Жол түсіп 2005-ші жылы Үрімшіге барған болатынбыз. Бірге оқыған Бекболат досымның сондағы құдаларының үйінде бірнеше күн мейман болдық. Бекеңнің бір әпекесі кезінде Шыңжанның денсаулық сақтау уәзірі болған Шаламай ақсақалдың туыс інісі Қасейге күйеуге шыққан. Екі әулет Бекеңдер сонау Гансудің Ақсай қазақ ауданында тұрған 80-ші жылдардан бермен құда-жегжат болып араласады екен.
Құда болып қыдырып келгендіктен күнде бір қонақасы беріледі. Барған жерде қымыз ішіліп, қазы-қарта желініп, ас ішіп, аяқ босатқаннан соң Қазақстан мен Қытайды салыстырып, саясаттан әңгіме соғамыз. Бір күні кеште Шаламай ақсақалдың үлкен ұлы Қуанхан «Менің немере ағам» деп бір жігіт ағасын жанұясымен қоса үйінде қонақ қылды. Қол беріп амандасқанда, күстеніп кеткен күректей қолын көріп, жігітағасының қара табан жұмысшы екенін бірден аңғардым. 
Жөн сұрассам, ныспысы Мәлікажы, нәмі Абақ Керейдің шерушісі боп шықты. Осы күнге дейін Цинхайдың Қолымтысында тұрады екен. Өзімен бірге бауырының үйіне тым ұяң болып көрінген келіншегін, қаршадай ұлы мен қызын ерте келген.
Мәлікажыны әңгімеге тартып көріп едім, солғын жанары бәсең тартып, пышақ жанығандай атжағы қушиып, күмілжіп сөйледі. «Қолымтыға қайдан барып қалғансың?» деп едім, шарғы басы тіптен салбырап кетті.
Қолымтының қазақтары 30-шы жылдардағы дүрбелеңде Әріптің елі Баркөлде қырылғаннан кейін Елсіханның көшбасшылығымен Цинхайға қарай ойысқан көштің сондағы қалдығы екен. Жарау ат мінген жаужүректері Гоминданның итаршысы болған дүнгендердің зорлық-зомбылығына көнбей, Тибет асып, одан арықарай Үндістан, Түркия асқан.
Көшке ере алмай қалған ежаяғы амалсыз өзге ұлтқа кіріптар болып күн кешкен. Кейін 49-шы жылы Қытайда коммунистік үкімет орнағанда ғана барып, сондағы дүнген билеушілері шетелге қашқаннан соң қазақтар еңсесін көтеріпті. Осы күнге дейін киіз үймен көшіп, қонып, мал бағумен күн көреді екен. Қолымтыдағы қытай мен дүнген жылқының етін жемегеннен кейін ондағы қазақтар өсірген жылқысын жылына бір рет бес мың шақырымдық қашықтықтан Үрімшіге әкеп сатады-мыс. Цинхай кенезесі кепкен шөлейт аймақ болғандықтан, салған егіндері бірде шығып, бірде сусыздықтан күнге күйіп кетеді екен. Ауылдарында мектеп болмаған соң Мәлікажы балаларын жақын қыстақтағы қытай мектебінде оқытып келіпті. Ұлттық қысым, қоңыртөбел күйкі тіршілік, бала-шағасының келешек қамы — Мәлікәжіні қатты қажытқаны көрініп тұр.
Қолымтыдағы қазақтардың ит әуре, мимырт тіршілігін естіп, аза бойым қаза болды. Үш күннен бері жеген қонақасым Қолымтыдағы ағайынның «шықпа жаным шықпа» боп отырған аянышты қалін естігенде желкемнен шыға жаздады. Әңгіме үстінде Мәлікажы:
— Атажұртымызға көшсек, онда жағдайымыз қалай болады екен? деп күмәнге толы солғын жүзін маған қарай бұрды.
Осы сәтте, елге көшуге оны үгіттеп жүрген Қуанхан «үмітін үрлей түсші» дегендей маған қиыла қарады.
— Уа қандасым, уа жеңеше! деп бетін бері қаратып алдым да, Құдайдың жаратқан пендесі туғанда өзгеге кіріптар боламын деп тумайды. Хаққа адал құл, халқына пайдасын тигізер ұл боламын деп туады. Тағдырдың айдауымен бір кездері Алтайдан ауа Баркөл, Құмыл асып Қолымтыға дейін шұбыра көштіңіздер. Сырт жерде жүріп, өгейліктің тауқыметін аз тартқан жоқсыз. Бас көтергеннің басын алды. Бас игеніңді құлдыққа салды. Мал-мүлкіңнің талан-тараж болғанын былай қойғанда, ұлымыз қытайдың есігін күзеткен құл, қызымыз дүнгеннің төсегіндегі күң болды. Коммунистік билік орнап, теңдік әпергендей болғанмен, бүгінде ондағы қандастың кескін-келбеті өзгеріп, біржола жұтылып кетудің алдында тұр. Өздеріңіз өгейліктің тақсыретін тартуындай-ақ тарттыңыздар, енді мына ұл мен қыздың келешегі үшін аттың басын азат еліңізге бұрмайсыз ба? Кең қолтық қазақтың құшағына келімсектерде сыйып отырғанда, қаны бір қандасымның дәркүман күйге түсетін жөні жоқ. Атажұртыңыз «елім» деп барсаңыз еміренбей қоймайды. Қашанда құшағымыз ашық, келіңіз елге! — деп қандасымды қамшылап қойдым.
