Мен өр Алтайда туып, сол көркем өлкеде өстім. Бала жасымнан атам мен әжемнің тәрбиесін, әке-шешемнің қамқорлығын көрдім. Қазақ ауылында, қазақы тәрбиеде бойжеттім. Содан шығар біз үшін қазақ қызының тәрбиесі бөлек, ар-намысы биік. Ауыл мектебін, кейін Алтай қаласындағы орта мектепті бітіргенше құрбы-құрдастарымның бойынан ешқашан жаман әдет байқаған емеспін. Жаман әдет – жат қылық… 2010 жылы Шанхайға оқуға түстім. Хатқа себеп болған оқиға сол Шанхайда басталды ғой.Мен бұл хатты өзім өмірімде көрмеген, Алматыдағы бейтаныс құрбыма деп бағыттап жазып отырмын. Сен өмірде барсың ба, жоқсың ба, оны білмеймін. Тіпті мына шатпағымды оқисың ба, оқымайсың ба, оған да күмәндімін. Бірақ жадымда жаңғырған намыс пен ішімдегі қыжыл қолыма қалам алмасыма қоймады. Сенің бейнеңді қиялымда жасап, атыңды Қарлығаш деп ойша қойдым.
Сәлем, Қарлығаш!
Біз бір-бірімізбен таныс емеспіз. Тіпті өзара түсінісе де алмаймыз. Өйткені мен өр Алтайда, сен Алматыда туған арусың. Менің тілім қазақша шықты, сен орысша сөйлейсің. Мен қазақтың жайлау-қыстауын көрген, аңыз-ертегісін тыңдап өскен қызбын. Ал сен жылдың төрт мезгілінде табаның Алматының асфальтынан басқаға тимеген. Тіпті сен екеуміздің ата-тегіміз, бойымыздағы қанымыз бір болғанымен, айырмашылығымыз жер мен көктей. Маған қазақтың ұл-қызының тәрбиесі, рухани дүниесі қымбат. Ал саған ондай ұғым мүлде таңсық. Мен қазақпын деп мақтана аламын, сен қазақ екеніңе ұялатын сияқтысың. Мен қазақша ойлап, қазақша жазам, сен орысша ойлап, орысша жазасың. Сонда да мына хатты саған арнаймын.
Әсем шаһар Шанхайда қазақ елінен келген студент жастар өте көп. Өйткені бұл қала Қытай экономикасының алтын қазығы деп айтылады. Қала көрікті де сәулетті. Миллиондардың шаһары еуропа қалаларынан кем емес. Сондықтан да шетелдіктер ғана емес, шамасы келсе, қытайлықтардың өзі Шанхайда тұрғысы келеді. Сол үшін шулы шаһарға қазақ жастары үйір.
Оқуым ақылы, оны жұмыс істеп, өзім төлеймін. Бірақ саған арнап жазған бұл хат менің оқуым жайында немесе Қытайдың хикметі, кәрі қаланың шырайы туралы емес. Қарлығаш, бұл саған жазған ішкі қыжылым мен жанымды өртеген намыс, ар-ождан.
Құрбым, менің сөзімде мысқалдай мін немесе өтірік жоқ! Барым – шыным!.. Естуімше, Қытайға келіп оқитын қазақ студенттерінің дені сынақтан төмен нәтиже алғандар немесе қыдырып «тусовка» үшін келгендер екен. Ниеттері қандай екені қайдам, әйтеуір тірлігі мен болмысы осыны көрсететіндей. 2010 жылдан бері мұнда мың түрлі қандастарымды көрдім. Оғаш пікірімді жаңсақ деме, замандас! Әрине, мінсіз ұлт, мінсіз адам болмайтын шығар. Алайда біздің қандастардың бойында мынадай ұятты қылық болады дегенге өз көзіммен көрмесем, сенбес едім.
