Кешелі-бүгін Сырдария суы көтеріліп, Қызылорда облысындағы Шиелі ауданына қарасты Ботабай ауылына баратын каналдан елді мекен шетіне су кірген.
Ботабай ауылы тұрғындары «Сырдария суының 17 желтоқсаннан бастап көтеріле бастағанын» айтады. Аймақтағы Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Сырдариядан Ботабай ауылына тартылған арнаның бөгеті жырылып, жайылған су ауыл шетіндегі үйлердің ауласына кірген. Кеше ауласын су алған тұрғындар туыстарының үйлеріне көшірілген.
Азаттық тілшісі ауыл тұрғындарының «жергілікті басшылардың төтенше жағдайды жою жұмыстарына көңілдері толмай отырғанын» айтқандарын хабарлады. Тұрғындар «шенеуніктер алдын-ала әрекет жасағанда, мұндай жағдай болмас еді» деген.
Ал Қызыорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкері Айгүл Нұрманова Азаттық тілшісіне:
— Сырдария суы көтерілді. Онда қазір дамбыларды бекіту жұмыстары жасалып жатыр. Департамент мамандары, құтқарушылар бір-екі күннен бері сонда. Қазір су деңгейі сәл төмендеді. Бес үйдің қорасына су кірді. Олардың бәрі туыстарының үйіне көшірілді. Су қазір қайтты. Зардап шеккен адам немесе техника жоқ. Қоралар мен үйлер аман — деді.
Айгүл Нұрманованың айтуынша, кеше Шиелі ауданындағы Жуантөбе, Жөлек елді мекендеріне де су жайылу қаупі туған. Алайда қазір бөгеттер қалпына келтіріліп, қауіптің беті қайтарылған.
Ботабай елді мекенінде 180 отбасы, мыңға жуық халық тұрады.
azattyq.org


