Айтарымыздың әлқисасын «Халықаралық келісімдердің кепілдігін қайта қарау керек» деген риторикалық мәселемен бастауға тура келіп тұр. Соңғы кездері Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің, әсіресе, Ресей президенті Владимир Путиннің Украина құрамындағы Қырым автономиялық республикасын Ресей Федерациясына қосу туралы заңға қол қойып, Қырымды аннексиялау құжатының бір-ақ күнде бекітілуі халықаралық келісімдерден де күш тая бастағанын айғақтап тұр.
Рас, Украина жағдайы бізден сәл өзгешелеу. КСРО-дан мұраға қалған ядролық қарудың көлемі жағынан әлемде үшінші дәрежеге жеткен Украинаны әлемдік қауымдастық өкілдері күшпен көндірген еді. Арада 22 жыл өткенде, тәуелсіздігіне және аумақтық тұтастығына кепіл боламын деген ірі үш империяның бірі Будапешт меморандумын белден басатынын дәлелдеді. Наурыздың 13-інде Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісіне қатысқан премьер-министр Арсений Яценюк Украинаның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесінің бірі, Ресейдің әскери агрессиясына тап болғанын жеткізген. «Бұл агрессияның ешқандай себебі мен алғышарты жоқ. ХХІ ғасырда кез келген шиеленістерді танкімен, артиллериямен және армиямен шешу мүмкін емес. Біз БҰҰ Жарлығының 2 бабына ешкім ешуақытта шүбә келтірмейтіндігіне сенімді едік. Онда «БҰҰ мүшесінің барлығы халықаралық қарым-қатынастарында кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығына қол сұғуына немесе саяси тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін күшті қолданудан бас тартуы керек» делінген. Қазіргі Ресейдің ісі Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттарымен үйлеспей отыр», – деген ол Ресей Қы-
рымдағы әскерилерін шығарып әкетуге және келіссөздер жүргізуге шақырған. Алайда, оның да, өзге халықаралық қауымдастықтың да Путинге үндеуі аяқасты етілді.
Бізді кім қорғайды немесе Досым Сәтпаевтың тың ұсынысы
1994 жылы Будапештте қол қойылған келісім. Ол келісім бойынша АҚШ, Англия және Ресей Қазақстанның ядросыз ел болуына орай, Қазақстанның дербестігіне, иелік құқығына және қазіргі шекарасына құрмет ететіндіктерін, қарулы күшпен аумақтық тұтастығына, саяси дербестігіне қауіп төндірмейтіндіктерін құжат арқылы растаған. Бұл келісімге 1995 жылы Қытай мен Франция да қол қойған. Демек, Қазақстанның қолында саяси тұтастығын қорғаудың халықаралық бекітілген құжаты бар. Алайда, ондай келісім Украинада да болған, Қырымды қосып алуда Ресей бірқатар келісімді бұзды. Олардың арасында БҰҰ жарғысы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесі жарғысы, 1975 жылғы Хельсинки келісімі, 1997 жылғы Украина-Ресей екіжақты келісімшарты, жуырда мерзімі ұзартылған құжат – Қара теңіз флотын жалға алу жөніндегі келісім бар. Олай болса, бұл халықаралық келісімнің құны болмағаны ма? Әрине, бұл келісім Ресейдің алдына көлденең тартылды. Алайда, Ресей оны теріске шығарудың жолын тапты, тапқан жолы «Украинаның ол кездегі үкіметі басқа болды, бүгінгі үкіметімен келісім жасаған жоқпыз» деді. Бұдан басқа да құжаттар бар. Оның бірі – 1996 жылдың сәуірінде Қытайдың Шаңхай қаласында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай және Тәжікстан елдері арасындағы келісім. Одан сырт, Қазақстан мен Ресей арасында 1992 жылы
25 мамырда қол қойысқан достық, селбестік және өзара көмек шарты бар. Бұл шарт бойынша екі елдің аумақтық тұтастығы мен иелік құқығын өзара сақтау және құрмет ету міндеттері анық көрсетілген. Қазақстан Ресейден басқа, өзінің ұлттық тәуелсіздігіне кепілдік ететін басқа да алпауыт елдермен өзара келісімі бар. Мысалы, 1994 жылы ақпанда АҚШ-та қол қойылған “Демократиялық серіктестік қарым-қатынастар ережесі” деп аталатын күні бүгінге дейін екі елдің негізгі заңды құжаты болып келе жатқан келісім бар. Мұнда да АҚШ үшін Қазақстанның қауіпсіздігі, дербестігі, иелік құқығы мен аумақтық тұтас-тығы аса маңызды, төтенше келелі мәселе екендігі көрсетілген. Бір өкініштісі, бізге берілген кепілдіктердің бәрі кезінде Украинаға да берілген. Саясаттанушы Досым Сәтпаев экономикалық және әскери тұрғыдан алып қарағанда, біздің ел әлемдік саясатқа ықпал ететін елдердің санатында емес. АҚШ-та, ЕО-елдері де, Ресей де, Қытай да біздің мықты ел болғанымызды қаламайды. Бірі – бізді бай қазынаның қарауылындай көрсе, бірі – қазынаның көзі деп қарайды. Экономикамыз, идеологиямыз және ішкі-сыртқы саясатымыз мықты болған кезде ғана бізбен санасады. Ақпараттық кеңістігіміз немесе қаржылық экономикалық сектор да мемлекеттің немесе Ұлттық банктің іс-әрекетіне емес, сыртқы факторларға байланысты. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттік саясат, мемлекеттің қорғаныш иммунитеті халықаралық келісімдердің немесе ШЫҰ, АӨСШК тәрізді аймақтық ұйымдарға мүше мемлекеттер арасындағы келісімшарттарға арқа сүйейді. Біз әскери мүмкіндігімізге емес, Будапешт келісімі тәрізді аймақтық ұйымдардың уәдесіне иек артамыз.
