Уот Монтгомеридің «Исламның орта ғасырдағы Еуропаға тигізген әсері» кітабынан ықшамдап аударып, тәржімасын назарларыңызға ұсынамыз.

Әрине, керуенмен бірге Ислам мәдениеті де тамыр жайып, тарала берді. Африка құрлығын басып өткенде, Ислам«іскер» адамдардың діні ретінде қабылданатын. Себебі құлшылықтарын қаза жібермейтін, барынша адал сауда жасауға тырысатын мұсылмандар жаңа дінмен таныс емес көп жұртты таң қалдырды. Бөтен елдің қыздарының мұсылман жігітіне тұрмысқа шығып, Ислам дінін қабылдауы жылдан-жылға қалыпты үрдіске айналды. Жат жұртпен арадағы қарым-қатынастарын құдалықпен реттеген сайын сауда жолдары да айқын, әрі қауіпсіз бола берді. Испания мен Сицилия мұсылмандар иелігіне айналған кезде сауда жолдары кеңейіп, мұсылман мәдениеті салтанат құра бастады. Алыс мекенге қоныс тепкен арабтар Дамаскідегі көрген-білгендерін жаңа жерде үздіксіз дамытқанды жақсы көретін.
Жаңа дін мен көркем мәдениеттің рақаттарынан құр қалғысы келмеген жергілікті тайпалар жаппай мұсылмандана бастады. Рухани һәм мәдени үстемдікке жеткен мұсылмандарға әскер ұстап, қысым көрсетудің қажеті болмады. Атам заманан бері ең арзан сауда жолы теңіз болатын.
Сондықтан алыс беріс айырбас күшейген сайын кеме жасап, теңізге түсу өнері де өркендей берді. Ең алғаш рет компасты да арабтар ойлап тауып, құбыладан адаспай жүзуді үйренді. Васко да Гама Үндістанды табар кезде жол бойы оларды адастырмай, діттеген жеріне аман жеткерген де тәжірибелі араб теңізшісі әл Мәжид болатын. Теңіздерде бағыт алып, адасудан аман алып шығатын карталар да мұсылмандардан басталып, португалия, испания, және Генуя елді мекендерінің мамандарына ауысты. Ағылшын тілінде теңіз өнеріне қатысты көптеген сөздің түбірі араб тілінен ауысқан. Саяхаттап алысқа сапар шегуді де мұсылмандар бастап батыс жұртының географиялық танымын тереңдетті. Оған дәлел ХІІ ғасырда Уильям Малмсберски есімді еуропалық күнделігіндегі «Еуропадан басқа елді мекеннің бәрі мұсылмандар әлемі секілді» деген естелік.

Ислам өркениетінен нәр алған мұсылман қауымы мұнымен де тұрмай барған жерінің бәрінде өнер ойлап табудан жалықпады. Испанияға қоныстанып алған соң, құрғақ далаға егін егіп орып алудың да жолдарын үйрете бастады. Араб түбегінде, Таяу Шығыста су үнемдеп үйренген момындар Испанияның әрбір тамшысын есеппен жаратуды жолға қойды. Осының әсерінен қазіргі испан тілінің егін шаруашылығына қатысты сөзінің жартысынан көбісі арабтікі. Пиреней түбегінде өсетін қазіргі жүзім, зәйтүн, інжір, шие, алмұрт, анар, банан, құрма ағаштарының түр түрін арабтар апарып отырғызып, сұрыптап, өз алдына жеке бір ғылым етіп қалыптастырып берді. Құран Кәрімді көп оқып, табиғат құпиясын көп білетін мұсылмандар тау, тасты қопарып, кен іздеуден шаршамайтын. Аз ғана уақыттың ішінде Испанияның алтын-күмісін айтпағанда, темірі, мысы, сынап қорытып алатын металлдар өте жоғары бағаланып шыға келді. Осылайша еуропалықтар қара тастың құрамынан байлық суырып алуды да өркениет иелерінен көріп үйренді.
Әсіресе Испанияның Севилья, Гранада қаласындағы сән-салтанатты тұрмысты көргенде, еуропалықтар есінен танушы еді. Исламға дейін еуропа жұрты үстеріне дені дұрыс матадан ықшамды етіп киім тігуді білмейтін. Шала иленген шикі тері мен дөрекі жүн мен қыл-қыбырдан алба-жұлба киімге ұқсас бірдемелермен жүре беретін. Ілім иелері келгеннен бастап, Еуропаның ішкі базарында жұп-жұқа, жеп-жеңіл әдемі маталар қаптап кетті. Жібекті де жарқыратып киюді арабтар үйретіп бастады. Сырт киімдердің жаға, жеңіне жапсырылатын әр түрлі аң терілерін өлшеп тігетін кәсіби маманданған цехтар іске қосылды. Саз балшықтан ыдыстар жасап, сыртын әшекейлеп безендіруді де ерінбей үйретті. ІХ ғасырдан бастап Кордовада хрусталь жасайтын цех та пайда болды. Кордованың зергерлері алтын-күміс металлдардан әшекей бұйым жасауда алға шығып, атышулы Византия шеберлерін нарықтан ығыстыра бастады. Сән-салтанатпен мәдениетті тұрмыс кешуге деген талпыныс дами келе, үй салып, ғимарат тұрғызуда да биік талғам қалыптастарды.

