BAQ.KZ – ХІІІ ғасырда монғол шапқыншылары Сыр бойындағы көптеген қалаларды қиратты.Сондай жауынгершілік тағылықты Жанкент қаласы да басынан өткізеді. Енді оның сілемдерін Қазалы ауданы «Өркендеу» совхозының жерінен кездестіруге болады. Ертедегі Жанкент қаласы-мәдени және тарихи жағынан да маңызы зор археологиялық ескерткіш. Бірақ онда әлі күнге дейін кең көлемде археологиялық зерттеу жүргізілген жоқ. Біз Түркстан үйірмесінің мүшелері мен Хорезм археология этнографиялық экспедициясының барлау мақсатында болған зерттеулерінен ғана бірқатар деректер білеміз. Ал жергілікті тұрғындарға ондай мәліметтің өзі жетпей отыр. Олар бұны өткен ғасырлардан мұра болып келе жатқан аңыздардан біледі. Солардың бірі «Бегім ана» аңызы адалдықтың бейнесі болған Бегім атты оғыз қызы жайында әңгімелейді.
Аңыз 1898 жылы орыс тілінде қағаз бетіне түседі. Сол жылдың 26 маусымында зерттеуші Александр Нестеров Қазалы өңірінен осы аңызды естиді. Аңызды сол кездегі Қазалы уезіне қарасты Мақпал болысы, алтыншы ауылдың тұрғыны – 78 жастағы Тәңірберген Жайлаубаев айтып береді. Оның еркін аудармасы былайша баяндалады.
…Ерте, ерте, ертеде. Өз заманыныда атағы шыққан Үргеніш ханы Бәгірмен замандас Санжар /Шаншар/ атты хан өмір сүріпті. Оның билігі асқақтап тұрған шағында Жанкент қаласы астана болыпты. Күндердің күнінде Санжар мен оның салтанатты патшалығы бір қайғылы оқиғаның кеселінен мерт болыпты деседі.
Бақытсыздық әкелген күн былай басталады. Санжар ханның Бегім атты әйелі болыпты. Ол елден ерекше сұлу, келбетті екен. Хан оны басқалардан қатты қызғаныпты. Бегім айтулы Қарабура деген көріпкел әулиенің қызы болыпты-мыс.
Бірде Санжар аңшылықтан қайтып келе жатады. Ол жолай жылан мен батпаттың мінгесіп жатқанын көреді. «Опасыздық деген осы. Ол адамдар мен тірі мақұлықтар арасында қаншалықты?!» деп ашу шақырып, жыланның құйрығын қылышпен кесіп тастайды. Маңайындағы нөкерлері мына сұмдықты көріп, бастарын изесіп ханының сөзі мен ісін қошеметтей жөнеледі. Жылан мен батпат адамдарға айбат шегіп, жорғалап қашып кетеді.
Ал құйрығынан айрылған жылан өзінің ініне келген соң, зәбір көргендігін айтып, еріне шағым жасап, Санжардан кек алмасаң, сенен кетіп қаламын деп қорқытады. Амалы құрыған ері сол мезетте-ақ Жанкент қаласындағы хан сарайына аттанады. Сөйтіп, Бегімнің ұйықтайтын бөлмесіне жорғалап жетіп, Бегім мен Санжардың әңгімелесіп жатқан сәтіне тап келеді. Оларды құлақ салып тыңдайды.
Санжар хан әйел жынысының еріне деген тұрақсыздығын әңгімелеп, оған мысал ретінде бағанағы көрген жылан мен батпаттын оқиғасын айтып береді. Бастан аяқ көңіл қойып тыңдаған жылан әйелінің опасыздығына анық көзі жетеді. Санжар қолданған жазаны іштей мақұлдайды. Өш аламын деген бастапқы райынан қайтып, үйіне келісімен опасыз әйелді /жыланды/ қуып жібереді.
