«Қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры болған» деп сипатталған Абылай хан дәуірінде жасаған батырлардың бірі Абақ керейдің жастабан атасынан тарайтын Нұралы Есіркепұлы еді.
Батырдың соңғы ұрпақтары мен артында қалған халқы батыр атаның ерлігі мен еңбегін жырға қосқан кезде:
Алтай үшін айқасып,
Сауыр үшін шайқасып.
Он қалмақты өлтірген,
Нұралы батыр Қобда асып.
Жәнібек батыр құрдасы,
Жантай батыр сырласы.
Басын кескен Тайшының,
Нұралы еді мың басы.
Батыр Тайшың өлді деп,
Қалмақ қашты тырақай.
Нұралы батыр келді деп,
Қанас үшін қандасып, – деген жыр жолдары Нұралы батырдың кім болғанын баяндап берген.
Нұралы Есіркепұлы 1714 жылы дүниеге келіп, 1787 жылы дүниеден озған. Мөлшермен жоңғарлармен соғыстың соңғы неше онжылдық кезеңінде атқа қонып, жеке басының ерлігімен танылған. Бұл тұстағы Нұралы батырды біз ел мен жерімізді жат жаудан тазарту жолында ерекше ерліктерімен көзге түсіп, аты ел арасына жайылған даңқты батыр болғанын көре аламыз.
Аңыздарда Нұралы батырдың алғаш рет ерлік көрсетуі мен «Жас жолбарыс» деген атаққа ие болуын қазақтың қарт қолбасшысы Қаракерей Қабанбай батырға қатысты айтылады. «Нұралыны Қабанбайдың сынауы», енді бірде «Нұралының Қабанбайдан бата алуы» деп аталған аңызда баяндалуы бойынша: Бірде Ер Жәнібек көп қолмен Тоқта-Барлықта бекініс жасап жатқан Қаракерей Қабанбай батырдың қолына келіп қосылады. Бұлар орманды, шатқалды құлдилап келе жатады. Сол тұста қосынның алды жүрмей, тоқтап қалады. Аттар дірілдеп-қалшылдап алға қарай баспайды. Сонда Қабанбай: «Жануарларда тіл жоқ, алдымызда қауіп бар екен. Сол қауіпке қарсы шығатын кім бар?» дейді. Сонда ортаға жас жігіт шығып, Қабанбайдың алдына келіп өзін таныстырып: «Он екі абақ керей Жастабанмын. Атым Нұралы, әкем аты Есіркеп, жасым он сегізде» дейді. Сонда Қабанбай: «Жортқанда жолың болсын, күш-жігерің болса көрсет!» дейді. Содан Нұралы самсап өскен теректің ішіне кіріп, өсіп тұрған аққайыңның бірін жер ошақтай тамырымен жұлып алып, «келден сойыл» әзірлейді. Одан соң аттанып барып Қаратөбенің күнгей бетінде күншуақта жатқан дәу жолбарыс қарсы атылғанда, дәл басынан ұрып өлтіреді. Сонда Нұралының ерлігіне разы болған батырлар: «Жас жолбарыс» деп атапты. Содан бастап аты шығып, «Жас жолбарыс» Нұралы батыр атала бастаған екен.
Келесі бір шайқаста Нұралы қапияда кездескен қалмақ қосынының бетін қайтарып болғанда, қалың орманның тасасынан шыға келген жоңғардың тағы бір қосынына тап болып, қоршауға түсіп қалады. Батыр қалың қолды қақ жара «әупіріммен» әрең дегенде қоршауды бұзып шыға береді. Енді батыр қаша соғысып, ұзай береді. Бірақ күшіне сенген қалмақтың бірнеше батыры соңынан қалмайды. Осы кезде батыр адам баласы жүріп көрмеген иен шатқалдан жол тауып кете барады. Оның қарасын алыстан көріп келе жатқан қалмақтар батырдың алдынан дәу айдаһардың шыға келгенін, артынша қазақ батыры еш ойланбастан жолда жатқан әлгі айдаһардың дәу басын түйреп өлтіріп кете барғанын көреді. Осы көріністі көрген қалмақ батыры Тайшы:
Қазақтың арыстаны екен,
Ақылдың данышпаны екен,
Елден асқан ер екен,
Аты-жөні кім екен?
Қалмақты қалың теңселтті,
Кереметін көрсетті.
Жүрегінің түгі бар,
Жолбарыстың жоны бар,
Аюдай әлеуетті.
