Қазақстанда бір белорусиялық және төрт ресейлік өндірушінің құс етін жеткізу және сатуына тыйым салынды. Бұл туралы ҚР тұтынушылар құқын қорғау мемлекеттік агенттігі хабарлады.
Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау қызметкерлері белорусиялық «Смолевичи Бройлер» АҚ мен ресейлік «Приосколье», «Майкопский» құскомбинатының құс өнімдеріндегі ылғалдың массалық үлесі белгіленген қалыптан 1,5-3 есеге дейін артық екенін анықтаған. Ресейдің «Курский Агрохолдинг», «Урал Бизнес» пен «Майкопский» құс комбинаттарында мемлекеттік тілдегі таңбалау болмаған. Ал «Смолевичи Бройлер» мен «Приосколье» құс еттерінен сальмонелла таяқшалары табылыпты.
«Санитарлық талаптардың жайын анықтау үшін Қазақстан тарапынан уақытша ескерту енгізіліп, хабарлама Беларусь пен Ресей еліне жіберілді», — делінген агенттік хабарламасында.
Тыйым 28 наурыздан бастап күшіне енді.
Айта кетейік, еліміздің санитар дәрігерлері Украйна ірімшігіне де тыйым салды. Украиндық «Ахтырский» сыр комбинатының «Рось» бөлімшесі, «Пирятинский сыр-комбинат» АҚ, «Гадячсыр» бірлестігі, «Золотошский маслодельный комбинат», «Техмолпром» кәсіпорындары шығаратын ірімшіктерді жеткізу және сатуға тыйым салу жайлы қаулыға Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қол қойды. Себеп — ірімшіктердің құрамындағы ақуыздың, майдың және судың массалық үлесі сай келмеуінде. Бұл тұтынушылар құқын қорғау заңнамаларының талаптарын бұзу болып саналады.
Baq.kz


