Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай қоғамдағы белсенді әйелдерді қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Көктем шуағы» атты салтанатты кездесуіне қоғамдағы белсенді қызметімен танымал болған шығармашылық және мемлекеттік қызметтегі әйелдер мен еліміздің дамуына зор үлес қосқан қажырлы еңбегі сіңген жұмысшы әйелдер шақырылды. Олардың қатарында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының жүргізушісі Мая Веронская, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және есепке алу комитетінің төрайымы, генерал Сәуле Айтпаева, альпинизм спортының шебері Светлана Шарипова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Толқын Забирова, «24 KZ» телеарнасының жүргізушісі Екатерина Морковина, цирк әртісі Тунгалаг Осельбаева, «Әдемі-ай» ЖШС Президенті Бахаргүл Төлеген, «Жылыоймұнайгаз» кәсіпорнының жұмысшысы Майра Аманова, «Алтын алқа» иегері Нұргүл Мұсаева тәрізді қоғамға қалтықсыз қызметімен танымал болған нәзік жандылар бар.

Зухра Саяпова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Президентпен кездесулер әйелдерді ынталандырады. Қазіргі таңдағы гендерлік саясат деңгейі бойынша біз әлемдік қауымдастықта жақсы орындамыз. Бүгінгі кездесуде болған әйелдер болашақта өз жоспарларын іске асыруға рухтана түсті деп ойлаймын. Мен әйелдердің шексіз дарынджылығына таң қалдым. Әйелдер түрлі мамандықтарды игерген. Бүгін кездесуде сағат шебері де, тау шыңдарын бағындырған альпинист те, көпбалалы ана да болды.
Оксана Тен, Сочи-2014 олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің анасы:
— Бүгін көптеген әйелдер үшін өте қуанышты күн. Әсіресе біздер үшін бұл күн өте ерекше болып отыр, себебі біз Президентпен көзбе-көз жүздестік. Оған өзіміздің алғысымызды білдіруге мүмкіндік туды. Бізге Елбасы өз тілегін білдірді.
Толқын Забирова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
— Бүгінгі кездесу мен үшін өте әсерлі болды. Себебі, бұл мереке көктемнің шуақты күндерінде келетін біздің ерекше мерекемізбен байланысты. Мен өзімді бақыттымын деп санаймын!
Бақытгүл Құрманова, «Korme-Expo» ЖШС директоры:
— Мен үшін бүгінгі кездесу менің еңбегімнің бағасы деп білемін. Елбасының қабылдауында болу мен үшін үлкен абырой. Нұрсұлтан Әбішұлы кездесуге келген әрбірімізді мұқият тыңдап, жағдайымызды білді. Біз осындай берекелі елде өмір сүріп отырғанымызға қуанымыз керек.
Кездесуден естелік сурет. АҚОРДА, 7 наурыз, 2014 жыл.
baq.kz


