BAQ.KZ — 7-8 маусым күндері ГФР-дағы ҚР Елшілігінің және Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясы мен Берлин Қазақ қоғамының ұйымдастыруымен Берлинде Ұлыбритания, Франция, Германия, Венгрия, Австрия, Швейцария, Швеция, Дания, Норвегия, Нидерландия, Түркия сынды он елдегі этникалық диаспораның үш жүзге жуық өкілдерінің басын қосқан Еуропа қазақтарының дәстүрлі кіші құрылтайы өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер мнистрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазақстандық делегацияны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев бастап келді. Ол Құрылтайдың салтанатты ашылуындағы құттықтау сөзінде жиналғандарды Мемлекет басшысының «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауы аясындағы еліміздің дамуымен таныстырды.
Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов сөз кезегінде ана тілін сақтау және дамыту, мәдениет және ұлттық салт-дәстүрді, тарихи Отанымен байланысын нығайту сияқты мәселелеріндегі ГФР-дағы қазақ диаспорасының белсенді рөлін атап өтті. Сондай-ақ, қазақстандық дипломат Берлинде қазақ әдебиетінің классиктері мен замандастарымыздың шығармалары қойылған кітапханасы бар Қазақ мәдени орталығының ашылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Орталықта қандастарымызға тарихи Отанында болып жатқан барлық оқиғалардан хабардар болып отыру үшін қазақстандық журналдар мен газеттер, оқулықтар, сөздіктер, мемлекеттік тілді оқытуға арналған оқу-әдістеме құралдары, сонымен қатар баспасөз және еліміз туралы танымал электрондық өнімдер ұсынылады. Қазақ мәдениетін Германияда насихаттауға қазақ фильмдерінің жинағы да өз үлесін қосатын болады. Осы бағыттағы тағы бір маңызды жоба – Берлиндегі Гумбольд университеті жанында ашылған «Қазақстан және қазақ тілі» атты Лектораттың қызметі болып табылады.
Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы Абдұлқаюм Кесижи өз сөзінде еуропалық ағайындардың басқосуларын өткізу соңғы он жылда жақсы дәстүрге айналып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, басты мақсат –өз ұлтының мұрасы мен мәдениетін жас буын өкілдерінің есіне салу. «Мұндай кездесулердің тарихи Отанынан алыс тұратын қазақтар үшін үлкен маңызы бар. Ең бастысы- осындай құрылтайлардың қандастарымыз үшін аса өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешуге мүмкіндік беретін орынға айналғандығы»,-дейді А.Кесижи.
Құрылтай шеңберінде жастар арасында қазақ тілін, тарихын және мәдениетін білетіндігін тексеруге бағытталған түрлі байқаулар, «Қазақша күрес» ұлттық күресінен және футболдан сайыстар, суреттер көрмесінің ашылуы, сонымен қатар балалар мерекесі өткізілді. Елші Н.Онжанов осы жарыстардың жеңімпаздары мен лауреаттарын бағалы жүлделермен, естелік сыйлықтармен марапаттады.
Әнші Мақпал Жүнісова, Арай Асқап және «Серілер» музыка тобының орындауындағы дәстүрлі және заманауи музыка мәдениетінің біртума шығармалары аталған шараға ерекше ұлттық нақыш берді.
Суреттерді түсірген: Мәжит ТАСТЕМІР (Франция)






























