Әуесқой боксшы ретінде Қытай ұлттық құрамасының сабында Бейжің Олимпиадасына қатысып, қола жүлдегер болды. 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың 10 дүркін чемпионы. 2010 жылы Қазақстанға көшіп келді. Атамекеніндегі қандастардың мүшкіл хәліне күйінген Қанаттың ащы ойлары «Батырдың көз жасы» фильмі арқылы жария болды. Біз Қанатқа сол ойларын сабақтай түсуге мүмкіндік беріп отырмыз. Ол қазір АҚШ-да өнер көрсетіп жүр. «Нельсон» промоутерлік клубы атынан 12 жекпе-жек өткізіп онын нокаутпен жеңді. Шетелдегі лақапаты–«Қазақ».
Қазақтың қазақты сынай беретініне күйінемін. Өз-өзімізді даттай бергеннен ешкім де жақсысын әкеліп бермейді. Бірақ, жанға батқанды айтпасқа амал жоқ. Жалтақтық қанымызға өтіп кетіпті. Бұл дерттің асқынғаны соншалық, жағымпаздық кәсіпке айналған. Бар қазақтың осы күні саудагерлікпен күн кешіп жүргені белгілі. Кәсібі дөңгеленуі үшін жылмыңдап жан бағатындары көп, тіпті қойнындағы жарын жаман шендіге жығып бере салудан тайынбайтындары да бар-ау… Мен Қытайдағы бір қандасымыздың әйелін қарызы үшін қытайлық тартып алғанын айтып едім. Өз ата-бабасының жерінде тұратын қазақтың содан еш айырмашылығы жоқтай… Жәутең, жасық, пәс. Қазақты, ұлтты, мемлекетті ойлайтын адамдарды мен көптен бері кездестіре алмай жүрмін. Қазақ үшін жанын беретіндер өте аз. Қолына билік тие қалса болды, құлқынның құлына айналады. Ұрпақтың ертеңі, елдің келешегі деген ойдан ада өмір сүреді екен. Ал, ұлтшыл, хал-қына жаны ашитындардың қолында түгі жоқ.
Қазір жалған ұлтшылдар да көбейді. Абырой жинау үшін бір сөз айтады да, артынша жалтақтап отырады. Елі үшін жанашыр сөзді шын пейілмен айтса неден тайсалып, неден қорқатынын түсіне алмадым. Алашордашыларды аяусыз қырғындаған сталиндік репрессиядан кейін қазақ бассыз қалғандай. Менің көзіме қазіргі ұлтымның халі бассыз кеуде тәрізді елестейді.
… Сөз көп. Сөзуарларға қосылып, ауызбен орақ орып отыра берсең болады. Бұған менің арым жібермейді. Қазақстанда талай азамат олимпиада чемпионы болып, толағай табыстарға жетті. Алайда, сол бір жеңістен кейін бірден спорттан кетеді. Міне, бұл жайттарды мен көзіммен көрдім. Жалғыз медалін бұлдап, жүрісінен жаңылу спортшы үшін трагедия! Ал, осы сынды олардың көбі қабылдай алмайды. Қазақта «семіздікті қой ғана көтереді» дейді ғой. Менің байқағаным елдің алдында жүру үлкен сын екен. Таразының бір басына ар мен азаматтық, екінші басына мансап түседі. Қайсысы басым тартатыны өз ниетіңе байланысты.
Ат төбеліндей қазақтың тағы бір үлкен қасіреті – бауырына «батыраштың балтасын» ала жүгіретін безбүйректігі. .. Менің ойымша, сырттан келіп жатқан әр қазақ Қазақстанға өзінше пайдасын келтіріп жатыр. Олар тіпті жақын туыстарын іздеп, қонақ болып келсе де елімізге пайдасын тигізеді.
… Әрбір оралман ата-жұртына, кең даламызға қара қытай қаптамасын, ормандай орыс отарлап алмасын деп келеді. Біздің мемлекеттің ең басты саясаты халық санын өсіру емес пе еді? Онда шетелдегі 5 миллион қандасты неге кеудеден итереміз…
… Қытайдағы Алтай, Тарбағатай, Іле сынды үш аймақта талай тағдырлас бауырларымыз тұрып жатыр. Олар да тура біздегідей ұлттық болмыстан ажырау, тіл мен діннен қожыраудың қасіретін бастан кешіре бастады. Жатжұртта жүрудің қандай сор екенін мен жақсы білем…
… Біз әлемге көшбасшы, төраға боламыз да, өзімізге пайдалы ешбір дүниені алмаймыз. Даңғой, атаққұмар ел болдық. Кезінде Әлихан Бөкейханов бастаған алашордашылар ұлттық автонмия құратын кезде Жапондық ұлттық мемлекет үлгісін қолдану идеясын көтерген екен. Қазіргі жапон қандай, жетпіс жыл кеңестік жүйеде өмір сүрген біздің еліміздің жағдайы қандай? …
… Мен бір-екі адам «жамансың» десе күйзеліп, тағы біреулері «мықтысың» деп мақтаса дандайсып кететін мінезден аулақпын. Мен үшін ондай адамдардың бағасының көк тиындық құны жоқ. Жігіт адам өзін-өзі бағалау керек. Біреудің мадағы үшін, билікке көрініп қалу үшін жұмыс істеу ең үлкен надандық. Менің халқымның жаман әдеті осы. Өзін бағаламай, өзгені өлермендене көтермелеп, жарамсақтанып жүреді.
… «Батырдың көз жасы» фильмінде менің шерден толқып, көзімнен жас тамғанын ел көрді. Оны біреулер түсінді, енді біреулер сан-саққа жүгіртті. Мейлі. Мені «қатынша жылапты» дегендердің өздерін «қатын», ал еркекше ұғып, жанарына жас үйірілгендерді «нағыз еркек» деп есептеймін. Сол айтқан пікірімнен айныған емеспін. Қату сөйлеппін! – деп ешкімнен кешірім сұрамақ та емеспін…
… Спортты ұлы саясатқа теңейтін заман келді. Ал, біздің Қазақстанда керісінше. Кәсіпқой бокс федерациясында кім келіп, кім кетіп жатыр, ешкімнің шаруасы жоқ. Міне, осыдан-ақ, біздегі спорт саясат емес, саяқ, мемлекеттік мүддеден алыс қалғанын көруге болады. Ал, осы төңіректе өз ойымызды айтатын болсақ біздер жаман атқа қаламыз…
Материал parasat.info сайтынан алынды



