Baq.kz – «Қазақ үшін сайтанмен сөйлесуге бармын» деген Оспан батырдың өмірі аңыз бен ақиқатқа толы. Біз үшін беймәлім жайттар да жетерлік. 1899 жылы Алтай аймағында дүниеге келген батыр туралы Хасан Оралтайдың кітабы сөйлесін.
Негізінен алғанда, оспан Батыр ұзақ сапарға шықпайтын. Ол тек 1948 жылы жазда ғана Үрімжіге келіп қайтқан-ды. Басқалары оған барып амандасаиын.Ол Шығыс қазақтарының ең құрметті тұлғасы еді. Одан бірнеше жыл бұрын Алтайда «Ақ киізге отырғызылып хан көтерілген-ді». Ол Алтайдың губернаторлығына және өлкелік үкімет мүшелігіне /министрлігіне/ сайланса да, Бұрхан Шахидидің сөзімен айтқанда, «пысқырып қарамаған-ды». Бәрінен маңыздысы ол сонау 1939 жылдың аяғынан бері елінің тәуелсіздігі үшін қытайға да, орысқа да қарсы күресіп келген Шығыс Түркістан көлемінде теңдессіз тұлға болатын. Әне сол үшін де Оспан Батырды тек қазақтар ғана емес, шет елдіктер де жоғары бағалайтын. Мәселен, Үрімжідегі АҚШ-тың консулының өзі кезінде Ошың батырға барып амандасқан-ды. Prof. Dr. Barnett сынды американдық ғалымдар да 1948 жылы ол кісінің үйіне барып әңгіме өткізген болатын. Сол кездегі Шыңжаңдағы (Шығыс Түркістандағы) қытай қарулы күштерінің бас қолбасшысы Генерал Сұн Ши Лан және қытайдың Үрімжідегі өзге жоғары дәрежелі басшылары сондай-ақ Үрімжідегі қазақ зиялыларының бәрі дерлік Осапн Батырға барып амандасқан-ды. Сонымен қатар қытай үкіметінің Үрімжідегі ең жоғарғы дәрежелі басшылары Оспан Батырды Үрімжіге келіп, қонақ болып қайтуға талай рет шақырған да болатын. Сол үшін Оспан Батыр 1948 жылы жазда жүздеген жауынгерін және кеңесшілерін ертіп Үрімжіге барды. Үкіметтің ресми қонағы болып барды. Қытай басшылары Оспан Батырдың Үрімжіде үлкен салтанатпен қарсы алынуы үшін жарлық түсірді. Ол кезде Шыңжаңның (Шығыс Түркістанның) жалпы губернаторы ұйғыр Мәсғұт Сабри, оның хатшысы (орынбасары іспетті) тағы ұйғыр, Иса Юсуп Алптекін-ді. Үрімжіде Оспан Батырды үлкен салтанатты қошаметпен қарсы алу ісін басқаратын топтың ішінде сол Иса Юсуп Алптекін де болды. Шыңжаң үкіметі мен қарулы күштің басшылары Оспан Батырды үлкен құрметпен қарсы алып, зор қошаметпен шығарып салды. Өйткені Оспан Батыр үкіметтің қонағы болатын. Ал Үрімжідегі Оспан Батырдың өз туыстары яғни қазақтар батырдың Үрімжіде үкімет жағынан үлкен қошаметпен қарсы алынуына сүйсіне қараумен ғана болды. Жоғарыда да түрлі орайына байланысты бірнеше рет ескертілгеніндей, Шығыс Түркістандағы барлық қазақ атаулы Керей немесе Найман болуынан тәуелсіз Оспан батырды пір тұтып ерекше құрметтейтін-ді. Соның көптеген куәләрінің бірі ретінде 1946 жвлдвң 26 қыркүйегі күні Найман Әбдікәрім Ынтықбайұлы жағынан жазылған, кейін Үрімжіде шығатын «Алтай» журналында басылған «Сәлемде!» деген тақырыпты өлең-толғауды еске алуға болады. Ол толғауында Әбдікәрім Ынтықбайұлы:
«Не оған, не бұларға сатылды ма?!…» деу арқылы, Оспан Батырдың орысқа да, қытайға да сатылмағандығына баса көрсеткен. Онда былай делінген:
СӘЛЕМДЕ!
Сәлемде алтын Алтай асқар белге,
Ондағы айбынды Абақ қалың елге.
Басынан Хантәңірдің қарауылдап,
Біз-дағы тілеулеспіз Ошаң ерге.
