Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Владимир Божко елімізді «Қазақстан Ислам республикасы» деп атады.
Абыржығаннан екен. Сенаторлар ескерту жасады. «Сіз жаңылыс айттыңыз!–деді сенатор Бірғаным Әйтімова. – Хаттама үшін түзетуіңізді сұраймын». «Мен Иран Ислам республикасы, кешіріңіз, Ауғанстан Ислам республикасы деп айтқым келіп еді» деп тіптен састы Божко.
Жалпы, ТЖМ-ның «уақытша басшысының» бұлай сөзінен жаңылып, қысылып-қымтырылуы бекер емес: Үкімет «Көкпектідегі қайғылы оқиға» аясында отставкаға кетіп отыр. Әрине, бұл Божконың иығына салмақ салуға тиіс. Ол «бөген бұзылардан бір күн бұрын соның басында болдық» деп бар жерде ақталуда. Қосымша арна қазып, суды бұруға жанталасыпты, бірақ тау жынысына маңдай соғып, оларынан түк шықпаған. Алдын ала біле тұра, қаншама адамның құрбан болуына жол беру нағыз сорақылық. Бұл үшін тіпті қылмыстық жауапкершілік те қарастырылып жатады.
В.Божко Сенатқа Алматыда Қазақстан мен Қырғызстанға арналған «Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықты» құру туралы келісімді қорғай келген. Мәселенің маңыздылығын ескеріп, Жоғарғы палата депутаттары халықаралық құжатты ратификациялады.
Осыдан кейін сенаторлар Экономика және бюджетті жоспарлау министрінің міндетін атқарушы Ерболат Досаевқа шүйлікті. Өйткені сарапшылардың айтуынша, теңге құнының күрт құнсыздануына, негізінен, экономикадағы жағдайлар алғышарт болыпты. Е.Досаев Сенатқа «2008 жылғы 12 желтоқсандағы Тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетігі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы» таныстырды. Аты айтып тұрғандай, бұл құжат Қазақстанға әкелінетін өнімдерге квота белгілейді. Мысалы, елімізге өзге елдерден биыл 110 мың тонна құс етін, 15,3 мың тонна сиыр етін және басқаларын арзан бағамен және төмен салықпен әкелуге рұқсат етілмек.
Осы орайда жаға ұстатар жайт мәлім болды: Қазақстанға 1 евро құнымен 10 миллион келі шошқа етін әкелуге квота берілмек. «Қазақстанда 17 миллион халық бар, оның 10 миллионы мұсылман, – деді сенатор Қожахмет Баймаханов, – яғни шошқаның еті оларға керек емес. Мен кеше Шармановтың институтының нормасын алдым, онда әрбір қазақстандық жылына 6,4 шошқаның етін жейді, 4,6 келі колбаса жеуі керек дейді». Депутаттың айтуынша, еліміздегі шошқа етін жегіштердің мұқтаждығын ішкі нарықтың өзі-ақ өтер еді.
Қ.Баймаханов АШМ-нен арнайы есеп алғызған екен: «Ауыл шаруашылығы және оларды өңдеуден алынған өнімдердің экспорты 14 пайызға азайған, ал импорты 7 пайызға өсіпті. Енді қараңыз: картоп бойынша импорт 45 пайызға артқан! Бұрындары сырттан 77 мың тоннасын алып келсек, былтыр 112 мың тоннаға дейін ұлғайды. Қияр импорты бірден 2,8 есе, қырыққабат – 2,7 есе, сәбіз бен жуа – 2,2 есе өскен! Айналайындар-ау, сонда біз өзіміз не өндіріп жатырмыз?» деп айран-асыр болды сенатор.
Қалаулыны қайран қалдырған жайт мұнымен бітпейді: «Енді Кеден одағы елдерінен тасығанымызды қараңыз. Қызанақ – 2,2 есе, қызылша – 15 есе артты дейді! Ірі қара мал етінің импорты 83 пайызға ұлғайды. Ресей мен Беларусьтен әкелінетін сүт – 28 пайызға, айран – 17 пайызға артыпты».
АШМ шетелдік тауарлар үлесінің азайып жатқандығын көрсетіпті. Мұны естіп, бөрікті аспанға атып, қуануға болар еді, бірақ егер солай жасасаңыз, Ресей мен белорустар үшін шаттанған болып шығасыз!
«Кеден одағы елдерінен келетін импорттың «жалпы импорт» көлеміндегі үлесі 41 пайызға жетіпті. АШМ дерегінше, импорттық үлесі 50 пайыздан асатын тауарларға күріш жататын көрінеді: 89 пайыз! Оу, Қызылорданың күріші екі Қазақстанға жетеді емес пе?! Неге Үкіметте сіздер осыған кедергі қоймайсыздар?» деп «уақытша» экономика министріне қайырылды Қ.Баймаханов. – Тұз да солай. Бізде Аралда ең жоғары сапалы тұз табан астында жатыр. Бұл – масқара ғой. Мен осыны естіген соң, мына «Керуендегі» дүкенге бардым, Түркия, Ресей, Қытай күріші тұр. Осыларға кедергі қоймайсыздар ма?» деген сенатор, Сыр өңірі өндіретін 200 мың тонна ақ күріштің 17 емес, 47 миллион халықты асырауға жететіндігін алдан тартты.
