Өзбекстандағы қазақтардың негізгі бөлігін ұлы жүз қазақтары құрайды. Олардың басым бөлігі өздерінің атамекенінде өмір сүріп, 1924-1926 жж. Орта Азия республикаларын ұлттық территориалдық жағынан межелеуге байланысты бөгде елдің құрамында қалып, бүгінде «ирредент» деп аталған қауымнан тұрады. Бұларға Ташкент, Сырдария, Жызақ облыстары қазақтарын жатқызуға болады. Ендеше Орта Азияға қарай қоныстанған қазақтардың Өзбекстан мен Қарақалпақстан автономиясына шоғырлану тарихы туралы не білеміз? Олардың басым бөлігін қай жүздің қазақтары құрайды?
Аталған аймақта тек ирреденттер ғана емес, миграциямен яғни саяси қуғыншылықпен не басқа да себептермен кейін көшіп келген диаспора тобы да кездеседі. Өзбекстандағы қазақтардың қоныстану тарихына, орналасу ареалы және рулық құрамына талдау жасайтын болсақ, қазіргі Ташкент облысы – ұлы жүз қазақтарының қаңлы, үйсін, шанышқылы, сіргелі, оймауыт, дархан, жалайыр, қатаған қаңлы, дулат т.б ру қауымдастықтарының этникалық таралу ошақтарының бірі болып саналады. Сол сияқты зерттеуші М. Тынышпаев Ташкент уезінде үйсін руы атында бір қишлақтың бар екендігі жөнінде өз еңбегінде келтіреді. Аталған рулардың ішінде сан жағынан қомақтысы да, көп таралғаны да қаңлылар. Қазақ халқының халық болып қалыптасуындағы этнокомпоненттердің бірі қаңлы тайпасының Өзбекстанда мекендегені жөнінде Н.А.Аристов «Қаңлы тайпалары ғасырлар бойы оңтүстік–батысқа қоныс аудару қалпын жалғастыра отырып, қазіргі кезеңде туыс шанышқылы тайпалармен бірге Сырдария және Шыршықты мекендейді. Олар Сырдарияның ортаағысындағы мекенін сақтап қалып, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының қалыптасуында олардың саяси және этникалық тағдырында маңызды роль атқарған.»,– деп жазады. Сол сияқты С.П. Пашино да өз еңбегінде «Шыршық өзенінің жағалауында ертеден қазақтың қаңлы және шанышқылы рулары қоныстанған», – деп көрсетеді. Олар өзінің этникалық атауын сақтай отырып, басқа да түркі тілдес халықтардың құрамына сіңіп кеткен, ХІХ ғ, ІІ жартысында Ташкент уезінде олардың 1650 үйі болғандығы жөніде зерттеулер айтылады. Сыдарияның орта ағысының бір саласы Шыршық өзенінің бойын қаңлылар ерте кезеңнен қоныстанып, жаз жайлауы, қыс қыстауы еткен.Сонымен бірге төр бөлімнен (Шейхантаур, Сибзаур, Бешағаш, Кунгинск) тұратын Ташкент қаласының Сибзар бөлігінде де қаңлылар мекендеген. Олар ескі Ташкенттің алаңына дейінгі жерлерде өмір сүрген. Үлкен тайпаны құрайтын қаңлылар өз ігһшінен бірнеше аталарға: Сары қаңлы, қара қаңлы, Қызыл қаңлы, Қара манас, Құмырсқа, Тоғанай және т.б. қаңлылар болып бөлінеді. Бұлардың әрқайсының өз жайлауы, қыс қыстауы болып оған иелікм ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін жалғасты. Мәселен, 100-ға жуық Сары қаңлылардың биі Айдарбек, Қара қаңлылардікі Есенбай би болып, жаз жайлауы Келес бойында, Қыстауы Шыршық жағалауы болса, Қызыл қаңлылардың жайлауы Қошқорған болыстығында, Бабыжы қаңлыныкі Болат болыстығынлдва, қаңлылардың тағы екі атасының ауылы Ниязбек болыстығында болған. Шыршық өзенінің төменгі ағысының бойында Құмырсқа, Қара манас, Тоғанай, т.