Мамырдың соңғы күндері Түркияның Едірне қаласында Дүниежүзі түркілерінің үшінші форумы өтті. Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған жиында екі үлкен мәселе талқыланды. Олар: «Түркі мемлекеттері: Мәдениет дипломатиясы және туризм», сонымен қатар «Түркі және армян диаспоралары; қоғамдық дипломатия: мүмкіндіктер мен қатерлер» деген екі тақырыпты қамтыды.

Жалпы, соңғы жылдары түркі бірлігі мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Алайда, бұл істе мемлекеттердің емес, түрлі ұйымдардың белсенділігі әжептәуір жоғары екендігін байқауға болады. Тәуелсіз алты түркі елінің ішінде Қазақстан ғана түркі бірлігі мәселесіне өзгелерге қарағанда тәуір көңіл бөліп келеді. ТүрікПА, ТүрікСОЙ, Түрік Кеңесі сынды ұйымдарда Қазақ елінің ықпалы басым. Көшбасшы рөлінде қазір. Түркі академиясын ұйымдастыру арқылы ғылыми-зерттеу саласында да біздің ел тәуір қызмет етіп жатыр. Дегенмен, түркі бірлігі мәселесінде түркиялық қоғамдық ұйымдардың атқарып жатқан қызметтері орасан екендігін мойындауымыз керек. Дүниежүзі түркі форумдарын ұүйымдастырып жүрген «Түрік Азия стратегиялық зерттеу орталығы» (ТASAM) сондай орталықтардың бірі. Осы орталық биыл біз сөз етіп отырған форумды үшінші мәрте ұйымдастырды. Доктор Алмагүл Исинаның форумды ұйымдастыру үшін жан аямай еңбек еткенін де атап өткен жөн осы тұста. Сөйтіп, дүниежүзіндегі күллі түркі баласының ІІІ форумы Түркияның Едірне қаласында өтті.
Форумға әлемнің 60 қа жуық елінен 341 өкіл қатыстыпты. Рас, шақырылғандар мен «келеміз» деп уәде беріп, бірақ келе алмай қалғандардың қарасы одан да мол болғанын жасыра алмаймыз. Форумда талқыланған негізгі тақырыптардың бірі– түркі және армян диаспораларының мәселелері талай саясаткерді қызықтырғаны өтірік емес. Бірақ, Армения жағынан келгендер аз болды. Бір адам ғана. Сөйтіп, Таулы Қарабақтағы жағдай және Осман империясы мен армян диаспораларының арасында болған кейбір тарихи оқиғаларға баға беру көңілдегідей болмаған тәрізді. Дегенмен, форумда талқыланған мәселелерді жеке-жеке қарастырғанның айыбы жоқ.
«АЙНАЛА АЛМАЙ АТ ӨЛСІН, АЙЫРА АЛМАЙ ЖАТ ӨЛСІН»

Бұқар жыраудың сөзі бұл. Бірлікке үндегені қазақты. Бірақ, бүгінде қазақтың ғана емес, күллі түркінің бірлігі қажет болып тұр. Берекеміз мықты болмағандықтан өзге жұрт өз дегенін жасап жатыр. Таулы Қарабақ… Түрік-армян мәселесі… Ашаршылық, Ресейдің қуғын-сүргіні… Айта берсек, күллі түркіні толғандырар тақырып көп. Ал, түркінің үшінші форумында соның біреуі ғана талқыға түсті.
