Алматы қаласындағы 61993 әскери бөлімінің базасында АҚШ Қарулы Күштері өкілдерінің қатысуымен «Дала қыраны-2015» халықаралық тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуын жоспарлау басталды. 8 адамнан тұратын АҚШ делегациясын майор Джастин Колберт бастап келді. Іс-шараның мақсаты – «Дала қыраны-2015» халықаралық тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуының жоспар-ниетін талқылау, жоспарлау және бекіту. Биыл Қазақстан тарапынан «Қазбат» бітімгершілік батальонының барлық жеке құрамы және ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері «Қазбриг» бітімгершілік бригадасы штабының қатысуы жоспарлануда. Естеріңізге сала кетсек, «Дала қыраны-2015» оқу-жаттығуы «Қазбригтің» бейбітшілікті қолдау және біріккен қолбасшылықпен көпұлтты күштер құрамында міндеттерді атқару қабілетін тексеруге бағытталған. Аталған оқу-жаттығу 2003 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын оқу-жаттығуға 1 500-ден астам адам жұмылдырылып, шет мемлекеттердің әскери бақылаушылары, НАТО түрлі штабтарының сарапшылары, Қазақстан Республикасында тіркелген әскери-дипломатиялық корпус шақырылады.