Көп ұзамай – ақ Санжар хан тағы да аң аулап, көңіл көтеруге шығады. Бірақ қаладан шығысымен бүркіттің басына кигізетін томағасын патша сарайында ұмыт қалдырғанын байқап, сол мезетінде басы — байлы құлын алып келуге жұмсайды. Ал жіберген адам Санжардың әйелі Бегімге ықыласты болып, көңілі кетіп жүретін. Сарайға келісімен басы – байлы кісі тура ханымға келіп, ұмыт болып қалған томаға қалпақты әкеліп беруін сұрайды. Бегім оны беріп жатқанда малай қолынан шап беріп ұстап, құшақтап аймалайын деген бұзық ойменен өзіне тартады. Бегім қарсылық білдіреді. Ұзақ арпалысып, ақырында тегеурінінен әзер құтылады. Ызы болған құл бұзық мақсатының орындалмағаны үшін өш алуды ойлап, томағаны табыс етуге Санжарға жүріп кетеді.
Хан оралған соң одан қалай жеткенін, неге кешіккенін қайта – қайта тәптіштеп сұрайды. Бірер мәңгірлеген мардымсыз жауаптан кейін құл ханның кебісін құшақтап алдына жығылып, зарлай жөнеледі.
— Уа, аса құрметті, әміршім!!! – дейді ол көз жасын көл ете,- менің өмірімді сақтауға уәде берсеңіз, бір сұмдықты айтуға тілім бармай тұр.
— Не дейді, иттің баласы! – деп, ашуланды хан терісіне сыймай – аманшылық па?!
— Аманшылық тақсыр!
— «Қасыңдағы әйеліңе сенбе, астыңдағы атыңа сен»деген…
— Өміріңді сақтауға уәде етемін. Айт!
Осы келісім сөзден кейін ғана, құл сарайға барғанда Бегімнің кідірткенін, яғни азғындық жолға итермелегісі келгенін айтты. Санжар бұл өтірікке құлай сенді. Ол сарайға оралысымен ашуланғаннан терісіне сыймай, Бегімді тұрақсыздығы үшін кінәлап, сол қолы мен бұрымын қылышпен кесіп тастайды.
Бір бақытсыздықтың болғанын Қарабура айдай анық қалпында түсінде көреді. Ол Санжарға тез жетіп, қызын соншама ауыр жазалағанын сұрап білген соң, бұл қиянаттың жаладан болғанын айтты. Хан бұрынғы райынан қайтпайды.
— «Шындықтың аты – отқа салсаң жанбайды, суға салсаң батпайды» деген. Ақылыңды ашуға жеңдіріпсің, мәртебелі хан! Халқыңды алаңға жина! Егер қызым адал болса, сол мезетте кесілген қолы мен бұрымы орнына қайта бітеді – дейді Қарабура.
Хан таңертең қаланың халқын шақырып, Бегімді көпшілік алдына шығарып, болған оқиғаны айтқанда, адам айтса нанғысыз жағдай болады. Жиналғандар Санжарға наразы болыпты. Сонан соң, Қарабура қаһарына мініп, Санжарға, оның қаласына қаралы қарғыс айтыпты.
— Қалаң қара жерге айналып, жұртыңды жылан қаптасын !!!
Оның дұғасы қабыл болып, кешікпей – ақ қаптаған жылан ордасы қалаға шабуыл жасайды. Тұрғындарын қырып салады. Тек қана қайда тығылғаны беймәлім Қарабура және оның қыздары аман қалады. Тағы да Мазы есімді жасөспірім бала таңданарлық жағдайда апаттан сытылып шығып, Бұхараға жетіпті. Ол сонда бір медресеге оқуға түсіпті.
Жанкент қаласы иесіз қаңырап қалады. Оған келген адам жыланнан қаза болатын болыпты. Сондықтан бәрі де оны айналып өткен.
Бірде адамдар Бұхараға сататын қойларын айдап, Жанкенттің маңынан өтіп бара жатады. Тұспа – тұс жақындай бергенде, олар алдында кетіп бара жатқан бір қойдың мүйізіне жылан оралғанын көреді. Мал айдаушылар абыржып, бұл жыланнан қалай да құтылудың жолын ойлайды. Бірақ қойға ешқандай зақым жасамаған соң тимейді. Қарсы кездескен адамдар жыланды көріп ығысып, қойларды айналып өте береді. Ұры – қарыдан да қорықпайды. Сөйтіп, бұлар Бұхараға келіп, базар алаңына ілінгендерінде жылан да мүйізден ажырап жөніне тартып тұрады.
