Адамзат тағдыры үшін маңызы зор болған тарихи бетбұрыстарға кейде бір қарағанда өте ұсақ көрінетін жайттар себеп болып кететіні туралы ойын айтты. Мәселен печенегтердің XI ғасырдың басында Византияға жасаған жорығына қосылуға алыстан кешігіп жеткен қалың қыпшақ әскеріне одақтас ретінде сұраған сауғасын бермей қойып ренжітіп, өздері қыпшақтардың шапқынына ұшырағанын, ең соңында Византия мен қыпшақтардың печенегтерді біржола талқандағаны туралы әңгімеледі. «Печенегтер стратегия жағынан көреген боп, қыпшақтармен біржола одақтасқанда Византия сол ғасырда-ақ құлап, Еуропаның тарихы мүлдем басқаша дамыр еді. Тұтас бір жауынгер елдің түбіне сауға жетті» деп бір қайырды.
Мұхтар Мағауин сияқты тұлғалармен сөйлескенде тарихтың құдыретін еріксіз сезінесің. Жүздеген жыл бұрынғы Еуразиядағы жер-су аттары, адам есімдері мен тарихи детальдардың тап-тұйнақтай қоймасына айналған эпикалық жады таң қалдырады. Мұндай адамдар көпшілігіміз құсап бір ғана уақыт кеңістігінде тұрып жатқан жоқ. Әр сөзінен тарихтың өткен шақ, осы шақ пен келер шақтан тыс жатқан, дәл заңдылықтарға бағынатын мәңгі әлем екенін байқалады. Сол себепті де шығар бұл ақсақалдың қазіргі саяси оқиғаларға да сергек көзбен қарап, батыл түрде баға беріп отырғаны.



