – татар шапқыны кезінде айқын көрініс береді. Бұл кезде бар билік және қажетті шешім тек қана хорезмшах Ала-ад-Диннің қолында болғанын көреміз.
Бейбіт замандағы ел басқару ісі – мұсылман әлемінде, оның ішінде кейінгі Хорезм ұлысы, Селжүк империясында қалыптасқан жүйе бойынша атқарылғаны танылады. Тақтағы сұлтан – тежеусіз әмірші. Барлық істі тек өзінің қалауымен шешеді. Әрқилы мемлекеттік қызметке тағайындау, ұлық әмірлер мен әскербасылардың орны мен міндеті, жарылқау мен жаза, шет жұрттармен байланыс, бітім және соғыс – бір сөзбен айтқанда, империяның бүкіл ішкі ахуалы мен сыртқы қатынасы түгелдей осы бас әміршінің дәргейінде.
Мемлекет егесі сұлтаннан соңғы ең үлкен мәртебе – бас уәзірге тиесілі. Уәзір тек сұлтанның алдында ғана жауап береді, Сарай төңірегіндегі, уәлаят, аймақтардағы үлкенді-кішілі ұлықтардың барлығына, тіпті, әскербасы бектердің өзіне өкімі жүреді. Хорезмшах уәзірлері қашанда араб, немесе парсы текті, міндетті түрде араб және парсы тілдеріне қатарынан жүйрік, және жоғары сауатты, білімдар кісі болуға тиіс еді, деп жазады З.Буниятов. Уәзір елдің ішкі басқару жүйесінде ғана емес, сыртқы саясатында да шешуші қызмет атқару құқұғы бар сенімді тұлға болды, қабыл, көріс кездерінде сұлтан тағының оң жақ қапталында отыратын және тақ алдына келген қандай да өкіл, шет жұрттық елші, ұлыстық әкім, тіпті, мұрагер патшазаданың өзіне орнынан тұрып, артық құрмет жасамайтын, дейді. Әлбетте, Сарайдағы өзгеше, жетекші жағдайына байланысты. Қандай да бас уәзір өз есіміне қосымша Низам-үл-Мүлік – «Мемлекет тірегі» деген құрметті атақ алады.
Хорезмшах Ала-ад-Диннің бұрнағы Селжүк сұлтандарынан айырым, үлкен бір қателігі – жауланған, тіпті, өз еркімен жаңадан қосылған әрқилы аймақ, өлкелерде, бұрнағы заманнан тамыр тартқан жергілікті әмірлерді биліктен біржола шеттетіп, орнына бұл жұртқа қаймана, өз кісілерін тағайындап бекітуі болды деп саналады. Байырғы қауым жаңа әкімдерін жат жұрт, бөтен тұлға, тіпті, заңсыз отырған басқыншы санап, Шыңғыс хан шапқыны кезінде көбіне-көп бейтараптық танытты, дұшпанға қарсы тұру – осы ұлықтарды қорғау есепті көрінді деген байлам бар. Мүлде қисынсыз емес. Бұл аймақ, уәлаят, жекелеген үлкенді-кішілі шаһар, кенттердің барлығы да орталықтан тағайындалған уәли, кіші уәзірлер арқылы басқарылды.
Сонымен қатар, байтақ империя шегіндегі жартылай дербес патшалықтар есебінде үлкен иеліктер құрылады. Мәселен, тұңғыш ұл Жәлел-әд-Диннің ғұзырына Ғазна, Бамийан өлкелері, Қандағар, Гур және Үндістанмен шектес тағы қаншама жер беріледі және соған орай іс басқарушы уәзір бекітіледі. Ендігі бір ұл Ғияс-ад-Дин Пир-шахтың өкіміне түстіктегі Керман, Мекран, Кеш уәлаяттары тағайындалады, және бір ұл Руқн-ад-Дин Гурсанджти Парсы-Ғираққа бекітіледі. Бұл екеуінің де өзіндік уәзірлері бар. Тақ мұрагері саналған, әлі кәмелетке жетпеген Озлық-шахтың, есебі, немересінің атынан билік жүргізетін Түркен-қатынның дербес билігі – Хорезм, Хорасан мен Мазандеран туралы айттық, мұнда да ғұзырлы уәзір қойылған, бір айырмасы – басқа уәзірлерден еңсесі жоғары, хорезмшахтың бас уәзіріне тетелес дәрежеде.