Тартылып тау мен дала қысылғанда,
Қысымын тіккен жау мұсылманға.
Кім шықты соған қарсы, Ошаң шықты,
Еңкейіп елдің бәрі ұсынғанда.
Алтайдың сен бекіндің құздарына,
Құздардың сен түнедің мұздарына.
Жастанып қыс қыстауда темір қазық,
Шыдадың қыс суықтың ызғарына.
Көріп ек алып пенен жақынды да,
Атақшыл абыройшыл батырды да.
Шынайы ел қорғаны ер Ошаң ғой,
Не оған, не бұларға сатылды ма?!…
Құдайым пана берсін сол ниетіне,
Кез қылмай қарақшылар жендетіне.
Қормалым, ардагерім, асқар белім,
Ұстаған панам сенсің ел шетіне.
Қазақ полкінің таратылуы
Үрімжідегі қытай қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал Сұң Шы Лан ішкі Қытайға шақырылып, орнына Тао Зұң Сылың деген басқа бір қытай генералы келді. Оның ізашарындай жігерлі антикоммунист еместігі байқалды. 1949 жылдың басынан ол ішкі Қытайдағы коммунистерге және Мәскеудің қуыршағы Үш Аймақ жаққа жағымпазданған саясат жүргізді. Сол бағытына орай ол 1948 жылы құрылған 8 қазақ полкін таратты. Ол полктың 2 эскадроны (кілең Қызылөзен мен Ұлужан қазақтарынан құралған әскерлер) қаруларын қытайға тапсырмады. Олар қаруларын өз қолбасылары Зәкәрия Әшеұлына апарып берді.
8 полктың таратылуы Шыңжаңда коммунистік әкімшіліктің орнайтындығының тағы бір нақтылы белгісі саналды.

Қазақ елінің шетінен шығып Қарашәрі жаққа көшуіміз
Әкем Оспан Батырға барып кездесіп, қайтар жолында Үрімжіге соғып түрлі келіссөздер жүргізіп оралғаннан кейін, 1949 жылдың мамыр айының аяғында біз, «Қалибектің Елі», Қаратаудан (Нансаңнан) Қарашәрі аймағына қарасты Өри деген өзенге қарай көштік. Бұл батыстағы сонау Еділ Жайықтан бері тұтасып жатқан іргелес Қазақ Елінің шетінен шығып, мүлдем жат жұрттарға қарай беттеуіміздің табалдырығы еді.
Қалың қазақтың мекені Қаратаудан Өри өзені жаққа көшіп барып бір қонғаннан кейін, ертеңінде қап-қара қиыршық тасты бір жазыққа тап болдық. Таң сәріден кешке дейін жүріп екінді ауа Өри өзеніне барып жеттік. Бұл жақ мүлдем иен, тек анда-санда Тоқсын-Тұрпан жақтан жайлауға келген ұйғыр қойшылар кездесті. Қазақтың қойының көбінесе ақ немесе қызғылт жүнді келетіндігі белгілі. Ал бұл ұйғырлардың қойы кілең қап-қара, әлгі Өридің тасы түстес еді. Бұл ұйғырлар бұрыннан таныс саудагер ұйғырлар сияқты емес, өте момын кісілер екен.
Қаратаудан басталған көш бірер күн аялдап, екі аптада Қарашәрі аймағына қарасты Үштасырқай Алғи, Ұсты өзендерінің басындағы жайлауға барып қонды. Ілияс ауылынан басқа біздің жақын туыстар, Қожалақтың алты ұлының ауылдары, Хамза Шөмішбайұлының ауылы, Омарбай ақсақалдың ауылы, Қайнаш Мұхамметжанұлының ауылы, Омарбай ақсақалдың ауылы, Нұрсапа Зәңгінің ауылы, Шүкен ақсақалдың ауылы, Ахымет-Сәдудың ауылы, Шойынбек-Бығайдың (Мұхамметкәрім) ауылдары, Сармерген ақсақалдың ауылы, Меркіт Қыдырмолланың ауылы тағы басқалары болып, жалпы саны 700-дей кісі қалың Қазақ Елінен шығып, осы қиыр шетке келіп қонған-ды. Бірақ арттан тағы көп ел келеді және ішкі Қытайда коммунистер жеңіліске ұшырап, Шығыс Түркістанға коммунистік қауіп-қатер төнбесе, елге қайтамыз деген үміт ұшқыны да сөнбеген-ді.
Х.Оралтай «Елімай-лап өткен өмір»