Экономика министрінің міндетін атқарушы Е.Досаевты сұрақтарымен біраз «сілкілеген» сенаторлар бұрынғы Үкіметті жайлаған біраз жөнсіздіктерді ашты. Мысалы, шенеуніктер тек бұқара халықтың ғана емес, депутаттардың да айтқанына салғырт қарай бастаған еді.
«Құрметті Ерболат Асқарбекұлы,–деді сенатор Ерлан Нығматулин. – Сіздің орынбасарыңыз біздің комитеттің отырысында болды, маңызды 3 сұрақты мұқият жазып алды, жауап беруге уәде етті. Бірақ сонымен жоғалып кетті. Әлі күнге тыныш жатыр». Мемлекеттік қызметшілердің мұндай жауапсыздығы кез келген ұлы міндет-мұратты жарға жығары сөзсіз.
Бұрынғы Үкіметтің кейбір мүшелері тіпті Елбасының тапсырмасын жүзеге асыруға немқұрайды қараған. Мысалға, сенатор Орынбай Рахманбердиев 2016 жылдың аяғына дейін ет экспортын 60 мың тоннаға дейін жеткізу туралы тапсырма барлығын еске салды. «Ол туралы Президент талай айтты. Ал енді бүгін берілген ақпарат бойынша 2014 жылы небары 4,5 мың тонна ғана жоспарланып отыр екен. Сонда 60 мыңға қашан жетеміз? Сіздер Мемлекет басшысына дұрыс ақпар бермейсіздер ме, әлде жұмыс жасалмай жатыр ма? Жоспарлау министрі ретінде неге қадағаламайсыздар?»
– Ендігі жылы олардың алдына 15 мың тонна ет экспорттау міндеті қойылып отыр. Белгіленген межеге жете ме, жетпей ме, соны 1 мамырға дейін қайта қарап, министрлік қағаздарын бізге берулері керек. Соны тексергеннен кейін біз болатын-болмайтынын сіздерге хабарлаймыз, – деді Ерболат Досаев.
Сенатор Светлана Жалмағамбетова «Новобратская» шаруашылығының басшысы В.Будановпен тілдесіпті. «Шаруашылығы мығым, нағыз патриот адам, сол айтады: Ресейден, Беларусьтен, Аргентинадан, Австралиядан және басқаларынан төмен кедендік алымдармен, төмен бағамен әкелінетін ет импорты отандық өндірушілерді жайратуда. Оның мәліметінше, азық-жемнің қымбаттығы кесірінен, қазақстандық еттің өзіндік құны жоғары. Оның үстіне өткізетін нарыққа тікелей шығар мүмкіндіктері жоқ екен. Нәтижесінде, елімізде ет өндіру тиімсіз болуда» деген Светлана Жақияқызы осы мәселелерді көтеріп, Үкіметке талай депутаттық сауал жолдағанын, бірақ түйткілдің түйіні еш тарқатылмайтынын айтып, ашынды.
– Мұның себебі АШМ-да кәсіби мамандардың отырмауынан болса керек. Олар өздері білмейді, білгеннің тілін алмайды. Зенченко, Сауэрлер шағымданады: «министрлікке жүгінеміз, бізді онда ешкім тыңдамайды, онымен қоймай тіпті жәбірленеді» дейді. Солтүстікқазақстандық аграршы Зенченко тіпті түңілгеннен: «Сонда кімге жүгінеміз, гинекологқа ма?» деп қапаланғаны бар,–деген сенатор С.Жалмағамбетова жаңа Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке қайырылды:
«Бұл жағдайда кімнің министр болуға, ол министрлікте кімдердің жұмыс жасауға тиістігін дұрыс ойластыру керек. Мен жаңа Премьерге жүгінгім келеді. Кәрім Қажымқанұлы, бұл мәселені салмақты бақылауға алу қажет. Жаңа Үкіметті қалыптастыру кезінде міндеттерді еңсеруге қабілетті, анағұрлым кәсіби адамдарға назар аударсаңыздар. Өйткені бір мәселені қайта-қайта көтеруден және шенеуніктердің бос мақтанға құрылған баяндамаларын тыңдаудан шаршадық…»
Дегенмен Сенат талқылау соңында квотаға қатысты хаттаманы ратификациялады. Халықаралық құжат Елбасының қол қоюына жіберіледі.
aikyn.kz


