Жыл басынан бері ең көп талқыланған автокресло мәселесіне қатысты бүгін ҚР ІІМ өкілі түсініктеме берді. Ведомствоға қарасты Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеханың айтуынша, автокресло тек емізулі балаларға ғана арналған құрылғы. Ал, өзге балалар арнайы қорғаныш белбеуімен де отыра алады. Баланың бойы 1 метр 35 см, салмағы 36 келіден асқан жағдайда ол ересек адамдармен бірдей көліктің өзіндегі қауіпсіздік белбеуін ғана тағады дейді маман.
– Қазақстан БҰҰ-ның бала құқықтары туралы Конвенцияға мүше екенін білесіздер. Мемлекет қандайда бір халықаралық құжатқа қосылса, сол халықаралық құжаттағы нормаларды орындауы керек. Сондықтан, біз ол ережелерді ұлттық заңнамамызға енгізуге міндеттіміз. Конвенцияға сәйкес, балаларды жол апаттарынан сақтау мақсатында осындай қадамға барып отырмыз. Құжатта міндетті түрде автокресло деп жазылмаған. Бұқаралық ақпарат құралдары соңғы күндері тек қымбат автокресло туралы ғана айтып жүр. Бұл жерде балаларды ұстап тұратын құрылғылар деп көрсетілген. Автокресло сондай құрылғылардың бір түрі ғана. Ал, одан дөзге де бектіу құрылғылары бар екені туралы жазылмай отыр. Жаңа заңға сәйкес, 12 жасқа толмаған балаларға қорғаныш белбеуін тағып жүру міндеттелді. Баланың бойы 1 метр 35 см, салмағы 36 келі болса онда оған ешқандай автокреслоның қажеті жоқ. Туу туралы куәлігін де ешкім сұрамайды. Тек қауіпсіздік белдемшелерін тағуға міндетті. Мұндай белдемшелер Ресейде 30 рубль тұрады. Қазақстанда 1000 теңгеден аспауы керек, — дейді Игорь Лепаха.
baq.kz