Мәлікажының көзінде үміттің ұшқыны жылт еткендей болды. Жеңгеміз жанарынан ытқып шыққан жасты, дәсірәмалымен сүртті. Әдепкіде, алдынан не күтіп тұрғанын білмей, әбден дағдарған Мәлікажы біраз ойланып болып:
— Бауырым, сөзің сүйектен өтті. Нар-тәуекел, елге көшемін — деді ағынан жарыла.
Алғашында, рухы сынық көрінген жылқышы соңғы шешімін айтқанда, айбаттанып, нық сеніммен сөйледі. Мен қуанып кеттім. Қуанхан, Бекболаттар мәз. Үй-іші ендігісі «Көш көлікті болсын!» деп тілек жаудыра бастады. Біраз гуілдесіп болған соң, Мәлікажы: — Мына бала мектепте оқитын еді. Қытайдың заңы бойынша мектеп жасындағы баланы шетелге шығармайды. Елге көшсек ол жағы қалай болады екен? — деп қайта абыржи сөйледі.
Қуанхан: — Низам бойынша, көшіп алғаннан кейін алты айдан кейін баланы өзің тұрған жерге алдыра аласың — деп еді, жеңгеміз: — Ойбай-ай, етегіме оралып, ойнап өскен балам бұл. Екі елі жанымнан ажырамаған. Қайтіп алты айға тастап кетемін? — деп көкірегі қарс айырылды.
Мәлікажыны еркектікке салып, қайрап-қайрап көндіргенімізбен, жеңгейдің «баламды жалғыз қалай тастап кетем» деген аналық уәжіне ештеңе айта алмай тосылып қалдық. Не айтарымызды білмей абдырап тұрғанымызда, осы үзілісті Мәлікажының он жасар баласының үні бұзды.
— Шеше, мені уайымдамаңыз. Мен алты ай осындағы туыстарда қала тұрамын. Сіздер орнығып алғаннан кейін әкем мені алып кетеді — деді.
Жеңгей жылап-сықтап бауыр еті баласының шешіміне тоқтады. Мәлікажының да жанары жасаурап қалыпты. Болашақ үшін сол болашақтың өрімдей өкілі кесім айтқанына бәріміз іштей разы болдық. Сөйтіп, сол құрапаттан кейін Мәлікажы қандасым көштің басын елге бұратын боп шешті…
Кейін Бекболат досымнан Мәлікажының қалін сұрадым.
— Бала сөзінде тұрып, алты ай Үрімшіде қалды. Жарты жылдан соң әкесі баласын әкелуге барып еді, Қытай жағы тағы екі-үш айға созып, Мәлікажыны ит-әуреге салды. Баласын сарыуайымға салып күткен шешесі ойсоқты болып ауырды. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп, 8-9 ай дегенде Мәлікажы баланы елге әкеп, етек-жеңін жинап Шуға көшіп келіп алды. Тараздағы таныстарыма айтып жүріп, квотасын әпердім. Қазір, жағдайы жаман емес. Сол ата-бабаның кәсібі — мал ұстайды. Шудың жоғары жағында тұрады. Ұлы зіңгіттей жігіт болған. Қызы да бойжетіп қалды. Бірі әкесіне, бірі шешесіне қолғабыс боп, ел қатарлы өмір сүріп жатыр — деді.
«Қазақы үйдің» жыртығы бір отбасымен болса да, толысқанын естіп, қуанып, мәз боп қалдым. Иә, бір көргенде боркемік көрінген Мәлікажы ұрпағының келешегі үшін қанша қиындықты басынан кешіріп, сонау қияндағы Қытайдың Цинхайынан Атажұртына біржолата көшіп келді. Сонда сол қарабайыр қандасым ұрпағының ертеңі үшін нар-тәукел етті. Бұл әлбетте ерлікке пара-пар іс еді. Олай дейтін себебім, біз мына кең даланы сол ұрпақтардан қарызға алғанбыз. Уақыты келгенде қарызымызды шашау шығармастан осы жердің ертеңгі иесі сол ұрпаққа қайтарып беруіміз шарт. Сондықтан да ұрпақ қамы үшін, ел ертеңі үшін күрес — сөзсіз ерлікке баланады!


