Әдетте Қазақстан билігі қазақ жерін мекен қылған көптеген этностардың ынтымағын мақтан қылуды ұнатады. 2000 жылдарға дейін «130 ұлт пен ұлыс бар» делінетін Қазақ елінде соңғы кездері «140 этнос тұрады» дейтін болдық. Тіпті, күнде айтыла бергендікі ме, етіміз де үйреніп алыпты. Бірақ, кейінгі кездерде елімізде «этникалық анклавтар бар, ел болашағы үшін бұл қауіпті» деген пікірлер айтылатын болды. Ашығын айтар болсақ, бұл ойландыратын мәселе. Түрлі сауалдар туындататын жайт.
Әдетте, «анклав» деп барлық жағынан басқа мемлекеттің немесе мемлекеттердің қоршауында қалған ел территориясының бір бөлігін айтады. Бірақ, өзге мемлекеттің жерінде қоршауда қалған аймақ өз елі үшін эксклав, ал қоршап отырған ел үшін анклав саналады. Егер саяси тұрғыда қарастырсақ Қазақстанда ондай жер жоқ. Яғни, бізде анклав жоқ. Алайда, этникалық анклав сипаты бар өңірлер кездеседі бізде. Бір сөзбен айтқанда қандай да бір этнос өкілдерінің шоғырланып отырған аймақтары бар.
Шілде айының соңында «Түркістан» газеті редакциясы ұйымдастырған кездесуде «Біз мемлекетшілміз бе?» деген тақырыпты талдаған зиялылар да этникалық анклавтар бар екендігін атап өткен. Ақын-жазушы Аманхан Әлім: «Әлгі ресейлік Кондратьевтің «130 ұлттан құралған көпұлтты мемлекетпіз деп мойындадыңдар, енді КСРО сияқты тарайсыңдар» деген сөзіне қатты ойланып қалдым. Шындығында да, егер мемлекетшіл болғымыз келсе, осы мәселені тереңінен ойлауымыз керек. Жуырда «Ақиқат» журналына «Этникалық анклавтан ұлттық тұтастыққа дейін» деген мақала жарияладық. «Анклав» дегеніміз – ұлттардың бір жерде ұйысып отыруы. Мысалы, Сайрамда – өзбектер, Үштөбеде – кәрістер, Ұйғыр ауданында ұйғырлар ұйысып отыр. Косово неден шықты? Олар кезінде бір жерде, шашырамай, ұйыса отырған еді. Ал Таулы Қарабахта қазір не болып жатыр?.. Біз бүгінімізбен бірге 50-60, 100 жылдан кейін не болады деген мәселені де ескеруіміз керек. Егер немере-шөберелерімізді соғыс өрті шарпыған жерге қалдырғымыз келмесе, ұйлығып отырған ұлттардың арасына қазақты көптеп қоныстандыруға күш салған жөн. Әлбетте, Сталин сияқты күш қолданудың қажеті жоқ. Меніңше, ұлт пен мемлекеттің мықтылығын айқындайтын шарттар бар: елдің территориялық тұтастығы және өзге ұлттарды сіңіріп алуы.
Территориялық тұтастығын қазақ, орыс, украиндар сақтап қалған. Бірақ қазақ өзгелерді сіңіріп алатын қасиеттен айрылып қалды. XV, XVI, XVII ғасырларда өзге ұлт өкілдері, тіпті, бертінде Фрунзенің өзі қазақша сайраған. Қазақ даласына келген бүкіл казак атамандары қазақ тілін білген. Кезінде біз соларды жұтып қойған едік, енді қазір өзіміз жұтылудамыз. Сондықтан «Қазақстанда 130 ұлт өкілі бар» деген сөзден тыйылып, ұйлығып отырған ұлттарды суасты ағыстармен, саяси тұрғыда заңға қайшы келмейтін жолдармен ассимиляция жасауымыз керек»-депті. Ойландыратын мәселе. Дегенмен, өзге этностарды жасанды жолдармен ассимиляция жасаудың онша тиімді болмайтындығын өмір көрсетіп отыр. Ағайын жұрт түріктер күрдтерді ассимлияцияға ұшыратуға бір кісідей тырысқан. Бірақ, нәтиже болмады. Керісінше, олар ұлттық сипатын сақтап қалуға барынша тырысып, жұмыла түскен жайы бар. Демек, этникалық анклавтар мәселесіне қатысты саясатта абай болған жөн.
