Қымбатты замандастар!
Әуелі, Халықаралық Кітап және авторлық құқық күнімен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын!
Екінші, шын мәніндегі «кітапты – дос – өмір досы» деп білетін шынайы оқырмандарды жаңа кітаптың жарық көруімен құттықтаймын!
Бұл өзі қиын әрі қызықты оқиға болды! )))
Менің аға-досым, өте талантты ақын Ақберен Елгезек екеуіміз таңғы армандар мен үміттер биік ғимараттардың үстінен батыл ұшатын замандарда армандап едік: «шіркін, екеуіміз бір кітап шығарсақ» деп. «Ол ерекше кітап болса» деп. Содан бері екі жыл өтіпті.
Бірде Астанада…
Яғни осыдан он күн бұрын…
Екеуіміздің де өміріміздегі тым ұзаққа созылған жұмыссыздық дәуірінің ішкі құлазуын, банк операторларының шектеусіз бірлігі мен үй қожайындары есепшотының ұзақ цифрларын жарып-бұзып өтіп, дүниеге ғажайып әрі ақымақтау ( ))) ) ой келді.
Ол ой Хазірет Сұлтан мешіті мен Пирамиданың ортасында біраз қалықтап жүріп, ақыры қонар тұсын да тапты.
Екеуіміз «Twinbook» форматында (ұғымды өзіміз ойлап таптық)) ) «Ғаршы» және «Ғаусар» атты кітап шығардық. Қарыздандық-қауғаландық. Себебі, бұл кітап Сіздердің эстетикалық сезімдеріңізге деген құрметімізді шын білдірсе дедік. Бұл кітаптың ішінде – бұрынғы төрт кітабымыздан іріктелген және тым жаңа көөөп өлеңдер бар. Екеуіміздің.
Аса мейірімді, ерекше қамқор Алла бұйыртса, 26-шы сәуір күні, сағат 15.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Ғаршы» мен «Ғаусардың» тұсаукесер рәсімі болады.
Бұл үшін – Өр Алтайдың Кербұғысы – Оралхан ағамыздың қарындасы, аса аяулы апайымыз – Ғалия Бөкейқызына ризашылығымызды білдіре кетсек, артық болмас.
Бұл рәсімде актер, композитор Қадырғали Көбентай және әнші, гитарист Ершат Қайырхан жүйкенің емес, жүрек талшықтарын үзілдіріп барып, қайта жалғайтынына сенімдіміз.
Келіңіздер! Күтеміз!
P.S. Кітап сатылады. Бағасы: 2500 теңге.



