Соңғы айларда суық саясат әлемдік қауымдастықты қайта қари бастады. Дұрысы, жанжаққа жалтақтап, ірі елдерден пана іздеп, қас-қабаққа қарап қалған елдерді қарып тұр десек болады. Бұған соңғы айларда тым ушыққан Украина дағдарысы әсер етті. Ірі елдердің геосаяси мүдде тартысына түсіп қалған Украинадан тараған саясат салқыны бір елді «тоңдырса», екіншісі өзін-өзі дереу «қымтай» бастады. «Жылымық» қашан есері белгісіз… «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, еш елге опа бермейтін лаңкестік, экстремистік ұйымдардың әрекеті де осымен жарысып үлкен қарқын алып кетті. Бұл жерде Таяу Шығыстағы лаңкестік топ – ИШИМ-ге қатысты айтылып отыр.
Әлемдік саясатты өркениетті түрде реттеу тетігін ұстауы тиіс халықаралық ұйымдардан мән кеміп, «сәні» басым алғандай әсер қалдырады, яғни шығарған шешімін тыңдайтын ірі елдер болмай тұр…
Халықаралық саясаттың мазасын кетіріп тұрған жоғарыдағыдай оқиғаларды барынша тиімді жолмен реттеу үшін не істеу керек? Тоқтар тұсы қай жер болмақ? Осындай сұрақтарды негізге ала отырып, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ондағы халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев мырзадан сұхбат беруді сұраған едік.
– Мәулен мырза, ИШИМ (Ирак, Шам Ислам мемлекеті кейде Ирак, Левант Ислам мемлекеті деп те айтылады) лаңкестік тобы соңғы бірнеше аптадан бері Ирактың үштен бір бөлігін басып алып үлгерді. Оның ішінде төрт қала бар және бір қауіптісі Ирак астанасы – Бағдадтан 70 шақырымдай жердегі Саддам Хусейн билігі тұсынан қалған химиялық қару жасайтын зауыт та қолдарына өткен (АҚШ тарапы олардың мұны қолдана алмайтынын айтуда, дегенмен). Олар оқиғаны осылай өрбіте келе Ирак билігін қолына алуы мүмкін бе? Ол кезде жағдай қалай болмақ?
– Иә, Таяу Шығыс аймағында жағдай шиеленісіп тұр. Сирияда болып жатқан қақтығыстарға қоса, енді соңғы уақытта Иракта да жағдай күрделеніп барады. Иракта ИШИМ лаңкестік тобы елдің ішінде лаңкестік негізде заңсыз әрекеттер жасап жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп-біліп отырмыз.
Олар бұрыннан бергі сүнниттер мен шииттер арасындағы қайшылықтарды пайдалана отырып, өзіне бір дивиденд жинағысы келетіні аңғарылады және оны өздерінің істеріне идеологиялық база сияқты пайдаланып, ұран ғып көтеруде. Ислам мемлекетін құрамыз дегенді де идеологиялық ту етіп көтеріп жүр. Бұлар енді тікелей «Әл-каидамен» байланысты лаңкестік топ қой. Радикалдың да ұшқарысы болып тұр. Сондықтан да онымен күресу Ирактың ғана емес, басқа елдердің де мақсаты болуы тиіс.
Қалай дегенмен, Әбу Бәкір әл-Бағдади жетекшілігіндегі ИШИМ Ирак жерінде үлкен проблема тудырып жатса да, Бағдадты және басқа да қалаларды ала қоймас және оларға Ирактың заңды сайланған билігі төтеп береді деп сенейік.
– ИШИМ лаңкестік ұйымының тағы бір атауында «Левант» сөзі қолданылады. Ал бұл сөз әдетте Жерорта теңізінің шығыс бөлігін қамтыған – Иордания, Египет, Түркия, Палестина, Израиль, Ливан, Сирия секілді елдерге жалпы атау ретінде де жүреді. Демек, олардың мақсаты да әріде сияқты. Тіпті олардың алыс-жақын көрші елдерді басып алу ниетімен жасаған картасы мен туы жарияланды.