Сөйтіп, ол Мазы оқитын медресеге келеді. Бірақ оны тұрағынан таба алмай, етігіне оралады. Мұның бәрін ешкім де көрмеген, тек Мазының ұстазы – әулие молда біліп отырыпты. Ал Мазы үйіне келерде ұстазы оған төніп тұрған қатер жайлы ескертеді. Сөйтіп ол өте сақтықпен етігінің қонышына кетпеннің сабын сұғып, оған орала қалған жыланды сыртқа лақтырып жібереді. Сонымен арам пиғылды жыланның басы кетпенмен шабылыпты.
Бұл оқиға жайлы Бұхара әмірі есітіп, Мазыны дереу өзіне шақыртыпты. Куәгері болып, басынан өткен Жанкент оқиғасын айтқызыпты. Әмір Жанкенттің орасан байлығына қызығып, қаланың жұртына қалың қол аттандырады. Қалаға енген жауынгерді жылан шақпайтындай етіп, сиқырлы дұғалар оқитын оқымысты молдалар да болды. Солардың арқасында жауынгерлер Жанкенттің байлығын жинап, Бұхара әміріне табыс етеді. Ол үшін билеуші Мазыға үлкен рахмет айтып, өзінің патшалағынан шағын қалашық сыйға тартқан екен. Ол қалашық әлі күнге дейін Бұхара жағында бар дейді. Онда Мазының ұрпақтары тұрып жатқан көрінеді. Санжар қаласының құлауы туралы аңыз осылай дейді. Мұнда ал бұл күндері жергілікті халық аузында сақталған «Бегім — Ана» жайлы аңыз желісі А.Нестеровтың жазбасына қарағанда өзгешелеу. Оны Қазалы өңірінің көнекөз қариялары айтып берер еді. Олардың ұғымынша, Бегім әулие әйел. Ары таза, еріне шын берілген, биік махаббат иесінің бейнесіндей. Бір жағынан әділеттілік туралы халық ертегісі сияқты.
Әлқисса, әулие Қарабура айтқандай, Бегімнің күнәсіз кесілген бұрымы мен қолы өз қалпына келіпті – міс. Сонда Санжар хан «жаздым, жаңылдым» деп, Бегімнің аяғына жығылып, кешірім сұрауға ұмтылған екен… Бірақ Бегім әп – сәтте торғайға айналып, пыр етіп ұшып кетіпті. Сонан барып Ұзынтамға қонған жерінде, құдіреттің күшімен биік мұнара пайда болыпты.
Бегім ана мұнарасына бұл аймақтың адамдары табынатын болған. «Бегім – ана, сұлу – жан апам» деп, әруағына сыйынып, әулиедей пір тұтқан. Тағы бір айтарымыз – мұнараның маңына ер кісілерді жолатпайды, оларға зиянкестік жасайды деген ұғым көптен қалыптасқан.
Ертерек уақыттарда бедеу әйелдер перзент бере көр деп, мұнара басына түнейді екен. Қазіргі күндері Бегім ана мұнарасы елді мекендерден сырт қалған.
Ал ертедегі Жанкент қаласының археологиялық орны Сырдария өзенінің сол жақ бетінде, Қазалы қаласынан төменірек жерде жатыр.
Жергілікті тұрғындар Жанкент туралы білетінін таңдана айтып береді. Олар бұл өңірге 1929 жылдары келген. Бұрын адамдар маңайламағанды. Үкіметіміз серіктіктер мен колхоздар ұйымдастыра бастаған шақ. Меңіреу жатқан төбелерді адамдар ұйқысынан оятуға кіріседі. Бұрынғы егіншілік кәсіпті қайта жандандырып, тіршілік көзі су келетін арықтар қаза бастайды. Ежелгі қала маңын колхозшылар арши бастағанда неше түрлі әшекей бұйымдарға, көнелікті тиын және басқа да заттарға ұшырасады. Бірақ оған ешкім назар салмайды.