Негізі түріктер мен армяндардың, әзербайжандар мен армяндардың арасындағы кикілжіңнің тарихы өте тереңде. Бүгінде әлемдік деңгейге шыққан армян лоббиі Осман империясы тұсында түріктердің армяндарға қарсы «геноцид жасағандығын» жаһанға жар сала айтып жүр. Тіпті, 1915 жылы Осман империясының Андолыдағы армяндарды жер аударғанын геноцид ретінде бағалап жатқан елдер де бар. Мәселен, Франция бастаған Еуропа одағының 10 мемлекеті «армяндарға қарсы геонцид жасалған» деп ресми түрде мойындап та қойған. Олардан бөлек тағы 7 мемлекет бұл пікірді құптайды. Нәтижесінде, Анадолыда қарапайым халықты қан қақсатқан армян қарулы топтарын ақтаушылар көп те, оқиғаның шын астарына үңілетіндер аз. Сондай-ақ, сол жылдары 1 млн 500 мың армяндардың көз жұмғаны да айтылып жүр. Алайда, іс жүзінде жер аудару кезінде құрбан болғандардың саны әлдеқайда аз болғандығын еуропалықтардың өздері де мойындаған кезінде. 1968 жылы Еуропада жасалған ғылыми-конференциялардың бірінде алғаш рет 300 мың армян жер аудару қаза тапқаны айтылған. Оны сол кезде армяндардың өздері де мойындапты. Бұл жайлы Түркі кеңесінің Бас хатшысы Халил Акынжы айтып берді форумда. Алайда, ешқашан армян ұлты өкілдерінің түріктер мен әзербайжандарға жасаған зұлымдығы айтылмай келеді. Тіпті, ХІХ ғасырдың басынан бастап ХХ ғасырдың ортасына дейін Еуропада мұсылмандар мен түріктерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық та дұрыс зерттелмей келеді. Мәселен, Джастин МакКарти деген зерттеуші 1821-1922 жылдар аралығында Еуропада 5 млн 500 мыңнан астам адамның Еуропа жерінен қуылғанын, сондай-ақ 5 млн-ға жуық адамның зорлық-зомбылықтан, қуғын-сүргін кезінде аурудан, аштықтан өлгендігін жазады. Ашығын айтар болсақ бұлардың барлығы дерлік кезінде Осман империясы құрамында болған елдерде жасалған. Құрбан болғандардың көбі түріктер еді. Тек 1910-1922 жылдар аралағында 500 мыңнан астам түрікті армян қарулы топтары өлтірген. Одан бөлек түрік, күрд, араб және тағы басқа да халықтар армян қарулы топтарының шабуылына ұшыраған. Әзірге нақты саны белгісіз. Алайда, 2,5-3 млн адамның тек бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде армяндар қолынан қаза тапқаны айтылады. Айта берсек, тарихта еуропалықтардың түріктер мен мұсылмандарға жасаған зорлық-зомбылығы аз емес. Тіпті, 1900 жылдардан бастап Ресей империясының армяндарға қару беріп, түріктерді қырып-жою ісін ұйымдастыруға белсене атсалысқаны да байқалады. Бүгінде Ресей мұрағаттарынан сондай деректер табылып жатыр. Бірақ, сөз басында айтқанымыздай армян лоббиінің әсерінен әлемдік БАҚ тарихта тек армяндар ғана қорлық көргендей қылып насихаттап келеді. Ақпарат құралдары арқылы түркі жұртын зұлым етіп көрсету жұмысы әлі жалғасып жатыр. Дүниежүзілік үшінші түркі форумындағы басты тақырыптардың бірі ретінде түркі және армян диаспораларының қарым-қатынасы мәселесі талқылануының себебі де осыдан болса керек. Рас, жиында талай деректер айтылды. Талай шешендер шешіле сөйледі. Бірақ, бұл талқылаулар бір жақты сипатта қалғандай көрінді. Өйткені, армяндар тарапынан өзіндік уәж айту үшін жиынға ешкім келмепті.Тек бірен-саран сарапшылар ғана болды. Сөйтіп, түркі халықтары мен армян диаспорасының арасындағы мәселелерді бір қауым ел босқа талқылағандай болдық. Дегенмен, көптеген мәселелердің айтылғанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, біздің пайымдауымызша әлі күнге шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар екендігін де білуге тиіспіз.
Біріншіден, түркі халықтары мен армяндардың арасындағы мәселеге әзірге тек түріктер мен әзербайжандар ғана назар аударады. Өйткені, түрлі деңгейдегі қақтығыстар көбіне осы ұлттардың арасында өрбіген. Бәлкім, содан да шығар Түркі форумына қатысқан қазақ, татар, қырғыз сынды өзге түркі халықтарының өкілдері түрік, әзербайжан және армян мәселесін толық түсіне қойған жоқ. Ашығын айтар болсақ, Орталық Азия түркілері 1915 жылы Осман империясы жерінде болған оқиғалар түгілі, 1992 жылы Таулы Қарабақта не болғанын, Хожалыдағы бейбіт тұрғындарды армян сеператистерінің қалай қырып салғанын, жасаған зұлымдығын білмейді. Сол себепті бұл мәселе күллі түркіге ортақ халге келе алмай тұр. Бізге, Орталық Азия түркілеріне Ресей патшалығының зорлық-зомбылығына, 1916 жылғы қырғынға қатысты саяси һәм тарихи баға беру маңызды. Ал, қазақ үшін, халқымыздың тек жартысының өліміне себепші болған 1921-22 және 1932-1933 жылдардағы аштық, қуғын-сүргін мәселесіне қатысты деректер де өзекті. Бірақ, бұл оқиғаларды білетіндер көп емес әлемде. Сондықтан, «өз қазанымызда өзіміз қайнап» жатырмыз. Демек, түркілер өз тарихымызда саралануға тиіс тақырыптарды, оқиғаларды әлі күнге бір-бірімізге толық таныстыра алмай жүрміз. Соның салдарынан әлемде армян лоббиі түркінің уәжінен басым болып тұр.