Осындай «асқақ» арманы бар лаңкестік ұйым АҚШ бастаған Батыс пен Ресейдің арасындағы жаңа «қырғиқабақты» оң жамбасқа пайдаланып кетуі мүмкін бе?
– ИШИМ бір елдің ішінде ғана емес, Таяу Шығысқа өз мүддемізді орнықтырып, өзіміздің саясатымызды жүргіземіз деп әрекет етуде. Таяу Шығыстың көп елдерін өз әскери территориясы ретінде қарастыруда.
Өкінішке қарай, АҚШ пен Ресей арасы нашарлап отыр. Сондықтан да осындай үлкен мемлекеттердің басы бірікпей жатқан кезде, негізінен басып алған қалалардағы мұнай кәсіпорындары, банктерді тонау арқылы қаржы тауып отырған осындай лаңкестік топтардың өз мүддесін белсенді түрде жүзеге асыруына мүмкіндік туады. Бірақ бұл АҚШ пен Ресейдің ғана шаруасы емес, Таяу Шығыс, Орта Шығыс, Еуропадағы, Азиядағы мемлекеттердің де мәселесі.
Лаңкестікпен, экстремизммен әлем болып күреспесе, жекелеген ел жеңе алмайды. Жаппай күресу керек. Сондықтан да барлық мемлекеттер Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға мүдделі болуға тиіс. Себебі бұл біраз мемлекеттерге тікелей болмаса да, жанама жолдармен әсер етеді…
– Ирак үкіметі 70-тен аса лаңкестердің көзін жойып, бірнеше қаруы мен әскери көліктерін, негізгі мұнай ошағын қолға түсірдік десе де, АҚШ-тан көмек сұрады. АҚШ і Б.Обама Конгресс келісімінсіз-ақ, әскери көмек беруге дайын екендігін мәлімдеді. Сонда бұл әлемдік деңгейдегі ұйымдардың әсері қазір тым әлсірегенін білдіре ме?
– БҰҰ секілді халықаралық ұйымдардың әсер ету нәтижелілігі жоғары болмай тұрғаны анық. Сондықтан халықаралық ұйымдардың тиімділігін, ықпалын арттыратындай жаңарту жүргізу керек болар. Олар шығарған шешім жылдам іске асуы үшін тетіктері де болуы қажет.
– Лаңкестікке қарсы күресте әлемге ықпалды елдер де, қатардағы елдер де жақын болашақта біріге ала ма? Қандай ой-пікірдесіз?
– Қалай болса да, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экстремистік топтарға қарсы күресу, Таяу Шығыста тыныштық орнату, Ауғанстандағы шиеліністің алдын алу үшін, әрине, халықаралық деңгейде ынтымақтастық пен бірігіп жасалатын жұмыстар көбірек болу қажет. Басқа балама жоқ. Сондықтан Еуропа, Азия мемлекеттері біріге жұмыс істеуі тиіс. Ал олардың бастары қосыла ма, жоқ па, ол басқа әңгіме. Егер бастары қосылмаса, лаңкестік проблемалары бір мемлекеттен екінші мемлекетке өтіп кете береді. Тарала береді. Жұқпалы аурудың қиын түрі сияқты.
– Мұндай лаңкестік ұйымдардың шоғыры негізінен Таяу Шығысқа, Араб жеріне орналасқан. Себебі неде деп ойлайсыз?
– Таяу Шығыста проблема көп. Біраз қақтығыстар болып жатыр. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік қорғалуына, білім алуына байланысты көп мәселелер шешілмеген. Жемқорлық дендеген. Жаңару, реформа болмады. Лаңкестік, экстремистік топтар да сондай бір әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік жағдайы қиын жерлерге тарайды ғой және соларды пайдалануға тырысады. Бұл — бір. Екінші жағынан, аймақ елдері арасында алауыздық та асқынған күйде. Үшінші жағынан, әртүрлі геосаяси ойындар да жоқ емес. Міне, Таяу Шығыстағы осы аталғандардың бәрі қауіпті үрдістердің таралуына негіз болып отыр.
