Ресми деректер бойынша, Астана қаласының түбінде орналасқан «Железнодорожный», «Интернациональный», «Достық», «Мичурино», «Күйгенжар», «Промышленный», «Казгородок», Қазақауыл, оң жақ, сол жақтағы «Юго-Восток» «Көктал-1», «Көктал-2», Өндіріс, «Комсомольский», «Заречный», «Тельман», «Ильинка», «Пригородный», «Караөткел» сияқты19 елді мекен, Астанаға қосылған 109 408 халқы бар жалпы көлемі 4 168 гектар жер бар. Астана маңындағы қалаға қабысып жатқан елді мекендер қаламен бірге өркендеуі тиіс, деп есептейді Ақмола облысының әкімі. Көрші ауылдарды қаладан мүлде бөліп тастауға болмайды, деген пікірін астананың бұрынғы әкіміне де, қазіргі әкіміне де айтқан екен. «Үкімет басшысының қатысуымен болған соңғы жиында мен бұл мәселені көтердім. Астананың маңы мен қаланың шеттері қатар дамуы тиіс. Әйтпесе, олардың айырмашылығы ұлғая береді. Мысалға, Қараөткелді алайық, оң жағында инженерлік коммуникациясы бар заманауи елді мекен, ал сол жағында инженерлік құрылымдары да, жолы да жоқ ескі ауыл тұр. Сондықтан қаржы бөліп осы жағдайды реттеуіміз керек», деді облыс әкімі Сергей Кулагин.
Қазіргі кезде қала маңында заңдастырылмаған 194 даулы жер телiмi бар екен. Астана түбіндегі жердi заңсыз басып алу бұдан 7-8 жыл бұрын басталған. Астана қаласынан 13 шақырым жерде тұрған Қоянды ауылындағы жерге қатысты дау-дамайдың басталғанына біраз уақыт болды. Бұрынғы шағын ғана бөлімше қазір үлкен елді мекенге айналған. Мұнда қоныстанып жатқандардың көбі Қытай, Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан, Монғолиядан көшіп келгендер. Лек-лек болып келген оралмандар осы жерге заңсыз қазық қаға бастаған. Артынша Талапкер, Қоянды ауылдарының бас жоспарлары бекітіліп, сол жылы мүлікті заңдастыру акциясы жүргізілді. Осы кезде Қоянды ауылына жан-жақтан оралмандар көп келді. Алайда, мүлікті заңдастыру акциясы аяқталмастан, әкімшілік Қояндының екінші, бас жоспарын дайындаған. Бірінші, жасалған бас жоспар бойынша 71 оралманның үй-жайы енгізілген, ал екіншісіне, тұратын жерлері көрсетілмеген. Міне, осыдан үлкен дау шықты. Тұрып жатқан үй-жайына құжат ала алмаған 71 отбасы жер ресурстарын басқару агенттігі, сәулет және құрылыс басқармасы, мүлікті жариялау комиссиясынан бастап Бас прокуратура, Әділет басқармасы,Үкімет басшысы, тіпті Президентке дейін шағым жазыпты. Қазір осы проблема оң шешімін тауып, бір ауыл елдің қуанып жатқан жайы бар.
Сергей Кулагиннің айтуынша, мұнда тұратындардың негiзгi бөлiгi осындай жағдайға тап болғанына кiнәлi емес. Алайда, олардың iшiнде жер телiмдерiн заңсыз екенiн бiле тұра басып алған баспаналары бар адамдар да жетеді. Жер телiмдерiн басып алып, оны сатып, кейiн қайтадан басып алумен айналысқандар да жоқ емес. Соның барлығы зерттеледi және ондайларға қолдау болмайды. «Үйлердiң жартысы–мемлекеттiк, жартысы–жекеменшiк жерлерде орналасқан. Менiңше, олар заңдастырылады. Екiншiден, iргетасы ғана тұрған жерлердi сырып тасталуы да мүмкін. Оларға жекеменшiк жерлерге көшуге ұсыныс жасаймыз. Олар бас жоспарға сәйкес орналасуы тиiс. 194 жертелiмiн қалдыратын боламыз. Бiрақ бастысы – бас жоспарға сәйкес салынбаған, жолдың үстiнде тұрған 45 үйдiң мәселесi. Оларды көшірмесек ауылға инженерлiк коммуникациялар келмейдi. Сондықтан олар бiздiң де жағдайымызды түсiнiп, үйлерiн жылжытулары қажет. Оларға жер телiмдерiн қалдырамыз. Бұл тек 194 жер телiмiне қатысты мәселе» дедi Сергей Кулагин.
aikyn.kz



