Өткен жылы “Намыс” сайты Тәуелсіздік күні мерекесіне орай шығармашылық бәйге жариялаған болатын. Солардың ішінде төмендегі жазба биіктерден көрініп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген еді. Сол себепті де бұл мақаланы осы жылы алдымыздағы мереке күніне орай қайта жариялауды жөн көріп отырмыз. Оқыңыз, жүрегіңізбен қабылдаңыз…
Өткен сағым күндердің сансырағын табы менің балғын санамда өшпестей жатталды. Бала күнім қалың моңғолдың ортасында Ерденет қаласында өтіп жатты. Мен ес білген тұста біздің үйде мұқабасы тозған «Қазақстан» дейтін суретті қоңыр альбом-кітап бар-тын. Оны қатты қастерлеуші едік. Әкей ауық-ауық парақтап ұзақ қарайтын. Кейде тіпті көз алмай мүлгіп қалатын. Ол кісі қолына альбомды алғанда басқамыз мазасын алмауға тырысатынбыз…
Менің әкетайымда екі сағыныш болды, бірі – өзінің туған жері Бай-өлке аймағы да, екіншісі – атажұрты Қазақстан. Бір байқағаным – атажұртына деген сағынышы ерекше зор болды. Өзі жұмыс жасайтын кен байыту өндірісінде Кеңес елінен арнайы келген мамандар көп еді. Солардан үнемі Қазақстан жайлы сұрайтын. Бұл сонау секінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басы.
Бірде әкем жұмыстан көңілді келді. Қасындағы Сәбет елінен келген мамандар айтыпты, кешікпей «Сәбет Одағы ыдырайды-мыс». Сол күннен бастап әкей бір үміт күткендей елеңдеп жүрді. Қасында шүпірлеп отырған біздердің басымыздан сипап, «қарақтарым, біздің Қазақстан дейтін отанымыз бар…» деп кеудесін кере төрдегі альбомды алдыратын. Содан кітапты бір-бірлеп ашатын, әсіресе, Бурабайдың «Оқжетпесі» мен «Жұмбақ тасына» келгенде қадалып көп отырады да, Сәкеннің «Көкшетау» поэмасынан жатқа үзінді айтып береді.
Сол бір күндерде Қазақстан деген ел бізге ертегі сияқты елестейтін. Яки, өз басым атажұрт дейтін ертегі елеске елітіп ержеттім. Бірақ қайран әкем сол күндерді көре алмады. 1991 жылдың қысы басталды. Көрші-қолаңдар жаңа жылға дайындалып, қап-қап манты жасап жатты. Шешей көрші моңғол дос әйелдерге барып манты түйіседі. (Моңғолдар жаңа жылды осылай қарсы алатын). Шамасы желтоқсанның 19-20 күндерінің бірі болар деп шамалаймын, әкей жұмыстан өте көңілді оралды. Сол күні барлық моңғол достарын үйге шақырды. Шешей дастархан әзірледі. Қысқасы біздің үйде шағын той болды.
Сөйтсек, әкей Қазақстанның жеке ел болып, тәуелсіздік жариялағанын естіп келген екен. Соған қуанып той жасапты. Моңғол достары әлі көз алдымда әкейді құттықтып шын қуанысты. Әсіресе, біз Найга ағай атап кеткен бурыл шашты қартаң кісі: – Жарға (әкейді достары осылай атайтын) саған мына бір әңгімені атып берейін, деп, сөз бастады: – Менің бала кезімде сонау 30-шы жылдары қазіргідей техника болған жоқ, үкімет ел ішіндегі жілікті жігіттер мен атан түйелерді жинап, Улан-Үдеге кіре тартуға аттандыратын. Олар қақаған қыста кетіп, жазда бір-ақ оралатын. Менің үлкен ағамда ел қатарлы кіреге кетті. Біздің үйдің сарыатанын ала кетті. Бірақ ағамыз аман келді, сарыатан келген жоқ. Ол орыстың жерінде қалыпты. Ағамыз ауырып орнынан қозғала алмай қалған түйесін не істерін білмей қиналып, ақыры түйе өлетін болған соң, жолдың жиегіне шөгеріп тастап кетіпті. Біз сүйікті сарыатанымызды ойлап, қамықтық. Аздан соң бәрі ұмытылды, сарыатанда естен шығып кетті. Күз болып қыстауға қарай көштік. Тағы сол түйемен көшеміз. Мен жылқыларды айдап елден бұрын қыстауға келсем, жұртта орыстың жерінде қалған сарыатан жатыр. Бәріміз таң қалдық. Мың шақырым алыс әрі тайганың ну орманынан қалай жол тауып келді екен… Сарыатанды біздер сол күнен бастап адам сияқты құрметтейтін болдық, – деп сөзін түйді.