– Ел таңдамайтын лаңкестік ұйымдардың жұрнақтары 2011-2012 жылдары біздің елде де «белсенділік» танытты. Ендігіде сақ болу, қайталатқызбау үшін Қазақстан қандай әрекеттер жасауы қажет және жасалып жатыр?
– Өкінішке орай, сондай қайғылы жағдай болғаны баршаға мәлім. Қазір құқық қорғау ұйымдары тарапынан алдын алу шаралары жасалуда. Бұдан басқа заң жағын қаталдату да қарастырылып отыр.
Осыдан бір аптадай бұрын біз ҚР Парламенті Мәжілісінде лаңкестік пен экстремизмге қарсы заңдарға өзгерістер енгізуді мақұлдадық. Бұл осы салаға қатысты заңдарды жетілдіруге жасалған қадам десек болады. Ондағы үлкен өзгерістердің бірі – соттардың аталмыш мәселеге қатысты ерекше іс жүргізу тәртібі. Соған сәйкес, заң қабылданған жағдайда соттың қандай да бір лаңкестік, экстремистік ұйымдардың таралуына, материалдарын таратуға қарсы жылдам шешім қабылдауға мүмкіндігі болмақ. Мұнан басқа ресми ескерту деген құқықтық тетікті де кіргізіп отырмыз. Мұны ҚР ҰҚК пайдаланатын болады. Мысалы, егер бір жеке немесе заңды тұлғалардың экстремизмге немесе терроризмге қатысты қылмыстарға жағдай туғызатын іс-әрекеттері туралы ақпарат белгілі болса, оларға ресми ескерту жасалмақ. Сонымен қатар, осы заң жобасында ҚР Қаржы полициясына лаңкестік пен экстремизмді қаржыландыру көздерінің алдын алу, анықтау, жолын кесу туралы өкілеттілік берілейін деп жатыр. Экстремизм мен терроризмге қарсы бағытталған басқа да біраз нормалар бар.
Сонымен, заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде қабылданып, Сенат қарауына берілді. Сенат қарап, мақұлдап жатса, Елбасы бекітсе, бұл да лаңкестік пен экстремизмге қарсы күресте тиімді әрекеттер жүргізуімізді арттыра түспек. Осындай жұмыстар атқарылып жатыр.
Елімізде соңғы жылдары тұрақтылық қамтамасыз етіліп отыр. Әртүрлі лаңкестік, экстремистік топтардың алдын алып отырмыз. Енді осы жұмыстардың деңгейін түсірмей, әрі қарай да әрекет жасай беруіміз керек. Өйткені лаңкестік күрес деңгейін үнемі төмендетпеуді, қырағылықты талап етеді.

– Өткен айда болған Астанадағы VII экономи-калық форумда Елбасы Н.Назарбаев әлемдік саясатта мәселе шешуде саяси сенімсіздіктің, күшке, қаруға қайта арқа сүйеудің көрініс беріп келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Жоғарыда аталған және басқа да лаңкестік ұйымдар белгілі бір ірі елдердің мүддесімен сәйкесетінін белгілі саясаттанушылар айтып жатады. Қалай дегенмен қауіпті. Ендеше, халықаралық қауымдастық осы мәселеде абай болып, бейбіт өмірді қуаттау үшін қандай қадамдар жасауы қажет?
– Халықаралық ұйымдардың тиімділігін арттыру керек. БҰҰ-ға, ЕҚЫҰ-на жаңа бір өзгерістер, соны серпіндер беру де керек секілді. Бұл туралы жоғарыда да айттым.