Мен бұл шаһарға келіп, алғашқы рет оқу ордасының табалдырығын аттаған сәтімді әсте естен шығармаспын. Өйткені сол күні ұяттан өртендім. Атажұрттан ат арытып жеткен бір топ қыз-жігітті көріп, қуанып амандасқанымда «Че опять что ли эти казахи приехали» деді. (Орысша шала-пұшық түсінемін). Бетім ду етті. Үндемей оқу залына қарай бұрыла бердім. Залға кірсем, тағы да қазақтар. Олар темекіні құшырлана сорып, бір-бірін құшақтап, сүйісіп тұр. Оны көріп төбемнен жай түскендей мәңгірдім. Егер олардың орнында басқа ұлттың ұлы мен қызы болғанда, дәл сол сәттегідей бетіммен жер баспайтын шығармын, бәлкім? Өз қазағың болған соң ұялады екенсің. Әттең, кірерге тесік жоқ. Олар маған қарап «Мынау қайдан келген типа ангелочек?» – деп мазақтап, күлді. Дәл сол сәтте Алтайдан әкем қоңырау шалды. Амандықтарын сұрап, қазақша қауқылдасып қалдық. Ал аналар «мамбетка» деп кекетіп, мазақтап тұрды.
Құрбым-ау, сенсең де, сенбесең де, жүрегімді мұздай қарыған бір шындықтың бетін ашқаным жөн шығар. Мен шетелдіктерге арналған жатақханадан қазақ қыздарының адам аузы бармайтын алуан түрлі тұрпайы қылығын естідім. Оны маған Қазақстандағы Шымкенттен келген Жансая деген құрбым үнемі айтып жүрді. «Түнде біздің қыздардың қасына қазақтар түгілі, араб, түрік, үнді, тіпті жатақханада қанша ұлт өкілі бар, соның бәрі жынды көбелектей үймелейді. Тектен-текке келмейді ғой. «Қыздың өзі үйде, қылығы түзде» деген рас шығар, егер біздің арулар тілі, діні, ділі бөлек сол шетелдіктерді өздері дәндетпегенде, олардың несі бар? Күндіз сабаққа бармай ұйықтайтын, түнде араққа сылқия тоятын маскүнем жерлестерімнің «концертіне» бәрі қарқ. Олар жатақханадағы басқа студенттердің өтініші түгілі, қарауылдың қаһарынан да сескенбейді. Қарсы келгендермен үнемі орысша боқтасып, қырылысып жатқандары. Қыздардың төбелесін бұрын кім көрген дейсің, олар бір-бірінің беттерін тырнап, жағасын жыртқанда, бүкіл жатақхана аяғынан тік тұрады. Қазақы тәрбие көрген мен үшін деп көлгірсімей-ақ қояйын, дені дұрыс кез келген студент үшін біздің қыздардың «түнгі жортуылы», төбелесі, былапыт сөзі жиіркенішті-ақ», – дейтін ол.
Бай-бағландардың қаласында екі жыл оқыған соң Бейжіңге ауыстым. Бейжің – Қытайдың астанасы екенін айтпасам да білесің ғой. Ондағы қандастарымның дені дұрыс шығар деп ойлағанмын. Оның үстіне оқу сапасы да Шанхайға қарағанда тәуір. Бірақ екі айдан кейін бәрі белгілі болды. Бір күні Шанхайдан Жансая қоңырау шалды.
– Жұлдыз, Бейжіңдегі бауырларың қалай екен?
– Қазақ қайда жүрсе де, қазақ екен – дедім әзілге айналдырған болып.
– Мұндағы қыздардан қылық, ұлдардан рух кетіп болды. Сен айтатын ар-намыс, абырой деген аяққа тапталды.
– Қазақстандағы оқу-ағартуға жауапты орындар жоқ па, бұған араласатын?
– …
Бейжіңде де сол қазақ. Сабақ оқымайтындар, дәріске кешігетіндер, оқуға күнде емес, ай бойы бармайтындар – бәрі өзімнің қаракөз құрбы-құрдастарым. Мен барғанда, қандастарымның «еркелігін» мұғалімдерім талай айтқан, кейін өз көзіммен көрдім.
Жігіттер мотоцикл алудан, қыздар әлем-жәлем киім киюден жарысады. Олар жұма сайын «бухать по полной программе» деп тілек тілейді. (Өз сөздері) Мен көрген Қытайдағы қазақ жастарының сөзіне ісі, ісіне мақсаты үйлеспейді, құдды бойларында екі адам бар сияқты: бірі өзі болса, екіншісі шайтан дерсің.