Батыстың «менмін» деген шеберлері Испаниядағы мұсылман ақсүйектерінің сарайларын көргенде, аузын ашып, көзін жұматын. Бағдат пен Шам қаласынан көшіп келген момындар батыс жұртын таңғалдыруын жалғастыра берді. 822 жылы Кордоваға көшіп келген Зирйаб есімді музыкант музыка өнерін Батыс жұртына паш етті. Аспаппен ән салып, вокалмен өлең шырқағанда тыңдаушының құлағының құрышы қанатын еді деп жазады. Дәл осы бес аспап әнші Еуропа жұртына ретімен тамақ ішу тәртібін үйретті деп айтылады. Зирйаб салтанатты кештерде дастарқанға әуелі сорпа, сосын еті бар екінші тағам, оның артынан тауық етінен пісірілген жеңілдеу тағамдарды тартуды ұсынады. Ас желініп болған соң ең соңынан печеньемен шәй ішуді үрдіске айналдырған сол екен. Ислам діні келгенге дейін еуропалықтар бір тамақты қысы-жазы талғажау қылып жүрген. Әсіресе, қыстың күні кептірліген балықтан басқа дым таппайтын. Мұсылмандар ас-ауқаттың сан түрін араластырып жеуді өздерімен бірге Еуропаға ала келді. Қамыстан қант жасауды да көрсеткен мұсылмандар еді. Бұған дейін олар тәттіге тек қана бал жейтін. Оның өзі патша мен бай-бағыланның үйінен әзер табылатын қымбат тағам болатын. Қант келген соң ғана орта шаруаның бәрі тәттіні тістеп отырып, сүйсініп шәй ішетін жағдайға жетті. Бұрындары Батыстың бай-шонжарлары ыдыс аяқтарын, құман-шәйнектерін алтын-күмістен зілдей етіп жасайтын. Асыл металл әдемі көрінгенімен, ауыр әрі ыңғайсыз еді. Енді олар фарфор мен хрустальдың рахатын мойындады. Басқаны былай қойғанда шашты қидырып, уақытылы жуып, шайып, сәндеп күтуді де Ислам үйретті. Бұған дейін Еуропа ерлері әйел секілді шашы жалбырап, жабайы адам құсап жүн-жүн боп жүруді ерсі санамайтын.

Қысы-жазы бір шекпенді киіп алып, тозығы жеткенше үстінен тастамай сүйретіп жүре беру үйреншікті жағдай еді. Мұсылмандар киім киюдің төрт түрлі маусымға арналған әдемі үлгілерін жасап берді. Осыдан бастап әр маусымда өзіне ыңғайлы киім кию деген жаңа мәдениет қалыптасты. Түнгі ұйқыға кетерде күндізгі жұмыс киімдерін шешіп тастап, аппақ пижама киіп жатуды да еуропалықтарға бірніші рет Ислам дінінен көріп білді. Байқасаңыз пижама деген кәдімгі пайғамбардың сүннет киімі. Жатар алдында ақ төсекке аяқ жуып жатуды да намазхандар көрсетті. Жалпы жатар алдында құптан намазына аяқ жуып дәрет алатын мұсылмандар үшін бұл әрекет күнделікті парыз болып саналатын. Бұлардан бөлек қазір күллі әлемге кең тараған музыкалық аспаптар Кардова халифатындадүниеге келді.
Жалғасы бар…
blogtime.kz


