Белгілі ақын Несіпбек Айтұлы «алаш арыстарының орыс тілінде жарық көрген әртүрлі еңбектері қазақ тіліне аударылуы керек» дейді. Ал журналист, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ғабит Мүсіреп болса Ә.Бөкейхан атындағы ұлттық сыйлық тағайындау қажет екенін еске салды. Сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбеков «Алашқа қатысты зерттеулерімді жалғастыра беремін» десе, саясаткер Айдос Сарым «қос мерейтой Абылай атамыздың 300 жылдығы сияқтанып кетпеуі керек» дейді.
1. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен Алашорда мемлекетінің 100 жылдығына байланысты қандай іс-шаралар ұйымдастырылу керек?
2. Сондай-ақ өз тарапыңыздан қос мерейтойға қатысты қандай үлес қосасыз?

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
«Семейді Алаш қаласы деп атауымыз керек»
1. Алашорда мемлекетінің 100 жылдығы жалпыұлттық деңгейде аталып өтілгені ләзім. Өйткені алаш арыстарының ұлт бостандығы жолында еткен еңбегі ұшан теңіз. Сондықтан да алашордашылардың мерейтойын қалай атап өтсек те бізге жарасады. Кезінде алаш қайраткерлері тәуелсіз ел болып, ешкімге жалтақтамай өмір сүруді армандаған болатын. Міне, сол арманға олар жетпесе де оның бүгінгі ұрпағы мына біздер жеттік. Менің ойымша қос мерейтойға дейін Алашорда мемлекетінің астанасы болған Семей қаласын Алаш қаласы деп атауымыз керек. Сондай-ақ алаш арыстарының біздерге қалдырған мол мұрасы кітап болып жарық көрсе нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені әлі күнге дейін кейбір алаштықтардың еңбегі шығарылған жоқ. Бұдан бөлек алаштықтардың орыс тілінде жарық көрген әртүрлі еңбектері қазақ тілінде аударылуы керек. Өйткені қазіргі таңда орыс тілін білмейтін буын өсіп келе жатыр. Егер оларға аталған еңбектерді аударып бермесек күні ертең оларды оқып білу мүмкін болмай қалады.
Сондай-ақ Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлының ескерткіштерін еліміздің әр облысына орнату керек. Өкінішке қарай бізде белгілі бір тұлғаны ұлықтау рәсімі туған жерінде ғана көрініс табады. Менің ойымша осындай жағдайдан біз аулақ болуымыз керек.
2. Ал енді «өз тарапыңыздан қандай үлес қосасыз» деген сауалға келер болсам аянып қалмайтынымды айтқым келмейді. Ақын болғаннан кейін өңір-өңірді аралап әр түрлі жиындарға қатысамын. Сол жиындарда алаш ардақтыларын насихаттап үнемі айтып жүремін. Әрине мүмкін болса өлең де жазармын.