Негізі Орта Азия елдерінде саяси һәм этникалық анклавтардың пайда болуына Ресей империясы мен Кеңес одағы барынша «еңбек сіңірген». Әсіресе, Кеңес Одағының саясаты Қырғызстанда, Тәжікстан мен Өзбекстанда анклавтардың пайда болуына себепші болды. «Бөліп ал да, билей бер» саясатының жемісі бұл. Мәселен, Қырғызстан билігі бұл елде 5 анклав бар екендігін айтады. Алайда, іс жүзінде 6 анклавтың бар екендігі белгілі болды. Олар Сох, Шахмардан, Чон-Гара, Таш-Добе деген Өзбекстанның 4 эксклавы, Кайрагач және Ворух деген Тәжікстанның 2 эксклавы. Ал, Өзбекстанда Қырғыздың шағын ғана Барак эксклавы бар. Бұл ауылдың көлемі бар жоғы 4 шаршы шақырым. Халқының саны 600-ден 1 мың 200 адам аралығында. Санай берсек мұндай анклавтар Орта Азияда аз емес. Саяси анклавтардың этникалық анклавтардан басты айырмашылығы нақты аумағының болуында. Сондықтан, даулы жағдай қалыптасса мемлекетаралық келісімдер негізінде реттеуге мүмкіндік бар. Ал, этникалық анклавтардың нақты шекарасын анықтау қиын. Қазақстанда тұрғындарының басым көпшілігі бір ғана этностан тұратын аудандар бар. Ақын Аманхан Әлім айтқан үш өңір бұл мәселеге нақты мысал бола алады. Дегенмен, біз бұл аудандарды бірден этникалық анклав ретінде бағалаудан аулақпыз. Бірақ, бәрібір назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе.
Әдетте этникалық анклавтарда болып жататын оқиғалардың кез келгені сол анклавтарды қоршай орналасқан байырғы ұлт өкілдеріне жағымды әсер ете қоймайды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы халқының арасында «Сайрам ауданында тұратын өзбектер бізден гөрі бай» деген ұғым бар. Жергілікті халық іштей болса да Сайрамда шоғырланып отырған өзбек ағайынға күмәнмен қарайды. Сол сияқты Ұйғыр ауданына қатысты да қазақтың ұғымы бөлек. Егер қазақтың бай-бағландарын, табысқа жеткен азаматтарын санасақ, өзге этнос өкілдерінен әлдеқайда көп екендігі өтірік емес. Бірақ, бәрібір біз барлық жағдай Сайрамдағы өзбекке, Алматы жақтағы ұйғырға жасалып жатқандай әсерде боламыз. Бұл өңірлерде болатын ұсақ-түйек ұрыс-керіс, әлеуметтік сипаттағы жанжалдар, қылмыстар бірден ұлтаралық сипат алады. Ең қауіптісі де осы. Оның үстіне этникалық анклавтық сипаты бар өңірлер Қазақ елінің шекарасына өте жақын тұр. Кез келген сәтте сыртқы күштер бұл аймақтардың тұрғындарын мемлекетке қарсы қоюға қауқарлы. Демек, мемлекет болашақта ұлтаралық жанжал тудыруы мүмкін түрлі жағдайларды қазірден бастап анықтап, алдын алу шараларын қарастырғаны дұрыс.
Біздің пайымдауымызша, этникалық анклавтардың пайда болуына жол бермеу үшін бірінші кезекте көші-қон мәселесіне назар аударған жөн. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы жасаған Жолдауында бұл мәселе айтылмай қалған жоқ. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Президент «Бізге көші-қон мәселелерін кешенді түрде шешу бойынша ел өңірлеріндегі еңбек нарығына ықпал ететін шаралар қабылдау қажет.
Шектес елдерден келіп жатқан көші-қон ағынына бақылауды күшейту керек.
… Үкімет 2013 жылы Көші-қон мәселелерін шешу жөнінде кешенді жоспар әзірлеп, бекітуі тиіс.
