Шешенстан мен Ресейдiң соғысып жатқан кезi, Дудаевтың блиндажында болған швед журналисi:
– Ресеймен қалай соғысып жатырсыз, бәрiбiр жеңiлесiз ғой..,– демей ме. Сонда Дудаев былай дептi:
– Жеңiлетiнiмдi бiлемiн. Сонда да екi-үш тiсiн сындырайын деп ойладым. Ресей көршiсiне тап беретiн әдетiн ешуақытта қойған емес және қоймайды да. Екi-үш тiсiн сындырсам, қалған көршi елдерге соғысуға жеңiлiрек болады емес пе! (Кезiнде Дудаевтың бұл пiкiрi қазақ баспасөзiнде жарияланды да).
Сол Дудаев әулие екен, Ресей ендi Украинаға тап бердi. Қырымды алғаны, Донецк пен Луганскiнi қанға бөктiргенi өз алдына, ендi тып-тыныш жатқан Мариупольды атқылауға кiрiстi. Ресейдiң зорлығы мен әлiмжеттiгiнен украиндықтар да әбден зәрезап болып бiттi. “Зәрезап болғаны” емей немене, кеше Жоғарғы раданың депутаты “бұдан былай Ресейдi “зорлықшылдар елi” (“страна агрессии”) деп атап, осы сөздi Ресей атауына үнемi қосақтап қолдануды ұсынды. Мұны өзге депутаттар түгел, бiр ауыздан қолдады.
Березовскийден кейiн бесеуi бiрдей қайтыс болды
Ресейлiк алпауыт Борис Березовскийдiң 2013 жылы Англияда жұмбақ өлiммен қаза тапқаны баршаға мәлiм. Ендi мына “қызыққа” қараңыз. Б.Березовскийдiң Англияда дос-жар болған, бизнестi бiрге жүргiзген әрiптестерi де бiрiнен кейiн бiрi қаза тауып жатыр. Және өлiмдерi де өте ұқсас. Ұқсас болғанда, Б.Березовскийдiң өлiмi секiлдi жұмбақ жағдайда қаза тауып жатыр.
Ең алдымен британдық кәсiпкер Скот Янг қаза тапты. Кәсiпкер өз үйiнiң терезесiнен құлап кетiп өлдi. Бiреулер “өзi құлады…” десе, ендi бiреулер “әдейi құлатты” деседi. 2005 жылы осы Скот Янгқа Б.Березовский өзiнiң Кипрдегi компаниялары мен жылжымайтын мүлiк-мүкәммалын түгел сатқан-ды. Және дос-жар ретiнде бiршама арзанға сатқан болатын.
Бұдан кейiн тағы бiр британдық кәсiпкер Джонни Эличаофф үлкен сауда орталығының төбесiнен құлап қаза тапты. 55 жастағы Д.Эличаофф кезiнде Б.Березовскиймен бiрiгiп Лондонда бiрнеше мейрамхана мен дүкен ашқан болатын. Мұның өлiмiнiң де шындығы әлi ашылмай отыр.
Бұдан соң Б.Березовскиймен аралас-құралас болған тағы үш кәсiпкер қаза тапты. Бұл бесеудiң бәрi де – аса iрi байлар. Журналистер бұлардың өлiмiн сан-саққа жүгiртiп жатыр. Бiреулерi “орыс мафиясының тiрлiгi” десе, ендi бiреулерi “Б.Березовский өмiрден өтерiнде осы бес кәсiпкерге де нала болған екен, бұларды соның наласы жiбермедi-мiс” деседi.
zhasalahs.kz



