Galym Bokash Facebook парақшасынан алынған пост
Кеше кешке әріптесім, Азаттықтың Астанадағы тілшісі Өркен Жоямерген (Оркен Жоямерген) қала маңындағы Ильинка кентінде Еуразия Одағына қарсы белсенділердің іс-шарасы туралы хабар жасауға барған жерінде көппен бірге ұсталып, қамауға түсті. Өркенмен түн ортасына дейін чат алмасып, телефон арқылы хабарласып отырдық. Сенесіздер ме, «жан қысылғанда соқыр көзден жас шығады» дейді ғой, сол сияқты билік қысылғанда «әділ сот» тәуліктің кез-келген уақытында «ел-жұрты үшін қызмет етуге» даяр тұрады екен;) Астанадағы Есіл аудандық полициясы да түнімен кірпік қақпауға әзір екен. Сонымен алагеуім таңға дейін созылған әкімшілік сот он шақты белсендіні 3-4 күнге қамау туралы үкім етті. Не үшін түн ортасында «сотталу құрметіне» ие болғанын түсінбей қалған Өркенге де «ұсақ бұзақылық жасады» деген айыппен 4 тәулік кесіп жіберіпті. Кәсібін кез-келген жағдайда атқаруға дағдыланған әріптесіме жеке азаматтық қолдауымды білдірем және осындағы «френд» журналистерді Өркенді шама-шарқынша моральдық тұрғыда қолдауға шақырам. Бұғып қалу құқығын пайдаланғысы келетіндерді де еш айыптамаймын.



