Түркияда жаттығуда жүрген Қытайдың олимпиада құрамасы Арменияның 21 жасқа дейінгі жастары өнер көрсететін ұлттық құрамасымен кездесіп, оларды 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Бұл туралы «халық торабы» хабарлады. Ала допта алынбаған есесі бар қытайлардың бұл жеңісі әрине елең еткізер жаңалық. Оның үстіне Арменияны жеңіп отыр. Алайда, біздің айтпағымыз бұл емес.
Естеріңізде болса Қытайдың олимпиадалық футбол құрамасына қабылданған қазақ қандасымыз туралы айтылған еді. Ол – Ержет Ерзатұлы. Міне, Армениямен болған ойында Қытайларды жеңіске жетелеп, әсерлі ойын көрсеткен де сол Ерзат. Құраманың негізгі қақпашысы болып ойнаған ол матчта бастан-аяқ шеберлік танытып, бетпе-бет келген талай допты қайтарған. Қақпа алдына әкелген талай допты Ержеттің қолына табыстап берген қарсыластарының сағы әбден сынғаны белгілі. Қақпашы бауырымыз допты қайтарып қана қоймай, ойынның сәтті өрілуіне де ұйтқы болған.
Айта кетерлігі Ержеттің талантын таныған еуропалықтар оны өз құрамасына тартқан болатын. Португалияның үшінші лигасында ойнайтын «Gondomar s.c» командасымен жарты жылдық келісімге қол қойған. Ерзат Еуропа есігін ашқан тұңғыш шынжаңдық футболшы. Португалдық ұжымның қақпасын қорғауды міндетіне алған ол алдағы уақытта өзін жақсы қырынан таныта алса, Еуропа алаңдарына жол ашылуы әбден мүмкін дегенбіз. Ержет сол үміттен шығып, өзін көрсете алды. Осыған орай португалдық клуб оған беретін сыйақыны жоғарылатып, былтырғы мамыр айында келісімді тағы бір жылға созып, биылғы маусым айына дейін ұзартқан болатын.
Қазіргі күні футболда әлемдік аренада көш бастап тұрған Криштиану Роналдудың елінде өнер көрсетіп жүрген Ержет португалдық футбол сүйер қауымның жақсы бағасына ие болып үлгерді. Өзге құрлықта жүрсе де қазақ атын әлемге танытуға күш салған бауырымызға ақжол тілейміз!
Ержет 1993 жылы Шыңжаңның Тарбағатай аймағында туылған. 2009 жылы Астанада өткен «Президент кубогында» Қытай жастар құрамасы атынан қатысып, жақсы қырынан танылған. Қытай премьер лигасындағы бірқатар командалардың жасаған ұсыныстарына қарамай, Португалияның төменгі лига командасын таңдауының себебін ол «Еуропада ойнау — бұрыннан бергі арманым. Сол үшін Еуропаға барамын», — деп түсіндірген.
Айта кетейік, «Gondomar s.c» командасы 1921 жылы құрылған. Порту аймағындағы Gondomar қаласына орналасқан. Бұл команда бұрын Португалияның А дәрежелі лигасында ойнаған. Кейін келісілген матчтарға қатысы бар деген шешімнен соң төменгі лигаға түсірілген.
Мұрат Алмасбекұлы
baq.kz


