Соңғы жылдары Қытай елінде қазақ спортшыларының тебіні қатты. Шәкене тұрпат қытайлардың көптігімен шаң шығарса да, жекпе-жек спортта мән шығара алмайтынын үкіметі де түсінген сыңайлы. Соған орай қазақ балаларын қақпайламай, түрлі деңгейдегі спорт құрамаларына тартуда. Бұл қазаққа пайдалы. Ұл-қыздарымыз Қытай үшін майданға түсее де, жеңіске жетсе қазақтың аты шығады. Себбеі, қазақтың Қазақстан дейтін мемлекеті бар, қара орман халқы бар, өз баласының жетістігін айдай әлемге жар сала жаяды.
Қытайдың Алтай аймағы танымал спортшылар көп шыққан өңір. Атағы әлемге жайылған бокс пен күрестің дарабоздары бір қауым. Өзге спорт түрлерінен де кенде емес. Әсіресе, Алтай аймағына қарасты Қаба ауданы былғары қолғап сайыпқырандарының мекені. Ауданның даңқы төске өрлеп тұрған түлектерінің бірі – Қанат Ислам екенін айтсақ та жетіп жатыр. Бұның себебі ауданда жақсы қалыптасқан бокс мектебінің бар болуында. Міне осы кектетпің тұғырын көтеріп, туын биіктетіп жүрген білікті бапкер, жырынды жаттықтырушылардың бірі және бір егейі – Мұрат Бошайұлы. Мұратты қазақ жұрты тек Қанат Исламның алғашқы бапкері ретінде ғана емес, мықты қазақ, тәжірибелі маман, өресі биік ұстаз ретінде де жақсы таниды. Әрине, Мұрат Бошайұлының өмір жолы мен спорттағы қайраткерлігі кітапқа жүк болатын дүние. Біз шағын жазбамызды оның шәкірттері қол жеткізген кезекті жеңіске арнағандықтан, әңгіме тақырыбын соған бұрайық. Жақында Азамат Әрхамұлы әріптесіміз қытайдың Халық торабында ақжолтай ақпарат жариялады. Жоғарыда айтып өткен Қаба ауданының орта мектеп оқушылары Моңғолиядан жеңіспен оралыпты. Алтай аймағы атынан барған боксшы ұландар Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Ресей елдері қатысқан халықаралық жарыста бір күміс медаль алды. Былғары қолғап бәсекесіне 7 командадан 86 спортшы 9 салмақ бойынша жарысқа түскен. Солардың арасында Қабалық Талпын Қаукенұлы (есімі ерекше) 91 келідегі ауыр салмақ дәрежесінде екінші орынды жеңіп алып, күміс жүлде еншіледі. Иә, біз үшін қазақ баласының, әсіресе миллиард қытай ішінен топ жарып, намысы мен есесін жібермейтін оғландардың жарқырап шыққаны үлкен қуаныш. Кішкене жеңісінің өзі зор мерей. Себебі, Мұрат Бошайұлы сынды кәсіпқой жаттықтырушы осы қарқынынан таймаса әлі талай Қанаттың ізбасарларын тәрбиелеп шығары анық. Шағын ауданда жүрсе де бокс мектебін ашып, одан талантты чемпиондар түлетіп жатқан азаматтың еңбегі қадыр-құрметке шын лайық.

Мұраттың мектебінен Қанатпен қатар Бақытбек, Төлеуқан бастаған талай атақты бокс шеберлері шықты. Олардың берісі аймақ пен облыста, арысы мемлекеттік және халықаралық додаларда дес бермей жүр. М.Бошайұлы мектеп ашқан 1992 жылдан бері оның алдынан 600-ден астам қорғасын жұдырық ұландар тәрбие көрді. Оның 300-ден астам шәкірті әр деңгейдегі командалар мен мектептерде табысты қызмет етіп жүр. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы. Мұраттың шәкірттері тек жұдырықтасуды ғана біліп қоймайды, сонымен бірге батырға біткен бойларына ұлт намысы мен ұлағатын сіңіріп, қажыр мен қайратына баһадүр бабаларының айбатын жанып өседі. Өйткені оларға Мұрат сынды білікті бапкер қолын қалай дәл сілтеп, жұдырығын қалай дөп тигізуді үйретумен бірге, қазақ деген ұлттың абыройын қалай асқақтату керек екенінде саналарына сіңірген. Себебі ол Қытайдағы қазақ боксшыларының қолбасшысы, өз ұлтының қорғаушысы.
Мұрат Алмасбекұлы
baq.kz