1937 жылы ауыл тұрғындары бір ғажап көріністің куәсі болады. Шілденің ыстық бір күні еді. Күн аптабы қайтар түс ауған шақтын, сонадайдан құйындай үйірілген шаң көрінеді. Бастапқыда бір отар қойлар келе жатқандай болады. Бірақ бірте – бірте жақындаған сайын олар орасан көп ордалы жылан боп шығады. Жыландар бірден суға құлап, шөлдерін қандырған соң келген ізімен қайтып кетеді.
Жергілікті тұрғындар Жанкент қаласының сілемдері жатқан жерді «Мыңтөбе» деп атайды. Онда болғанда бей – берекет шашылған құмыра сынықтары мен кірпіш қалдықтарын көресің. Олар әр төбеде де баршылық. Мұның бәрі мұнда суландыру жүйесінің болғанының куәсіндей, тозған арықтар іздері де сайрап жатыр. Төбелер деп атап жүргеніміз бір кездердегі құрлыс орындары еді.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиыншылық бұл өлкеге де ортақ. Халық майдан үшін, Жеңіс үшін бәрін аямады. Сол жылдары ұйқыда жатқан Жанкентті де мазалап, соғыс қорына төбелерден қазып көптеген мыс, қалайы жезден жасалған ыдыс – бұйымдарын Отан қорғау қорына өткізеді. Төбе астында қалған бөлмелерге ортасынан түскендер де болыпты.
Одан кейінгі 1953 жылы табылған күміс теңге академик Кеңесбаевқа табыс етіледі. Олжа бетінен Абдулхан деген жазу оқылған. Онан кейінгі тағдыры беймәлім.
Осы өңірдің жер бедерін байыптап қарағанда адамға ол жайлар анықтала түсер еді. Аңызда айтылғандай, мұнда Жанкент қаласы жалғыз болмаған. Онан онша қашық емес жерде ХҮІІ ғасырда Жаңғазы хан салдырған қала бекінісі бар. Тағы да Жанкенттен 10 км қашықтықта Бабажан, одан әрі 6-8 км- дей жерде Құлбарақ бекіністерінің және Кейіккескен қала, оңтүстігінде Күйік қала қирандыларының ескі жұрттары жатыр. Алысырақта, солтүстік – батыста ұзынтам мұнарасынан 10 км қашықтықта, Арал теңізі жағасында аңыздағы Бегім ана мұнарасы бой көтерген. Ал Жанкенттің шығысына қарай 60 км- дей жерде Сараман – қоса мұнарасы тұр.
Жанкент ауылдан жүз метрдей жерде. Бір кездегі гүлдеген қаладан ішінара қалқиған сыртқы қорған қабырғалары ғана қалған. Оның мәдени қабатынан бүтін зат табу қиын. Басты жолы солтүстік қақпаға бастайды. Қақпаның орынына биіктегі 30-45 м- дей үйіліп жатқан төбелер бар. Мұнда төрт мұнара құрлысының ізін анықтауға болады.
Қала қорғанының әрқайсысы солтүстікке, шығысқа, оңтүстікке және батысқа қарай бағытталып салынып, оның әрбір 25 метрі сайын қарауыл мұнаралары болған. Ал бұрыштарындағы мұнаралар басқаларына қарағанда көлемдірек.
Жанкент — арабша әл – қарят, әл – хадиса, парсыша Дих – и нау, қазақшалап аударғанда жаңа мекен дегенді білдіреді. Ибн Хаукаль / Х ғасыр/ оны Сыр бойындағы қалалардың ең жақынына санап, «Оған Хорезмнен 10 күнде, Фарабтан 20 күнде жетуге болатынын» жазғаны жөнінде Қазақ Совет энциклопедиясының 4- ші томында мәлімет берілген.
Жанкент жазба деректерде ІХ- Х ғасырлардан бастап – ақ қала аталғанымен, бірден – бір құнды мәлімет Әл- Идриси мен Махмұд Қашқаридің еңбектерінде кездеседі. Олар Азияны кесе – көлденең жүріп өткен жиһанкез – тарихшылар.
