Кеше кешке Баку қаласында Түркітілдес халықтардың Парламент Ассамблеясының әлеуметтік мәдениет және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясы арнайы отырыс өткізді деп хабарлайды sia.az порталына сілтеме жасаған Businessnews.kz.
Отырыста Түрік кеңесі жобасының директоры Замин Алиев жалпытүрік арнасын құру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Сонымен қатар жаңа телеарнаның құрылымдық жобасы дайындалған.
«Үстіміздегі жылдың қазан айының соңында үйлестіру тобының отырысында телеарна құру туралы шешім қабылданды. Телеарнаның құрылымы басқармадан, директорлар кеңесінен, редакциялық құрамнан тұрады. Телеарна ағылшын тілінде және түркі халықтарының мемлекеттік тілінде шығады. Ол «Al Jazira», «Euronews» телеарналары сияқты халықаралық мәртебе ие болады. Қазір сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуық арада телеарна іске қосылады» деді З.Алиев.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың маусым айында түркітілдес мемлекеттердің басшылары бас қосқан Бодрум қаласындағы саммитте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі халықтарына ортақ телеарна құру жөнінде бастама көтерген еді.



