
Мә, саған клуб керек болса
Бейбіттер клубы құрылды
Мүшелері: Бейбіт заманның Бейбіттері.
Ұраны: Бейбітшілік жасасын!
Мақсаты: Бейбіт өмірді баянды ету, қоғамда бейбітшілікті қалыптастыру.
Жақсы көретін құсы: Көгершін.
Жек көретін адамы: Путин.
Клуб жарғысына сай мүшелердің жекелей тапсырмалары.
1. Бейбіт Шүменов алдағы бойларының барлығында қарсыласты аяп ұруы керек. Әрине жеңіс үшін аянбайды. Бірақ қарсыластың көзін көгертпей, бетін қанатпай, есін аудырмай аялай ұрып, очкомен жеңуді меңгеруі тиіс.
2. Бейбіт Ыстыбаев қанша барыс атанғысы келсе де аяп күресуге уәде берді. Қарсыласын жамбасқа алып лақтырғанда үстіне бірге құлай кетпеуді, неқұрлым бозкілемнің қалыңырақ жеріне тастауды және бір мөшек цементті тастағандай гүрс еткізіп тастай салмай, еппен жығуды ескеретін болды. Және ешкімнің құлағын мыж-тыж жасамауды да қаперге алды.
3. Бейбіт қажы Сапаралы жаназа шығарған күннің өзінде қатты күңіренбей, неқұрлым сабырлы, қоңыр дауыспен шығарамын деп уәде берді.
4. Бейбіт Сейдуәлиеваның тұлабойы онсызда тұнып тұрған бейбітшілік. Сондықтан ол осы қалпын бұзбаса болды деп шештік. Бірақ бүкіл әлемге Тоқтарға қарағандай «тәттім-ау, тәттім-ау» деп қара деп ескерттік. Көздеріндегі мейірімді сақтауға, жоғалтып алмауға клуб мүшелері алдында ант берді.
5. Бейбіт Қорған самалетта қатар отырған жігіттерді ұрмауға, қарындастарды қамап тастамауға, қолын бұрамауға, қатты ашуланбауға, қабақ шытпауға, ендігі фотосессиясында суретке күліп түсуге бел буды. Және репертуарына бейбітшілікті насихаттайтын әндер қосуға сөз берді.
6. Бейбіт Оралұлы бейбітшілікті насихаттайтын, бейбіт өмірді қолдайтын әндерді жаза беруді жалғастыратынын жеткізді.
7. Бейбіт Дарханұлы (менің өкіл балам) мүшелікке қабылданбай қалды. Өйткені ол балабақшадағы балалармен ойыншыққа таласып бетінен бір періп жіберетін әдетін қазірше қоя алмаймын деп ашығын айтты.
8. Мен фейсбук бетінде ешкімді балағаттамаймын, министрді сынамаймын, неқұрлым көңілді посттар жазамын деп қол қойдым.
Бейбіттер клубы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелді.
Ресми атауы: «Бикош».
Алдағы уақытта атқаратын нақты істері мен кең көлемдегі жоспарлары «Егемен Қазақстан» газетінің ертеңгі санында толық жарияланады.
Бейбіт Сарыбай facebook парақшасынан алынды


