Астанада Отан қорғаушылар күніне арналған Қазақстан қарулы күштерінің әскери шеруі өтті.
«Қазақ елі» монументінің жанындағы алаңында болған шеруге ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі мен ҚР Республикалық ұланының 2,5 мыңнан астам сарбазы шеберліктерін көрсетіп, 250 қару-жарақ пен әскери техника, 80 ұшақ пен жауынгерлік тікұшақтың мүмкіндіктері паш етілді. Әуе көрінісі барысында көк байрағымыз желбіреп, «Бәйтерек» элементі бейнеленді. Айта кетейік, биылғы шеруде отандық өнім «Еурокоптер» тікұшағының да қауқары көрсетілді. Ал әскери шеруді «Даңқ», «Айбын» және «Отанға қызметі үшін» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Қарулы күштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев басқарды. Салтанатты шарада Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықты Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасы Президенті, Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы:
— Отан қорғаушылар күні мерекесі құтты болсын! Құрметті отандастар, офицерлер мен сарбаздар! 22 жыл бұрын дәл осы күні мен Қазақстан қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойдым. Содан бері бүгін Қазақстан армиясының күні болып мерекеленеді. Ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа дәуірлерге жалғасқан даңқ жолын, ерлік қасиетін мирас етті.Бүгiнгi қасиеттi жерiмiз көкте де, жерде де, суда да сенiмдi қорғалған. Ел әскері – нағыз бес қаруы сай армия. Бүгiнгi әскери шеру осының дәлелi.
Сондай-ақ Елбасы екi күннен кейiн ұлы жеңiс күнi атап өтілетінін де еске салды. Тарихтағы ең қасiреттi соғысқа 1 млн. 800 мың отандасымыз қатысқан. Мемлекет басшысы оның жартысына жуығы майдан даласынан оралмағандығын айтты. Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы қас дұшпанға қарсы атылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанның қорғасыны мен жезiнен құйылғанын тiлге тиек еттi.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасы Президенті, Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы:
— Ұлы жеңiс бiзге аталардың қанымен, аналардың терiмен келдi. Ерлiк ешқашан халық жадынан ұмытылмайды. Бiз батыр бабаларды ұлықтап, есiмдерiн ұрпақ жадында жаңғырта беруiмiз керек. Соғыс ардагерлерiнің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Ол табиғаттың заңы, әрине. Бүгiнде Қазақстанда Ұлы отан соғысының 6700-ге жуық ардагерi бар. Бiз әрбiр ардагердi құрмет тұтып, қолдай бiлуiмз қажет. Олардың шексiз патриоттық тәжiрибесiн жастарға үйретiп, өмiр жолдарын тағылым етуге тиiспiз. Батыр бабалардың ерлiк жолдары ұрпақ сабақтастығына ұласып, «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты тiрегi, яғни жаңа қазақстандық патриотизмнің негiзi болуы тиiс.
https://www.youtube.com/watch?v=8dvdFZQqdkY
24.kz