Қарлығаш, шындықты айтқаннан түзелсе, саған бәрін ашып отырмын ғой. Темекі тарту, арақ ішу, түнгі клубқа бару, қыздармен жынойнақ жасау қазақ жігіттерінің ғана ісі сияқты. Олардың бойында шайтан болмаса, қасиетті жұма күнді мазаққа айналдыра ма?! Мысалы, жұма күні намазды сылтауратып сабаққа бармайды. Ал кешкісін жын-ойнақтан бір-ақ шығады.
Құрбым, Атажұрттан барған студенттер иесіз емес, оларды қадағалайтын ұйым бар. «Жас қыран» деп аталады. Алайда олардың қағаз жүзіндегі «I love Kazakhstan» дегеннен артық ұлтжандылығын көрген жоқпын. «Жас қыранның» бір бітпейтін «Казах пати» деген тойы бар. Онысын сондағы қазақ студенттердің мәселесін талқылайтын жиын ба деп жүрсем, «арақты кім бірінші тауысады?» деген сияқты жындының сандырағы екен. Әрине, ондай жарысты апта сайын өткізбейді, бірақ болғаны рас. Дені дұрыс бағдарламалардың өзі арақ-шараптың ар жақ-бер жағында.
Мен көрген, арасында болған «Казах пати» қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ұйым. Олар Наурыз мейрамы болсын, Қазақстанның Тәуелсіздік күні болсын міндетті түрде «Казах пати» өткізеді. Пікір талас ұйымдастырады. Сондағы айтылғанның бәрі қызыл сөз, қысыр әңгіме. Мәселен, күнде арақ ішіп жүретін студенттер мінберге шығып: «елді қалай дамытамыз, қазақты қалай құтқарамыз?» – деп аузы-басы қисаймай сөйлегенде, әртістерің жолда қалады. Бәрі шетінен дүмше патриоттар.
Құрбым Қарлығаш, мұнда тәнін саудалайтындар ханзудың қыздары ғана емес, жатжұрттықтармен төсекте басы қосылып жүрген қазақ қыздарының саны жылдан-жылға артып барады.
Жынойнақтарға барып, мас болып жатқан аруларды құрбылары тастап, кетіп қалады. Әр бұрышта бір-бір қазақ қызы жатады иленіп. Одан арғысын айтудың өзі ұят. Сол қаракөз сұлулар таң атқанша әркімнің мазағына айналады. Өз ұлтының, өз құрбы-құрдастарының намысын өздері төгіп жүргендеріне қарап жүрегім жылайды!
«Қытайдағы Қазақстан елшілігінің бұл іспен шаруасы жоқ», – дейді Шанхайдағы құрбым бір жолы хабарласқанымда. «Олар бөлек, біз бөлек әлемдеміз. Дипломатиялық қарым-қатынас тек қана сауда-саттық пен саясатқа арналған сияқты. Студенттер тәртібі мен ісін, оқуын ешкім қадағаламайды. Елшіліктің ішіндегілердің кейбіреуі қытай тілі түгілі, ана тілінен де мақұрым. Тіпті өз жұмысының маманы емес. Шаруаңмен барсаң, дөрекі сөйлеседі», – деп шағынды ол.
Қарлығаш, шетелдегі қазақ жастарын қадағалауға немесе бағдарламалар жасауға үкіметтеріңнен қаражат бөлінетін, бөлінбейтінін естіген бе едің? Бөлінсе, ақша қайда, қалай жаратылады? «Жас қыран» сияқты ұйымдар кімнің ақшасын шашып жүр? Бәрі жұмбақ. Құрбым, сен шетелдегі осы шындықтардың бірін де білмейсің-ау.
Қытайда анашамен ашына болған, төбелес пен ұрлықтан ісі болып, сотталған қазақтар өте көп. Араларынан елге келіп паспортын ауыстырып, «басқа» адам болып барғандарын да кезіктірдім. Қылмысқа шатылған қазақтар есірткіні көбінесе ұйғырлардан сатып алады дейді.
