Бүгін Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде Орта Азия суретшілерінің көшбасшыларының бірінен саналатын Ербосын Мелдібековтың туындыларының «Шеңбер бойымен» деп аталатын көрмесі өтті. Осы бір ешкімге ұқсамайтын ерекше қолтаңбасы бар, шетелдерде аса танымал суретшінің шығармаларының материалдары — ағаш, металл, балшық, шайыр, мүйіз, сүйек, қола, тері, қыл, гипс, қағаз, т.б. болуының өзі біраз жайды аңғартса керек. Сондай-ақ, оның туындылары қатарында видео, фотоматериалдар да аз емес.
Тақырыптары «Ер-тоқымның пайда болуы» (инсталляция, ағаш, балшық, видео), «Пол Пот сериясы»(түрлі-түсті фотография) , «Қара төртбұрыш» (видео), «…бай-батырлар» (эпоксидті шайыр), «Түркімен кілеміндегі алтын сым» (металл щеткасы, тері, алтын сым), «Аллергия» (видео), «Түкірік» (видео), «Шу-чу» (видео), «Таңба» (инсталляция, тері), «Коммунизм шыңы» (инсталляция, металдан жасалған раковиналар), «Белгісіз батырға ескерткіш» (инсталляция, ат тұяғы), «Шыңғысханның картасы» (фотоинсталляция), т.б. болып келеді.
Кейбір дүниелері пародиялық астар, сарказмға толы. Қалай дегенмен де айтары айрықша өнер иесі. Көрмені көруге өнертанушылармен қатар бірқатар коллекцияшылар — танымал қалталы алпауыттар мен шетелдік өнер әуесқойлары да келгені байқалды. Өзімді осы көрмеге шақырған музей басшыларының бірі, суретші Еркін Нұразхановқа ризашылығымды білдіремін. Енді Ербосынның кейбір суреттерін «Жұлдыз» журналының алдағы бір санындағы мұқабаларынан көретін боласыздар. Суреттерде: 1. Суретшімен; 2. «Шыңғысханның картасы немесе жирен аттың терісі»; 3. «Коммунизм шыңы»; 4. «Тастар мен бастар» (Пол Пот сериясы); 5.»Белгісіз батырға ескерткіш».
Ulugbek Yesdaulet facebook парақшасынан алынды








