Кіріспе. Менен соңғы кездегі автонарықта болып жатқан өзгерістерге байланысты пікір сұраушылар көбейіп кетті. Өз шаруам бастан асып жатқандықтан, бірдеңе «сүйкеуге» мойным жар бермей жүрген. Соңғы жаңалықтарды шолып отырып, өзі пікірімді білдіруді жөн көрдім.
Жалпыға мәлім, батыс мемлекеттерінің жаппай салған санкциялары мен рубльдің құнсыздануының кесірінен, солтүстіктегі көршімізде барлық тауарлармен бірге автокөліктің де рубльге шаққандағы құны айтарлықтай арзандады. Бұл – осы үш айдан астам уақыт аралығында елімізге 37 мыңға жуық автокөлік импортталуына себепкер болды. Енді есептеп көрейік.
Мәселенің мәні. 37 мың автокөліктің әрқайсысының құны шамамен орташа есеппен 20 мың АҚШ доллары деп есептесек (негізінен премиум класты автокөліктер сатып алынғанын ескерсек, тіпті көп болады), 740 млн АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол қаржы тек автокөлік сатып алу үшін көрші елге кеткен. Ал, көлікке барған адам құр қол қайтпай Apple-дің тауары мен тұрмыстық техникадан бастап, көліктің қосалқы бөлшектері мен асай-мүсейлерін тией келетінін ескерсек, 1 млрд доллардан астам қаржы соңғы үш айда көрші елге кеткен!.. Ішіңді ашитын-ақ сома, әрине!..
Ал енді бұған кім кінәлі? Ең бірінші кезекте отандық тауар өндірушілердің өздері кінәлі. Себебі, енді аяқтан тұрып келе жатқан компаниялардың кризис-менеджменті жолға қойылмаған. Әйтпесе, көрші, шекарасы ашық елдегі қаржы дағдарысы басталып жатқанда-ақ, (басталмай жатып демей-ақ қояйын), авто бағасын 20-40%-ға, тіпті қажет болса, 50%-ға дейін сатылап түсірулері қажет еді. Мен мұны аспаннан алып отырғам жоқ. Автоөндіріс тарихында болған тәжірибе. Алысқа бармай-ақ, 2011 жылы Жапониядағы табиғи апаттардан кейін, жапондық автоөндірушілер қолданған тәсіл. GM тарихында да болған. Қазіргі таңда негізгі сегменті осы алпауыттардың өнімдері құрап отырған біздің автоөндірушілер мен дилерлік орталықтар – мұны ескермей қалды дегенге сенгің келмейді екен… Себебі, жапондық кәсіпкерлер тұрақты өсім мен нарықтағы орны үшін пайдадан бас тарта алатындығымен мәшһүр болған. Ал, кейінгі онжылдықта автонарыққа агрессивті тәсілмен ентелей енген кәрістер, кризис менеджменті ертеден қалыптасқан еуропалықтар мен алпауыт GM-ға да бұл жағдай таңсық емес.
Салдары қалай болмақ? Дағдарыс жағдайында тек бір саланың айналасында ғана 1 млрд. доллардан астам қолма-қол ақшаның көрші елдің нарығына өтіп кеткені жақсы емес. Өйткені, бұл БІЗДІҢ нарықта айналуы тиіс қаражат болатын. Ендігі салдары – нарықта қаржы тапшылығы байқалады, бұл – бір. Соның салдарынан отандық тауар өндірушілер, сатушылар банкрот бола бастайды. Бұл – кәсіпорындардың жабылуына, жұмыс орындарының жаппай қысқаруына алып келеді. Айналып келгенде, сіздің көрші елдің көлігін алып, арзан тауарын тұтынғаныңыз — сіздің өзіңіз болмасаңыз да, жақыныңыз, тамыр-танысыңыздың бірін жұмыссыз қалдыруы мүмкін.
Шығу жолдары. Отандық автоөндірушілер тағы да өкіметтің қаржыландыруын күткенше (менің немесе менің кәсібімнен төленетін салықтан құралған ақшаның өзге біреудің бизнесін қаржыландырғанын қаламаймын), кеш те болса, антикризистік кезеңге шындап өткені дұрыс. Бұл пікірді мен жергілікті автосалондарды аралап шығып айтып отырмын. Олардағы бағалар – ресейдегі автокөлік бағасына жол шығындарын қосқандағы бағасына жуықтамай, клиенттің сыртқа кеткені – кеткен. Екіншіден, бөліп төлеу шарттарын жеңілдетіп, несиелеудің пайыздық мөлшерін азайту қажет. Үшіншіден, осы шарттар орындалған жағдайда, автосалон қызметкерлері жұмыс өнімділігін кемінде екі сағатқа арттыруға дайын болуы қажет.
Бұл не береді? Біріншіден, тауардың аз пайдамен, тіпті пайдасыз, өз бағасына (барлық шығындарын жауып) болса да сатылымы – кәсіпорынды дамытпаса да, сақтап қалады. Екіншіден, нарық, ондағы айналатын қаржы өзімізде қалады. Үшіншіден, тауар нақты ақшаға айналып, несиелік, т.б. қарыздарын уақытылы өтеп, келесі кезектегі әрекетті еркін жоспарлауға мүмкіндік туады. Төртіншіден, жұмыс орындарын сақтап қалады. Бесіншіден, тауар өтпей тұрғандағы артық логистикалық шығындардан құтылады. Алтыншыдан, сатылған автокөліктің сервисі – өздерінде қалады. Яғни, дағдарыс уақытында бұл бизнестің өкілдері үшін пайда көзі – оның қосалқы бөлшектерін сату мен қызмет көрсетуден келетін болады. Себебі, автокөлік күнделікті сатып алынып отыратын жеңіл өнеркәсіптің тауары емес, нарықты бір қамтып қойсаң, одан кейін тек соған қызмет етіп отырып-ақ пайда табуға болады…
P.S. Жоғарыда келтірілген болжамдар осы нарықты бақылап отырған адамның субъективті пікірі ғана. Cондықтан, кейбір тұстарымен келіспеулеріңіз де мүмкін. Базбір мәселелерге қатысты кесімді ойлар айтылса, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Ал, жекелеген сұрауларыңыз болса, шама-шарқымызша жауап беруге тырысамыз. Айтпақшы, уақыт боп жатса, алдағы уақытта та осы тақырыпта білгеніммен бөлісіп отыруға тырысамын.
blogtime.kz