Әл – Идриси /1099-1165/ бұл өңірді ғұздар еліне жатқызып: «Ғұздардың қалалары көп. Олар солтүстіктен оңтүстікке қарай біріне – бірі жалғасып жатыр…» деп жазды. Оны М.Қашқари мақұлдап, оғыздар Сырдарияны қарапайым ғана өзен /угуз/ деп атайтынын және өзен бойында қалалары болғандығы жайлы мәлімет береді.
Дегенмен, жылдар бойы европалықтар Орта Азиядағы көшпенділердің сән – салтанатты қалалары болғандығы жайлы деректерді дақпыртқа санап, нанбай келді. Саяхатшылар Плано Карпини мен Рубрук ХІІІ ғ – да мұның растығына куә болғанда, сенер – сенбесін білмей дағдарды. Саяхатшылар өз жазбаларында : «Бұл жерде біз сансыз қираған қалалар, бекіністер мен бүлінген тұрақтар таптық. Осы жерде аты белгісіз бір үлкен өзен бар. Онда белгісіз Янкент атты, басқа да Бархинь және 3- ші Орнас есімді қалалар тұрады» деп көрсеткен болатын.
Европалықтардың күн арқасы қияндағы далалықтарға назар аударуының басты себебі – Моңғол басқыншыларының дүниені дүр сілкіндірген жаулаушылық жорықтары еді.
Саяхатшылардың айтқанындай, «Егінге түсер қаптаған шегірткедей» Моңғол басқыншыларының қалың қолы қазіргі Қазақстан жерімен шабуылдап өтті. Жергілікті халық туған жерін оңайлықпен бергісі келмеді. Ерлікпен қарсы тұрды. 1219 ж. Жошының басқаруымен моңғол әскерлері Жанкентті қиратып тонады. Аянбай қарсыласқаны үшін көшелерін қанға бояп, от – жалынға орады. Соған қарамастан, қала ХІҮ ғасырда аз уақыт болса да жанданып, Жанкент (Янгикент) атанып, сауда және қол өнері орталығына айнала бастайды.
Шындап келгенде, ертедегі Жанкент қаласының сырын білуге құмарту Қазақстанның Россияға қосылу кезеңдерінен басталды.
ХҮІІІ ғасырдың І- ші жартысында қазақ ханы Әбілқайыр Жанкент қирандысын қалпына келтіріп, қайтадан қала жасауды мақсат етіпті. Орыс патшасынан көмектесуді сұрап өтініш жолдайды. Мұнда ішінара қалпына келтіру жұмыстары да басталған көрінеді. Алғашқылардың бірі болып
Орынбор драгун полкінің поручигі Дмитрий Гладышев пен геодезист Муравин Жанкенттің ескі жұрты жайлы сипаттама жасайды. Ол кезде ертедегі қаланың кірпіштен қаланған мұнаралары ішінара сақталған еді. Өкінішке орай, Жанкенттің бұрынғы замандардағы даңқын қайта көтеремін деген жақсы ойы Әбілқайырдың 1748 ж. Кенеттен қайтыс болуына байланысты аяқсыз қалады.
Онан кейін де Жанкенттің ертеде керемет қала болғанын айтып, аңыздар жинаған Россия әуесқой өлкетанушылары мен ғалымдары көп болды. Әсіресе, И.В.Аничков, А.Д.Нестеров, Э.Диваев, В.А.Келлсур сияқты Сыр бойы қала мәдениетін насихаттаушылар мен жоқтаушылар өлшеусіз еңбек сіңірді. Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетінің қамқоршысы В.В.Стасов: «Ертедегі Жанкент маңы қаласы неге біздің Помпей болмасқа?!» — деп бұл ерсерткіштің ертедегі Рим және грек ескерткіштерінен кем түспейтін маңызын айтқан.
Зерттеушілердің көбісі ғажайып көріп таңданудан артыққа бара алмайды. Тек айтары: Жанкенттің ескі орнына қарағанда кішкене қала болған сияқты. Оны кім тұрғызған, қандай халық мекендегені жайлы дерек жоқ.
Ертедегі Жанкенттің алғашқы археологиялық зерттеу жұмысы шығыстанушы П.И.Перхтің есімімен байланысты. Оны Совет тарихшысы А.Ю.Якубовский «ХІХ ғасыр жүз жылдығының талантты шығыстанушы» деп атаған.