Ерекше назарды шекарамен шектес аумақтарға аударған жөн. Олардың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкімет облыстардың әкімдерімен бірлесіп, 2013 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеуі қажет»-деген еді. Байқаған адамға Мемлекет басшысы Үкіметке нақты тапсырма берген. Бірақ, әзірге көші-қон мәселесі реттелген жоқ. Шетелдерде Қазақ елі үшін этникалық эксклав рөлін атқарып отырған өңірлермен байланыс жүйелі түрде жасалған жоқ әлі. Атажұртқа келгісі келетін шетелдердегі қандастарымызды қолдау тоқтатылды. Керісінше нарықтың қиын кезінде Қазақ елін тәрк етіп, ата жұртына көшіп кеткендер жайлы тұрмыс іздеп қайта оралса, соларды мақтайтын болдық. Ішкі көші-қон тіптен бейберекет жүріп жатыр. Рас, Қытаймен шекарадағы аудандардың халқының санын көші-қон арқылы арттыру мәселесін ұмытпаған әкімдер жоқ емес. Мәселен, өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов бұл мәселеге назар аударғаны бар. Шығыстықтар оңтүстіктің халқына «Алтай мен Тарбағатай жаққа келіңіздер» деп оңтүстікте үгіт-насихат жүргізген. Біраз атқамінерлер Оңтүстіктің аудандарын аралаған. «Шығысқа келсеңдер жұмыс береміз, жер береміз, баспана мәселесін шешеміз» деген. Бірақ, халықтың билікке деген сенімінің төмендегені сонша, еңбекқор оңтүстік халқының арасынан да шығысты игеруге аттанғандар болмады. Шамасы, «барған соң ештеңе бермейді, далада қаламыз» деп қорқатын болса керек. Міне, мұның өзі кейбір өңірлердің этникалық анклав сипатын жою жұмыстары жүйелі емес екендігін көрсетеді. Бәлкім, Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері өздері басқаратын өңірлердегі анклавтық сипатты жоюды көздемеген де шығар. Шығысқа еңбек күші керек, Оңтүстік жұмыссыздарға басқа өңірден болса да жұмыс тауып беруге мүдделі. Бірақ, бұл мәселенің астары терең еді. Аяқсыз қалғандай болды тәуір бастама. Бірақ, этникалық анклав сипаты бар өңірлерге қатысты көші-қон саясатын қолданудың маңызды екендігін көрсеткен. Ал, Президенттің «Қазақстан 2050» стартегиясындағы тапсырмасын қолға алған Үкіметті, әкімдерді әзірге байқамадық.
Екіншіден, этникалық анклав сипаты бар өңірлерде білім беру мәселесін де қайта қарау қажет. Рас, бірінші кезекте аралас мектептер мәселесі тұр. Алайда, одан да күрделі жағдай ұлттық мектептерде қалыптасқан. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда өзбек, тәжік тілдерінде білім беретін мектептер бар. Жақсы, кез келген этнос өкілі өз тілінде білім алуға құқылы. Бірақ, осы ұлттық мектептер мен аралас мектептерді бітіргендер жоғары оқу орындарына барғанда екі-ақ таңдау қалады. Не қазақша оқиды, не орысша оқиды. Қысқасы, этникалық анклав сипаты бар өңірлерде білім беру мәселесіне айырықша көзқарас керек. Бірақ, бұл ассимиляция емес. Тек Қазақ елінде тұратын барлық этностар алаш баласының маңына топтасып, қолдап отыруды үйренуі керек. Мемлекеттің саясаты осы бағытта жүргізілгені абзал. Әйтпесе, өзгені ассимилияциялайтындай қуат жоқ бізде. ХХІ ғасыр шағын ұлттардың ассимлияцияға барынша қарсы болуымен көзге түсіп жатыр. Жүйелі әлеуметтік, көші-қон, демографиялық саясат қана этникалық анклавтарды жоюға мүмкіндік береді. Өзге жол жоқ.