«Таяу шығыс елдері ғана емес, ТМД кеңістігіндегі жағдайларға қарап халықаралық келісімдердің кепілдігін мәңгілік деп айта алмаймыз. Оған бірер жылға ғана деп баға беруге болады. Мәселе – оның ғұмырының бір жылға немесе он жылға созылатындығында емес, мәселе сыртқы саясаттағы басым бағыттарды қай тұрғыда қайта қарауымызда. Егер көп векторлы саясаттан бас тартсақ, теңгермелі бағытымыздан жаңылысып қаламыз. Мен осы тұрғыда тың ұсыныс айтқым келеді. Мұны жұрт экзотикалық вариант деп қабылдар, бірақ саясаттанушылар арасында талқыға салуға әбден болады деп ойлаймын. Әлбетте, басқа елдер тарапынан соғыс ашпауға кепілдік алған үш-төрт ел бар. Әрине, бұл әскері жоқ дегенді білдірмейді. Әлемдегі Швеция, Швейцария, Коста-Рика елдері – осындай. Бұл мемлекеттерді «бейбітшілік сақтаушылар» деп атайды. Мысалы, Швеция мемлекеті 1814 жылы Норвегия тарапынан басқыншылыққа ұшырағанын есепке алмағанда, бұл елге Екінші дүниежүзілік соғыстың ызғары да жетпепті. Ал қымбат сағаттар мен сенімді банктердің мекені – Швейцария елі 1848 жыл-
дан бері соғыс көрмеген. Бұл елдің саясаты – тек қана бейтараптық. Коста-Рика елінде де қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманның шырқы бұзылмай келе жатыр. Әрине, біз Швейцария емеспіз, бірақ егемендігімізді осындай жолмен сақтап қалу мүмкін болса, біз оны неге қолданбаймыз? Себебі амбициясы мықты, агрессиялық бағыты басымдық беретін елдердің ортасында отырып-ақ осындай саясат ұстанады» дейді Досым Сәтпаев.
Түйін
Еліміздің унитарлы мемлекет екенін айғақтайтын фактор жерімізді бөлшектеуге мүмкіндік бермейді. Одан бөлек, 1997 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген заң бойынша, Талдықорған облысы Алматы облысының, Торғай облысы Қостанай облысының, Көкшетау – Ақмола және Солтүстік-Қазақстан облыстарының, Жезқазған Қарағанды облысының, Семей Шығыс-Қазақстан облысының құрамына енді. Мұны сынағандар кезінде аз болмаған. Алайда, бұл да саяси әбжілдік еді. Өйткені Шығыс Қазақстан облысының құрамына қазағы мол Семей облысын қосу арқылы, ондағы байырғы ұлттың үлес салмағы – 48,5 пайызға артып, орыстардың үлес салмағы – 45 пайызға дейін төмендеген. Солтүстік-Қазақстан облысындағы орыс ұлтының өкілдерінің үлес сал-
мағы – 65 пайыздан 49,8 пайызға дейін құлдыраса, Қарағанды және Ақмола облыстарында орыстар мен қазақтардың үлес салмағы теңестірілді. Сөйтіп, Қазақстанда орыс ұлтының өкілдері көп тұратын аймақ қалмады десе де болады. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пайымдауынша, Украина жағдайын сылтау ете отырып, Қазақстан Будапешт меморандумы-
ның қайта қаралуына қол жеткізгені, ірі империялардың бұл мәселеге басқаша көзқарасы керек және кепілдік шартын өзгерте отырып, басқаша талап қойғаны абзал. Егер мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты әлсіз болса, оны сыртынан сыртқы ойыншылар оңай басқарады. Егер Қазақстан билігі қазір тұрақты демократиялық мемлекет құру мәселесін шешпесе, болашақта Қазақстанның геосаяси ойындар алаңына айналып кетпейтініне еш кепілдік жоқ.
– Әрі бұл істі жедел қолға алу керек. Өйткені Кедендік одақ елдерінің келесі қадамы Еуразиялық экономикалық одақты жасақтау ісі 2015 жылы аяқталмақ. Осы ретте кейбір толғақты мәселелерде келіспеушілік орын алса, Ресейдің тақымды қысуы да бек мүмкін. Сол уақытқа дейін халықаралық кепіл шарты – Будапешт меморандумына қайта оралып, кепілдіктің өзгеше қырын дайындап, келісімшарттарға жаңа баптар енгізетін кез келді,– дейді саясаттанушы.
aikyn.kz