Шах үкіметіндегі, уәзірден кейінгі маңызды қызмет – аға хаджиб аталады. Міндетті түрде түрік текті ұлық. Әдетте Сарай рәсімдерін басқарады. Ал осы қатардағы кіші хаджибтер сұлтанның әр тараптағы тапсырмаларын жүзеге асырып отырған. Сонымен бірге, әрқилы қызмет жүйесі жүктелген: шаруашылық жетекшісі «устаздар», мініс арғымақтарына иелік ететін «әмір-ахур», аңшылық-саят ісін басқаратын «әмір-шикар», ішімдіктер қоймасын меңгеруші һәм шарап құюшы «шарабдар», ас дәмін тексеруші «джиншигир», хатшы «даватдар», ту ұстаушы «аламдар», және басқа да құрметті мансаптар аталады. Ал мемлекет шегіндегі, әсіресе жаңадан қосылған барлық өңірде жергілікті ұлықпен қатар сақшы, жасауыл міндеті «шихна» аталатын арнайы өкілдерге жүктелген. Тиесілі жасағы бар шихна тек тәртіп сақтаушы полистік қызметпен ғана шектелмейді, барлық шаруаға араласып, жалпы жұрттың іс-әрекетін, ой-пиғылын бақылап, шах өкіметі үшін қауіп-қатерлі шаруаның алдын алып отыруға тиіс. Есебі, жария сақшылық және құпия қызмет қатарынан.
Орталық қалалар мен жергілікті аймақ әмірлерінің барлығы да әкімшілік қызметімен қоса, әскербасы болды. Сонымен қатар, мемлекет қарулы күштерінің өзіндік құрылымы да қалыптанған еді. Жоғары қолбасы, әлбетте, хорезмшахтың өзі. Сұлтанға тете, бүкіл әскерге, парсыша қаһид, арабша мұқаддам аталатын бас қолбасы тағайындалады. Ала-ад-Диннің тұсында бұл ауыр да құрметті міндет Әбу-л-Фатх Йусуф деген ұлыққа жүктеліпті, баяғы Ел-Арсланның заманында қол бастаған «қаһид джайшихи» Қарлұқ Аййар бектің, тәрізі, шах қарындасынан туған ұлы. «Әл-мұқаддам ала-л-әскер» атағына қоса, «әмір-исфахсалар» мәртебесі беріледі. Ал уәлаят, аймақтағы қолбасы ұлықтар «сахиб әл-джайш» атанады. Он мыңдық жасақ басшылары – «мәлік». Ұрыс-соғыс кездерінде айрықша танылған мәлік – «хан» атағына ие болады; қалыпты ұғымнан басқашарақ мағна. Сондай-ақ, бұрнадан сенімді, немесе ұрыс, майданда көзге түскен ұлықтар мен қолбасыларға жаңадан жауланған тұтас аймақтар «иқта» – қожалық ретінде беріліп отырған, мұндай ғұзырлы тұлғалар «әмір әл-умара», яғни ұлұғ әмір, ұлықтардың ұлығы атағын алатын болған, әрі әкім, әрі әскербасы.
Хорезм армиясын тілі де, дәстүр-салты да өзгеше екі нәсіл – иран текті сарбаздар мен түрік текті әскер құраған еді. Жекелеген қосындар тайпалық, рулық негізде ұйысады. Шыңғыс хан империясындағы ежелгі ондық, жүздік, мыңдық тұрғысындағы бөлініс кейіпті мағлұмат ұшыратпадық. Сыңайына қарағанда, барлық әскер, қарасыны әрқилы, үлкенді, кішілі жасақтардан жинақталса керек. Қалың қолдың ұрыс, соғыс кездеріндегі жалпы құрылымы ежелден қалыптасқан, үйреншікті үлгі бойынша: авангард – йазақ, оң қанат – мәймене, орталық – қалб, сол қанат – майсара, арьергард – муһаххара және тосқауыл – хафийа.
Қарулы күштердің жалпы саны, сол заман есебімен алғанда, қисапсыз көп. Татар шапқыны қарсаңы, 1217–1218 жылдарда тек Мәуреннахр мен Түркстан шегінде ғана 400 мың атты әскер тұрған. Оның ішінде Самарқандта 110 мың, Бұхарада 30 мың, Отырарда 20 мың, Бенакетте 10 мың қорғаушы болды дейді, бұл қарулы жұрттың басым көпшілігі – жаяу әскер еді. Сонда империяның жау бетінде кем дегенде 500 мың жарақты әскер болды деген сөз. Түркстан мен Мәуреннахрдан тысқары – Хорезм, Хорасан, Балх, Ғазна және басқа да уәлаят, аймақтарда топталған әскер саны бұдан асып түспесе, кем болмаған. Сонда Ала-ад-Дин Мұхаммед шахтың қарулы күштерінің жиынтық саны бір миллионға кәміл жетті деп шамалар едік. Бәлкім, одан әжептәуір артық.