1860 жылдан орыс археологиялық қоғамына мүше болған П.И.Перх 1867 ж. Қоғам атынан Жанкент және Сырдария өзені аймағындағы қалалар сілемдерін зерттеуге жіберіледі. Бұл Жанкенттің орыс ғалымдарына танылуының бастауы болатын.
Жанкенттің зерттелу тарихы жайлы арнаулы мақала жазған Совет дәуірінде — Өзбекстан ғалымы Р.Н.Чабров. оны 1957жылы жаз айында П.И.Перхтің Жанкентті зерттеуіне 90 жыл толуына байланысты жазады.
Ғалым Чкалов облыстық тарихи архивінен (қазіргі Орынбор архиві) Перх экспедицичсына қатысты іс – қағаздарын тауып, ол қалай болғанын жан – жақты ашып көрсетеді.
«Рор І жанындағы Сырдария өзенінің арғы бетіндегі салынған белгісіз қала қирандыларының ашылуы жайлы» деп аталатын істің беті 1867 ж. Ревральда П.И.Пашиноным Орынбор генерал – губернаторына жазған рапортымен басталады. Ол Түркістан аймағын зерттеуге шетел ісі министрлігінің азиялық департаментінен зерттеуге жіберілген – ді. Рапортында ол Жанкент жайлы жаңалықты алдын – ала анықтауға тілек білдіріп, ескерткіш сілемдері ғылыми тұрғыдан көңіл аударарлық болуы мүмкін деп хабарлайды.
Осы сияқты ертедегі Жанкенттің хабарын газеттерден оқысымен, архелогиялық комиссияның председателі граф Сергей Строганов 1867 ж. 1 мартта Орынбор генерал – губернаторына хат жолдайды. Онда ашылған ескі жұрттың маңыздылығын, сол өлке жайлы деректерде тиіп – қашты мәлімет барын баяндап, оны зерттеуді сенімді адамға тапсырып, бүліншілікке ұшырауына жол бермеуді сұрайды. Табылған ескілікті заттардың комиссияға тапсырылуын өтінеді.
Осылайша Жанкентті зерттеу ісі Петербург университетінің титулды кеңесшісі Перхке 2000 сомдай ақша беріліп, тапсырылады. Зерттеушінің көмекші қызметкері ретінде ротмистр М.Капитонович Приоров белгіленеді.
Шебер типограф М.К.Приоров зерделі шолу жасаған: «Бүгін 21 июньде Перх екеуміз Жанкент қаласының орнын қарап шықтық. Ол Сырдарияның сол жағалауында І форттан 20 шақырым, ол жағалаудан 6 шақырым жерде жатыр. Тұрған жерін тікенек пен шөпшек басып кеткен төбеден ескі цитадельдің бейнесі көтерілген, одан шығысқа, солтүстікке, батысқа құмды төбелер бой тартқан. Азиялық цитадельдерге тән қорған төрт бұрышты, биік дуалдармен қоршалған. Қорған қабырғалары жалпақ үйменің үстіне орналасқан. Оңтүстік жағындағы қабырғалар біршама жақсы сақталған. Мұнараларының біріне – бірі жақын орналасқаны көрініп тұр және де бір қамалдың мылтық ататын тесігі сол қалпында. Тағы да цитадельдің үш қабырғасы бүгінде төбе- төбе болып бір – біріне жалғасып жатыр. Салыну құрылысына қарағанда, шығыс және батыс жақтарындағы дарбазаларының іздері көрінеді. Төбешік болған үйінділерге қарамастан, ескі құрылыстар, көшелер орнын анықтауға болады. Цитадель маңындағы бақ пен басқа үлкен ағаштардың орнына суарылатын арықтарында шөп пен қамыстар өскен.
