Атырау облысында ресейліктер жалға алған 2 әскери полигон бар.
Олар – Қызылқоға ауданындағы Тайсойған мен Құрманғазы ауданы аумағындағы Азғыр полигондары. Жергілікті ауылшаруашылығы өнімін өндіретін фермерлер мен мұнай барлау саласының өкілдері көп жылдан бері осы жерлердің біраз бөлігін кері қайтарып алу туралы мәселе көтеріп жүр. Қазір бұл мәні зор мәселеге Парламент депутаттары да назар аудара бастады. Енді Үкімет мүшелерінің араласуымен алдағы кезде жердің басым бөлігі қайтарылмақ. Қызылға ауданының 1/3 бөлігін алып жатқан Тайсойған жеріндегі полигонның жалпы аумағы 750 мың гектар. Жердің пайдаланусыз жатқан бөлігін қайтару мәселесі 2011 жылдан бері көтеріліп келеді. Бірнеше рет мемлекетаралық комиссия құрылып, ақыры полигонның жерін 125 мың гектарға дейін қысқарту туралы келісім жасалды.
Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: — Бұл – экономикалық емес, әлеуметтік мәселе. Осыған енді тиісті министрліктер мен Үкімет тарапынан қолдау бар. Осы мәселенің шешімі табылады деген ойдамыз. Бұл жерлер өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін Кеңес одағының ядролық қаруларды сынайтын полигоны болған. Кейін де Ресей жалға алып, бейбіт мақсаттағы әскери зымырандарды сынау алаңына айналдырды. Үсті малға табылмас жайылым, асты көмір сутегі шикізаты қорына бай жерді пайдалануға рұқсат жоқ. Келісімшарт бойынша жалға берілген жерге қазақстандықтардың аттап басуға құқы жоқ.
Әйіп Сұпығалиев, мұнай өндіру компаниясының өкілі: — Біздің қазіргі есебіміз бойынша тұздың үстіңгі қабатында 51 млн. тоннадай мұнай қоры бар. Тұзасты қабатындағы мұнай қорын зерттеуге де біздің қолымыз жетер еді. Мұнайшылармен қатар жергілікті шаруаларда бұл жерге аяқ баса алмай жүр. Алдын ала есептер бойынша, бұл аумаққа 50 шаруа қожалығын сыйғызуға болады екен. Бұл жердің құнарлы шөбі 30 мың қой мен 20 мың бас сиыр мен жылқы асырауға жетеді.
Шора Сарқұлов, Тайсойған ауылының тұрғыны: — Полигон жері малымызды бағып, шөбімізді шабатын күнкөрісіміз еді. Ал мұнайды қосса, балаларымызға жақсы жұмыс болып, кішкене еңбек етіп жақсы болар еді. Бос жатқан жерді кәдеге жаратқысы келетін жан жеткілікті. Әзірге қос тараптың әскери құрылымдары келісімге келді, тек ресми құжаттарға қол қою рәсімі ғана қалған. Алдағы уақытта бұл аймақта мұнай өндірісі жанданып, төрт түлік мал мен ауылдағы жан басы артып, жаңа жұмыс орындары ашылады деген үміт бар.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов
24.kz



