Әлемде талай қызық бар демекші, шетсіз, шексіз қазақ даласы талай сыр бүккен таңғажайып тылсым құпияларға өте бай. Еліміздің шығысындағы Тарбағатай сілеміндегі Ақсуат өңірі атақты абыздар мен ақындар елі, дарабоз баһадүр Қабанбайдың Қубас атының тұяғы тиген, батырлар жортқан тарихи өлке ретінде кеңінен белгілі. Ерекше тылсым күш иесі, көріпкел, емші Ырғызбай әулие де осы аймақта өмір сүрген.
Ырғызбай Досқанаұлы 1787 жылы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы Қарақия тауы баурайында өмірге келіп, 1850 жылы Тарбағатай ауданындағы Күмісті бастауында қайтыс болған. Есімі ұлы ақын Абайдың үшінші атасы, атақты би Ырғызбайдың құрметіне осы кісінің қасиеті дарысын деген ниетпен қойылса керек. Қазақ жөнімен ататек шежіресін таратсақ, Найман ішіндегі қаракерейдің қыржы руынан шыққан. Жастайынан емшілік, көріпкелдік қасиет дарып, көптеген сырқат адамдарды емдеп жазған. Бала күнінен дәрілік шөптерді жинаумен айналысып, емшілік тәжірибесінде кеңінен пайдаланады. Сол заманда баурайы жыныс тоғайлы, биік шалғынды, қойнауы құт мекен Тарбағатай тауынан сан түрлі емдік шөптер мен шипалы өсімдік тамырларын жарғақ құлағы жастыққа тимей жинаған. Тамырларды бір бөлек, шөпті жеке, сабағын, гүлін бір бөлек жинап, көлеңке жерде кептірген де, үш қанат күркеде сөрелер, қапшық, қалталар әзірлеген. Шипагердің кәдімгідей өзіндік дәрігерлік лабораториясы болған. Тіпті Түйемойнақ тауының қиын құз, шатқалдарынан адамтамырды (женьшен) тауып, емшілігіне пайдаланған.
Ырғызбай емші аурулардың тамырын ұстап, сырқатын айна-қатесіз білген, бет-әлпетіне, алақаны мен тырнағына қарап, тамырын ұстап ауру түрін ажыратқан. Медицинасы дамымаған сахарада осындай ерекше қасиет иесінің пайда болуы Құдай тағаланың көшпелі жұртқа сыйлаған шексіз тартуы болды. Ол бір өзі сегіз қырлы, бір сырлы дәрігер болған: әрі терапевт, әрі оташы, сылап-сипап уқалаушы, яғни массажист, емдік шөптерді жинап дайындайтын фармацевт және т.б. күрделі ем-домдар жасап, алдын-ала болжайтын көріпкел ретінде де танылған. Сырқат адамдарды тегін емдеп, байлардың берген сый-сияпатын жетім-жесір, жоқ-жітіктерге үлестіріп отырған.
Дала дәрігері емдеп, ауруынан құлан-таза жазылған адамдардың атақ-абыройы жер жарады. Ырғызбай Абайдың атасы Өскенбай биді емдеген. Сол қызметіне ризашылық ретінде Ырғызбай әулиенің інісіне Өскенбай өз қарындасын берген екен. Бұл құдандалық Құнанбай қажымен арадағы тығыз қарым-қатынасқа ұласқан. ХІХ ғасырда өмір сүрген көрнекті поляк демократ-революционері Адольф Янушкевич өзінің «Қазақ даласына сапар туралы жазбалар» атты атақты кітабында Құнанбайдың 1846 жылға дейін көп жыл бұрын өлім аузынан қалғаны айтылады. Осы кітапта: «Кезінде ол көрікті-ақ болған. Бұдан бірнеше жыл бұрын шешек оны Мирабо секілді көрден бір-ақ шығара жаздаса керек. Қазір оның бетінде содан қалған іздер бар… Қатерлі дерттен қалған бұл белгі жерлестерінің Құнанбайды мүсіркеп, оның жолында бәйек болғанын әлсін-әлсін есіне түсіріп отырады… Өркениетті Еуропаның бір елінде Құнанбай секілді әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлық-зомбылықтарына қарсы бірде семсер, бірде қалқан болған, от тілді, орақ ауызды бір шешеніне халқы қанша ілтипат көрсетсе де, оны ажал аузынан алып қала алды ма?»деп таңданысын білдірген (Янушкевич А. Қазақ даласына сапар туралы жазбалар. –Астана, 2003.- 70-б. Ауд. Ғ.Зұлхаров). Шынында да 1833 жылы шешек ауруына шалдыққан Құнанбайды арнайы шақыртумен Шыңғыстауға барып түрлі шөптермен емдеп жазып, өлім аузынан алып қалған Ырғызбай әулие болатын. Ырғызбай атақты айтыс ақыны Түбекті де емдегені белгілі.
