Қара айдаһар
Қап-қара айдаһардай сирек түнді ,
Үйіме қатал уақыт сүйреп кірді .
Шам жақтым .
Суық көзін қадап маған —
Сумаңдап қалтарыста ол билеп тұрды .
Жаралған жарықпенен егесуге ,
Бейне бір албастыңың елесіндей .
Шырақтан шашырған алтын сәуле —
Атылған ақиқаттың жебесіндей.
Көзінен көрінбейді бір жылылық ,
Араны аждһаның тұр білініп .
Айдһар екеуміздің арамызда ,
Ақ сәуле арашаға жүр жүгіріп .
Әзірге білемін ғой мен есімді ,
Соншама бұл құбыжық неге есірді ?!
Бас сұғып терезенің сынығынан ,
Қайтейін , шырағымды жел өшірді .
Батқаны терезенің шағылғаны ,
Ақ таңы ақиқаттың табылмады .
Жасқа айналған жанымның бұлқынысын ,
Тасқа айналған ерінім қабылдады .
Қайталай қайран шырақ жағылмады …
Найзағай нйза болып түйреп түнді ,
Санамда сағынш боп билеп тұрды .
Дариға-ай
Қараңғыда қалған ақын ,
Жарықтан басқа , сірә, сүймек кімді ?!
Қаладағы топырақ иісі
Бұрымына қара қоңыр
Сағыныштан гүл тағып,
Жалаңаяқ барады өмір жанарынан құм тамып.
Тас баспалдақ, таныс көше…
Талықсыйды таңғы аспан.
Торы бұтақ.
Тозған кітап-
Парақтарын шаң басқан,
Аңқиды тек анау қырдан алтын ғасыр өлеңі,
Жердің иісін танауға ұрған жел жетелеп келеді.
Топырақтың иісі гүлде,
Соған ғашық сояулар,
Жапырақтың түйсігінде бозғылтым бір бояу бар.
Найзағайды сабау қылған кейуана – кең дала,
Жердің исін танауға ұрған жеткізер тек жел ғана.
Алқам-салқам дал-көңіл жолға шөлдеп ақ шаңдақ,
Жалаңаяқ барады өмір тас көшеде ақсаңдап…
Торы бұтақ.
Тозған кітап-
Парақтары кірлеген…
Ол-мен, Аға!
Сахараның сағынышынан бүрлеген,
Бесігім – дала,
Бейітім – қала,
Беу, қалғыма түйсігім,
Тас көшеде танауға ұрған топырақтың исімін.
Уақыт кітабы романтикасы
Жанымның жайлауында сөз бүрледі,
Ал, өмір неге мұнша тез кірледі?
Матама мезгіл мені!
Арқанға айналдырма ізіңді ұзын.
Алайын көз жасыммен арашалап,
Уақыттың жанып жатқан қызыл қызын.
Қызыл қыз телміреді күнге ойланып,
Шайырлар шашына оның гүл байладық.
Кетпегей күлге айналып!
Көзін сүртіп көгілдір көйлегімен –
Күбірлеп от ішінде отыр әне,
Көктемгі жұпар аңқып сөйлемінен.
Бұлқынған тірі жылан!
Ойнақ сап ойнайды олар от ішінде.
Қашанғы қасиетті қағида бар,
Сол қыздың мәңгілікке кетісінде.
………………………………..
Еріксіз бүгіледі тізем менің,
Көру де қасірет-ау қыз өлгенін.
Жүректе жүз өрнегің!
Кеудемді қара мөлдір қайғым кернеп,
Ақ шағи толқындарын ахирет қып –
Көзімнің дариясына қойдым жерлеп…
Қалжырау
Жалбыз мұңым гүл ашады,
Жалғыздығым ұласады-
Ғасырға-
Боз жусанға кетті айналып шашым да!
Ай искелеп маңдайынан мазардың,
Отыр әне қара дөңнің басында!
Барлығын да тыңнан баста!
Құлазыған құмнан басқа-
Түк те жоқ . . .
Кім көз жасын жүрегім жүктеп ет?!
Алтын тамшы-
Ақиқаттың көз жасы,
Соңғы сөзге құйылады нүкте боп.
Тіл ұшында тілсім нүкте…
Қаймағы мол үнсіздікке,
Семіріп-
Кәрі зират есінейді ерініп.
Сан ғасырдың сағынышын сімірген,
Сол зираттың сондай суық еріні!
Сан ғасырдың сағынышын . . .
Сәби көктем кәрі қысын. . .
Мың қилы –
Кәрі зират үнсіз ғана қылғыйды.
Топырақтың қашанғы сол қайғысын,
Жапырақтың жанарына кім құйды?!
Қара шашы қайғы- жылан,
Жымиады ләйлі-күмән…
Мәжнүн!
Шын сүюден жоқ қой басқа жазығың?
Мәңгіліктен шаршадың-ау…
Білем мен!,
Мен өмірді сүйе-сүйе қажыдым.
Мезгілді көру
Мезгілді көрдім мен кеше,
Қыз екен қызыл бұрымды.
Мезгілді көрдім…
Ендеше-
Ертеңнің өзі бұрымды!