Шанхайда Елбасы «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары» жиынында Азиядағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында аталған ұйымды жаңа деңгейге көтеру бастамасын ұсынды. Бұл да әлем қауіпсіздігіне өз үлесін қосатыны сөзсіз. Елбасының көтеріп отырған «G-Global» мега бастамасы және бар…
– НАТО Польша мен Балтық жағалауы елдерінде әскери жаттығуын жасағаны сол еді, Ресей де Калининград аймағында жауапты жаттығуын өткізді. НАТО тарапы мұны Литва, Латвия, Эстония секілді елдердің әуе кеңістігін Ресейдің бұза беруіне жауап ретінде түсіндірді және бұдан кейін орыс тарапы тоқтатқанын да мәлім етті.
Сондай-ақ, УНИАН (Украина) таратқан ақпарға қарағанда, НАТО-ның бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен Солтүстік-Атлантика Альянсы Украинаның сенімді қолдаушысы болып табылатынын және оның қорғанысын күшейту бағытында арнайы көмек пакеті қабылданғанын мәлім етті. Керісінше, Ресей де украиналық «Жаңаресейде» жағдай ушықса, оған килігетінін айтып отыр.
АҚШ бастаған Батыс елдері мен Ресейдің арасы нашарлауы бейбіт халыққа, жекелеген біз секілді елдерге де пайдасыз екендігі анық. Ендеше, осы елдердің қарым-қатынасын жақсарту үшін қандай мүмкіндіктер бар деп ойлайсыз? Оқиғалардың өрбуі енді қалай жүруі мүмкін?
– Украинадағы жағдай өте қиын екенін білеміз. Шығысындағы кей облыстарда жеке мемлекет боламыз деген топтар бар. Өткен аптада әскери қақтығыстарды уақытша тоқтатамыз деген мәлімдемелер жасалды. Десе де, келісім бұзылып жатқандай, яғни тұрақтала қоймағаны байқалады…
Жалпы, Украинадағы дағдарыс бірнеше принциптердің негізінде шешілуі тиіс. Бірінші — Украинаның аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету және Тәуелсіздігін сыйлау. Екінші — Украина дағдарысын шешуде халықаралық құқықтық нормаларға сүйену. Үшінші — бұл дағдарысты шешудің әскери жолы жоқ. Тек саяси жол — саяси диалог арқылы шешу керек.
Украина билігі, шығыс облыстардың өкілдері, халықаралық қауымдастық, көрші және мүдделі мемлекеттер – бәрі бір үстел басында келіссөздер жүргізіп, өз ұстанымдарын тең құқықта білдіре отырып, дағдарысты саяси жолмен реттеу керек. Осылайша, барлық тараптар шиеленісті тоқтатуға жұмыс істегені жөн. Әрине, оңай процесс емес. Өте көп қиындықтары бар. Өйткені әртүрлі мүдделер мен ұстанымдар бар… Бірақ басқа амал да жоқ.
Украинада тұрақтылық болғанын біз де қалаймыз. Алыс та ел емес. Әрі біздің әріптесіміз: әлеуметтік, экономикалық, гуманитарлық және т.б. бағыттарда.
Үлкен әлеуеті бар мемлекетте түрлі себептерге байланысты орын алған дағдарыс айтылған принциптер негізінде шешіліп жатса, Украинаның да, көрші мемлекеттердің де мүддесінен шығады деп есептеймін.
Бүгінгі таңдағы жағдай Украина үшін үлкен сынақ болып отыр. Бұл елдің осы қиындықтарды жуық арада еңсеріп, онда бейбітшілік пен тыныштық орнауына тілектеспіз. Украина өз мемлекеттілігін нығайта отырып, Батыс пен Еуразияны байланыстыратын дамыған елдердің біріне айналады деп сенейік.
– Мазмұнды әңгімеңізге үлкен рақмет!
Сұхбатты жүргізген Құрманғали Нұрғалиев