Ай балтасын қару етті.
Қыран екен шабытты,
Батыр екен бақытты.
Оны қуу қалмаққа,
Енді болар қауіпті, – деп қасындағы қалмақ батырларын тоқтатып, Нұралы батырды одан әрі қуа беруден қорқып, кері қайтып кеткен көрінеді.
Батырдың жеке өмірі мен оның ұрпақтары туралы аңыздар мен шежірелік деректер бойынша Нұралының он ұлы болған деседі. Осы он ұл да өз дәуірінің батырлары болған екен. Тарихи жырларда:
Ата жауы алысқан,
Қалмақты керей қиратты.
Қимылды жылдам ширатты,
Жастабан деген ел екен,
Алтай деген жер екен,
Нұралының он ұлының сегізі,
Соғыста өлген ер екен, – деп баяндалады.
Батырға қатысты ел арасында сақтал-ған аңызда батырдың қазасы да қан майданда алған ауыр жарақатының асқынып кетуіне байланысты қайтыс болғаны баяндалады. Онда айтылуынша қалмақтар соңғы кезге дейін Тарбағатай тау қойнауларын қоныстанған найман, керей руларына жиі соғыс ашып отырған. Осындай соғыстың бірі Тарбағатайдағы Ақшатау маңында болған. Көнекөз қариялардың баяндауы негізінде хатқа түскен дерек бойынша, Тарбағатай тауларын мекендеген наймандарға қалмақтар шабуыл жасап, шапқыншылыққа тап болған наймандар жағы Шұбартау керейлеріне хабар береді. Бұл соғысқа Жобалай би бармай, қолды Нұралы батыр басқарып, өз балалары мен інілерін ертіп бар
ған екен. Бауырлары мен балаларының ерекше ерлік көрсетуінде жауды Тарбағатай тауынан асыра қуып, соғысып жүргенде, қапелімде жаудың арасында қалған Нұралы батырдың қара санынан оқ тиіп, сүйегі зақымдалып, ауыр жарақат алады. Кейін келе оқ дарыған аяғы шіріп, үйіне жете алмай, батырдың қазіргі кесенесі тұрған жерде қайтыс болып, өсиеті бойынша сонда жерленіпті.
Көп жыл ел басқарған әрі ел арасында-ғы көнекөз қариялардан естіген-білгені көп Шұбартау ауданының тумасы, бүгінде шежірелі қарт Біліс Кәрімбекұлының айтуы бойынша: Нұралы батыр 1739, 1740 және 1742 жылдары жоңғар қонтайшысы Ғалден-Цереннің шабуылына қарсы Есіл, Ор, Ырғыз, Елек өзендерінің бойында Абылай бастаған қазақ қосынының сапында Ер Жәнібек бастаған керей қосындарында мың басы болып қатысқан. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ерлік көрсеткен. 1751 жылғы 80 күндік Шорға шайқасында Ер Жәнібектің қасында майданда сенімді серігі болған. 1751 жылы Оңтүстік аймақтарды Ташкент, Сауран қалаларын тартып алу жорығына қатысқан. 1752–1754 жылдары Ер Жәнібек бастаған керей сарбаздарының сапында Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғар басқыншыларынан тазартуға қатысып отырған. 1765–1770 қырғыздармен арадағы соғыстарда, 1771 жылы Еділ қалмақтарының, яғни торғауыттардың шығысқа ауған кездегі орын алған тарихта «шаңды жорық» деген атпен белгілі болған соғыстарға қатысқан.
Батырдың осындай толып жатқан ерліктерінен өзге «батырдың айтқаны екен» деген көптеген жыраулық үлгідегі нақыл сөздері де халық жадында сақталып, біздің дәуірімізге келіп жеткен.
Нұралы батыр бүкіл саналы ғұмырында туған Отанын жатжұрттықтардың шабуылынан қорғау мен қазақтың мемлекеттілі-гін аман сақтау жолында өзінің қара терін төкті, қызыл қанын ағызды. Сондықтан бүгінгі буынның тарихта өткен өз ерлерінің батырлығы мен ізгілігін ұлықтауға арналған кез келген қадамы олардың өшпес өнегесін тарих бетіне мәңгілікке қалдыру, сол арқылы өскелең ұрпақты отаншылдыққа баулу жолында жасалған ізгі қадам ретінде бағалануы керек.
aikyn.kz