Қызғылтым шаштың әр талы,
Сағыныш…
улы сан жылан…
Арманның алтын арқаны,
Адамзат рухын шандыған.
Көздері оның-
(көз елес!)
Көгілдір қиял теңізі.
Айтқаны салқын сөз емес,
Алланың ыстық лебізі.
Көйлегі-көктем,
Жаны жаз,
Көңілі бейне бақ қыстай.
Сарыала сағыныш әні-қаз,
Сапырлап жүрген ақ құстай.
Мезгілді көрдім…
Ендеше-
Ертеңнің өзі-бұрынғы!
Мезгілді көрдім мен кеше,
Қыз екен қызыл бұрымды.
Төгілген түннің дәмінен,
Жүрегім-тұтқын, мен түрме!
Ғашық болудан қалып ем,
Айналып кетті ол кемпірге.
Аяқталмас ертегі
Топырақпен бірге оянып көктемде,
Әлде неге шөліркейді от кеуде.
Ой кешемін шудасына оранып,
Жез бұйдалы желмая бұлт жеткенде.
Өрт өзені-
Тамырымда тасып қан,
Алып аспан мұхитына асыққан.
Шарабыңды шалқыта құй, Қара Жер,
Қарақат түн қайғысынан ашытқан.
Жұпар шарап-түннің нілі,
Шымырлап-
Шырынынан тіріледі мың ырғақ.
Алапат бір шөл бар менде, ағайын,
Бұлағымды жұтып қойған құм ұрлап.
Жұпар шарап-түннің нілі,
Тіл өртеп…
Жүрегімде бүр жарады гүл ертек.
Күннің қызы күнікейдің ғашығы,
От құшақтап оянады бір ертек.
От құшақтап оянады түс көрсе,
Ақша бұлттар-
Мамық жастық, құс көрпе…
Алтын арқау-аяқталмас ертек бұл,
Аспан қызы жер бетіне түскенше.
Қарындасым-қараңғылық
Үнсіздігі ұласады ғасырға,
Сағыныш бар оның әр тал шашында.
Қараңғылық қарындасым сыйақты,
Сәл мұңайып отырады қасымда.
Кірпіктері болар болмас дір қағып,
Жұрегіме ұңіледі ұрланып.
Ал,мен болсам-
Жанардағы жасымды
Құлағына тағып бердім сырға қып.
Күңгірт.
Жым-жырт…
үнсіз ғана жымыйды,
Ол жымыйса жан дүніем жылыйды.
Қараңғылық!
Қарақат көз қарғам-ай,
Қайдан тауып келіп едің бұл ұйді?!
Мен!
Ешкімнің ештемесі емеспін,
Қарындасым,
Кел!ағаңмен кеңескін…
Елеспін-ғой,жырлай білем солайда,
Жырлағанын естіп пе едің елестің?
Күңгірт.
Жым-жырт…
үнсіз ғана мұңайды,
Ол мұңайса есіме алам құдайды.
Қараңғылық қара шашы төгілген,
Жаутаң қағып жанарымен жылайды.
Аға!-деді,
(мың сан ғасыр өткесін.)
-Айасаңшы,жұрек сынып кетпесін…
Амал нешік!
Қызыл мұртты таң-жігіт
Кіріп келді қолына алып өкпесін.
Кіріп келді талыс танау таң-жігіт,
Қасійетті,қасіретті-заңдылық!
Қараңғылық қайтыс болды,
сол жерде-
Өз жүрегін өз қолымен тамға ұрып…
Ақындардың ақырзаманы
Ғайыптан бір тамшылаған сәулелер,
Бей уақытта жұрек шаншып әурелер.
Сағынышыңды да сатқысы бар тиынға,
Сайқал дүние саудагер!!!
Сауал өніп басып өткен ізімнен,
Күз бораны ызғар қосар ізіңмен.
Мың жапырақ-мың жұрегім
және де-
Мың күдерім үзілген.
Қайда қайран еркелік пен өр қылық,
Жаулап алған бір <<жуастық>>орнығып.
Ақындар-ай ақ сарайын шаң басқан,
Жүрегіне өрмекшілер тор құрып.
Ардың алтын кірпігінен от еміп,
Тіл қатпадым басымды да көтеріп.
Қашанғы бір карі дүние қаусаған,
Қасымда отыр жөтеліп.
Айналыппыз ұжданы өлген кедейге,
Сөз тәңірі енді бізді елейме?!
Үнсіз қалу ақиқаттың алдында,
Ақын үшін ақыр заман емей не!!!
Жаңбыр лирикасы
І
Жаңбыр – жасыл от!
Тамшыла мұздаған жүрекке.
Қайдасың киелі қасірет?
Лаулай түс!
Тастама түнекке…
ІІ
От!
От – менің тарихым.
Сақтардың қиялы.
Аттардың тұяғы –
Ақтарған…
Беу, белгім сол танитын –
Оғыланның сөзінде жатталған.
От!
От – менің бабамның ұжданы.
Даламның ізгі әні…
Бейнесі қобыздай,
Дидары аңыздай.
