Дүниеден өткен жақсы адам туралы естелік жазғаннан ауыр дүние жоқ па дедім. Жақсы қырын айтуға қиналғаннан емес, өзегіңді өкініш кернегеннен… Өткенде ғана осы естелікті Әмірхан ағам бақилық болғанда жазып ем. Қайталауға тура келіп тұр. Сөз таппағандықтан емес, екеуіне де ортақ оқиға болғандықтан…
2006 жылдың көктемі болатын. Біздер ол кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде 3-курста оқимыз. Жастық максимализм ұрып тұрған сәт. Факультетте «Қаламгер» жас әдебиетшілер клубын жүргізетінбіз. Сол клуб айналасында Смағұл Елубай, Қуандық Түменбай, Бексұлтан Нұржекеев, Сұлтанәлі Балғабаев, Дидар Амантай, Амангелді Кеңшілікұлы, Таласбек Әсемқұлов және Әмірхан Балқыбек сынды мүйізі қарағайдай қаламгерлерді шақырып, «Қазақ прозасының бүгіні мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісін өткізген болатынбыз. Аталған кісілермен алғаш таныстығымыз содан басталды.
Сол жолы Дидар Амантай мен Әмірхан Балқыбек ағаларымыз қазіргі әдеби сын туралы мықты баяндама жасаса, Таласбек ағам кешігіп келсе де, көсіліп сөйлеп еді (1-сурет).

«Әй, жігіттер, сендерге құр қол келмейін деп, мына журналдарды ала келдім» деп, бір бума «Тамыр» журналын ала келген болатын. Өте қарапайым, сонымен қоса өте терең білімді жақсы ағамен етене жақын араласып кеттік. Хал сұрасып, жаңа кітабы, мақаласы шықса жарыса оқып, талдап отыратынбыз. Жазылған дүниенің оқылып, қандай да болсын пікір айтылғанын қалайтын. Күйбең тірлікпен әдебиеттен алшақтап бара жатқанда, өзі телефон шалып, мынадай бір мақаланы бітірдім, пәлен газетке шығады, оқып пікіріңді айтарсың деп ескертіп отыратын. Одан кейін, «Қазақфильмде» жүргенімде де Дидар Амантайға келген сайын жиі әңгімелесетінбіз.
Былтыр маусым айының соңында Алматыға келгенде кәсіпкер Ахметбек Нұрсила, Зира апайымыз, бәріміз Дегерестің жайлауына шығып демалғанбыз. Қазақтың әдебиеті, тарихы, мәдениеті туралы қас қарайғанша әңгіме соққан едік (2-сурет).

Ертеңінде тағы жолығып, тағы да түн ауғанша әңгіме соқтық. Сол жолы «Қоңдыгер қаңлысын» қолтаңбамен сыйға тартқан еді… Көшпенділердің тарихы, әскери өнері, соғыс тактикасы мен қару-жарағы туралы ұзағынан көсілді. Бұған дейін мен үшін белгісіз болып келген біршама дүниеге қанықтым. Ұзамай, Талас ағаның әңгімесін тыңдауға Санжар Керімбай, Елзат Ескендір, Асылтай Тасболат бар, бір топ жігіт жиналып, Талғар жаққа тауға шықтық. Онда да кеш батқанша әңгіме-дүкен құрыстық (3-сурет).

Қазына ағамызды сол жолы соңғы рет көрген екем. Одан кейін ол кісі Астанаға кетіп, телефонмен хабарласып отырдық.
Соңғы рет осыдан 4 күн бұрын Алматыда жүргенін естіп, қоңырау шалып, халын сұраған едім. Маған солай көрінді ма, әлде расында солай болды ма, қажыңқыраған дауыспен «Нұраддин, қазір мына «Құнанбайдың» жұмыстарынан еш босай алмай жатырмын. Таң атқаннан кешке дейін «Қазақфильмдемін». Сәл ыңғайлаған соң, хабарласайық. Алаңдама, мен Астанаға қайтқанша, міндетті түрде жолығамыз» деген еді… Амал не, бүгінгі суық хабар – ол кездесуді бұйыртпады. Расында берері көп қазына еді, аршылмаған күйі кетті. Жоспары көп еді. Біз де көп арқа сүйейтін едік. Біраз дүние тудырады деп мойын созып отыратынбыз. Енді ол үміт өшті. Өзекті өртейтін өкініш – сол! Сырласқанда жас кезінде алдыңғы толқыннан көрген қиындығын айтатын. «Мына интернет, сайт деген жақсы болды ғой. Айтам дегеніңді айтасың, жазам дегеніңді жазасың. Бәрі еркін. Жұрт ұнатса оқылады. Бұрынғы жекелеген адамдардың көзқарасына негізделген газет-журналдарға тәуелді емессің! Рахат!» деп, артынан балаша мәз болатын. Енді ешқандай цензурасы жоқ, тұтастай әділдік салтанат құрған әлемге қолды бір сілтеп кете барды. Амал не, бақұл бол аға! Көре алмай кеткен күллі қызықтарыңызды артыңызда қалған тұяғыңызға нәсіп етсін!
blogtime.kz


