Еуропалық одақтың бас шаһары Брюсселге іссапармен барған Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған өз елінің түрлі одақтарға қосылуы мәселесінде ешкімге жалтақтамай шешім қабылдайтындығын мәлімдеді. Еуропарламент спикері Мартин Шульцпен бірлесіп өткізген баспасөз мәслихатында Ердоған мұны ашық айтты.

Журналистердің бірі жиында Ердоғанға Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіру мәселесі туралы сұрақ қойған. Ал, Түркия премьер-министрі: «Біз үшін кез келген мәселе күн тәртібінде тұрады. Еуропалық одақ 51 жыл бойы бізді есігінің алдында күткізіп қойды. Егер нәтижелі болса онда бұл одаққа кіреміз. Алайда, көп күттіре берсе біз өзге де балама жолдарды қарастыратын боламыз. Сол себепті ең алдымен біз қай бағытта табысты болсақ, сол бағытқа қарай бет бұратын боламыз. Өйткені, Түркия тәуелсіз ел. Өз таңдауын өзі жасайды. Менің ойымша Шаңхай ынтымақтастық ұйымына қосылуды қаласақ нәтижелі болатыны сөзсіз. Дегенмен, Еуропалық одақпен қазіргі келіссөздерімізде ілгерілеу бар. Сондықтан, бұл келіссөздер жылдам жалғасып, бәрімізге тиімді келісімдерге келеміз деген үмітім бар» деді. Сөйтіп, Ердоған Еуропаға тағы да қыр көрсетіп қойды.
Естеріңізге салатын болсақ, осыдан бір жыл бұрын Режеп Тайып Ердоғанның өз елінің Шахнай ынтымақтастық ұйымына мүше болуы мүмкін екендігін айтқаны бар. Түркияның Kanal 24 арнасына берген сұхбатында: «Мен Путинге егер Түркия ШЫҰ-ға мүше болса, Еуропалық одақпен қоштасатындығын айттым. Біз Еуропалық одақ Түркияны қашан қабылдайды деп күтіп отыра алмаймыз. Меніңше олар Түркияны одаққа кіргізгісі жоқ. Менің ойымша Еуропалық одақ христиан клубы ретінде дамуды көздеп отырған тәрізді. Өз заманында түрлі жағдайларға байланысты Түркия НАТО-ға қабылданған болатын. Бірақ, қазір бұл ұйымға ешбір мұсылман мемлекетін қабылдағысы келмейді. Шамасы, Еуропалық одақ НАТО-ның қателігін қайталағысы келмей отырған сияқты» деген болатын. Ал, оның бұл мәлімдемесінен кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзіне Түркия Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның телефон соққанын айтқан-ды. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда Ердоған Кедендік одаққа Түркияның да кіргісі келетіндігін айтыпты. Назарбаев бұл мәлімдемені Минскіде өткен Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында жасаған еді. Міне, бұл мәлімдемелердің өзі Түркияның Еуропалық одаққа саяси қысым жасай бастағанын көрсетеді. Яғни, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Кедендік одақ сынды бұрыңғы КСРО елдері топтасқан ұйымдарды алға тарту арқылы Еуропаның Түркияны өз қатарларына қосуға мәжбүрлемек ниетте. Әйтпесе, Ердоған қатарынан екі жылда Шанхай ынтымақтастық ұйымына қосылуға қарсы емес екендіктерін айтпас еді. Дегенмен, Орта Азиялық түркілер үшін Түркияның Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіргені тиімді.
Жебе
«Жебе» газеті, 23 қаңтар 2014 жыл


