1990 жылдардың басындағы қайта құру, демократия, жариялылық лебі бет қаратпай тұрған бей-берекет заман. Нарықты экономика жабайы түрде қалыптаса бастаған. Қоғам қасқыр мен қойға бөлінген шақ. Мұндай қоғамда, әрине, қасқыр болған артық. Осылайша Қазақстанда да рэкеттік топтар аренаға шықты. «Баха-Фестиваль», «Қара Алмас» секілді қылмыс әлемінің серкелері пайда болды. Олардың ең басында қазақстандық қылмыс әлемінің «кіндік әкесі» атанған «Сары Алмас» («Рыжий Алмаз») тұрды. Ол бұрынғы спортшылар мен милиция қызметкерлерінен, ауған соғысына қатысқандардан арнайы бригада жасақтады. Алматының тең жартысындағы мейрамханалар мен кафелер, казинолар, автосалондар, базарлар оның «қолтығына» барып тығылды. Ірі банктер мен белгілі фирмалардың «крышасы» атанды. Алматы ғана емес, ТМД-ны шулатқан, аты аңызға айналған «Сары Алмас», шын мәнінде, кім болған?
«Сары Алмас» атты лақап есімімен белгілі Несіпбай Болатбекұлы Нәсенов 1961 жылы Семейде туған. 1981 жылы Қырғыз елінің Ыстықкөл аудандық халық сотының үкімімен қарулы шабуылға қатысты деген айыппен бес жылға сотталған. Осылайша «түрме университетін» беске бітірген Нәсенов темір тордан, ең бастысы, адам тануды және ақша жасауды үйреніп шығады. Білетіндердің айтуынша, қазақ пен орыс тілінен басқа чешен, армян, сыған тілдерінде жақсы сөйлеген.
«Сары Алмас» Алматыдағы бір фирмада директордың орынбасары болып істегенге ұқсайды. Кең де жайлы, даңғарадай офисі болған. Жазықсыз жапа шеккендер арыз-шағымын айтып, алдына жүгініп баратын болған. Олардың мазасын алған мәселесін нөкерлері арқылы қолма-қол шешіп отырған. Қалқаманнан бір гектар жер сатып алып, аурухана тұрғызбақ болған.
Кезінде «Сары Алмастың» Республика Жоғарғы сотының төрағасы Михаил Малаховты орнынан кетіргені айтылды. Ол былай. Нәсенов қамалғанда, достары оны құтқару үшін Малаховқа жақсылап сыйлық жасаған. Малахов сөзінде тұрмағандықтан, «оны пара алды» деп жаһанға жария еткен. Сол кезде үлкен шу болды. Малахов Мәскеуге тайып тұрды. Орнына Мақсұт Нәрікбаев келді. Өстіп жүріп «Сары Алмас» «Жаңа Арқа» туристік фирмасының «аяғын басып» кетеді. Оның иесі бір дөкейдің өзі болса керек, содан бастап «Сары Алмастың» ізіне арнайы қауіпсіздік қызметі шам алып түседі. Бүкіл ТМД бойынша іздеу салынады. 1995 жылы жазда оны Мәскеуде тұтқындап, Қазақстанға жеткізіліп, суық қару сақтағаны, заңсыз валюталық операциялары мен салық төлемегені және қорқытып-үркітуге байланысты бес жылға Маңғыстауда қатаң режимде жазасын өтеуге кеседі. Ақтау колониясындағы жағдай ол кезде өте нашар, үш тұтқынға бір кереуеттен келетін, киім, тамақ жетіспейтін. Жарық жоқ, су тапшы дегендей. Нәсенов жазасын өтеуге барған соң, сыбайластары зонадағы қаңырап тұрған баракты кондиционер, мұздатқыш, теледидарға толтырып тастайды. «Сары Алмастың» тұтқындар арасындағы футбол жарысында әр соғылған гол үшін жүз долларды сыйға тартып отыратыны кезінде мерзімді басылым беттерінде жазылды. Ақтау түрмесінде «Сары Алмас» бір жыл отырған. Есік-терезені бұзбай-ақ, темір торды сындырмай-ақ оп-оңай босап шыққан. Бұдан кейін де ол сотталып, жазасын өтеген Атыраудағы түрмеде шулы оқиға болды. Елбасының амнистияға байланысты Жарлығына сәйкес «Сары Алмасты» шығарып алуға құжаттар әзірленеді. Бас прокуратураға сол кездегі Мемлекеттік тергеу комитетінің төрағасы Ж.Тұяқбай: «Белгілі қылмыскер Нәсеновтің кешірім акті бойынша босатылғалы жатқаны жөнінде мәлімет бар» деп хат жолдайды. Осы хабарлама арасы таяқ тастам жердегі МТК мен Бас прокуратура арасында белгісіз себеппен үш күн жүрген. Бұл арада Нәсенов ізін суытып үлгереді. Сол кезде Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов «бұл құқық қорғау құрылымдарының сүйегіне түскен қара таңба» деп жұдырығын тоқпақтаған. Осы іске байланысты колония бастықтары мен бірқатар прокурорлар қызметтерінен босатылған. «Сары Алмасқа» халықаралық іздеу жарияланған, Интерпол іске қосылған. Ол бұл кезде шетелге тайып тұрған болатын.