Ырғызбай дүниеден өткеннен кейін жарты ғасырдан соң 1902 жылы емшінің екінші ғұмыры басталыпты. Әулиенің Шыныбай деген жақын туысы Ырғызбай зиратына 3-4 шақырым жердегі қонысында барымташылар еріксіз тастап кеткен семіз аттың кесірінен қолда бар азғантай малынан айрылып қалғанда Ырғызбай түсіне еніп: – Басыма үй тұрғыз. Алла ризық береді, – деп аян берген екен. Содан Шыныбай зират салып, оған бүкіл ел көмектеседі. Шыныбайға қайта мал бітіп, дәулетті адамға айналады. Сол кезден бастап осы зират басына түнеу ел ішіне кеңінен тарайды. Алыс-жақын аймақтардан сырқаттар ағылып келіп, Ырғызбай әулиенің аянымен ауруларынан жазылып қайтады. Бір ғасырдан астам уақыт бойы халықтың Ырғызбай ата зиратына мінәжат етуі үзілмей келеді.
Басқасын былай қойғанда, осы өңірден шыққан, алды әлемге танылып, арты кеше ғана Қазақстан барысы атанған Молдабай, Әбділдәбек, Шиқара, Иісбай, Ығылан, Марат Имашев, Хамит Ысқақов, Қайрат Құмсатин, Мақсат Мәдібаев, Айбек Нұғымаров т.б. палуандар белгілі додаларға жол тартарда Ырғызбай әулиенің басына барып дұға тілеп, құран бағыштауды дәстүрге айналдырған екен.
Бір ғана мысал. Белгілі халық ақыны, шежіреші Қалихан Алтынбаев пен жергілікті өлкетанушы Ерғали Жұмахан бірлесіп жазған «Ақсуат» тарихи-деректі кітабында Ырғызбай ата бейітінің шапағаты тиген кісілердің әңгімелері келтірілген. Тарбағатай ауданындағы Екпін аулының қарт тұрғыны Қалиасқар Әпеев былай деп маңызды дерек келтіріпті: «1959 жылы шілде айында біз, пішеншілер, Ырғызбай зиратының жанына келіп қонған вертолетті көрдік. Ол күні қолымыз тимеді. Ертеңгісін вертолет ұшып кетісімен сегіз адам атқа мініп, зиратқа келдік. Арамыздағы молла Бәкішов Қамза әулиеге құран бағыштады. Зираттың іші үлде мен бүлдеге бөленіпті. Көрсек жібек, барқыт, сәтен, шыт секілді мата түрлері, үнді шайы және көп ақша жатыр. Зиратта бұрыннан түнеп жатқандардан сұрасақ, вертолетпен келіп кеткен Қырғызстанның сол кездегі Министрлер Советі төрағасы орынбасарының баласы екен. Көтеріліп ауырған ол атаның басына ертерек келіп түнеген соң құлан-таза жазылыпты. Бұл жолғы келуі баланың жазылуына байланысты. Әлгі дүниеліктер мен ақша – киелі аруаққа әкелген садақа қарызы. Пішеншілер әлгі пұлдар мен шәйға қарық болдық. Бір өкініштісі, сауыққан баланың аты-жөнін ешкім сұрамапты, өздері де ештеңе айтпапты. Олар Ырғыз атаның зиратын қайдан білген, кімнен естіген? Бұл арасы жұмбақ» дейді (Алтынбаев Қ., Жұмахан Е. Ақсуат. –Алматы, 1988. -235-б.).
Ырғызбай атаның әулиелік қасиеті облыс, республика аумағынан асып, алыс-жақын шет елдерге жетті. Әулие ата аруағына сыйынып, зиратының басына түнегеннен кейін ауруынан жазылғандар санында қисап жоқ. Көзінің тірісінде-ақ емшілік қызметімен бүкіл сахараға мәшһүр болған Ырғызбай баба сүйегі жатқан жер қазір қалың ел құрметтейтін, ауырып ем іздегенде көңілге демеу, дертке шипа тілеп келетін қасиетті киелі орынға айналған. 1966 жылы әулиенің ескірген зиратын Жантікей ауылының ақсақалдары қайта жаңартып, қасына зиярат етушілердің түнеп қайтуы үшін шағын там салған. 1990 жылы баба басына күмбез тұрғызылып, арнайы қонақ үй салынды. Кейін намазхана, науқас адамдар жататын бөлек бөлме, ас пісіретін үй, аудан тарихынан сыр шертетін шығыстық үлгідегі мұражай, жүз адам емін-еркін отырып құран-қатым түсіретін орын, жүз орындық қонақ үйі бар үлкен кешен салынды.
Ырғызбай әулие кесенесі орналасқан кешенде жыл сайын тамыз айының соңында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған халық ата рухына бағыштап ас береді. Ырғызбай қорының басшылары бұл дәстүрлі жиында ас берумен ғана шектелмей, қайырымдылық іс-шараларын да жүзеге асырады.
Жарық пен әулиелік – жақын ұғымдар. Өзге адам көзінен мәңгілік өмірдің нұр шашуын көрудің өзі маңызды. Ырғызбай ата кесенесіне түнеп шыққан адамдардың жүзінен біз осындай шаттық нұрын байқадық. Бұл қысы-жазы басына кісі үзілмеген Ырғызбай әулиенің ұрпақтарына шашқан нұры, сөнбес жарығы дер едік.
Несіпбек Айтұлы,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
qiyan.kz