Одан әрі ескі құрылыстар орынын үйінді топырақтар басқан. Олардың көбісі қырғыздар тарапынан қалай болса солай қазылып тасталған. Бөлмелердің кірпіш қабырғаларының қалдығы ашылып жатыр. Кейбірі түркістандық көзді әшекей, жылтырақ әдемі сылақтар – қалың сазды алебастермен көмкерілген құрылыс небір иілген кірпіштермен қаланған. Мүмкін қазба жұмыстарында олардың іргетастары да ашылар. Өйткені қырғыздар құрылыс астын қопара алмаған. Жұмыс істейтін қырғыздар жалданды. Перх және мен бүгіннен бастап – ақ дәл цитадель ішіндегі ең биік қорғанда аршу және қираған хромдар, қабырғалар күмбезін, барлық көзге көрінетін өрнектерін бірте – бірте суретке салу көзделіп отыр».
Приоровтың рапортына қарағанда бұл игілікті жұмыс келесі июль айының ортасынан әрі аспайды. Ал зерттеудің қортындысы П.И.перхтің «Түркістан өлкесіне 1867 жылғы археологиялық сапар» атты кітабында айтылады. Ол 1870 ж. Петербургте жарық көрген еді.
Жанкентте ішінара жүргізілген қазба нәтижесі қандай? Ол ескі қаланың ХІҮ – ХҮ ғасырлардағы тіршілік еткен мәдени қабатын ашады. Онда түрлі түсті өрнекті құрылыс әшекейлері, кірпіштер және
Алтын Орда кезеңінің күміс, мыс теңгелері табылған. Аршылған құлпытастың бірінде бір адамның 1363 жылы шілдеде қайтыс болғаны жазылыпты.
П.И.Перх қаланы археологиялық орны төрт шаршы жерді алып жатқанын анықтайды. Ол Жанкент – Сырдария өңіріндегі шағын ғана қала, оның тұрғындары зәбір көрмей-ақ қамалдарын тастап кеткен деп жорамал жасайды.
Р.Н.Чобров Перхтің Жанкент жайлы зерттеулерін талдай отырып, автордың Жанкент туралы жазылған Ж.Тепендордың «Орынбордан Бұхараға сапар» атты 1826 жылы француз тілінде жарық көрген еңбегін пайдаланбағанын атап көрсетеді. Онда ең жақсы сақталғаны және ең көрнектісі – Жанкент қирандысы, ол гуздар басшылығының сарайы болуға тиіс деп атап көрсеткен еді. Ол сыр үстірі мен қуаңдарияның арасында күйдірілген кірпіштен салынып, төңірегі тоғайлы және сулы арналармен қоршалған деп дерек келтіреді. Бұның өз уақытында озық пікір екендігіне зерттеуші Перх көңіл аудармаған. Сондықтан ол «Олжа» табу мүмкін емес деп, қазбаны жалғастырмай тастап кетеді.
Осы жылдың күзінде Ташкент жолаушылап бара жатқан суретші В.В.Верешагин Жанкентке кішкентай қазба жүргізеді.
«Адамның, қойдың, жылқының және түйе сүйектері, — деп жазады В.В.Верешагин, — күйдірілген кірпіштер, көмір, саздан (қыштан) жасалған құмыра сынықтары, аса сирек түбі сынған құмыра және нешебір үлгідегі тұтынатын ыдыстар табылды…»
Ол жеті жыл өткеннен кейін табылған археологиялық олжалардан 14 таблицалы ойма суреттер жасайды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында әуесқой-археологтар И.Аничков «Қазалы уезінің тұрақтара кейбірінің қызықты археологиялық тұрғыда ерекшеліктері туралы», «Жанкент қирандысына сапар» және Е.Александровтың «Жанкент туралы аңыз» атты мақалалары археологияны сүюшілердің Түркістан үйірмесінің хабарламалары мен отырыстарының 3-ші басылымында жарияланады. Оларда Жанкенттің деректері тиіп-қашты көрініс тауып, пәлендей жаңалықтар ашылмайды. Бірақ бір қызығы — қаптаған жыландар туралы алаңдатарлық әңгіме жоқ. Оның есесіне ертедегі қала қалдықтарымен қашаннан бері тоналып, көрінгеннің қолында кетіп жатқанын айтып, дабыл қағылады.
Ал енді ең соңғы есте қалардай бір күн — 1946 жыл болады. Күздің 11 октябрінде Жанкент маңындағы шағын ауыл аспанында ПО –2 типті самолет ұзақ гүрілдеп айналып ұшады. Ауыл адамдарының бала – шағасына дейін қалмай, үйлерінен жүгіре шығып, көк жүзіне таңырқай қарай қалады. Біраздан кейін самолет ауыл маңындағы жазыққа келіп қонды. Қызық көрген балалар аяқтарына кірген жантақ тікенегін елемей, солай қарай жүгіре жөнеледі. Үлкендер тосырқап, тұрып қалады. әуе кемесінен арқалаған заттары бар бір топ адам шыға бастайды. Жақындай келе бір – ақ байқайды геологтар екен.
Біз Хорезм археология – этнографиялық экспедициясынанбыз – деп, таныстырадыашаңдау, бойшаң жігіт алға шығып. Мен Сергей Павлович Толстовпын, осы экпедицияның бастығы боламын. Қасымдағы кісілер – Орлов, Пейтман жолдастар – ғылыми қызметкерлер. Ұшқыштар — Яковкин мен Губаров және басқаларымен таныс болыңыздар. Ол ақсақалдармен қазақшалап қол алып амандасады.
Экспедиция мүшелері сол сәтте – ақ шұғыл жұмысқа кірісіп кетеді. Жанкенттің орнын арлы – берлі өлшеп қарап, мәдени қабаттарынан материалдар жинады, самолетпен қаланың аэросуреттерін түсірді. Кешке қарай сол күні зерттеушілер асығыс Күйіккескен қала орнына қарай ұшып кетті. Сонда жата қонып, күн ұясына қонғанға дейін жұмыс істейді. Ал 12 октябрьде Күйіккескен, Күйік қалаларының орнына далалық барлау, зерттеу және аэросуретке түсіру жұмыстарын жүргізеді. Сөйтіп Жетіасар өңіріне сол күні – ақ қайтып кетеді.
Хорезм экпедициясының зерттеулері көрнекті ғалым С.П.Толстов айтқандай, жиналған деректердің негізінде талдау бірқатар тарихи, мәдени тұрғыда қорытынды жасауға мүмкіндік берген – ді.
Бұл өңірде үш қала біріне – бірі ұқсас орналасқан деуге болады. Жазықтағы сортаң жерлі мүйісте салынған сияқты. Ертеректе оның солтүстігінде Сырдария өзені, батысында Арал теңізі жатса, ал шығысында бұрынғы Қуаңдарияның қалдық суынан пайда болған қамысты батпағына ұласқан. Осылайша енді бір сәт деректерді сөйлетіп, бұрынғы Жанкент қаласын көзге елестетіп көрелік. Қала қамалы қамысты, батпақты жердің ортасында орналасқан. Шығыстан батысқа қарай созылған, шығыс жағы шығыңқы төрт бұрышқа ұқсайды. 375х225 (шығыс бөлігі 300) мертдей көлемді, батыстан шығысқа қарай меридиан бойынша қабырға дуалын бойлай басты көшелер өткен. Одан тік бұрышпен тарайтын және де қаланың алаңының үй қатарларын бөліп өтетін кіші көшелерден тұрған.
Солтүстік — батысындағы бұрышында 100х100 метр аумағындағы жазықпен салыстырғанда 7-8 мертдей биікте жатыр. Қаланың сыртқы дуал қабырғалары мен шығыс жағындағыдан басқасына 8 мертдей биікте топырақ үйілген. 25-40 метрдей мұнаралардың орындары байқалады. Қаланың 40х40х9 см кірпіштен қаланған шығыс дуалы біршама сақталыпты. Шашылып жатқан құмыра сынықтарының ішінен ертедегі Хорезм мемлекетінің шеберлері қолданған өрнектер кездеседі. Сондай – ақ қала қорғанының құрылысы да ортағасырлық Хорезмдік бекіністердің салынуына ұқсас.
Осылай сипаттай келіп, ғалым С.П.Толстов ертедегі Жанкент қаласы сыртқы жаулардан қорғану мақсатында салынған бекіністерден тұрады деген қорытындыға келді.
Бұл Қазалы өңіріндегі өлі қалалардың бейнесін анықтап берген бірден – бір ғылыми жаңалық болып тарихқа енді.