Амангелді Құрметұлы

Айдос САРЫМ,
саясаттанушы, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті:
–Жасыратыны жоқ, елімізде этноанклавтардың бар екені анық. Аталған жағдай әсіресе орыс тілді солтүстік өлкеде асқынып тұр. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында өзбек ағайынның шоғырланып отырған ауыл-аймақтары жетерлік. Әрине егер де саясат дұрыс болып тұрса, одан бізге келіп-кетер қауіп жоқ. Әйтсе де әрқайсымыз елдің басына қиын күн тауа қалса мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтап қалуға міндеттіміз ғой.
Менің ойымша, еліміздегі анклавтарды кем дегенде ғылыми тұрғыда зерттеп алуымыз керек. Мәселен Президентті қаншалықты қолдайды деген тұрғыда емес, халықты шын мәнісінде не толғандырып отыр деген сияқты көптеген сұрақтарға жауап іздеу керек. Қазіргі заман бұрынғы кездегідей емес, ешкімге әңгіртаяқ ойната алмайсың. Бірақ әр диаспораның этномәдени талаптары не болып отырғанын біліп отыру қажет. Өз кезегінде Қазақия ашық мемлекет ретінде қандайда бір диаспораға бүйрек бұрмай ашық саясат ұстанып отыр.
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ ХІХ-ХХ ғасырдың басында әлемдегі ресми мойындалған мемлекеттердің саны небәрі 25-30-дың айналасында болатын. Ал қалған мемлекеттердің барлығы аталған елдердің отарында болып күн кешті. Дегенмен арада бір ғасыр өткен соң әлемде 170-тен астам мемлекет пайда болды. Ғалымдардың айтуынша бұл мемлекетттің саны алдағы 50 жылда 40-қа дейін көбеюі мүмкін. Егер де біз шынымен де өз еліміздің ұлтшыл азаматы болатын болсақ, өз жерімізде ешқандай мемлекеттің пайда болуына жол бермеуіміз керек. Ол үшін әрине өзіміздің саясатымыз ақылды болуы керек. Мәселен, негізгі мемлекет құраушы халқы аз солтүстік аймақтарға қазақтарды көптеп қоныстандыруымыз керек. Кіл өзбектің немесе орыстың ортасына қазақтарды көптеп орналастырсақ оның несі айып? Өйткені, қазақ елінің азаматы кез келген жерге барып тұруына мүмкіндігі бар.

Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы:
–Менің ойымша, еліміздің кейбір аймақтарындағы анклавтарды мүлде жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, бәрі ең алдымен өзімізге байланысты. Яғни, ашығын айтар болсам өзіміздің ұстанып отырған ұлттық саясатымызға қатысты. Еліміздің басты құжаты болып табылатын Ата Заңымызда әрбір азаматтың өзінің тілін, дінін, ділін сақтап дамытуға құқығы бар. Әйтсе де қалай болғанда да Қазақ мемлекетінің негізгі мемлекет құрушы ұлты – қазақ халқы. Сондықтан да өзге халықтармен сауатты саясат жүргізу арқылы елімізге төнер қауіп-қатерді мейлінше сейілтуге тырсауымыз керек. Егер де еліміздегі кейбір диаспоралар жеке тұрып өзінің тілі мен дінін дамыта беретін болса анклавқа жол берілуі мүмкін. Сондықтан бұл ретте үкімет нақты сындарлы саясат жүргізіп, бұл мәселеге өте мұқият қарауы тиіс. Яғни еліміздегі диаспоралардың құқығына қол сұқпай, қазақ елінің унитарлы мемлекет екенін мүмкін болса олардың түйсігіне жеткізу керек. Бұл әрине үлкен шаруа. Ұзын сөздің қысқасы, қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт болғаннан кейін өзінің ұлттық саясатын жүргізу керек. Оның үстіне қазіргі таңда дүниежүзінде моноұлтты мемлекеттер жоқтың қасы. Мәселен, қалай болғанда да Ұлыбританияда ағылшындар, ал Францияда француздар үстемдікке ие.
Менің ойымша, еліміздің кейбір аймақтарында шоғырланып отырған диаспораларды өзге өңірлерге қоныстандыруымыз керек. Сол сияқты шет елден келетін қандас бауырларымызды қоныстандырғанда көші-қон саясатын сауатты жүргізуге тиістіміз. Яғни қазақтары аз аймақ солтүстік өлкелерге қандастарымызды орналастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
«Жебе» газеті, 22 тамыз 2013 жыл