Хорезм империясы, оның ақырғы кезеңі туралы байыпты монография жазған Зия Буниятов: «Хорезмшах әскері турасындағы әрқилы жәдігерде айтылатын деректер көлденең көзге тым көтеріңкі көрінуі де мүмкін, – депті. – Бірақ сол замандағы, қызмет бабы бойынша, нақты ақпар айтуға тиіс сыртқары өкілдер де осыған үйлес мағлұмат қалдырған», – дейді. Мәселен, Ирбил әмірі атабек Гөк-Бөрінің елшісі, Хорезмге келіп қайтқаннан соң, «хорезмшахтың тікелей ғұзырында 350 мың әскер бар деп мәлімдеген. Бұл – Ала-ад-Диннің бастапқы, қанатын кеңге жаймай тұрған кездегі жағдай. Көп ұзамай, 1210 жылы, Қара-қытайға қарсы жорық кезінде хорезмшах 400 мың атты әскер шығарады. Негізінен Хорезм мен Хорасан, Мазандеран тарабынан деп шамаласақ керек. Ал империя алыс аймақтар – бүкіл түстік, түстік-шығыс пен батысты түгел баураған, жазыла орныққан, Шыңғыс ханмен соғыс басталар 1219 жыл мұғдарында, жаңа айтқанымыздай, бұдан екі, үш есе артық күшке ие болуы анық. Араб тарихшысы ас-Субхи «Хорезм әскерінің ұшы-қиыры жоқ, көптігі шөлдегі құммен пара-пар», – депті (З.Буниятов бойынша).
Әскердің негізгі қарулары – қылыш, найза, шоқпар және садақ. Сонымен қатар, қамал бұзуға арналған атқыш серіппе (манджаник), ұрғы (джамалукат), тұра (матарис) және арнайы сатылар (салалим) үйреншікті қолданыста болған.
Атсыз бен Ел-Арслан кезіндегі еркіндік үшін күрес, Текеш тұсындағы жаулау жорықтары заманында әбден қалыптасып, мол тәжірибе жинақтаған, Ала-ад-Диннің кезіндегі ауыр, бірақ үнемі жеңістен жеңіске ұласқан майдан нәтижесінде бар жағынан жетіліп, мейлінше шыныққан, саны мол, қарымы қату Хорезм армиясы солтүстіктегі сақара көшпенділеріне қарсы, түстік пен батыстағы Ежелгі Иран жұртының тікелей мұрагері болып саналатын парсы патшалықтарына қарсы қаншама майданда өзінің аса жоғары соғыс қабілетін талай рет әйгілеген, осыншама қуат-күшінің арқасында алып империя құрған, жойқын күш болатын.
Әлбетте, қандай да мемлекеттің алымы мен әлуеті құрамындағы халқының саны мен сапасынан, ел-жұртының береке, байлығынан бастау алады. Бұл кездегі Ұлы Хорезм бүкіл мұсылман әлемі, есебі, жер-дүниедегі, өз заманының алдыңғы шебіне шыққан, халқы қисапсыз, дәулеті кенеусіз, шаруашылығы дамыған, мәдениеті өркендеген, ғылым-білімі өз тұрғысында жоғарғы деңгейге жеткен ерен өңір болатын.
ХІІІ ғасырдың бас кезінде Хорезмде болған араб саяхатшысы Йакут: «Әлемде дәп осындай, жері ұлан-байтақ, халқы жиын, адамы еңбекшіл, әрі қанағатшыл, қалалары еңселі, базарлы, жалпы жұрты барақат тыныштықта ғұмыр кешіп жатқан ешбір ел жоқ», – деп жазған екен. Кездейсоқ, төтенше жағдай емес. Атсыз бен Ел-Арслан негіздеп, Текеш мейлінше көтеріп, Ала-ад-Дин біржола қалыптаған империя – елдің әуелгі ұйтқысы болған Ежелгі Хорезммен қатар, мың жылдық ұлыстық үлгі, ғасырлар бойы ең озық мәдениет, теңдесі жоқ ұлы әдебиет қалыптаған Иран және арыда адамзат бесігі деп айтарлықтай, беріде мұсылман жұртындағы гүлстандардың біріне айналған Мәуреннахр мен Ферғана, көшпенді Дала жұртының өмір өзегі болған Сыр-дария – бүкіл Орталық-Батыс Азиядағы осыншама абат өлкелердің басын біріктіріп отырған сәулетті, әрі салтанатты, айдынды да алып мемлекет болатын. Атына заты сай Ұлы Хорезм.
Жалғасы келесі сандарда.
Жұлдыз Әдеби көркем қоғамдық-әлеуметтiк журнал.