Екіншіден, кез келген мәселеде түркінің сөзін жер жаһанға жаятын ірі ақпарат құралымыздың жоқтығы да қол байлау болып тұр. Түркі және армян диаспораларының мәселесінде де солай. Санымыз 300 млн-ға жақындап қалса да, түркі баласы арабтар жасаған «Әл Жазира» немесе «Әл Арабия» сынды телеарна құра алмадық. Шыны керек, арабтың бірнеше шейхі бөлген қаржы қазір әлемдік ақпарат нарығында өз орнын тапқан телеарна құруға мүмкіндік берді. Түрлі көзқараста болғанымен «Әл Жазира» сынды телеарналар араб лоббиіне қызмет қылып жатыр. Ал бізде ондай жоқ. Түріктің «Анадолы» агенттігі, TRT телеарнасы бір төбе, қазақтың «Қазақпарат» агенттігі, «Хабар» мен «Қазақстан» сынды арналары бір төбе. Өзбекстан да, Түркіменстан да, Қырғызстан да, Әзербайжан да солай. Әркім өзінің қолайына жаққан сипатта ақпарат береді. Нәтижесінде, Анадолы мен Балкандағы, Кавказдағы түркілерден Орталық Азия түркілері, осындағы түркілерден батыстағы ағайын хабарсыз жатыр. Міне, біртұтас ақпараттық кеңістік құра алмауымыздың көзге көрініп тұрған кемшін тұстары осы. Түркі әлемі ТМД-ның «Мир» телеарнасы сынды бір жобаны да қолға алмады. Сол істің «қырық күндік кемдігін» әлі сезініп келеміз. Кез келген салада солай.
ТҮРІКТЕРДІҢ ТУРИЗМІ КҮЛЛІ ТҮРКІГЕ ҮЛГІ

Едірнеде жер жаһанның түпкір-түпкірінен келген түркілер талқылаған екінші тақырып «Туризм» еді. Журналист Асқар Құмыранның тілімен айтқанда «Түркия, туризм, түркішілдік». Яғни, ТТТ. Қызықты һәм өте пайдалы тақырып еді бұл. Өйткені, қазір әлем бойынша туризмнен шаш-етек пайда тауып отырғандар көп. Солардың қатарында Анадолы түріктері де бар. Рас, Түркияның табиғаты жанға жайлы екендігін мойындаймыз. Жерорта, Мәрмәр, Егей, Қара теңіздерінің елдегі ауа-райына, табиғатқа ықпалы да зор. Есте жоқ ескі замандардан қалған мәдени ескерткіштер, тарихи орындар да көп бұл елде. Бәлкім, содан да болар Түркияға турист көп келеді. Пайда тауып жатыр.