б. рулары бөлек-бөлек орналасқан. Бұлардың барлығы қазіргі кезеңде Ташкент облысының жоғарғы Шыршық, Орта Шырқық, Жаңа жол аудандарына қарайды. Қазақтардың әр тайпасының рулары қазірдің өзінде де әрбір елді мекендерде жергілікті халықтармен араласа қоныстанса да, өз аталарымен бір жерге шоғырлана орналасқан. Ташкент облысындаға қазақтардың үлкен бір тобын шанышқылар құрады. Олардың да Сырдың орта ағысы бойын мекендегені жөнінде А.Левшин өз еңбегінде көрсетеді. Шанышқылардың шығу тегі жөнінде де әртүрлі пікірлер бар. Мәселен, П. Пашино шанышқылардың жалпы антропологиясына сипаттама беріп, «Шыршық өзенінің жағасында тұратын шанышқылардың бас сүйегі атжақты болып келетін өзбектердің бас сүйегіне ұқсастығы бар»– деп көрсетеді. Осы кезеңде шанышқылардың тұрғылықты мекен жайы Шыршық өңірінен қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының Қаратас селосына дейінгі жерлерде созылып жатты. Олардың 1000-ға жуық үйінің жайлауы Қазығұртта болса, қыс қыстауы Шыршықтың арғы беті, биі Құшық Тоқбаев болған. Сәрсек, Қарақалпақ, Қаратұқым, Қара бұқа, Ағанай, Саңырау, Көрпік, Дархан болып бөлінетін шанышқылар қазіргі кезеңде де осы Шыршық өзені бойындағы елді — мекендерде ата-қонысын өзгертпей, бір көше бойына ру-руымен орналасып, жергілікті халықтармен қатар өмір сүруде. Сіргелілер Ташкент қаласының төңірегіне орналасқан. Олардың Ташкент аймағында ерте кезден-ақ мекен еткендігі жөнінде көне деректердің бірі Рузбиханның мәліметінде: «Сіргелілерде Сырдың орта ағысын ертеден мекен еткен. Олардың Сырдарияға қыстау үшін Еділ жағалауынан келетін»– деп жазады. Бұл деректер Сіргелі атауының көрсетілген аймақта ХV-XVI ғасырлдн бері белгілі екендігін айғақтайды. Сондай-ақ Сырдарияға жақын жерлерде 7000-дей Сіргелілердің көшіп қонатынын Н.А. Аристов та өз еңбегінде көрсетеді. Ақиқатында, бүгінде Ташкент қаласының территориясына қосылып кеткен сіргелі атында елді-мекен бар. Сіргелілердің жазы да қысы да осы аймақтар болғандығын ел арасынан жиналған деректер дәлелдейді.
Сол сияқты Өзбекстандағы Жалайыр руының да қоныстану тарихының тамырын белгілі тарихшы М.Тынышбаев өз еңбегінде ХІІІ–ХIVғасырларға жатқызып, « Шыңғыс хан билігі кезеңінде төрткен бөлінген Жалайырлардаң бір бөлігі Шыршық және Ангрен өзені бойында нығайып «Жалайыр ордасы» деген атпен тарихта белгілі болған, сондай-ақ Шағатай кезеңінен Шыршық өзенінің жағалауында Жалайырдың Балғалы руы мекендеді.Олардың үлкен бір бөлігі Шу өзеніне қарай ығысса, кедейленге бөлігі Ангренде қалып қойған.»– деп жазады. Көрсетілген мәліметтерге талдау жасайтын болсақ қазіргі жалайырлар сол ертедегі жалайырлардың сабақтасы болуы, яғни этникалық құрамында XV ғасырдағы Маверенахр мен Моғолстанда тұрған ірі әрі көп санды жалайыр тайпаларының өзіндік үлесі болуы әбден мүмкін. Бүгінде Ташкент қаласында Жалайыр атында көше, Шыршық қаласының шығысында бірығ,ай орналасқан Жалайыр махалласы, Ахангеран ауданында Жалайырдың Балғалы руы атында ауыл, т. с. с. бар. Бұл елді мекендерде олар шоғырлана орналасқан.
Б. Қалшабаеваның «Орталық Азия қазақтары кітабынан алынды»
baq.kz