«Сары Алмасты» 1998 жылы Испа¬нияның Барселона қаласындағы өз вилласында белгісіз біреулер өлтіріп кетті. Оның қазасына байланысты неше түрлі долбарлар айтылды. Испания полициясының анықтауынша, «Сары Алмастың» өлімінде ресейлік қы¬мыстық топтың қолтаңбасы болған. Болжам бойынша, Нәсеновке керемет вилла мен қымбат көліктер, 20 жеке оққағарын ұстау орасан қаражатты қажет еткен. Осылайша Испанияға ақша жіберуден шаршаған Алматыдағы сыбайластары оны өлтіру үшін «киллер» жалдаған. «Сары Алмас» түрмеден шыққан соң, тапсырысты кісі өлімдері көбейіп кеткен. Сондықтан одан өш алған бәсекелестері, ресейлік әріптестері болуы әбден мүмкін. Бұл айтылғандардың бәрі долбар ғана. «Сары Алмас» бар құпиясын өзімен бірге ала кетті.
Шетелде жан тапсырған «Сары Алмас» Алматыда жерленді. Ұшақпен жеткізілген мүрдені алдымен Кеңсайға «Қара Алмастың» қасына жерлемек болған. Бірақ қалалық әкімшілік «Кеңсайға» жерлеуге рұқсат бермеген көрінеді. Көз көргендердің айтуынша, сол кезде Кеңсайға барар жолды милиция патрулі мен ОМОН қоршап тұрған. Осы жерде айта кетелік, Ресейде қылмыс әлемінің серкелерін әулиелер жерленген монастырға қойған. Және ақырғы сапарға әлі де МАИ кортежі және әскери оркестрмен шығарып салады. «Сары Алмастың» жерлеу рәсімі дәл сондай дәрежеде болмағанмен, шетелден келген ұйымдасқан халықаралық қылмыскерлер мен «авторитеттер» Алматыға аз жиналмаған. Шетелдік арқыраған дәу көліктер күре жолды жауып, қалалықтар қашан қаралы көш өтіп кеткенше, күтіп тұруға мәжбүр болды. Күтпегенде ше? Білетіндердің айтуынша, сол кезде шетелдің өзінен 150 «авторитет» келген. Бейіт басына халықтың көп жиналғаны туралы ресми телеарналардың өздері мәлім етті. Жерлеу рәсімі біткен соң, «Алтын Алма» ойын-сауық кешенінде ас берілді. Сол жерде құқық қорғау қыз¬меткерлері күдіктілердің саусақ таң¬баларын алып, «ескерткішке» суретке түсіріп алған. «Сары Алмас» Алматы қаласының жоғарғы жағындағы Бағанашылға жерленді. Басына мұсылман ғұрпымен зәулім күмбезді сағана салынды. Айналасы темір шынжырмен қоршаулы.
Біз осы мақаланы жазу барысында «Сары Алмастың» әкесі, белгілі азамат Болатбек Нәсенов ағамызбен кездесіп әңгімелескен едік. Ол кісінің айтуы төмендегіше:
«Бұл баламның балалық шағы менен бөлек жерде, өте ауыр жағдайда өтті. Несіпбай бір жасқа толған кезде, шешесі Бикенмен айырылыстым. Одан кейін ол менің тәрбиемде болған жоқ. 1981 жылы Қазақстан Орталық партия комитетінің қаржы бөліміне жазған Бикеннің хаты қолыма тиді. Онда ол: «…Ұлың Красноярскіде түрмеде. Бесінші жыл болды. Маған ақша бер. Ол – ауру» деп жазыпты. Ол кезде Несіпбай 20 жаста болатын.
