– Кеңестік саясат жалпы түркі халықтарын ислам философиясы мен өркениеті шеңберінен тыс қарастыруға ұмтылды. Оған тарихи сана кедергі болғандықтан ислам философиясының өңін айналдырып таныту идеологиялық ұстаным болды. Аударылған мәтіндері де ақтаңдақталып берілді. Орыс ориенталистикасы мектебінің арнайы методологиялық негіздері мен түсіндіру тұғыры арқылы шектеліп, күзелгендіктен аты ғана исламдық мазмұны ежелгі грек философиясынан көшірілген деп танытылды. Алайда тәуелсіздік алысымен мемлекеттіліктің тұғыры ретінде тарих қайта тұжырымдалып, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихымыз бен ойлау жүйемізге қатысты жәдігерлер мен ойшыл даналарымыздың мұралары сараланып өз тілімізге аударыла бастады. Міне, осы белес түркі ислам мәдениеті, өркениеті мен философиясының жаңаша тұжырымдалуына алғашқы қадам болды. ҚР БҒМ Философия және саясаттану институты осы бағдарламаның басында болды.
Ислам философиясын жалпы алғанда барлық мұсылман халықтарының ақыл-ойының жемісі, түрлі тілдер арқылы бейнеленген ислам өркениеті мен мәдениетінің, ғылымы мен өнерінің Құран желісінде түсіндірілуі деп тұжырымдауға болады. Ислам философиясын атауына қарап, оны тек дінмен ғана шектеуге болмайды. Нақтырақ айтқанда, ислам философиясы ислам әлеміндегі әртүрлі мәдениеттер негізінде дамыған ойдың ағымы екендігі мәлім. Даналық, хикмет, терең ой, сарын, сыр сияқты категориялар қазақ ойлау жүйесінің негізгі іргетастары. Даламызда ислам, фикх, философиялық мектептері де кеңінен дамығандығы мәлім. Ислам өркениеті тұрғысынан бұған сай келетін интеллектуалдық дәстүрлер теология-кәлам, ислам философиясы және сопылық-даналық болды. Бұл үш таған ислам философиясында өзара ықпалдаса отырып, параллель дамыған. Соның ішінде сопылық философия танымдық негізде алдыңғы екі танымнан ерекше қалыптасқан. Тақырыптары бір және ортақ болғанымен Алла, әлем және адам қатынасын әрқайсысы өзіндік сұрақтар мен ұстанымдар арқылы методологиялық негізде тұжырымдаған. Ислам ойлау тарихында ғылымдарды жүйелі түрде классификациялау идеясының да алғашқыда ислам философиясын қалыптастырған философтардан шыққандығын естен шығармауымыз керек. Фараби, Баласағұн, Йассауи, Хазини, Абай, Майлықожа, Шәкәрім мен Мәшһүр сияқты даналарымыз ислам философиясының алып тұғырлары ретінде тарихтан орын алып отыр. Йассауитануда ашылмай жатқан, тиісінше танылмай, танытылмай жатқан қат-қабат мәселелер жетерлік. Мысалы, Йассауидің өмір сүрген кеңістігі мен уақыты ғылыми тұрғыдан тұтас сарапталып біткен жоқ. Тарихи тұрғыдан ол дәуір туралы мәліметіміз шектеулі, өте аз. Тарихи дереккөздердің жұтаңдығы өз алдына, қолда бар деректердің өзін ғылыми айналымға айналдыратын сала маманы жеткіліксіз. Йассауи дәуірінің діни, құқықтық, саяси, экономикалық, мәдени қабаттары беймәлім. Бар деректердің өзі Йассауидің өскен ортасы мен рухани әлемінен бізді толығымен хабардар ете алмайды. Йассауи туралы жазылған дереккөздердің дені аңыз-әпсаналармен көмкерілген. Рас, әрбір аңыздың ақиқаты бар. Бұл жеткіліксіз. Дегенмен ел аузындағы кең тараған аңыз желісі мен ХІV ғасырда жазылған Йассауи мәдениетіне қатысты трактаттар арасындағы мазмұндық желі ортақтығы көңіл көншітеді. Йассауидің туған және қайтыс болған жылы туралы толық мәлімет жоқ.
Йассауидің 1166 жылы қайтыс болғандығын жазбаша дереккөзі Кашанидің «Рашахат-ул айн-ил хайат» атты еңбегінен ғана кездестіреміз. Йассауи тариқатының негізгі жалғастырушылары Зәңгі ата, Мансұр ата, Бақырғани, Зарнуқи, Хазини (Қайғы), Камал Шайх, Құл Машраб туралы деректер де қат. Йассауиді тұтастай кескіндейтін мәліметтер мен зерттеулерсіз оңды ғылыми тұжырымдалған танымдық, тағылымдық еңбек жасау мүмкін емес. Бұған қоса, бүгін йассауитану саласында ғылыми-танымдық сараптама жұмыстары кешеуілдеп жатқанда оның орнын саяси спекулятивтік баспа қалып таңбалармен БАҚ беттерінде сопылық таным туралы болымсыз, толымсыз алыпқашпа сараптаулар көбейді.
Йассауи ілімі мен ойлау жүйесінің болмысы қандай? Йассауи мұрасының жалпы түркі халықтары тарихындағы олардың ойлау жүйесіндегі орны мен маңызы қандай? Бүгін Йассауи іліміндегі философиялық көзқарастары танымдық, этикалық, моральдық, эстетикалық, діни-теологиялық тұрғыдан сарапталуы қай деңгейде? Қоғамымыздағы осындай дүниетанымдық маңызды сұрақтар мен мәселелерді ғылыми негізде жауаптандыру, ғылыми зерделеу – уақыт талабы.
facebook парақшасынан алынды .



