Алматыда Ә.Қастеев музейі базасында «Мүсін музейі — ашық аспан астындағы музей» ашылды. Аса құнды арт-жобаның ашылуына қала әкімі Ахметжан Есімов, өнер мен мәдениет қайраткерлері, қала зиялы қауымының өкілдері қатысты. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайты хабарлады.
Алматы әкімі қаланың 2014 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жариялануы барысында бұл мәдени оқиғаның үлкен мәнге ие екендігін атап өтті. Мегаполис басшысы қаланың мәдени Концепциясы саясатында мұндай обьектілер құрамдас бөлік болып табылатындығын да жеткізді. Жоба қала демалысында ішкі музей кеңістігін кеңейте түседі деді. Қалада All-day режимінде жұмыс істейтін нысандар қатарында бұл музейді тегін тамашалауға болады.
«Алматы өзінің Қазақстанның мәдени орталығы екендігін тағы да дәлеледеп отыр және ТМД кеңістігі аясында да басты мәдени орталық мәртебесіне ие екендігін көрсетуде. Алматыда 228 мәдени ұйым шоғырланған. Биыл Алатау ауданында салынып жатқан киноконцерт залының да құрылысы аяқталады, ол соңғы 45 жыл ішінде салынған алғашқы мәдени нысан», — деді Ахметжан Есімов.

Шара соңында қала басшысы көрмеге келген барлық мүсіншілерге, суретшілерге, шараны ұйымдастырушыларға Алматының мәдени дамуына үлес қосқандары үшін шынайы алғысын білдірді.
«Мүсіндер экспозицияларының қоғамның барлық жастағы адамдарының бойында сурет өнеріне деген қызығушылықты арттыратынына және қазақ ұлттық көркем сурет өнері мектебін одан әрі насихаттауға ықпал ететініне сенімдімін», — деді Ахметжан Есімов.