Негізі бұл айтылғандар Орта Азияда немесе Қазақстанда туризмді дамыту мәселесін сөз еткенде салыстыру үшін алға тартылатын дүниелер. Туристер көп баратын Түркияны мысал етуге құмар тұрамыз біз. Өйткені, «туризм» деген таңсықтау салада Анадолыны жайлаған бауырлардың табысы қомақты. Рас, біздің ел орналасқан өңірдің табиғаты қатал, қысы суық, жазы ыстық, жанға жайлы жағажайлары бар теңіздері жоқ екендігін де мойындаймыз. Алайда, бірінші кезекте туризм инфрқұрылымын жасақтап, қызмет көрсету сапасын арттыра түсу маңызды. Түркілердің үшінші форумында осы жайт айтылды. Егер бүгінде Түркия әлемнің туризм индустриясы бойынша ең мықты он елінің қатарына кірсе, өзге түркі елдері ондай жетістігімен мақтана алмайды. Содан да болса керек, форумда түрлі мәселелер айтылып, жаңа жобалар да ұсынылды. Мәселен, Қырғызстан түрік мамандарын шақыра отырып ландшафтық және этнотуризмді дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөле бастаған. Өзбекстан болса өзінің тарихи ескерткіштерін туристер тарту үшін қолданып көрмек. Осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Әзербайжан да, Ресей құрамындағы Татарстан мен Башқұртстан да өз ұстанымдарын ортаға салды. Әрине, Қазақстан да туризм мәселесінде өзгелерден қалғысы жоқ. «Экспо-2017» көрмесінен күтер үмітіміз зор. Дегенмен, «үйдегі ойымызды базардағы сауданың бұзатындығын» ұмытпаған жөн. Форумда Түркиядағы медициналық туризмнің де жақсы дамығандығы айтылды. Тіпті, «Атаюрт» сынды туристік пакет жасап, Орталық Азия елдеріне біртұтас сапар ұйымдастыру мәселесі де айтылды. Түркиядағы емханаларда тексеріліп, Орталық Азия елдерінде емделетіндей қылып біріккен медициналық туризм жүйесін құру идеясы да көтерілді. Бір сөзбен айтқанда туризм саласында одақтас болу қажет екендігі тілге тиек етілді. Ұсыныстар көп болды. Тамаша. Бірақ, біз білетін «әттеген-айлар» осы игі іске кедергі жасай ма деген қаупіміз бар.
Жалпы, Орталық Азия елдерінің туристік әлеуеті жаман емес. Бүгінде жыл сайын теңіз жағасына барып, демалатын еуропалықтар мен жапондар тұмса табиғатты қызықтауға, түрлі халықтардың тұрмысымен, мәдениетімен танысуға құмарта бастаған. Ал, Орталық Азияда бұлардың барлығы бар. Қысқы спорт түрлеріне, экстремальды туризмге, этнотуризмге қолайлы аймақтар аз емес. Тіпті, медициналық туримзмнің бір саласы болып саналатын саз-балшықпен емдеуге, арасандарды пайдалануға да болады бұл өңірде. Тарихи-мәдени орындарымыз да жетіп артылады. Алайда, туризм саласына жүйелі көзқарас болмай тұр әзірге. Орта Азиядағы еңбек нарығының жүйелі болмауы қызмет көрсету сапасын да төмендетіп отыр. Инфрақұрылым да оңып тұрған жоқ. Жолдарымыз енді жөнделіп жатыр. Оның үстіне туристерді қызықтыратын орындардың арасы ұзақ. Шаршатады адамдарды. Жолда демалыс жасап, аялдауға ыңғайлы мекендер жоқ. Туриске сапалы қызмет көрсетіп, сол қызметіне лайықты ақысын алудан гөрі алаяқтық жасап, тақырға отырғызып кетуге құмар адамдар араласады бұл іске. Қызмет көрсету құны өте жоғары. Сондықтан, туристердің қарасы да аз. Мәселен, Түркияда Ыстамбул мен Анкараның арасындағы ең қымбат автобус билеті 5000 теңге көлемінде тұрады. Әрине, түрік лирасының біздің теңгеге шаққандағы сомасы бұл. Бірақ, әлгі автобустарыңызда шай-кофе, сусындар, тіскебасарлар таратылады. Теледидар, фильмдер көру, музыка тыңдау, интернет пайдалану мүмкіндіктері бар. Жанға жайлы келеді. Түркияның жолдары да жақсы. Қызмет көрсету сапасы тіптен керемет. Міне, туристердің Түрік еліне жиі баратыны содан. Ал, біз «туризм» десе қалтаға бірнеше теңгені салып алып, шетелге шығу деп ұғамыз әлі. Өз жеріміздің қадірін толық сезіне алмай жатырмыз.