Менде беретін ақша болмады. Бірақ қолдан келген көмегімді жасадым. Мәс-кеудегі Қаржы министрінің орынбасары марқұм Масленников пен Одақтың кірістер мен шығыстар басқармасының бастығымен қарым-қатынасым жақсы еді, бар шындықты айттым. Солардың көмегімен Краснояр аймақтық милициясының бастығы генерал-лейтенантпен телефон арқылы сөйлестім. Ол кісі: «Ұлыңызға өзім бардым. Ауру екен (туберкулез). Бір мінездері үшін жал-ғыз адамдық камерада отыр екен. Қа¬зір госпитальға жатқыздым. Босататын боламыз. Балаңыз жазықсыз сотталғанға ұқсайды» деді.
Осыдан кейін Несіпбайға хат жаздым. Одан үш беттік жауап келді. Өлеңдетіп сезімін білдіріпті. «Мен әкемнің тірі екенін білген жоқ едім. Түрмеден шыққан соң, сізге келсем қабылдайсыз ба?» депті. Осылайша ол 1986 жылы күзде маған келді. Жағдайы өте ауыр екен. Ауру. Қалқамандағы ауруханаға орналастырдым. Қолдан келген көмегімді істедім. Ол кезде мен Қаржы министрлігінде Кірістер мен шығыстар басқармасының бастығы, коллегия мүшесі едім. Бізбен жарты жылдай бірге тұрды. Қалаға тіркеттім. Балаларым жас, еліктегіш болғандықтан жатақхана әпердім. Жұмысқа орналастырдым. Еті тірі, ақылды бала еді. Дұрыс жолға түсті. Содан кейін менімен қарым-қатынас жасаған жоқ. Мен оны қылмыскер дегеннің біреуіне де сенбеймін. Ол бандит емес. Атасы Нәсен (37 жасын¬да халық жауы деп Сахалинде НКВД өлтірген) сияқты халықтың жоғын жоқтаушы, елінің патриоты. 37 жасында бұл да жауыздар қолынан қаза тапты».
Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бұрынғы бастығы, әділет генерал-майоры Молдияр Оразалиев ертеректе берген сұхбатында қылмыс әлемінің айтулы тұлғасы ретінде «Сары Алмасты» алдымен ауызға алған. Оның айтуынша, бұл әркімге бұйыратын қабілет емес. «Атаба» (Талғат Атабаев), «Адай», «Төрт ағайынды» сияқтылардың барлығы «Сары Алмастың» қол астында болған. Мәскеулік измайловтік қылмыстық топпен байланысты болған. Бұрынғы Кеңес Одағы деңгейінде мызғымас жүйе құрған. Ол құрған империя – қалай дегенде де ақылдың белгісі. Барлық құрылымдарда – прокуратурада, милицияда, сотта оның өз адамдары болған. Мәселелерін тікелей жоғары дейгейде шешіп отырған. Қайтыс болғанына он жылға жуықтаса да, оның дақпырты басылмай тұр» деген болатын.
Қазақстандық қылмыс әлеміндегі «Сары Алмас» құрған ескі гвардияның «жұрнағы» сақталды ма? Білмейміз.
Уақыт өзгереді. Қылмыс та солай. Бұрын қылмыскерлер темекі, наркобизнес, «Қорғас» кеден бекеті, «тірі тауар», көлік тасымалдау бизнесімен айналысса, енді олар отын-энергетикалық, астық және құрылыс, мұнай, түсті металл бизнесіне сұғына бастаған. Базбіреулерінің елге танымал бизнесмендерге, әкімдерге айналғаны, билік бұтақтарына барып жайғасқаны анық. Не десек те, қылмыс әлемінде дәл Несіпбай Нәсеновтің деңгейіне жеткен қазақ жігіттері болған жоқ. «Сары Алмастың» арқасында көптеген қылмыстық билік қазақтардың қолына көшкенін мойындағанымыз жөн…
Төреғали ТӘШЕНОВ
«Айқын апта» №208 (904) 08.11.2007 жыл.
Суретте: Сары Алмастың әкесі Болатбек Нәсенов пен автор 2007 жыл



