Қорғаныс істері жөніндегі басқармалар (бөлімдер) ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларының аралығында «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес азаматтарды әскер қатарына шақыру учаскелеріне тіркеу жүргізеді. Биыл 1998 жылы туған жасөспірімдер тіркеуге жатады. Тіркеу науқаны барысында азаматтар әскери есепке алынып, болашақ әскер қатарына шақырылушылардың саны анықталады. Сонымен қатар жастардың білімі, алған мамандығы, дене даярлығы ескеріле отырып олардың әскери қызметке жарамдылығы айқындалады. Бозбалалар медициналық тексеруден өтіп, емдеуді немесе медициналық бақылауды қажет ететін жастармен емдеу-сауықтыру іс-шаралары жүргізіледі. Денсаулық жай-күйі және басқа да қабілеттері бойынша жарамды деп танылған әскер қатарына шақырылушыларға әскери оқу орындарында, Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында білім алу ұсынылатын болады. Балалар үйлерінің, жетім балалар мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілеріне, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Тіркеу науқаны барысында бозбалалармен сұхбаттар өткізіліп, олар Қарулы Күштердің дамуы туралы, әскери қызметтің келешегі, қазақстандық әскерлердің халықаралық оқу-жаттығуларға, бітімгершілік операцияларына қатысуы туралы барлық қажетті ақпаратты алады. 2015 жылы әскер қатарына шақырылушылар Ұлы Жеңістің 70 жылдығы атап өтілетін жылда Отан қорғаушылар қатарын толықтыратын болады. Бұл Ұлы Жеңіске Екінші дүниежүзілік соғыстың жылнамасына өз есімдерін мәңілікке қалдырған қазақстандықтар да қомақты үлес қосты.