Қытайдағы қазақ жастары бір университеттен екінші университетке ауысып жүреді. Себебі мұнда өзің үшін оқисың, сені ешкім қадағаламайды. Бірақ тәртіп бәріне ортақ.
Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген бар. Сондықтан миллиардтардың елінде оқитын қазақ жастарының атына кір келтіріп, абыройын айрандай төккен замандастарымызға тыйым болса екен. Бұл мәселеден ақ жағалыларыңыз құлақтанып, елшілік арқылы жастарды тәртіпке шақырса екен. Жасы жиырмадан аспаған, оң-солын танып үлгермеген адамды шетелге оқытуды тоқтатса екен.
Сәлеммен, Алтайдың ар жағындағы құрбың Жұлдыз
01.02.2014. Бейжің
Тақырыпқа орай
Бір мысқал
Ертай Нүсіпжанов, журналист:
Мен Қытайдың Шын Яң қаласындағы Шығыс солтүстік университетінде әкімшілік басқару саласы бойынша магистр білімін алдым. Ал мынадай жағдай – шетелде оқуды мәртебе санауымыздан. «Шетелде оқысаң білімді боласың. Мықтылар – шетелде» деген жаңсақ ұғым санамызды жаулап алған. Сондықтан да шетелде оқып жатқан жастарды тұтастай оқу озаты, үздік білім иелері немесе қазақы тәлім-тәрбие көрген ұл-қыз деп қарау дұрыс емес. Өз басым қазақы ортада өспеген, санасында саңлау жоқтар үшін, шетелде білім алу қауіпті дер едім…
Қытайдағы ақылы білім алудың құны, елмен салыстырғанда көптеген мамандықтар үшін арзан. Сондықтан да ҰБТ-дан ұпай жинай алмай қалғандар Қытай асады. Бірақ онда оқитын студенттер ғана абыройымызды төгіп жүр деу қисынсыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген. Отбасындағы тәрбие Қытай түгілі, Америка асқан жастардың бойынан да байқалады. Мұны шетелде оқитын қазақ жастарының дерті емес, қазақ қоғамының асқынған ауруы деп қарау керек.
Үшінші көз
Ерзат Мүбәракпал, Шыңжан медициналық университетінің түлегі:
Мен Қытайдың Іле қазақ облысында туып-өскенмін. Қазір Құлжа қаласында дәрігермін. Біз үшін Қазақстан арман, тіпті сол жақтың қазағымен танысу бір ғанибет болды. Кейін дәм-тұз тартып, талай бауырлармен аралас-құралас болдық.
Қазақстаннан Шыңжанға оқуға келген студенттердің 80 пайызы білім үшін емес, сауық-сайран үшін жүретін сияқты. Олар сабаққа бармайды. Түнгі клуб, борт (бильярд), сауна – сүйікті орны. Университеттің асханасын менсінбей, рестораннан тамақтанады. Олар үнемі Қытайдың арзан сусынымен шөл баспай, қымбат энергетикалық сусындар ішеді.
Мен Семейден келген Серікпен, Алматының Жәния деген қызымен танысып араластым. Серік жатақхананы менсінбей, айына 1500 июаньға үй жалдап тұрды. Екеуі 2 жыл Шыңжан педагогикалық университетінің қытай тілі факультетінде оқыды. Бірақ «ни хау», «о хаудан» басқа түк үйренбей кетті елдеріне.
Қытайда университетте оқып, емтихандарынан толық өткен студентке «Би э жың» (диплом) береді. Ал емтиханнан өте алмағандарға «Жи э жың» (куәлік) ғана береді. Қазақ елінен барған жастардың көбі «Жи э жыңмен» қайтатын.
Олар туралы есте қалатын бір ауыз сөз: «Қазақстанның қыздары көрікті, жігіттері ақшалы» деген тәмсіл ғана.
Кейде ішім ашиды: «қазақ елі осыларды үкілеп, білім алсын, бізді дамытсын» деп шетел асырды-ау. Ал бұлардың жүрісі мынау!..