Қыпшақтың от кірпік қыздары.
Оттай күз – күлкің,
Шоқтай қызғылтым –
Еріндер…
Алтын күймелі,
Гауһар түймелі,
Бегімдер…
Олар – аналар!
Отқа барабар –
Ақ сүтін емізген,
Бәрін де арқалап дала – нәр.
Ап шыққан алапат теңізден,
Дәуірім – ер Түрік!
Бауырым – бөлтірік!
Аңыздай далам бар.
Оғыздай бабам бар…
Неміз кем?!
ІІІ
Мен – бұлтпын!
Бір құшақ ақ мамық қиялмын –
Жаралы дүние жастанған.
Жылама Еңлік – құм
Сендікпін!
Кебек боп куелемін аспаннан.
Тағдыр – мұң!
Жаңбыр.
Құм…
Ей, ұлы махаббат!
Екеуі емірене сүйіскен.
Осылай оянар шапағат,
Ауада аңқыған иістен.
IV
Ән – жырдан нәр алған…
Жаңбырдан жаралған –
Көктемнің көкала үйрегі.
Сүй мені!
Өмір – бұл.
Көгілдір сулардың ирегі…
Аспаннан оқыған.
Айтарым от – ұран!
Абыздың түйгені,
Қобыздың күйлері…
Сағыныш сапырам.
Алланың атынан –
Ахрет орнына ақ сәуле кигелі.
Жаңбыр – жасыл от.
Қасірет!
Киелі үн…
Мәніңді Мәжнүнше сүйемін.
Қалайда табанға тастаман,
Көгілдір көктемнің сүйегін.
V
Жаңбыр!…………
Жылан бұрым
Өрілген өрт сезімнің тұнығынан,
Қорқамын осы қыздың бұрымынан.
Тобықтай торғай ғұрлы арбап мені,
Арқада асыр салған -тірі жылан.
Күлкінің күміс тамшы сүтін ұрттап,
Шырақтар күлетіндей сықылықтап.
айналып шыр көбелек
жүр көбелек-
қанаты кірпіктейін жыпылықтап.
Көбелек.
қиял жане қызыл шырақ,
Ей,аз ғұмыр арқауың үзілсін-ақ.
Асылып сол бұрымға өліуге бар,
Маскүнем махаббатым қызыл шұнақ.
Жұлдыздар бір-біріне кұбірлейді:
<<Сезімнің бұлағы бұл бұрым>>-дейді.
Білемін жасыл тамшы жас байланып,
Кірпігі олардың да дірілдейді.
Тұрса да қатал уақыт қан сапырып,
Қыз отыр қылығынан бал татырып.
Көп жылан көкірегімді көметіндей,
Бұрымы кетсе кенет тарқатылып.
Таң
Шақырып шар тарапты күйге тұнық,
Туды шолпан дегендей:”биле тұрып!”
Шашына қырау қонған қайыршы түн,
Тұрды әрең сүйретіліп…
Секілді жел қуған бір қара қаңбақ,
Қашты түн таң жымыйып қарағанда-ақ.
Барады жырым-жырым етегінен,
Балтыры ағараңдап…
Ол кетті… Әлде нені ала қашып,
Жел кеті етегімен жағаласып.
Есінеп жатыр менің көз алдымда,
Дүние – тыр жалаңаш
алаң-ашық…
Көз жасы боп сіңіп кетем шөптерге
Бір өлеңнің қолын иіскеп,
Көктемде –
Көз жасы боп сіңіп кетем шөптерге.
Сағынышым сағымдана толқиды,
Сан ғасырдың иісі сіңген бөктерде.
Уақыттың желден жүйрік жебесі –
Жаралаған,
Жатыр әне елесім!
Жетім бөрі апанына жерлеуде,
Қирап қалған қиялымның денесін.
Бәрі де өлген…
Тек махаббат тосып тұр,
Иә, Раббым!
Соған өлім кешіктір.
Тербетеді бейуақта тыныштық,
Бейіт басында құлазыған бесікті.
Ағаш бесік – патшалығы сәбидің,
Салмағыңнан сахараны танимын.
Күн қызының күлкісіндей тым ыстық,
Менің мұңым –
Ол да сондай сәби мұң.
Ағаш бесік аласталған отпен де,
Ал сахара…
(Айтылар сөз жоқ менде!).
Бір өлеңнің қолын иіскеп,
Көктемде –
Көз жасы боп сіңіп кетем шөптерге…
Тағдыр
Тау сағынған жүректен тұнық хабар ,
Ашы дауыс аспанға сіңіп қалар .
Ай сәулесі тамшылап тұмсығынан ,
Көкке қарап көкжалың ұлып қалар .
Еркін жортқан ен дала қойнында ,
Бөріні іздеп бөлінер ой мыңға .
Ұқсайтұғын иттерге жалғыз белгі ,
Шұбар жылан-шынжыр бар мойнында .
Қасқыр -ау деп ешкімде түсінбейді ,
Көкжалңды төбет деп мүсіндейді .
Бөрі ғана түсінер бөрі мұңын,
Қолда баққан иттердің ішіндегі .


