Көшпенділер ойынынан дау-дамайы көп көкпар мен көкбөріні алып тастай салу керек деп қалжыңдап едім қырғыз әріптестерге. Мейлі, ұйымдастырушылар білер оны.
Қырғыз блогері Ыдырыс Исаковтың жөн сөйлеп, туысқан халықтарды ауызбірлікке шақырғанын көрдім. Сөз соңында бір ғана өтініш айтыпты:
– Болғаны қазақтардан кішкене ғана сұранышымыз бар. Батысқа берген бензиндеріңді бізге де беріңдер, тегін бермей-ақ қойыңдар, сатып аламыз. Сендер бермегендіктен Ираннан бензин алғалы отырмыз, сол ақшаны сендерге берейік,- депті. Бұл сөзге қол соғушылар да, қазақты жау санаушылар да көп екен комментінде.
Ресей мұнай өңдеу зауыттарын Украина атқылаған соң Қырғызстан мен Өзбекстанда бензин тапшылығы қатты байқалып, күрт қымбаттады емес пе? Ресей қырғыз бен өзбекке жібермек түгілі өзіне бензин жеткізе алмай қалды.
Осы орайда қарапайым қырғыз бен қазақтың «бензинді Қазақстан сата бермей ме, мұнай Қазақстанда толып тұр емес пе» деуі заңдылық. Блогер Ыдырыс Исаковтың да қисыны солай.
Сырт көз ретінде байқағанымды айтайын, мамандар түзей жатар.
Кейінгі он — он бес жылда Қырғызстанға барып жүріп, Ресей жанармай бекеттерін көп көрдім. Қазақстандікі бар болса, бәлкім бар шығар, көзіме түспеді. Өзбекстанда да солай болса керек.
Іргемізде тұрған нарықты пайдалана алмаппыз, оны да Ресей алыпты-ау деп ойлағанмын.
“Бензинді Қазақстаннан алсақ қазақтарға көзқаранды (тәуелді) боп қаламыз” дегенді де естігенмін.
“Ресей қырғыздағы бензин рыногын қазаққа бермейді” деген сөз де бар.
Қырғызстанда билік төңкеріспен ауысқан сайын меншікті қайта бөлу мәселесі де жүрді. Мысалы, өзім бірнеше рет барған Шоң тұз санаторийін қырғыз кәсіпкерлері ақша табуға пайдаланғанымен сервис өте нашар еді.
Неге деген сұрағыма, билік ауысса басқа біреулер тартып алуы мүмкін, сондықтан ақша салғысы келмейді деген жауап алғам.
Қырғыз бизнесмендерінің өздері сескенсе, қазақ бизнесмендер Қырғызстанға инвестиция салуға құлшына ма?
Назарбаев-Ақаев құдалығының бұзылғаны да, қырғыз төңкерістерінің Назарбаевқа ұнамағаны да екі ел арасындағы экономикалық байланысқа әсер етті.
Қазақстанның Қырғызстанға жіберетін артық мұнайы да, бензині де жоқ. Мұнайдың басым бөлігі Батыс компанияларында. Олар мұнайды Қырғызстан түгілі Қазақстанға да бергісі келмейді, Батысқа сатқан тиімді.
Өзімізге қалған мұнай небәрі үш зауытымызға әлеуметтік бағамен әрең жетсе керек (тізеге басып арзанға саттыру арқылы).
Мұнай асып-төгіліп жатса басқаны айтпағанда Назарбаевтың туыстарының өзі-ақ төртінші мұнай өңдеу зауытын салып алар еді. (Төртінші зауыт салу тиімсіз деген болатын билік).
Ал енді мұның бәрі Назарбаевтың заманында болды делік.
Әйтсе де осыдан небәрі бір апта бұрын ғана ҚазТрансОйл тарихта тұңғыш рет Қырғызстанға мұнай жөнелтуді бастап, 35 мың тоннасын апарды емес пе? https://forbes.kz/…/kaztransoyl-vpervye-nachal-tranzit…
Ал соның артынша, Бішкекте Көшпенділер ойыны ашылар қарсаңда Садыр Жапаров Иран мұнайын Қырғызстанға жеткізу жөнінде Иран президенті Пезешкиан екеуі талқылады. Демек Қырғызстан Каспийдегі Иран мұнайын алыс болса да, қымбатқа түссе де Түрікменстан, Өзбекстан арқылы алып, Қазақстанға тәуелді болғысы келмейді деген сөз.
Жапаров бұрын – соңды болмаған Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан пойызын жүргізіп, Қазақстанға байланғысы келмейтінін де білдіріп отыр.
“Мұндай теміржолдың салынғанын кейбіреулер ұнатпайды” деп сұқбатында айтты. “Бұл теміржолды салу үшін Путиннен рұқсат сұрап келдім” деді. Сонда ұнатпай отырған кім? Әрине, Қазақстанды меңзеді деп есептейміз. Қазақстанның ұнатпауы да заңдылық, бірақ салдырмаймыз деп көлденең жатқан да жоқ.
Тәуелсіз ел ретінде Қырғызстан да көп векторлы экономикалық саясат ұстанғысы келеді. Онысы өздеріне дұрыс.
Осыдан бірер ай бұрын «Қырғызстан Қазақстанға 800 метр жер айырбастауды ұсынды» деген ақпарат шықты, бірақ жоғары деңгейде талқыланбады.
Бұл мәселе, турасын айтқанда, қырғыз билігінің дипломатиялық қателігі, өте орынсыз ұсыныс, буынсыз жерге пышақ ұру. Мемлекеттік шекара бүгін былай, ертең олай өзгерте беретін нәрсе емес. Кезінде қол қойылды ма, солай қалуы керек.
800 метр жерді айналып өту, не болмаса бұл мәселені басқа да дипломатиялық жолдармен оңай шешу орнына “жер айырбастайық”дегені – кішкентай баланың әңгімесі болды.
Ал, жарайды бір туған қырғыз қиналмасын деп айырбастай салдық делік, онда Ресей де “Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл вокзалын ықылым заманнан біз пайдаланып отырмыз, осыны бүкіл теміржолымен қоса біз алайық та, сендерге басқа жер бере салайық” десе ше? Байқоңыр ше?
Сондықтан қырғыз ағайындар да кейде буынсыз жерге пышақ ұрып, орынсыз өкпе арта бермеуі керек.
Қырғыздарға болмасын, қырғызға қысым жасайық деген пиғыл жоқ қазақта, мұнан кейін де бола қоймас.
(Құлаққағыс: ұлтаралық араздық тудыратын комменттер өшіріледі


