Украина президенті Петр Порошенко осы елдің парламенті — Жоғарғы Раданы таратып, парламент сайлауын 26 қазан күні өткізуге жарлық шығарды. Бұл шешімі жайлы ол Twitter-де хабарлады.
Заң бойынша, сайлау жарлық шыққан соң 60 күн ішінде ұйымдастырылуы тиіс. Порошенко парламентті таратудан бірнеше сағат бұрын телефонмен Еуропа кеңесінің президенті Херман ван Ромпеймен сөйлескен. Әңгіме барысында Порошенко 25 тамыз күні елдің шығыс бөлігіне ресейлік танкілер кіргеніне алаңдаушылық білдірген.
26 тамыз күні Минскіге баратын Порошенко Ресей президенті Владимир Путинмен және Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштонмен кездесуі тиіс. Бүгін Беларусь астанасында «Кеден Одағы-ЕО-Украина» форматындағы отырыс болатыны да хабарланған. Оған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады. Бұл кездесулерде Украина дағдарысын шешу жолдары қарастырылады. Киев пен Мәскеу арасындағы газ проблемасы да талқыланатыны айтылды.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы


