Халықаралық футбол қауымдастығы федерациясының (ФИФА) президенті Йозеф Блаттер Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанға төрт күндік сапар жасайды. Бұл туралы ФИФА-ның ресми сайтында хабарланған.
Сапар Бішкек қаласынан басталады. Онда ФИФА президенті спорт және саяси билік өкілдерімен кездесіп, Гол III (the Goal project III) жобасын ашады. Қырғызстанның төртінші гол жобасы – ұлттық футбол академиясы Ош қаласында бой көтереді.
ФИФА басшысы өзінің сапарын сейсенбі күні Душанбеде жалғастырады. Онда президенттің қатысуымен Тәжікстандағы Жаппай футбол жылының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Шара аясында «Grassroots» бағдарламасы бойынша балаларға арналған футбол фестивалі ұйымдастырылады.
Блаттердің сапары 27 наурыз күні Астанада аяқталады. Еліміздің астанасында ФИФА басшысы УЕФА-ның кезекті конгресінде сөз сөйлейді.


