Дәлелхан Сүгірбайұлы (1904 жылы туылған, Қытай, Алтай аймағы, Сарысүмбе ауданы,Көксу қонысы -1949) – Қытайдың Шыңжаң өлкесінде болған ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері, генерал-майор. 1933 жылғы Қытай қазақтарының көтерілісіне белсене қатынасқан. Өлкедегі ел басшыларын жаппай тұтқынға алып жатқан кезде Дәлелхан 1941 жылы Қазақстанға өтіп кетті. Кейін аймаққа қайта оралып (1944), Гоминьдан үкіметіне қарсы Үш аймақ көтерілісі басшыларының бірі болды. 1945 жылы Алтай аймағы Гоминьдан үкіметі ықпалынан азат етілгеннен кейін, Алтай аймағы генерал-губернаторының бірінші орынбасары әрі аймақтың әскери округінің қолбасшысы болып тағайындалды. Іле, Тарбағатай аймақтары да азат етіліп, үш аймақтың негізінде Шығыс Түркістан Халық Республикасы құрылған кезде (1946) Дәлелхан үкімет мүшесі және Шығыс Түркістан ұлттық армиясы қолбасшысының бірінші орынбасары, кейін (1946) Алтай аймағының генерал-губернаторы болды және денсаулық сақтау министрі қызметін қоса атқарды. Ұлт-азаттық козғалысына белсене қатысқаны үшін Дәлелханға «Алтын жұлдыз» ордені тапсырылды, «Халық қаһарманы» деген құрметті атақ және генерал-майор әскери шені берілді. Дәлелхан Шығыс Түркістан Республикасының өзге де басшыларымен бірге белгісіз жағдайда ұшақ апатынан қайтыс болды.