Ғабит МҮСІРЕП, «Рауан» баспа үйі» ЖШС бас директоры:
«Бөкейханның бәсі қашан да биік!»
1. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтілуі тиіс. Қазақстандағы іргелі жоғары оқу орындарының біріне, яғни «КИМЭП» университетіне» Әлихан Бөкейхан есімін беру, Ә.Бөкейхан атындағы ұлттық сыйлық тағайындау, сондай-ақ, республикамыздың бірқатар қалаларында ескерткішін орнатып, көшелерге атын беру қажет. Жоғары оқу орындарында саясаттану, мемлекеттік құқық, халықаралық қатынас пәндері бойынша Әлиханның саяси көзқарастары жан-жақты талданып, қамтылғаны абзал. Әсіресе, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында ұлы тұлғаның еңбектері сараланып, болашақ ел басқарушылардың санасына құйылса, құба-құп.
Алашорда автономиясының тарихы да Әлихан Бөкейханмен тікелей байланысты. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Екінші Жалпықазақ съезінде қазақ болыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша «Ұлт Кеңесі» құрылып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешім қабылданды. Үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Ә.Бөкейхан сайланды. Съезде автономияны жариялау мерзімі туралы қызу тартыс бірнеше күнге созылды. Ақыры Алаш автономиясы жарияланып, Ә.Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланды. Ендеше, Қазақ республикасының ғасырлық мерейтойы да өз деңгейінде, тарихи танымдық тұрғыда тойлануы қажет. Бұл қазақ мемлекеттілігі тарихының тағы бір тұсын айғақтай түседі.
2. Тарихи танымдық деректерді алға тарта отырып, өскелең ұрпаққа мемлекеттілік тарихының әріде жатқандығын, Қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізу жолында Әлихан Бөкейхан сында талай-талай тарихи тұлғалардың қосқан өлшеусіз үлесі бар екендігін ұғындыруға ұмтыламыз.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, заң ғылымдарының докторы, профессор:
«Алашқа қатысты зерттеулерімді жалғастыра беремін»
1. Менің ойымша Алаш ардақтыларына қалай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. Өйткені олар біздің азаттығымыз үшін күрескен ерлер болатын. Қазіргі кезде алаштануда біраз игі істер атқарылып жатыр. Мәселен алашқа қатысты Астанада, Қарағандыда, Алматыда және Шымкентте әртүрлі конференциялар өткізілді. Сондай-ақ алаш арыстарына қатысты көптеген кітаптар жарық көрді. Әйтсе де соған қарамастан осының бәріне жүйелілік жетпей жатқан сияқты. Сондықтан да белгілі бір орталық арқылы жүйелі жұмыс істеуді қамтамассыз ету қажет. Бұдан бөлек мемлекет тарапынан айрықша қолдау қажет. Онсыз алаш арыстарын насихаттап, халыққа көрсету мүмкін емес. Ал енді Әлихан Бөкейханға келер болсақ, оның тұлғалық кескін-келбетін сипаттап беруіміз керек.
2. Таяуда ғана Санкт-Петербург қаласына барып, Әлихан Бөкейханға қатысты тың деректер тауып келдім. Алла бұйыртса алдағы уақытта сол материалдарды мақала етіп еліміздегі сайттарға жазып беремін. Сондай-ақ алашқа қатысты зерттеулерімді жалғастыра беремін.

Айдос САРЫМ, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті:
«Алаш арыстары атындағы сыйлық тапсыру ойда бар»
1. Менің ойымша, Әлихан атамыздың мерейтойы мен Алаш қозғалысының 100-жылдығына арналған шаралар мемлекеттік дәрежеде атап өтілуі тиіс. 2017 жыл толығымен Алаш жылы болып аталса дұрыс болар еді. Бүгіннен бастап арнайы мемкомиссия құрылып, мерекелік шаралардың ұзақмерзімді жоспары жасақталып, жүйелі түрде іске асқаны абзал. Қай жерде көше атауын беру, қай жерде ескерткіш белгі қою, қандай кітаптарды шығарып, фильм түсіру деген сияқты. Егер биліктің бұған өресі жетпесе, қоғам болып, жұрт болып, өзіміз бастап кетуіміз керек. Әйтпесе өткендегі Абылай атамыздың 300 жылдығы сияқтанып кетеді.
2. Өз үлесіміз – тірлік жасау. Сайттарымыз бар, насихаттаймыз. Ортамыз бар, әрекет жасаймыз. Ғалымдарымыз бар, бірігіп шара өткізерміз. Жігіттермен бірігіп Әлекең атындағы төсбелгі жасап едік. Соны үш жылда бір тапсырамыз деп ұйғарған едік, міне, тапсыратын уақыты да келіп қалыпты. Көптен бергі ойымыз Әлихан, Міржақып, Ахмет атындағы журналистика, публицистика, ғылым саласындағы сыйлықтарды тапсыру. Оған да жетерміз. Құдайға шүкір, ой көп, жоспар көп.
«Жебе» газеті, 5 желтоқсан 2013 жыл