Айтпақшы, Орталық Азия елдеріндегі түрлі саяси жүйелер де туризмді дамытуға кедергі жасап жатқанын аңғару қиын емес. Қазір шетелдіктер бір рет сапарға шықса тұтас бір өңірді аралағысы келеді. Африкаға баратындар Сахара шөлінен Конго өзеніне дейін, саванналарға дейін, тіпті Оңтүстік Африканың тамаша шаһарларына дейін аралағанды құп көреді. Африка құрлығында бұлай сапар шегудің азды-көпті мүмкіндіктері бар. Бірақ, Орталық Азия елдерінде ондай сапар жасау қиын. Мәселен, түркиялық бір турист Өскемен жақтағы Берел қорғандарынан саяхатын бастап, Алматыдағы Есік қорғанын, Медеуді, Шымбұлақты тамашалап, Шарын шатқалын көріп, одан соң оңтүстіктің қалаларын аралаған соң Түркіменстанға өтпек болса алғашқы кедергіге кезігеді. Виза мәселесі шығады. Өзбекстанға да солай. Хиуаны, Самарқанд пен Бұхараны көру үшін виза алады. Шекарада қиындық көреді. Сөйтіп, визасы жоқ болса Тараз арқылы Қырғызстанға өтуге мәжбүр. Яғни, саяхатының берекесі кетеді. Одан соң бұл саяхатшының екінші мәрте біздің өңірге турист ретінде келуі де неғайбыл. Өйткені, бірден үркітіп жібергенбіз біз. Міне, қысқаша айтқанда Түркиядан басқа түркі елдеріндегі туризмнің халі осы. Үшінші түркі форумында осы мәселенің шешілгенін қалағандар, өз ұсыныстарын айтқандар көп болды. Келер күнге үмітпен қарады бәрі. «Туризм саласында бәріміз бірге табысқа жетейік» десті. Біз де құптадық бұл пікірлерді.
«ҚЫЗЫЛ АЛМА» ТҮРКІНІҢ МӘРТЕБЕЛІ СЫЙЛЫҒЫ

Сыйпаты бөлек, мәні айырықша сыйлық болды бұл. Сыйлық 11 аталым бойынша берілді. Қазақтан бұл сыйлыққа «Дипломатия» аталымы бойынша Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов және Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, «Спорт» аталымы бойынша Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сапиев лайық деп танылды. Жалпы, «Қызыл алманың» тұңғыш иегерлерінің арасында Ресейдің құрамындағы Татарстан республикасының Президенті Рустам Минниханов пен Түркия Ұлттық білім министрі, профессор Наби Авжы, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Халил Акынжы, Түркия ғылымы Тарих одағының басшысы профессор Екмеледдин Ихсаноғлы сынды тұлғалар мен Қырғызстанның Манас университеті, Әзірбайжанның ұлттық ғылым академиясының Шемаха астрофизика зертханасы, Түркия палаталары және қор нарығы одағы тәрізді бірқатар ұйымдар мен мекемелер де бар. Қысқасы, түркінің бірлігі мен ғылым-біліміне, мәдениетіне, өнеріне қызмет қылғандар марапатталды бұл сыйлықпен. Сыйлықты тағайындау туралы шешім өткен жылы Ыстамбулда болған ІІ түркі форумында қабылданған болатын. Міне, бір жыл ішінде істің нақты нәтижелері де белгілі бола бастады. Қуантарлық іс бұл.
Негізі «Қызыл алма» ұғымының мәнін нақты түсіндіру қиын. Кейде бұл әлемге әмір жүргізу мағынасын беретін көрінеді. Түркі жұртының Еуразия даласын билегені, алып империялар құрғаны тарихтан белгілі. Сол Ұлы күндердің елесі де шығар «Қызыл алма» ұғымы. Әйтеуір, таңғажайып ұғым. Анадолы жақта сақталыпты. Кезінде Осман сұлтандарының әскерлері жорыққа шығар алдында «Қызыл алмаға барайық!» деп ұран салатын болған екен. Содан сұлтандар жорықты бастайтын көрінеді. Рас, бұл да ел ішіндегі әпсана. Бірақ, «Қызыл алма» ұғымына қатысты дүние. Ұғымның тарихи астарына одан әрмен үңілмей-ақ қоялық. Бастысы, бүгінгінің «Қызыл алмасы» түркі бірлігіне қызмет қыла бастады. «Бір ауызды болсақ» деген аңсардың белгісі бұл. «Бабаларымыз Сақ, Ғұн, Көк түріктер сияқты еңселі болсақ, айбарлы болсақ» деген арманның белгісі «Қызыл алма». Осы арман-мұраттар жолында қызмет қылып жүрген азаматтарға берілгендігі де содан бұл сыйлықтың. Сол үшін де қымбат біз үшін. Әйтпесе, дүниеде түрлі сыйлықтар мен жүлдедер көп еді, түркінің ортақ сыйлығы жоқ еді.