Қарасам әкей Найга ағайдың әңгімесіне әсерленіп жылап отыр екен. Достары оған күліп-күліп тарқасты. Қысқасы сол күннен бастап, әкей көшуге қамданды. Туған-туыстарды жинап ақыл қосты. Кейбір ағайындар, соның ішінде қалалық кәсіптік коллежде саясаттанудан сабақ беретін нағашы ағамыз: «Жарылқасын сен көшкенді қояа тұрсаң қайтеді, ол жақта ұлтаралық дүрдараздық туып соғыс болып кетсе қайтесің?» демесі бар ма! Әкей, ойланбастан: «Құдайға шүкір үш ұл, екі қызым бар, соғыс болса осылардың біреуі тірі қалып, ұрпақ жалғастырар» деп келте жауап қайырды. Сосын, тағы бір, «атақ-абыройың бар, танымал инженерсің, ол жаққа барғанда не істемексің» дегендерге, «қолымнан түк келмегеннің өзінде қазақтың санын көбейтпеймін ме» деп мақтанышпен жауап беретін. Керітарпа ағайындардың қылығына басын шайқап, «Найганың сарыатандай ми жоқ бұларда» деп кейіс білдіретін.
Сөйтіп жүргенде көктем шықты. Біз көшуге әбден қам жасадық. Әкей шешейді ертіп, Бай-өлкедегі туғандарына барып келді. Әкейдің үлкен ағасы жалғыз кетпе, барғанда саған сүйеу болсын деп, үйленбеген әскерден жаңа келген ұлын ертіп жіберіпті. Ол ағайда төлқұжаты жоқ екен. Соның қамымен әкей Ұлан-баторға кетті. Бірақ сол кеткеннен қайтып оралмады. Отымыздың басын қара жамылды. Тайғақ жолда әкей мінген көлік қатерге ұшырап, жан әкем дүниеден өтті…
Арада апта өтті, ай өтті, есімізді әрең жидық. Әкейден қалған қоңыр альбомды күнде отырып алып жағалата аударып қарап шығам, әуелі әкеме деген сағыныш болса, екіншіден, әке аманатын орындаудың қамы. Әкемше айтқанда, «Найганың сарыатаны құрлы миым жоқ па».
Сол бір кездерде екі араға жол ашылып, адамдар Қазақстанға сабылып кетіп, сапырып келіп жатты. Айтылған әңгімеге жіп тағып түсіну қиын. Біреу Қазақстанға барып келіпті дегенді естісем болды, зыр жүгіріп барып, әңгімесін тыңдаймын. Әттең балалық көңілім-ай, «Бурабайға бардыңыз ба, Оқжетпесті көрдіңіз бе?» деп сұраймын. Бурабайдың бір қиырда жатқанын қайдан білейін. Алматы, Талдықорған, Бурабай бәрі бір ауыл сияқты елестейтін. Ешкім Бурабайға бармапты. Сонда бұлар ол жақтан не көріп кеп жүр деп таңданам.
Әкейдің жылын беріп келесі жазда бізде атажұртқа беттедік. Жасым он төртке толған кезім-тұғын. Жол бойы әкей жаттатқан «Көкшетау» поэмасын күніне бірнеше мәрте ішімнен қайталаймын:
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауьн.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.
Сексен көл Көкшетаудың саясында,
Әрқайсысы алтын кесе аясында.
Ауасы-дертке дауа, жұпар исі,
Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?
Мөп-мөлдір Бурабайдың суы күміс,
Көргенде шаршаған жан алар тыныс.
Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,
Қарағай, қайың менен қалың жыныс… – деп ұзаққа сілтеймін. Кербез Көкше көз алдыма елестейді…
Пойыз төртінші тәуліктің түн ортасында Қазақстан шекарасына ілікті. Шағын стансаның аты «Ауыл» екен. Біздер пойыздың терезесіне телміре-тесіле қараймыз. Таң ата Семейге келіп тоқтадық. Осылай атажұртқа табанымыз тиді. Небір ауырлықты көре жүріп, төзе жүріп ержеттік. Шешей қатты қиналған кездерде, «Бекер жылы орнымызды суыттық» деп налитын. Мен болсам, «қазақтың санын көбейтік емес пе» деп күле жауап берем. Қазір құдайға шүкір ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Бурабайды да көрдік, Оқжетпеске де шықтық, Жұмбақтасқа да серуендедік.
Менің арманым орындалды… Көкшетаудың жігітіне күйеуге шықтым. Бір ұл, бір қызым өсіп жатыр. Жолдасым болса, шағын кәсіп иесі. Өткен жылы туған қалам Ерденетке бардым. Көшпей қалған көршілерге бас сұқтым. Сонда барып әкемнің не үшін көшуге жанталасқанын түсіндім. Қысқасын айтқанда, ондағы ағайындар моңғолдана бастапты, салт-ғұрыптарында будисттік әдептер айқын көзге ұрып тұр. Оны өздері тіпті байқамайды да. Егер көшпей қалғанда, мен осылардың біріне айналар едім. Әсіресе, ішім қан жылағаны қазақ қыздары моңғолдарға топ-тобымен күйеуге шығып жатыр.
Алдымен Аллаға, одан кейін қазақ қылып тәрбиелеген әкеме рахметім шексіз. Құдайға шүкір біз атажұртқа келіп қана қоймай, ислам дінімен табысқан екенбіз. Бұдан артық бақыт бар ма бұл жалғанда.
Мереке құтты болсын, ағайындар! Көптен бері көкейде жүрген ой еді, менің әкем сияқты атажұртына жете алмай қалған пенделерге Алла өзінің шексіз нығметін нәсіп етсін деймін. Аумин!!!
Жанар ЖАРЫЛҚАСЫН
“Намыс” сайты



