Ол жаңа жыл қарсаңында аз уақытқа демалыс алып елге оралды. Қазір Алматыда келесі айқасына жаттығып жатыр. Алайда, ғаламтор мен БАҚ беттерінде «Қанат «Астана арландары» командасына қайта келуі мүмкін», Қанат «Арландарға керек пе?», «Қанат Олимпиадаға қатысуы мүмкін» деген неше түрлі ой-пікірлер желдей есіп жүр. Осы сұрақтар мен пікірлерге жауап алу үшін Қанаттың өзіне қоңырау шалып, анық-қанығын білуге тырыстық, деп жазады alasharena.kz
Қанат айтады: — Бақтияр Артаев арнайы кездесіп, өзінің ұсыныстарын айтты. «Астана» президенттік клубына қайта шақырып, «Арландар» сапында өнер көрсетуін сұрады. «Біздің қатарымызға қосылсаң «Астана арландарында» өнер көрсетесің және АИБА ұйымдастыратын APB жобасына қатысып, Рио-де-Жанейро олимпиадасына жолдамаға таласуына болады. Егер келісіміңді берсең, біз сені «Астана» құрамына қабылдауға дайынбыз», – деген болатын Бақтияр Артаев. Мен қазір кәсіпқой бокста жүрмін. Бір жылда 16 кездесу өткізіп барлығында жеңіске жеттім. Оның 14-і нокаунд, 2-і таза жеңіс. Он бесінші кездесуімде колумбиялық Эмилио Хулио Хулионы жеңгеннен кейін, WBA (Дүниежүзілік бокс ассоциациясы) тұжырымы бойынша орташа жеңіл салмақта Fedecaribe (Америка және Кариб теңізі аймағы чемпионы) чемпион атандым. Осылайша осы тұжырым бойынша әлем бойынша үздік 12-орынға қол жеткіздім. Бұл дегеніңіз әлем чемпионы атағына жақындау деген сөз. Осындай деңгейге келіп алып, кәсіпқой боксты қалай тастап кетем? Сондықтан, Бақтиярға келісім берген жоқпын. Менің басты мақсатым – Олимпиада қатысу болса, онда қытайдың атынан бара беруші едім. Қытайдың атынан бір емес, екі Олимпиадаға қатыстым. Үшінші рет қазақ туын жамылып шықсам деген арманым болды. Ол арманым орындалмады. Бұл жайында айтқым да, ойлағым да келмейді,- деп күрсінеді боксшы. Енді Олимпиада да емес, кәсіпқой бокста Байрағымызды желбіретуді мақсат еттім. Сол мақсатыма жетуім керек. Табандылығы жоқ адамнан етшеңе өнбейді. Анау шақырды, мынау шақырды деп шақырған жерге кете берсең мақсатың қайда қалады?! Әрең қол жеткізген «Қазақстан азаматы» деген жеке төлқұжатымды енді басыма ешқандай қоспасыз алтыннан сарай соғып берсе де ешқандай елге айырбастамаймын. Бойымда қан, кеудемде жан бар кезде елімді тауып, кішкене болса да маңдай терім ата-жұрт топырағына тамсын деп келдім. Шетел асқанда бір жола қоныс аударып, қазақстан азаматтығынан бас тартып, шетел азаматтығын қабылдаған жоқпын. «АҚШ-қа кетсем жер шарының арғы бетіне қазақ деген елдің бар екенін, қалай жұдырықтасып, қалай төбелесетінін көрсету үшін кеттім. Ай сайын еліме келіп, отбасымда болып демалып келіп, кетіп жүрмін», — деп түйіндеді әңгімесін боксшы Қанат Ислам.


