Қозыбаев Манаш Қабашұлы (16.11.1931, Қостанай облысы Меңдіғара ауданы Тазкөл ауылы – 30.10.2002, Алматы қаласы) – ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, тарих ғылымының докторы (1969), профессор (1970), Қазақстан Республикасы Ұлттық ҒА-ның академигі (1989), еңбек сіңірген ғылым қайраткері. 1953 жылы ҚазМУ-ды бітірген. 1953 – 58 жылы Қостанай педогогикалық институтында, 1958 – 74 жылы СОКП ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институтының Қазақ бөлімшесінде, 1974 – 79 жылы Алматы мал дәрігерлік институтында, кейін ҚазМУ жанындағы Қоғамдық ғылымдар оқытушыларының білімін жетілдіру институтында ғылыми-педогогикалық жұмыстармен айналысты. 1979 – 86 жылы Қазақ Кеңес энциклопедиясының Бас редакторы, 1986 – 88 жылы Қазақстан ҒА Тарих және этнол. институты тарихнама бөлімінің меңгерушісі, 1988 жылдан өмірінің соңына дейін осы институт директоры болды. Оның 30 монографиясы, 50-ден астам ұжымдық еңбектері бар. Қ. басшылығымен “Қазақстан тарихы” академиялық басылымының 3 томы, ағылшын тілінде “Қазақстан тарихы”, көптеген құжаттар жинақтары, т.б. жарық көрді. Қозыбаев отандық тарихнамада жеке ғылыми мектеп қалыптастырды. 90-ға жуық шәкірт тәрбиеледі. Халықар. конгрестерде, конференциялар мен симпозиумдарда 200-ге жуық баяндамалар жасады. Еңбектері Ресей, Украина, Қытай, Түркия, Иран, АҚШ, Корея, Армения, Беларуссия, тағыда басқа елдерде жарық көрді. Қозыбаев 1990 – 93 жылы сайланған ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кеңестің ұлттық саясат, мәдениет және тілдерді дамыту к-тінің мүшесі, 1993 жылы Қазақстан республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес мүшесі, 1994 – 98 жылы Адам құқығы жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі болды. Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық (1970), Қазақстан Мемлекеттік сыйлық иегері (1995), Қазақстан республикасының Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйл. лауреаты (1997), 2001 жылы “Парасат” орденімен марапатталды. Қозыбаев Қостанай облысы Меңдіқара ауданының, Қостанай қаласының құрметті азаматы. Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан университетіне Қозыбаевтың есімі берілді (2003). [1]
Ғылыми зерттеулері Қазақстан халқының 2-дүн. жүз. соғыс жылдарындағы ерлігі мен қаһармандық еңбегіне, Қазақстан мемлекетінің құрылу және қалыптасу тарихына арналған. Оның «Қазақстан- майдан арсеналы», «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Ұлы ерлік», «Қазақстан тарихы»т. б. монографиялары жарық көрген. Ғалымның еңбектері тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихына, елдегі улттық идеологияны белгілеп, қалыптастыру мәселелеріне арналған. Бірқатар еңбектерінде Абайдың қазақ тарихында аларорны мен тарихи көзқарастары қарастырылады.



